Прямой эфир Новости спорта

77 жылдан соң жеткен аманат

Informburo.kz иллюстрациясы
Informburo.kz иллюстрациясы
"Қазақпын. Оңтүстіктенмін. Бір уыс топырақты еліме жеткіз" деген аманатын кеш те болса орындағаныма бақыттымын".

Кездейсоқ ештеңе жоқ

Жаугершілікте туған жердің бір уыс топырағы мен бір түп жусанын қойынқалтада ұстау табиғи заңдылыққа саналған. 1941-ші жылғы қырғында бір уыс топырақ орнына қалташаға дермене салып майданға аттанған он жеті жасар жігіт жат жерде көз жұмғаны жайлы тарих ерекше толқытты.

Түркістан – Шымкент тас жолымен заулап келе жатқан таксиді тоқтатқан ақсақал қасындағы орыс қарияны артқы орындыққа жайғастырды. Қарияның қасына жиырмалар жобасындағы жас жігіт отырды. Екеуінің шүйіркелесе сөйлескенінен аталы-немере екенін жобаладық.

Ақсақал орынға жайғасқан қарияның алдына бір дорба затты қойып жатып: "Аманатқа адал екенсің. Аманатың орындалды. Құдай алдында енді тыныш ұйықтауыңа болады. Алла жар болсын?!" деп, орыс қарияның кәріліктен әлсіз діріл қаққан қолын қысып қоштасты.

Көліктің ішін дермененің қышқыл, жанға жағымды иісі жайлай жөнелді. Қарияның алдындағы дорбада дермене барын бірден түсіндік. Жол қысқартқысы келген шопыр: "Қария, дерменені емге әкетіп бара жатырсыз ба?" деп сөзге тартты.

Мен мамонтпын

Қария бірден жауап бермеді. Отырғандар өз ойымен әуре боп отырғанда: "Жауынгер досымның аманатын өтеп келе жатырмын..." деген әлсіз дауыс естілді. Бәріміз қарияға бұрылып қарағанымыздан ойымызды түсініп:

– Қарақтарым, мен мамонтпын... Таңқалмаңыздар. Мен қатарлылар баяғыда о дүниеге аттанып кетті. Мен әлі жүрмін, – деп сәл үнсіздіктен кейін, – 1941-45 жылғы дүниежүзілік соғысты көргенмін, – деп әңгімесін бастады.

– Әлқисса, Оңтүстік өңірінен майданға аттанған он жеті жасар жерлесіміздің аты-жөні есінде қалмапты. Соғыс кезінде алған контузиядан ұзақ емделіп жүргенде, көп жайтты ұмытқан екен. "Екеуміз де мерген едік. Оның сұрмергендігін айтып жеткізе алмаймын. Неміс генералы оның басына көп ақша тіккен болатын.

Снаряд жарықшағынан қаза тапты. Көз жұмардың алдында маған; "Мен Қазақ республикасынанмын. Қалтамда туған жерім оңтүстігімнің дермене деген шөбі бар. Көмер алдын көріме, үстіме сеп. Босаған қалтаға мен жатқан жерден бір уыс топырақты түйіп ата-анама жібер" дегені есімде қалыпты.

Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мені жарылған снарядтан қорғап, үстіме құлады. Мен тірі қалдым. Соғыста тумасаң да туғандай боп кетесің. Өтінішін орындадым. Қойынқалтасынан қалташаны алып, ішіндегі дерменесін үстіне сеуіп жерледім. Дермененің орнына моласынан бір уыс топырақ салып алғаным есімде.

Ауыр жарақаттан есте сақтау қабілетім құлдырап, ештеңе керек болмай қалды. Ұзақ жылдар бойы емделумен келемін,– деп терең күрсіне тоқтады. Араға қаншама жылдар салса да, қасіреттің жаңғырығы жоғалмайтыны текке емес болар. Уақыт біздер, ұрпақтары ұмытпасын десе керек.

Сөзге жас жігіт қосылды. Немересі екен. Құжат іздеп жүріп атасының бөлмесіндегі шифоньердің үстіндегі көне қобдишаны ашқанда ескірген қалташаны көреді. Атасы майдангер болғандықтан, сол кезеңмен байланысы барын бірден түсінеді.

Қалташадан жағымды иіс шығады. Өзі білетін гүлдердің ешқайсысына исі ұқсамайды. Ішіндегі кеуіп кеткен топырақты төккенде, түп жағынан бірнеше түйір дән төгіледі. Иістің осы дәндерден шығып жатқанын түсінген жігіт атасынан мән-жайды сұрайды.

Қария дәнді қанша иіскесе де, не үшін сақтағанын есіне түсіре алмайды. Қандай өсімдіктің дәні екенін ешкім білмейді. Жігіт қаладағы зертханаға апарып, қандай шөп екенін айырып беруін өтінеді. Екі апта дегенде зертханадағылар "дермене" деген шөп екенін, Қазақстан елінің оңтүстігінде өсетінін айтады.

Атасы "Оңтүстік" деген сөзді естігенде баяғы жауынгер досы айтқаны есіне түседі. Контузиясы қайта қозып, ауруханаға түседі. Ауруханада жатқан кезінде өзін денесімен жауып қаза тапқан қазақ жауынгер көз алдына елес боп келіп, аманатын қайталап сұрай береді.

Қасында отырған немересі атасының сандырақтап айқайлаған сөздерін жазып алыпты. Атасының жауынгер досына берген аманатын жазып алған немересі қазақ еліндегі оңтүстік жерін іздестіре бастайды. Өкінішке қарай, атасының есіне жауынгердің тегі, ауылының атауы еш түспейді.

– Ауылының атауы нақтылы есімде қалмапты. Айтқан болатын. Еш есіме түсіре алмадым. Жасым тоқсаннан асты. Кәріліктің кесірі..." – деп көзіне жас алған қарияның сөзі отырғандарға ауыр әсер етті. Дермененің жұпар иісі танауды қышытып, шопыр түшкіріп салды.

Ғалымдардың айтуынша, дермене жусанының отаны болып ежелгі Палестина мен Мысыр аймағы саналады екен. Көнекөз қариялардың айтуына сенсек, ол жаққа біздің жерімізді көктей өтетін Жібек жолы арқылы таралған дейді. Қалай болғанда да дермененің емдік қасиеті адамдарға көнеден белгілі болған.

Дермененің қасиеті атам қазақ ежелден-ақ біліп, қайнатылған тұнбасын ішектегі құрттарды түсіруге қолданған. Оңтүстік өңірінде өсетін дермене жусанының құрамында кристалды "сантонин" деп аталатын емдік қасиеті өте жоғары зат бары ХІХ ғасырдың бас кезінде әлемге әйгілі болып, өндіріске қойылады.

Сантонин дермене жусанынан басқа еш өсімдікте кездеспейтінін Калер мен Алемс деген ғалымдар арнайы зерттеп, ғылыми түрде дәлелдегенін естіген орыс көпесі Савников 1880 жылы Шымкент қаласында сантонин өндіретін зауыт салады.

Іскер көпес сонау кезеңнің өзінде сантонин дәрісін шетелге экспортқа шығарып, дермененің емдік қасиетін әлемге әйгілі етеді. Кеңес өкіметі кезеңінде оңтүстіктегі Арыс, Түркістан, Шаян елді мекендерінде дерменені өсіру һәм жинаумен айналысатын бірнеше ірі шаруашылықтар құрылғаны белгілі.

Бойы 50 сантимерлік жартылай бұталы дермене улы өсімдік боп саналады. Ғажабы сол, дермене гүл жармай тұрған кезде жапырақтарында улы зат – сантонин пайда болады. Сондықтан да сабағының жоғары тұсындағы жапырақтары гүл ашпай тұрғанда жинап алады. Содан кейін гүлі мен сабақтарын жинайды.

Жергілікті халық дермене тұнбасын жүрек талмасы бар, демікпе, бронхит қабыну ауруларын емдеу үшін дермене тұқымын қайнатып ішеді. Дермене тұқымын мейізге қосып жаншып араластырып қолданса, өкпе ауруына шипа болатынын жергілікті халық жақсы біледі.

ХХ-шы ғасыр ортасындағы дүниежүзілік соғысқа аттанған қазақ жігіті қалтасына уыс топырақтың орнына дерменені әкетуінде терең мән жатқандай. Дермененің киесі ескерусіз тастамайтына сенген. Дермене салынған қалташаға түйілген топырағы туған ерге жететіне кәміл сенген. Солай болды да.

Естігенімізден ауыр ойға кетсек керек, қарияның әлсіз дауысына елең еттік.

– Қанша жүретінім бір құдайға аян. Аманаттың жолы ауыр. Мәңгілік үйіме барғанда, алдымнан досым шығып аманатын сұраса, не бетімді айтамын деген ой мазамды алды. Ақыры, мойнымдағы аманатты өтемекке немеремді ертіп, жолға шықтым.

Оңтүстікке жеткен соң дермене қай жерде өсетінін сұрастырдық. Майдангер досыммен бірге көмілген дермене шөбімен аттас Дермене деген елді мекенде дермене әлі де өсірілетінін білдік. Сонда барып соғысқа кетіп қаза тапқан жауынгер бар жанұяларды сұрастырдым. Соғыстың аяқталғанына да 74 жылдан асып барады.

Жауынгерлердің ата-аналары да өмірден өтіп кеткен. Кейінгі ұрпақ нақтылы ата-тегі болмаған соң, қайсыбірі білсін. Амалым таусылып, дермене ең қалың өсетін жерге барып, қалташадағы бір уыс топырақты шаштым. Әттең-ай, ата-тегін ұмытқанымды айтсаңшы. Жауынгер досым 43-ші жылы қаза тапты. 77 жыл... 77 жыл өтіпті-ау?! – деген қария, терезеге жасаураған көзін бұрып күрсінді.

Бір қалташадағы дермене қазақ топырағынан сонау украин жерінде қан кешкен қазақ жауынгеріне бір уыс топырақ орнына салынғаны тебіренітті. Тегі белгісіз қазақ жауынгері зиратынан алынған бір уыс топырақтың туған жеріне жеткеніне тап бүгін жаны жайланған болар.

Әлемде өсетін жусанның 500-дей түрінің 81 түрі Қазақстан аумағында өседі екен. Ақшаға айналдыруға болатынды аяусыз отайтын бейқасиетімізге басып, жөнсіз отаудың салдарынан Қызыл кітапқа енген дермененің тұқымы жоғалу қауіп төніп тұр.

Осы біздер туған топырағымызда өсетін шөптердің қадір-қасиетін қашан бағалар екенбіз?..

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров