Прямой эфир Новости спорта

"Мен бармын!"

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Қордаланған қасіретті қоғам естуі үшін не істемек керек?! Ерекше қажеттілігі бар балапандарымызды бауырға басарлық мейірім табылады ма?..

Уақыт талабымен өзгеріп отыратын атау

"Ол қандай екен?" десеңіз: "Мүмкіндігі шектеулі" атауының – "ерекше қажеттілігі бар" деген атқа өзгертілгені. Атауы өзгергенмен мұқтаждығы үдей түскен шөкімдей топтың жанайқайы қоғам құлағына жетпей жатқаны қынжылтарлық жайт.

Соңғы жылдары өмір табалдырығын аттаған сәбилер арасында: аутизм, ДЦП, даун, гидроцефалия, сальвация т.с.с. дерттерге шалдығып туылатындар саны күрт өсіп кеткені ойлантарлық мәселе. Экологияның нашарлауынан ба, әлде, құрсақтағы балаға жеңіл көзбен қарап, чипси, кока-кола, гамбургермен қоректенуді әдетке айналдырған жас аналардан ба?!

Түбірінде жас өреннің тағдыры тұрған сұрақтың жауабын беретін, түйінді шешетін жолын іздеу жағы кемшін. Бір қарағанға "қаптаған кемістіктің қайсы біріне мән берейін?.." деуге де құқылы болар. Үкімет тарапынан қамқорлық жасалынып жатыр.

Соңғы кездері үкіметтен басқа да қоғамдық қорлар көбейіп, өз тарапынан қамқорлық жасауға ұмтылып жатқаны қуантарлық жайт. Ол – қаржы жағынан нақтылы көмек. Әр баланың ата-анасына сөзсіз көмек екенін айтудың өзі артық. Рухани дем беру жағынан қалаймыз?.. Әлбетте, "басқа түскен-баспақшыл" жайтпен әр отбасы өздігімен күресіп, қасірет кешіп жатқанына мән беруге қоғамның уақыты жоқ.

"Қасиетті жол"-дың қасиеті

Жолығуға келген Шымкент қаласындағы "Қасиетті жол" қоғамдық қорының қамқорлығымен 2017 жылы ашылған Оңалту орталығының қызметкері Айкерім Жұмағалиева Зинал-аб-динқызының жүрекжарды сөздерінен мазам кетті. Айкерімнің әр сөзін жанайқай десем болғандай.

"Екі жастан бастап он бес жасқа дейінгі балаларды оңалтумен айналысамыз. Бір айда елу бала оңалту шипасынан өтеді..." дегенін естігенде, миым шаншып сала берді. Елу бала?! Ай сайын елу баладан оңалту орталығына ем қабылдауға мәжбүр болса, жалпы саны қанша екенін есептей беріңіз.

"Ең қиыны – ерекше қажеттілігі бар баланың қоғамнан оқшау өмір сүретіні. Біздер балаларды қоғамға қосудың жолына ұмтылудамыз. Жаныма бататыны: кемтар баланың ата-анасының қоғамға баласын қосқысы келмеуі" – деп күйінген Айкерімнің сөздеріне таңқалғанымды жасырмаймын.

Себеп-салдарын сұрағаныма: "ДЦП-мен ауыратын бала есік алдында ойнап жүрсе, көрші әйел жүгіріп келіп, қасында ойнап жүрген өз баласын "ауруы жұғады" деп, сүйреп әкетіпті. Көз алдыңызға сол сәттегі мұңайған балапанның көңіл-күйін елестетудің өзі ауыр. Міне, қасіреттің ұшығы қайда жатыр?! Қоғамның басым көпшілігінде қарапайым мейірімнің қатыгездікпен қабыршақтанып кеткені сонша, тасбақаның қауашағы жолда қаларлықтай тасқа айнала бастаған.

Қасында ойнап отырған досының анасынан естіген сөзге баласы тұнжырап қалады. Оны көрген анасы: "ДЦП – жұқпайтын ауру ғой, балаңды неге әкеттің?" – дегеніне жауап берудің орнына, – "Ендігәрі ауру баламен ойнағаныңды көрсем, жаныңды шығарамын?!" – деп, баласын желкелеп, үйіне жетелей жөнелген.

Еккенің тікен болса – орарың балауса болмас

Ұрпақтан: "Болашақта білегімнен күш кеткенде балам маған қарайды" деп, үміт күтеміз. Солай болуы тиіс. Әйтсе де, анасының өзгеге көрсетке тасмерез мінезінен жетектегі баланың кері үлгі аларын ойламағанына таңқалудың өзі артық. Себебі, бүгінде "қарттар үйі" жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткені ешкімге жасырын емес. Өкініштісі, түбірінде өз өнегесі жатқанын ойламайтыны болмаса.

Бір-біріне қимай қараған қос бүлдіршіннің қимастығын, сыйластығын ересектер аяқасты тепкілеуде. Жетекте кетіп бара жатқан баласының бойына "ерекше қажеттілігі бар балаға" деген жиренішті шешесі өзі қолдан егуде. Өзгенің орнына өз баласын қоюды ойына алмайды. Ұрпағының санатында кемістігі бар бала болу мүмкіндігін ойламақ түгілі, болмайтына сенімді.

"Баланы қоғамға қосудың жолын іздеп, қаладағы қожайыны иманды кафені таптық. Балаларға пішінәй, тәтті бәліштің қамырын өз қолдарымен илетіп, пісіртуге келісім жасадық. Піскен тәттілерді соңынан өздеріне әр түрлі сусынмен қосып сол жерде жегізуді қожайынмен бірге ойластырдық. Бірақ, адамдардың мейрімсіздігінен әбден жүректері запыста болған ата-аналар келісімін бермей отыр..." – деп көзіне жас алған жас келіншектің жүрегіндегі мейірімге тәнті болдым.

Қоғамнан шайлыққан жүрек

Кінә кімнен?! "Ауруы жұғады" деп, баласын жолатпайтын ата-анадан ба, әлде, безбүйрек қоғамнан перзентін қанатымен қорғағысы келетін ата-анадан ба?..

Әлбетте, көңілі жарым балапанын кемсіткен көзден қай ата-ана қорғағысы келмейді дейсіз. Мәселе кемсіткенге, табалағанға дайын мейірімсіз қоғамда боп тұр. Заман тыныш. Бірде жетсе де, бірде жетпей, қиындықты тырмысумен жеңіп жүрміз. Біз сонау қызыл террор кезінде жер ауып келген өзге ұлтты жатсынбастан бауырына басқан, бір үзім нанын бөліскен ұлт едік.

Қазақтың қарапайым мейірімінің арқасында қаншама мыңдаған, миллиондаған халық аман қалды. Рақметін бірі айтса, енді бірі керісінше, түкіріп кетіп жатқаны да баршылық. Міндетсінбейміз. Бөлісу – атадан мұра боп жеткен қасиет. Өзгеге аямаған мейірімді – өз ұрпағымызға келгенде қалайша ұмыттық?!

Сарқылған сабыр

Баласының кемтарлығын көрген ата-ананың қиындықты жеңуге ашық түрде айналасына жариялауы өте қиын. Тіптен, көбіне өз туысынан да жасырын ұстайтыны жеткілікті. Өзі үшін, әлде, перзенті үшін қорлана ма, ол үшін кінәлауға болмас. Тіптен, кінәлаудың өзін күнә деп қарасақ та артықтық етпес.

Жатырын жарып шыққан перзентін аяққа қойып, қоғамға қосу жолында қаншама ата-ана жүректері қанжыла күресіп жүргенін Сіз бен Біз біле бермейміз. Заулай аққан өмір ағымында бұрылуға мұрша жоқ қоғамға кейде кінә тағуға да дәтің бармайды. "Мойын бұруды" қажет деп санамайтынымыз да жасырын емес.

Көмектеспесе де кемсітпесе жарады

Бұл – ерекше қажеттілігі бар әр ата-ананың жеткізе алмай жатқан жанайқайы. Сізден көмек сұрамайды. Тек... Табаламай, кемсітпей қарауыңызды, өзімен тең санауыңызды ғана қажет етеді. Көп пе?!

Құдайым-ау, еш қиындығы жоқ жәй ғана кемсітпеуді қалайша ұмыттық?! Күнделікті теперішке толы тіршілік қиындығын жеңуге тапқан күшті, мейірімге келгенде сарқып алғанымыз үшін бүлдіршіндердің алдында кінәлі сезіндім. Әр-бір ерекше қажеттілігі бар баланың жан-дүниесіндегі – "Мен бармын!.." деген ішкі дауыс, күйбең тірлікте жұтылып кетіп жатқаны өкінішті.

Жаратқан иемнің өз ұрпағына қажеттілігіне қарай қасиет сыйлайтыны белгілі. Жер бетіне сынаққа келген ұрпағының кемістігіне қарай сезімталдықты, дарынды, мейірімді жұдырықтай жүрегіне ұялатады.

Ересектердің өзінен жиреніп тұрғанын, жетелеген баласын өзінен алыстау ұстай қойғанын кемістігі бар бала бірден сезеді. Жүрегімен қабылдайды. Өзінің өзгеден ерекшелейтін кемістігіне іштей күйінеді. Қорланады. Өмірден баз кешеді. Қажетсінбейтін өмірге не үшін келгеніне түсінбестен жылайды. Осынша қасіретті түсінуге қоғам дайын емес. Шынтуайтына келгенде, "дайын еместің" туындауына жол беріп отырған да өзіміз. Мұсылмандықты айтпағанда – адами борыштан аттап кетіп жатқанымызға ойланатын уақыт жетті.

Мейірімге мәрттік ет!..

Ерекше қажеттілігі бар бала тұсыңызға келгенде жиренбестен жәй ғана мейірім көзімен қараңызшы?! Тап сол сәтте Сіз, бір жанның жүрегіне мейірім сыйладыңыз! Бойына: "Айналада мейірімді адамдар көп. Адамдардан қорықпа!.." деген сенімді ұялатыңыз. Қиын ба?!

Сіздің жәй ғана күлімсірей басынан сипап, арқасынан қаққаныңызды өмір бойы ұмытпауы әбден мүмкін. Өйткені, тап сол сәтте бейтаныс жаннан бір уыс мейірім алды. Дөңгеленген дүниені – бір уыс қана мейірім сақтап қалып тұрғанын жадымыздан шығармайық.

Бізде бәрі бар, тек, қоғам қолын созса болды...

Ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерге тегін қызмет көрсетіп отырған "Қасиетті жол" қоғамдық қоры жас буынға сапалы қызметке аянбастан тер төгіп жатқанын білгенде, ерекше қуандым.

"Елу баланың емін жасап, барымызды аямай қызмет көрсетеміз. Біздің орталықта бәрі бар. Жетіспейтіні қоғамның көзқарасы. Ерекше баланы мектепке жібермей, үйде оқытып, оңаша қамап ұстамай көпшілікпен мектепке баруына, өзі қатарлы балалармен бірге оқып, бірге ойнауына жағдай туғызса болды..." – деп, көз жасына ерік берген Айкерімнің әр тамшы жасында ерекше қажеттілігі бар баланың зары тұрғандай сезіндім.

"Мен бармын!.." деп қоғамдағы ересектерге жәутеңдей қараған ерекше қажеттілігі бар ұрпағымызға қол созатын, мейірім сыйлайтын сәт жетті, ағайын!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров