Прямой эфир Новости спорта

"Көрімде тыныш жатайын..."

"Жыртыл қазақ" десе, "Жыртылыңнан бес қарышты" бастан кешіп жатырмыз.

Қала шетіндегі елді мекенге жетпекке жапа-тармағай таксиге міндік. Артқы орынға ортада жас жігіт, бір шетінде мен, арғысына қолына таяқ ұстаған қария үшеуміз жайғастық. Қария таксиге міне мүлгіді.

Кенет, қарияның телефоны шар етті. Селк еткен қария телефонын қалтасынан асықпай алып, тетігін баса айтқан сөзіне үрпиіп қалдық.

"Қу жалғыз?! Әкең тыныш жатсын десең, көріме салтанат жасама?!"

"Айттым – болды!.." дегендей қимылмен телефонның ар жағындағы сөзді тыңдап жатпастан телефонын өшіре салды. Жиі тыныстауынан ашуланғаны білініп-ақ тұр. Көзіне ұлы түсе қалса, қуырып жердей қаһарлы.

Орта жастан асқан таксист: "Көке, сонша ашуланарлық не боп қалды?" деп қарияны сөзге тартты. Шындығында сол сұрақ отырғандардың барлығының көкейінде еді. Қарияға да керегі сол болса керек.

"Қу қақпас?! Құрдасымды айтам?!. Екеуміз бір класта оқығанбыз. Жігіт болғанша мұрынбоғы ағып жүретін еді. Құдай да беремін десе, шебер ғой. Біз сияқты оқуға түспей, ауылда шөп шауып, әр жұмыстың басын бір қайырып жүретін берекесізге Құдай әйелінің етегінен берді.

Үйелмелі-сүйелмелі баланы топырлатты. Тойып тамақ ішпей өссе де, балалары шетінен мал тапқыш боп шықты. Бірінен-бірі асқанда, ауылды қойып, облысты шаң қаптырып, бүгінде Қазақстанның маңдай алдысы. Әлгі не еді?.. ", – деп, қасында отырған бізге қарады.

– Олигарх па? – деді таксист.

–Алпауыт, – дедім қарап отырмай қазақшалай.

–Иә, ұлдары сол алпауыттың нақ өзі, – деген қария, машина терезесінен үнсіз көше бойына қарап отырып қалды.

– Ары қарай не болды сонымен, көке? – деген таксистің сұрағынан селк ете есін жиды білем, жөткіріне нығыздана отырды.

– Әй, қарағым, о заман да бұ заман, көрдің салтанатын ашқан қазақты қайдан көрдің? Ал мен, көрдім. Осы тұрғанда, әлгі кластасымның көрінің салтанатты ашылуынан келемін, – деп тоқтады.

– Ойбу, кластасыңыздың иманы саламат болсын? – дей берген таксиске:

– Қайдағы иманы саламат болсын, тірі ғой, тірі?! – деп күйіне тепсінді. Естігенімізден есіміз шыға тырс етпестен үнсіз қалыстық.

– Шырықтарым, мал бітсін. Жақсы. Дәулет бітсін. Қуанамын. Ал, енді "дәулетім асты, көңілім тасты" деп, өлмей тұрып көріне адам жинап, музыкалата лентасын қиған деген не сұмдық?! Біз бір ерекше жағдай боп қалған екен деп барсақ, "Өлгенде жататын жерімді көзімнің тірісінде сендерге таныстырып қояйын дедім" деп, мәз. Бұл қай тойынғандық?!

Қарияның ашуын құп ала үнсіз келеміз. Заманына қарай амалы. Құбылған уақытта ештеңеге таңдануға болмас. Әйтсе де...

Қариялықты даналыққа айналдырған қазақтың бір жапырақ қара шалдарының керуені келмеске көшіп-ақ кеткені қандай өкініш. Дала құндылығын, заңдылығын, салт-дәстүрін мүлт жібермей уысында ұстаған кемеңгер қариялардың арқасында бүгінгі күнге жеттік-ау... Бүгінгі қариялар сол жолды жалғастыруға пәрменді ма?

Салт-дәстүрден алшақтап кеткендігіміздің дәлелін күнделік қоғамда кездестіріп жатамыз. Ертеде, қыздың оң жақта отырып нәрестелі болып, атын әкесіне жаздырып бақытқа кенелгені әулет тұрмақ, ауылға масқара боп саналған. Бүгінде қалыпты жайт.

Кешегі ХХ-шы ғасыр ортасының өзінде ата-ананың ұлы тұрып, қызының қолында тұрғаны сұмдық боп саналған. Бүгінде ата-ананың күйеу балаға жалтақтай қарап қалғаны шындық. Сонда қандай елге айналдық?

Тегеуріні мықты дәстүрден айырылғалы, қазақтық келбеттен де айырылып шыға келдік. Ештеңеге қорланбаймыз. Ештеңені өрескел көрмейміз. Жауабы құрдымға кеткен сол сұрақ. Енді міне, артында белін байлап "әкем-айлап" жоқтайтын ұл-қызы бола тұра, көзі тірісінде мазарының салтанатын ашып жатқан тағы сол қазақ.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы "Қабірстан" неге даңғазалық пен бос мақтанның белгісіндей?

Ел аман, жұрт тыныштағы масқара

Көріне ашылу салтанат мәзірін жасаудың қаншалық қажеттілігі болды екен деген сұрақтың бір мені мазаламағаны анық. Иә, әлеуметтік жағдайдың төмендігін айтып, қаншалық дабылдатсақ, соншалық даңғаза қаракетіміз де үдеп жатыр.

– "Атаңа нәлет, он жыл бірге құлын-тайдай бір тебісіп оқыдық, алғы сөзді сен айт" деп күйдіргенін қайтерсің. Шықтым. Сөйледім. Сөзімнің аяғында: "Тіріңде қазған көріңе аман-есен тездетіп жетіп, жақсылап жайғас!" деп бата қайырдым. Күйіп кеттім!

Таяғымен тұмсығына тірелген алдыңғы орындықтың арқалығын ашуын алғысы келгендей түйіп қалды.

Жеке адамның қалтасына үңілмек ойымыз жоқ. Бірақ, бар екен деп байлығын қайда шашарын білмей, дарақы өрескелдікке барулары түсініксіз. Әлде, ұрпағының абыроймен жерлейтіне деген сенімі жоқ па екен?

Көзі тірісінде мазарын көтеру – жаңалық емес. Тек, артында мазарын көтеретін ұрпағы жоқтар солай еткен. Бала күнімде, ауылда артында тұяғы жоқ қарияның кемпірі екеуіне арнап, екі адамдық төрт құлақ мазарды қызыл кірпіштен өргенін көргенмін.

Кірпішін Шымкенттен әкем алдыртып бергенде, бала жүрегіммен ұрпақсыз қос қарияға жаным ашыған еді. Мазары қаланған соң жылға жетпей өзі, араға жыл салмай кемпірі өмірден қайтып, төрт құлақ мазарын мәңгілікке мекендеген болатын.

Сол кезде жаназаға жиылған жұрт: "Ниеті түзу екен де, бір-бірінің арасын суытпай жетектесіп кеткенін көрмеймісің? Қайтсін, артында іздері жоқ бейбақтар..." дескен болатын. Байлығы тасқан мыналардыкі қай қылық?

– Балалары не айтты? – деп сұрадым.

– Не айтсын?.. Әкеміздің сөзі – біз үшін заң. Қалады. Жасадық. Бірақ, әзірге асықпасын, – дейді. Әй, ақымақтар, Құранды оқымайды ғой?! Ермекке ашылған мазарына өзінен бұрын баласы ма, басқасы ма барып қалса, қайтпек, жаман ырым.

Бүгінде жиған-тергеніңді өкіметке апарып берсең, сен өлген соң көмуге келісім-шарт түзуге болады. Мынаныкі мұрнынан есек құрт емес, түйе құрт түскендік. Айдың күні аманда, тірі тұрып мазарын ашып, салтанат жасау деген масқара. Өздері ресторандатуға кетті. Мен: "Жаназаңа келемін" деп кеттім. Осының бәрі тегінде жоқтан. Түк көрмеген кедей неме "байыған деген осы екен" деп, көріне қонақ шақырды.

Күйінген қария уһілеп қояды. Шынында, ауылды жерде мұсылман қауымы іздері жоқ адамды онсыз да ауыл-ел боп жабылып жерлейді. Көрші-қолаң жеті шелпегін пісіріп, майдың исін шығарады. Мұсылман үшін қалыпты жайт. Ал, үлкен қалаларда арнайы бөлім бар. Ақшасын төлеп, келісім-шарт түзсең, жеткілікті. Заманауи қажеттіліктен туындаған жайттың қоғам тарапынан тыс қалып жатқаны сирек. Тіптен болмаса, қалалық әкімшілік өз мойнына алады.

Бейбітшілік. Жамандыққа қиғанмен, өлімге қимайтын қазақпыз. Әншейінде сәлемге сөзді қимағанмен, жаназада шет қалмастан барын салатын ұлт ұрпағының пиғылы өзгеріпті. Шымбайға батады екен. Әркім өз білгенімен өмір сүруге құқылы десе де, дәстүрден кеткендердің ұлттық келбеті көлеңкеленіп, ұлт тұғырының тозып кетпесіне кім кепіл.

Телефон қайта шар етті. Қария бұл жолы дауысы өзгере жауап берді.

– Қарағым, Қалдар көкең ашуыма тиіп, саған тілім тиіп кетті ме? Қу жалғыз, сен аман бол. Жақсы, үйде кездесеміз, – дей бере терең күрсінді. Бағанағы телефонда қатты айтқанына өкінген сыңайын жылы қабылдадық.

"Таз ашуын – тырнадан алады" болғанды баласы да түсінсе керек. Әкесіне алаңдап, қайыра телефон шалғанына риза болдық. Сөз барысында қарияның техникумда өмір бойы студенттерге сабақ беріп, ағарту саласынан зейнетке шыққанын, жалғыз ұлы жолын қуып, қаладағы университетте сабақ беретінін түсіндік.

Айналдырған жиырма минутта қоғам айнасынан хабардар болып, әркім өз ойымен арпалыса тарастық. Бәлкім, дәстүрді дарақылыққа жібермей, тегеурін беруге жастардың парасаты қажет болар, сіз қалай ойлайсыз?

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров