Төрдің төресі болған адыраспан
Бала күнімізден тұмаурата қалсақ, анамыздың адыраспанмен аластап, түтінімен тыныстатқаны көбіміздің есімізде болар. Одан қала берді, ауылда кез келген үйдің төрінде бір бума адыраспан ілулі тұратын. Ойын баласы болсақ та, үлкендердің ыңғайымен адыраспанды қадірлеуді үйреніп өстік.
Әлі есімде, ауылда адыраспаннан қызыл бояу жасайтын ата болатын. Адыраспанның гүлі төгіліп, сап-сары боп қураған кезде ауыл бала-шағасын жинап, алдымен мәмпәси таратады. Қорасында қаз-қатар ілулі тұратын дорбаларды шетімізден таратады.
Қолымызға дорба ұстатып тұрып: "Ал, балалар, адыраспанды жұлмас бұрын не деу керек?" деп сұрайды. Біздер тұра қалып: "Ассалаумағалейкум Адыраспан, мені саған жіберді Омар Оспан, Жанға дəру, дертке шипа болғай, Жамандықтан сақтай гөр, сабылыстан" деп жамырай жөнелеміз.
Ұмытпағанымызға риза боп, адыраспан жинауға жібереді. Ата таратқан мәмпәсиді таңдайға тастап жіберіп, адыраспан қайдасың деп шапқылай жөнелеміз. Ауыл шетіндегі адыраспанды дорбаға нықтап әкеп береміз. Бояуды қалай жасайтынын көрмеппін. Баламыз ғой? Жинап келгеннен соңғы процесс бізді қызықтырмайтын.
Жаудан құтқарған адыраспан
Бірде әкеме: "Адыраспанды жұларда сертін айтпаса болмай ма? Еститіндей адыраспанның құлағы жоқ қой?" дегеніме:
– Балам, әзіреті Оспан әскермен жорыққа аттанып бара жатып, жол-жөнекей түнейді. Оспанның қалың қолмен келе жатқанын естіген жау, жасырын кеп ұйықтап жатқан әскердің аттарын босатып жібереді.
Ерттеулі атсыз алысқа бара алмайсың. Үдере қашқан жылқының арасынан әзіреті Оспанның аты бір түп адыраспанға шылбыры оратылып, кете алмай қалыпты дейді. Оспанның аты тұрған жерге босай қашқан жылқылар түгел жиналып, үйіріліп тұрыпты дейді.
Шылбыры оратылған адыраспанды Оспан дорбасына салып алады. Жауын жеңіп оралған соң, Пайғамбарға болған жайды баяндап, шөпке "адыраспан" деп ат қойғанын айтады. Адыраспанның жасаған қызметіне риза болған Пайғамбарымыз: "Әскерімді аман алып қалған адыраспан, менің үмбетіме қызмет етсін" деп дем салған екен. Пайғамбардың өзі дем салған шөпті сертін айтпай жұлуға болмайтыны содан, деген болатын.
Жүннің реңін жандырған
Аналарымыз күзде киіз басарда бояушы атаның үйіне қарай ағылатын. Адыраспанның бояуымен боялған жүннің түсі қып-қызыл нарттай боп жайнап шыға келетін. Киіз басу басталғанда апам тұсына "тіл-сұқтан қалас боп, киізім түзі шықсын" деп, адыраспанды түтіндетіп қоятын.
Ауыл шетінде өсетін қалың шиден апаларымыз ши тоқиды. Жаз айында есік алдына киіз үй тігіледі. Құрт-құмырсқа кіріп кетпесін деп іргеге ши тұтады. Ши қурап кетпес үшін міндетті түрде адыраспанның бояуына бояйтын. Алыстан нарттай қызыл түс "мен мұндалай" көз тартатын.
Біздерге: "әзіреті Оспанның ықыласына ие боп, Пайғамбар дем салған" деп, адыраспанды аяқпен басуға қатаң тиым салатын. Адыраспан көре қалсақ, міндетті түрде айналып өтетінбіз. Мал емдеуге таптырмайтын қасиетін көріп өстік. Ауыл шетінде түйекеш көке тұратын. Бірде маған адыраспан теріп беруімді өтінді.
Қураған адыраспанды тамырына тиіспей, сабағынан ғана жұлатынбыз. Тамыры келесі жылғы адыраспан теріміне қалатын. Бір дорба ғып әкеп берген адыраспанды түйекештің әйелі дәу қазан қайнап тұрған суға тоғытып, қайната бастады.
Сөйтсем, қотыр болған ботаны адыраспанның тұнбасымен емдейді екен. Көршіміздің бәйгеге қосатын айғыры болды. Бірде айғыры зәрін шығара алмай, қиналады. Сол кезде шелек-шелек адыраспанның тұнбасын ішкізгенде зәрі жүріп, жаны кірген айғырдың қуанышты кісінегені әлі күнге көз алдымда.
Көктемде небір улы шөптер өсіп кететіні белгілі. Бір күні сиырымыз екі бүйірі солығып, жем-шөп жеуден қалды. Мал дәрігерін шақырттық. Сөйтсек, ішектері құрттаған екен. Дереу адыраспанды қайнатып, тұнбасын шелегімен ішкізіп, үй айналдыра қуыңдар деген тапсырма алдық.
Басқысы келмеген сиырдың жанын қоямыз ба? Шыбықпен тырқырата қудық. Ақырсында ішегіне кептелген құрттар саталасымен бірге атып шықты. Жаны кірген сиыр мөңіреп сала берген болатын. Міне, қараңызшы, елеусіз өсетін қарапайым адараспанда қаншалық емдік қасиет бар?!
Әсіресе есімнен кетпейтіні, әкемнің басының сақинасы болатын. Жазы аптап Созақ өңірінің шіліңгір шілдесінде сақинасы жиі ұстап қалатын. Сол кезде апам, шөкім адыраспанды аққұманға демдеп бере қоятын. Шәй орнына ішкен әкем терлеп-тепшіп, жастығына қисая бере лезде ұйықтап кетеді.
Оянғанда көзі шайдай ашылып, басы қойып, рақаттана жұмысына шапқылап кететін. Ауылда денесіне жара шыққандар дәрігердің орнына бояу алатын атаның үйіне ағылатын. Қандай маймен қосатынын білмеймін, адыраспанның ұрығын талқандап қосып, май жасап беретін.
Майды жаққан сәттен жаны кіріп, айналдырған екі-үш күнде жарасы төгіліп жататынын қуана айтатын. Осы күні зерттеп қарасам, зығыр майын қосады екен. Тісі опырылған ата-әжелеріміз қызыл иегі қабынғанда адыраспанның тұнбасын дәкеге малып, қызылиегіне басып отырғанын талай көрдік.
Көктей жұлынған көк
"Денең ауырлап, бойың сергімей қойса, үйдің ішін адыраспанмен аластап жіберу керек" дегенді анамнан естіп, көріп өскендіктен, үйімнен адыраспанды үзбеймін. Адыраспаным таусылып, базарға сатып алуға бардым.
Әдеттегі адыраспан сататын жерге келсем, зіңгіттей жігіт ауылдан әкелген нән қап адыраспанды сатушыға санап өткізіп жатыр екен. Шетінен көк. Пісіп жетілмеген. Гүлі төгілмек тұрмақ, ашылып үлгермеген.
"Бауырым, обал-ай, мынауың көк қой?! Адыраспанды көктей жұлғанның сұрауы барын білесің бе?" дегеніме естігенім: "Апа, гүлін төккенін күтем деп жүріп ақшадан қағылар жайым жоқ?!" деген ащы кекесін болды.
"Тым құрыса, адыраспанның сертін айтып жұлдың ба?" дегеніме бақырая қараған көзден, білмейтінін ұқтым. Көбі тіптен тамырымен жұлынып кеткен. Менің ренішімді тұсымнан өтіп бара жатқан кісі естісе керек, бұрылып қасыма келді.
Мән-жайға қаныққан соң, "Мен сіздерге адыраспанның қасиетіне көзім жеткен бір оқиғаны айтайын" деп, әңгімесін бастады. Ауылында бір қария бар екен. Жалғыз ұлы Астанаға қызметке кетіп, кемпірі екеуі ғана тұрып жатады. Он жыл бұрын ұлы жол апатынан қаза тауып, аңырап қалады.
Келіні ұлынан қалған жалғыз тұяқ немересін ата-енесіне бермейді. Ұлының жылын бергенде келіні мен немересін соңғы рет көріп тұрғанын сезгендей бір тал адыраспанды "көрген кезде ата-әжеңді есіңе алғайсың" деп, немересінің кішкентай фотоальбомының арасына салып жібереді.
Қайынжұртпен арасын шорт кескен келін, күйеуге шығады. Немересін көруге зарыққан қариялар құдайға жалбарына үміттеніп, жолға қараумен ғұмырын өткізіп жатады. Мына қызықты қараңыз, немересі мектеп бітіретін кешіне фотолар топтамасын жасамақ болады.
Кішкентай күнгі фотоальбомын ашқанда, арасынан баяғы бір тал адыраспанды көреді. Адыраспанды атасы бергені есіне түсіп, не керек, ауылға атасы мен әжесін іздеп келеді. Өлгені тіріліп, өшкені жанған қос қарияның қуанышында шек жоқ. "Немерем келді" деп қуанғаннан ат шаптырып, той жасады.
Ата-әжесінің күйін көрген немересі анасымен келіссөз жүргізіп, осында қалды. Бүгінде Шымқаладағы оқу орнында оқып жатыр. Немересі келгелі қариялар өмірге қайта келгендей жасарып кетті. Міне, бір тал адыраспанның қасиеті?!" деп, әңгімесін аяқтады.
Бейтаныстан естіген жайтқа бәріміз таң-тамаша қалдық. Қызыға тыңдаушылар арасынан бір егде әйел: "Бала күнімізде адыраспанды көктей жұлуға болмайды. Көктей жұлса, адыраспан "Көктей жұлғанның өзі көктей солсын" деп налиды" дегенді еститінмін деп, сөзін аяқтады.
Осы кезде адыраспанды толық санап өткізіп үлгерген жігіт; "Өй, сіздерде бір қайдағы ертегіні тауып алып, миды ашыта береді екенсіздер? Отырайын сол, әр адыраспанға жарамазан айтып?!" деген күйі, қолын бір сілтеп кетіп қалды.
"Еһ, ақшаға құныққан адамның көзі қасиетті көрместей ашкөздікпен байланып қалады ғой?" деген бейтаныстың сөзін тұрғандар іштей құптадық.
Әлемге аты мәшһүр Ибн Сина сегізкөз жүйкесі қабынуына қарсы емге қолданған адыраспанның ревматизм, безгек ауруы, жүйке ауруларын емдеуге таптырмайтын дәрумен екенін ғалымдар мойындап, фармацевтика саласында қолданысқа алғаны көңілді қуантады.
Кез келген дәріні асыра қолдансаң уға айналары сөзсіз. Бүгінде адыраспанның қолдану тәсілін білетін ересектер азайғандықтан, арнайы кеңеске сүйенбей қолдануға болмайды.
Құрамында улы гармин мен гармалин, гүлі мен сабағында пеганин алколоидтары болғандықтан, дәрігердің нұсқауымен қолданған жөн. Ал, үйді жағымсыз энергетикадан аластату үшін, адыраспанды қаншама түтетсеңіз де еркіңіз. Көңіліңіз әркез сергек болсын!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🏃📱 Одному из участников ночного забега в Астане подарят iPhone 15 Pro
- 6440
- 0
- 20
-
2🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5145
- 1
- 6
-
3🌡Прогноз погоды на 21 ноября: метель и гололёд ожидаются на севере и востоке Казахстана
- 2742
- 0
- 5
-
4🟢 Лицензирование детских садов введут в Казахстане с 2027 года
- 2435
- 3
- 18
-
5👨⚕️ Пациенту ампутировали ногу по вине врача: хирург избежал реального срока в ЗКО
- 2470
- 2
- 39
-
6🟢 Премию Михаила Дорофеева вручили основателю проекта Protenge Джамиле Маричевой
- 2511
- 0
- 8
-
7🆕🆕🆕🆕 Таразский университет использовали для фиктивной регистрации мигрантов
- 2413
- 1
- 16
-
8💬💬 "Мать была на работе..." О гибели четырёх детей при пожаре в Астане
- 2375
- 2
- 27
-
9🟪 Ерлан Карин: Число вышедших из казахстанского гражданства с 2019 уменьшилось более чем в 16 раз
- 2439
- 6
- 105
-
10⛈ На США обрушился "циклон-бомба": власти готовятся к тяжёлым последствиям
- 2383
- 0
- 21