Прямой эфир Новости спорта

Батпандаған Бала ғұмыр

"Жол қозғалысының қауіпсіздігі тіралы білім беруге арналған жинақ"-ты оқумен шектеліп, нақтылы жүзеге асыру жүйесіз қалып жатыр.

Ең қауіпті үш кезең

Таңмен көлік жолын кесіп өткісі келген екі оқушы бала заулаған машинаның астына түсіп кете жаздады. Жүргізуші сақтық көрсетіп дер кезінде тоқтап үлгермегенде, екі балауса ғұмыр қас пен көздің арасында үзіліп кетер еді.

Баланың үлкендеуі – екінші сынып, кішісі – бірінші сынып оқушылары екен. Мектепке тезірек жету үшін жолдың арғы бетіндегі аялдамаға асыққан. Қоғамдағы қордаланған маңызды мәселе – күнделікті үш сәттің бала өміріне қаншалық қатер туғызатынын елемеуімізде жатыр.

Таңертеңгілік

Сабаққа асыққан балалар жолаушы жолағына баруға ерініп, көше кесіп өтетін сәт. Өйткені, жолаушы жолағына дейін біршама жер жүруі керек. Арқалағаны ауыр сөмке. Көшенің арғы бетіндегі автобус аялдамасына жету жолы ұзарып кетеді.

Түскі мезгіл

Таңғы аусымдағылар үйіне қайтып, түскі аусымдағылар мектепке асығатын қарбалыс сәт. Демек, автобусқа мінетін бала саны мектепке баратын бала мен мектептен қайтқан бала санымен екі еселенеді деген сөз.

Кешкі мезгіл

Түстен кейінгі аусымдағы оқушылар мектептен қайтатын ең кептеліс сәт. Тереңірек үңілсек, үш кезеңнің үшеуі де ересектердің жанталаса жұмысқа баратын, түскі асқа шығатын, кешке үйіне қайтатын кезеңімен сәйкес.

Автобустағы ересектердің оқушы балаға жол беруге мұршалары жоқ. Өйткені, өздері жұмысқа кешігеді. Орыннан қысылған кейі тіптен аяғына оратыла сығылысқан баланы өңменінен итеріп жіберіп те жатады.

Ересектен жасқанған, арқасындағы сөмкесінің салмағы батқан, кептелістен жаны сығылған баланың көңіл-күйін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Автобустан әупіріммен түскен баланың жүйкесі сыныбына жол-жөнекей тозып, сабақ оқымақ түгілі – өмірге келгеніне өкінумен мектебіне әупіріммен жетеді.

"Бала неме ұмытып кетеді" десек, қателесеміз. Жолда көрген азабынан жараланған бала көңіл сабақты қабылдаудың орнына, басынан кешкен теперішін ойлап, күйзеліске ұшырауы әбден мүмкін. Бір қарағанға айтуға тұрмайтындай мәселенің "алдын алуға жол бар ма" деген орынды сұрақты қойып көрелік.

Толық мүмкіндік бар. Тек – құлық жоқ

30 елдің қатарына қосылуға мүмкіндігіміз болатындай дәрежеге ұмтылудамыз. Экономикамыз дамып жатыр. Әлеуметтік жағынан мазалайтын сұрақтың арасында "адам жанына қажетті қамқорлық мәселесі қандай деңгейде" деген сұрақтың кездесері һақ.

Жаттың жақсысын тілге тиек ете бастасақ, көбіміздің аллергиямыз ұстайтын әдет таптық. Бәлкім, кейбір жағымсыз, жөнсіз еліктеуден жалыққаннан болар. Бірақ, пайдасын тигізерлік жақсысынан неге үлгі алмасқа?!

Еуропа мен Америка, баланы жол апатынан қорғаудың жолын бізден бақандай 3 ғасыр бұрын қолға алыпты. Александр Краснов 2002 жылы шыққан "Мектеп автобусының тарихы" мақаласында: "ХІХ ғасырда оқушы балаларды Лондонның солтүстік-шығысындағы квакер мектебіне ұйымдастырылған түрде автобуспен тасуды бастағанын" жазған.

Ал, осы мақалада Америкадағы 843 мың автобустың 480 мыңы оқушыларды мектепке таситын сары автобус екені келтіргенін оқығанда таңдана отырып, балаға деген қамқорлығына ішің күйе тамсанасың. Ересекке арналған автобустан бала таситын автобустың саны басым болуы себепті сары автобус Американың елеулі символикасына айналып үлгерген.

Америкада алдында келе жатқан сары автобус аялдамаға тоқтағанын көрген көлік жүргізушісі, бала өміріне қатер төндірмеу үшін 5 метрдей жер алыс тоқтайтын ереже бар екен. Автобустан түскен бала, тосыннан жетіп келетін көліктен қауіптенбестен үйіне аман жетеді деген сөз.

Осыдан келіп: "Біздің балаларымызға осындай қарапайым қамқорлық жасалатын күн туса" деген орынды тілек туындайды. Шынымен, аз халықтың ұрпағын апатқа ұшыртатпастан қамқорлық жасаудың жолын қарастырмауымыздың себеп-салдары неде жатыр?

Елімізде өткен сәтте-ақ ұмытылып кететін жөн-жосықсыз түрлі іс-шаралардың атқарылуына сан миллиондап, тіптен миллиардтаған қаржы шашылып жатады. Ал, бала қауіпсіздігіне келгенде саңырауға айналып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажы елеусіз қалуы қалыпты жағдай.

Ең басты Ұлттық стратегия – ұрпақ қауіпсіздігі болуы тиіс. Көше қозғалысы жылдан-жылға қатерін көбейткен қалалардың әр кварталына бала таситын автобусты ұйымдастыруды қолға алатын сәт тумақ түгілі – мерзімі өтіп бара жатқан маңызды мәселе.

Мектеп жасындағы баласы бар он ата-ананың – сегізі жұмыстан қолы босамайды деп алсақ, қаншама бала ересектің қадағалауынан қалыс қалып, мектепке барар жолды өзі табуға мәжбүр.

Құдайға шүкір, бүгінде бала туу жағынан кенде емеспіз. Мектепке баратын бала саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бастауыш сыныптардың "к", "л" әріпіне дейін көбейгенін көргенде, қуанасың. Бірақ, осы балапандардың мектепке аман жетуіне үкімет тарапынан қамқорлық жасалынбағаны қынжылтады.

Айтпақшы, кей "аса мәртебелі" мектептер автобус мәселесін оңтайлы шешкен. Өкініштісі, ол мектепте оқитын оқушылардың көбінің ата-анасы "қаржылы отбасы" санатындағылар. Осыдан келіп қалталыны тілге тиек етсең - "әлеуметтік төмен сатыдағылардың саналық жеккөруі" деп ойлап қалуы бек мүмкін.

"Аса мәртебелі" мектепте баласын оқытуға қажетті төлемді қарапайым отбасындағы ата-ананың қалтасы көтермейді. Үш мезгіл асы мен дайындық сабағына дейін қарастырылған ақылы мектеп пен ақысыз, үкімет тарапынан қаржыландыратын мектептің балаға қамқорлығындағы айырма өз алдына үлкен мәселе.

Қоғам – екіге жарылды. Байлар мен кедейлер. Байлар тұратын қала бөлігінің салтанаты да бөлек. Жүзіктің көзінен өткен машиналар оқушысын мінгізе мектепке қарай заулап бара жатады. Дұрыс-ақ. Баланың бақытты өмір сүруге құқы бар.

Көңілге кірбің кіргізетіні – халықтың басым көпшілігі тұратын көп қабатты үйлерден ағыла шыққан баланың автобус аялдамасына қарай жаныға жүгіргенін көрудің иықты басатын салмағы.

Ересектердің өзі сабырсыздық дертіне шалдыққан заманда, балада сабыр қайдан болсын. Қарбалыс сәтте кезекті автобусына симай қалған бала сабырсызданып тұрып, қалтарыстағы жаман жолға жалт бермесіне кім кепіл?

Екі санаттағы мектепте оқыған балалардың бір-біріне деген "таптық санасы" қалыптасатынын зайырлы қоғам болуға ұмтылған үкіметтің осы бастан ескергені артық болмас.

Қала әкімдігі мен Білім министрлігі бірігіп шешсе, алынбайтын қамал жоқ. "Жарқын болашағымыз" деп үкілете үміт қадаған балаларымызға қамқорлықты мектебіне апаратын автобустан бастаса, ұрпақ алдындағы жауапкершілік орынды шешілмек.

Ертеңге үміттеніп жүріп, бүгінгі балапандармыздың бал ғұмырын батпандаған теперіштен құтқаруды ұмытпасақ екен.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров