Өзбекстанда жоғарғы билік ауысқанына екі жылдан асты. Тәулсіздік алғаннан бері көрші елдің тізгінін жұдырығында қысып ұстап келген Ислам Кәрімов өмірден өткелі бұл биліктің тұңғыш ауысымы болды.
Ендеше осы мерзім аралығында Өзбек ағайында не өзгерді, дамудығы негізгі үрдістері қандай және ең бастысы – олардан не күтуге болатыны жайлы ой түйсек.
Ислам аканың мирасқоры
27 жыл билікте болған Ислам Кәрімовтың қалдырған мұрасына бүгінде әрқалай қарауға болады. Рас, бір жағынан ол жауыз авторитарлық режим құрды, оппозицияны қудалап, азаматтардың еркіндіктерін шектеді. Сыртқы саясатта бірізділік байқалмады. Қайта көршілерінің бәрімен дерлік араздасып Өзбекстан тұйық мемлекетке айналды. Алайда, екінші жағынан Кәрімов өзінен кейін шын мәнісіндегі Өзбектің ұлттық мемлкетін қалдырғанын жоққа шығара алмаймыз. Халқының саны оның тұсында 21 миллионнан 31 миллионға жетті. Республиканың Ресей, Қытай, басқа да ғаламдық ықпал иелерінің алдындағы саяси, экономикалық, ақпараттық тәуелділігі айтарлықтай төмендеді. Сол арқылы өзбектер сыртқы саясатта іс жүзіндегі егемендікті баянды етті. Армиясы аймақтағы ең қуатты күш факторына айналды. Экономикасын шетелдіктер мен олигахархтарға жығып бермей, мемлекеттің бақылауында ұстап қалды. Елдің өнеркәсібі дамып, өз халқын толықтай көлікпен, азық-түлікпен, киіммен қамтамассыз етуге қол жеткізілді.
Ислам Кәрімовтың өзі билік басында әлі көп жылдар отыруға дәмеленген еді. Бұған өзінен кейінгі билік транзитін еш ойластырмағаны дәлел бола алады. Бірақ, адамның басы – Алланың добы демекші, 2016 жылдың 2 қыркүйегінде тұңғыш президент кенеттен бақилыққа аттанды.
Демократиялық дәстүрлер емес, көбіне сарай ішіндегі тартыстарға негізделген жүйеде бұл өлім саяси дағдарысқа әкелуіне сәл-ақ қалды. Тіпті бірталай тәуелсіз деректерге сүйенсек, ақиқатында Ислам Кәрімов 2 қыркүйек емес, 28 тамызда клиникалық өлімге душар болған көрінеді. Бұған қарамастан үнсіздік сақтаған ресми басшылық Кәрімовтың қазасы туралы ақпаратты тек бес күннен кейін барып растады.
Екі ортада не болғаны белгісіз, алайда ұқсас жағдайдағы әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Өзбекстанның келесі қожайыны кім болатыны дәл осы сындарлы мезетте шешілді деп жорамалдауға негіз бар. Алдыңғы жылдары президент болуға ықтимал үміткерлер қатарында үш адамның есімі аталып келген еді: премьер-министр Шавқат Мирзияев, вице-премьер Рустам Азимов және Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Рустам Иноятов.
Күйзелісті сәтте әлгі үштіктің ұйғарымымен билік тұтқасы Мирзияевке бұйырғаны, ал қалған екеуіне қауіпсіздік кепілдемесі берілетіні шешілді. Бұл төңіректе жағдайдың дәл осылай дамуына Ресейдің айтарлықтай әсер еткенін айтып өткен жөн, әсіресе Мәскеуде тұратын және Путинмен етене аралас ықпалды өзбек олигархы Әлішер Усманов араласуымен. Қалай болғанда 8 қыркүйекте Парламент қос палатасының отырысында Шавқат Мирзияев президенттің қызметін уақытша атқарушы болып бекітілді. Өзбек Конституциясына сәйкес бұл орынды меншіктеуі тиіс Сенат төрағасы боп келген әлсіз Нигматулла Юлдашев "өз еркімен" бас тартты.
2016 жылғы 4 желтоқсанда өткен сайлауларда элиталар ертеректе қабылдаған шешім толық рәсімделіп, Шавқат Мирзияев Өзбекстан тарихындағы екінші президент атанды. Сайлауға халықтың 87,73 пайызы қатысып, оның 88,61 пайызы Мирзияевке дауыс берген.
Халыққа бет бұрған саясат
Биліктің алғаш күндерінен-ақ жаңа басшы Кәрімовтың жолынан таймайтындығын мәлімдеумен болды. Сонымен қатар тығырықтан шығуда халықшыл саясат жүргізетінін танытты. Мәселен, үкіметте азаматтардың шағымы үшін арнайы жәшіктер орнатылды. Министр мен аймақ әкімдеріне аптасына бір күн азаматтарды қабылдау қажеттілігі жайлы нұсқау берілді. Бұл әрекеттер қоғамда құлшыныс тудырды. Айталық, әлгі шағым жәшіктері ашылған соң оларға бір айдың ішінде 400 мыңнан астам шенділер үстінен арыз келіп түсті. Бұл науқан әр деңгейлі лауазым иелерінің наразылығын тудырды. Кейбірі тіпті жергілікті әкімге сенбей президенттің өзіне барам деген шағым түсірушілерді жол-жөнекей тоқтатып қорқытуға дейін барған.
Бұрын болып көрмеген тәжірибе – мемлекеттік қызметкерлердің орнынан алынуы немесе жаңа басшының тағайындалуы жайлы ақпарат ашық жариялана бастады. Баспасөз үкіметтің жұмысы туралы Кәрімов кезінде шектелген мәселелерді ашық жазуға мүмкіндік алды. 2018 жылы Ташкентте заман талабына сай журналистерді дайындайтын жаңа университет ашылды.
Жалпы білім саласына зор мән бөліне бастады. Мысалы, 2010-2011 оқу жылында Өзбекстан жастарының небәрі 30 пайызы жоғары білім алуы жоспарланған болса, жаңа билік тұсында аталған көрсеткіш 2017 жылы 76,5 пайызға, яғни екі жарым есе өскен. Білім беру жүйесін жетілдіруде сандық қана емес, сапалық көрсеткіштер назарға алынғаны құптарлық. Соның қатарында алдыңғы қатарлы батыс стандарттарын енгізуді, ТМД кеңістігінде америкалық Уэбстэр университетінің толыққанды филиалы алғаш Өзбекстанда ашылуын айтуға болады.
Бұрын айырмашылығы 30 тіпті 50 пайызды құраған ресми және бейресми валюта бағамдарының айырмашылығы жойылды. Бұған дейін шетелге шығуды жоспарлаған турист визасын көрсетіп немесе экспортпен айналысатын кәсіпкер арнайы өтініш жазып қана шетел валютасын сатып алса, ендігәрі кез келген азамат ешқандай рұқсатсыз ақшасын валютаға айырбастай алады.
Жемқорлықпен күрес бұрынғыдай таңдамалы емес кешенді түрде қолға алынды. Сондай-ақ өз өкілеттігін асыра пайдаланып, пара талап ететін лауазым иелеріне қатаң шектеу қойылды. Мысалы, өрт сөндіруші және санитарлық қызмет өкілдері, салық департаментінің мамандары жеке кәсіпкердің өндірістік орталығын немесе кеңсесін жылына бір рет қана тексере алады.
Жылымықтың ендігі көрінісі: Ислам Кәрімов кезінде шетелге ауып кеткен қоғам мен мәдениет қайраткерлерін елге қайтару жайлы үндеу тасталды. Осындай ұсыныс Ресейде, Қазақстанда, басқа елдерде жүрген өзбек бизнесмендеріне капиталын Отанына салуына қатысты жасалды. Бірақ, тиісті уәделер берілгенімен, аталмыш шақыруға құлақ асқандар әзірше некен-саяқ.
Шавқат Мирзияев Өзбекстан азаматтарының шетелде жұмысқа кетпеуі үшін ел ішінде оларға жағдай жасау мәселесін мықтап қолға алды. Осыған орай қарапайым азаматтарға жеке кәсібін бастауға банктен жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілді. Ал, бизнес ашу үшін қажет құжаттар тізімі еселеп азайтылып, лицензия беретін мекемелерге қатаң шектеулер қойылды.
Президенттің өзі теледидарға жиі шығуды, министерлер мен әкімдердің селекторлық жиындарын ашық та жария түрде өткізіп шенділерді қатқыл айыптауды дағдыға айналдырды. Сондай басқосулардың бірінде, мәселен, Шавқат Мирзияев прокурорларға "еліміздегі ең бірінші ұрылар сендерсіңдер" деп дүрсе қойды. Өз алдына популизм, яғни халыққа жағудың әдістері жаңа елбасы абыройының өсуіне, оған деген сенімнің күшеюіне мүмкіндік берді.
Жаңа сыпыртқы мен кешігіп келген жаза
Жүре-бара тұғырын нығайтып алған соң, 2017 жылғы көктемнен бастап Мирзияев "ескі гвардияны" биліктен аластатуға, олардың орнына өз адамдарын қоюға кірісті. Жоғарыда аталған вице-премьер Рустам Азимов орнынан босатылды. Елдің қауіпсіздік қызметін 22 жыл басқарып келген құдіретті Рустам Иноятов зейнеткерлікке шығарылды. Оның орынбасары генерал Шұхрат Гулямов адам өлтіру, жемқорлық, заңсыз қарулы топтар құру секілді қылмыстары үшін өмір бойы бас бостандығынан айрылды. Соңғысы Кәрімов кезінде Әндіжанда жүздеген көтірілсшіні аяусыз қырғаны үшін "Өзбекстан қаһарманы" атағын алған еді. Сот шешіміне сәйкес оған мемлекетке келтірген 1,5 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі шығынын өтеу міндеттелді.
Жалпы, бұл оқиға күштік құрылымдарды түбегейлі тазарту науқанына бастау берді. Ішкі істер министрлігінде реформалар қолға алынып ашықтыққа жол ашылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің біраз өкілеттері алынып облыс, қала және аудан әкімдеріне жүктелді. Бұрынғы елбасы тағайындаған әкім-қараларды былай қойғанда оның жеке қызметшілері, атшабарлары, күзетшілері, ұшағының пилоты,тағы басқаларының басына бұл төнді.
Алайда ең мүшкіл жағдайға ұзақ жылдар тойымсыздығымен, қарақшылық әрекеттерімен өзбек қоғымының титығына жеткен экс-президенттің жақын туыстары душар болды. Арасында Ислам Кәрімовтың туған қыздары Лола мен Гүлнәр үй қамаққа отырғызылды. Соңғысының жымқырған миллиардтаған қаржысы мен активтері шетелде тәркіленіп, Өзбекстанға қайтару жөнінде өтінішті ресми Ташкент Ресейге және бірқатар Еуропа мемлекеттеріне жолдап үлгерді.
Ендігі ретте Өзбекстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалын сөз етсе, рас, көршілерімен салыстырғанда, әжептәуір алға басу бар. Атап айқанда, соңғы бірнеше жыл бойында көрші елдің жалпы ішкі өнімі 5-6 пайыздап өсуде. Ірі өндірістік, аграрлық, инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Әсіресе ел астанасы Тәшкентте замануи ықшамаудандар, жол айрықтары қырқынды бой көтеруде. Мирзияевтің өзі бұған дейінгі экономикалық тұйықталу саясатынан бас тартуға дәмелі. Бірақ та екінші жағынан Өзбекстан әлі де патриархалдық қалыптан айықпаған, демографиялық өсімі экономикалық дамуынан басым түскен ел болып қалуда. Нәтижесінде еңбекке қабілетті екі миллионға тарта азаматтары күнкөріс қамымен әлі де шетелде жұмыс іздеуге мәжбүр.
Бірте-бірте экономикадағы ашықтық Өзбек елінің инвестициялық тартымдылығын арттырды. Соның ішінде 2017 жылы Өзбекстанға сырттан келген инвестицияның көлемі 2,4 миллиард АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылғымен салыстырғанда 20,4 пайызға өскенін көрсетті.
Орталық Азияның көшбасшысы
Сыртқы саясатта да игі үрдістер байқалуда. Бірінші кезекте бұл аймақтағы көршіліріне қатысты. Президенттің шетелге тұңғыш сапарлары Орталық Азиядағы Түркмен, Қазақ, Қырғыз, Тәжік елдеріне жасалғаны соны айғақтайды. Кәрімов дәуірінің ауыр мұрасы саналған Түркиямен арадағы салқындық саябырсыды. Соңғы 20 жылда екі мемлекет арасында сақталып келген визалық қатынас тәртібі алынып тасталды. 1990- жылдардың басынан бері арасы дауға қалған тәжіктермен де жаңа өзбек басшылығы әуе қатынасын қайта жандандырды.
Астана мен Ташкенттің арасындағы бұрынғы бақталастық әлсін-әлсін өзара мүдделерді ескеруші ықпалдастыққа бой ұсынып жатыр. Соның айқын көрінісі ретінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавқат Мирзияевтің бастамасымен тоғыз жыл бойы бас қоспай келген Орталық Азия елдері басшыларының 2018 жылғы наурыздағы Астана саммитін атауға тұрарлық. Бұдан бұрын аймақтағы көршілер әншейінде ТМД, Шанхай ынтымақтастық одағы, Еуразия экономикалық одағы сияқты ұйымдар аясында бейресми, екі-үшжақты шараларда кездескенін ескерсе, бұл – әжептеуір жетістік. Аталған жиында Назарбаев аймақ проблемаларын басқа біреуді араластырмай өзіміз шешеміз деп мәлімдегені айтылғанға қосымша дәйек. Кездесуде су мәселесі, аймақ қауіпсіздігі және сауда-саттық мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ азаматтардың емін-еркін араласуы үшін Орталық Азиядағы Шенген виза жүйесі қолға алынбақ.
Десе де, пайда болған жылымық қордаланған түйткілдерді еңсеруге мүмкіндік береді деп санау әлі тым ерте. Біріншіден, бұл аймақ елдерінің сырт күштерге тәуелділігінен келіп туындайды. Оның арасында Қазақ мен Қырғыздың қолы Ресей үстемдік еткен Еуразиялық экономикалық одақ шарттарымен байланған. Екіншіден, Орталық Азияда талай жылдар бойы шешілмеген проблемалар ушыға түсуде: қауіпсіздік шаралары, тарифтік келіспеушілік, су-энергетика саласы т.б. Үшіншіден, аймақ елдерінің көшбасшылары өзара тығыз интеграцияға дайын болмай, көбіне екіжақты ынтымақтастық көкжиектеріне басымдық беріп отыр. Бұның барлығы жалаң сөзден іске көшкенде Тәшкент жүргізген сыртқы саясаттың айтарлықтай өзгермесін меңзейді.
Өзбекстанның өз ішінде де Шавқат Мирзияев реформалары елдің демократиялық жолмен жүруіне кепіл бола алмайды. Айтылғанға келтірер дәйек жетерлік. Солардың ішіндегі бәлкім, ең шешуші кедергі – ұзақ жылдар бойында орныққан авторитарлық жүйенің инерциясы мен қоғамның дәрменсіздігі. Соған қарамастан Өзбектің бүгінгі беталысы үміт ұялатады. Әсіресе, бұған дейін елдің біртұтастығы мен демографиялық өсімін қамтамсыз еткенін, экономикалық һәм саяси дербестігін сақтап қалғанын ескеретін болса. Ал енді осы әлеуетті кей көршілері сияқты арзан атақ үшін оңды-солды шашпай оңтайлы игеруге кіріскен Шавқат Мирзиевтың саясаты нақты нәтижесін беріп отыр. Оның арасында Өзбектің Орталық Азиядағы аймақтық державаға айналып келе жатқанын назарда ұстаған және ұстап қана қоймай, кәдеге жаратқан абзал. Әсіресе "Қазақ байыса қатын алады, Өзбек байыса там салады" деген сөздің өміршеңдігін доғару хақында.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 23 ноября
- 2753
- 0
- 2
-
2🥈Казахстанский фигурист Михаил Шайдоров завоевал "серебро" на гран-при в Китае
- 2648
- 0
- 34
-
3™️TikTok хочет использовать Илона Маска как посредника в переговорах с администрацией Дональда Трампа
- 2603
- 0
- 11
-
4‼️Один убит, трое ранены: что произошло возле посольства Израиля в Иордании
- 2591
- 0
- 8
-
5🇬🇧Букингемский дворец три года не будет принимать государственные визиты
- 2401
- 2
- 23
-
6💰Сколько стоят доллар и рубль в обменниках Казахстана 24 ноября
- 2460
- 0
- 8
-
7⚡️Серик Сапиев и Азамат Имашев — новые руководители областных управлений спорта
- 2135
- 1
- 84
-
8😱Шокирующий случай в Индии: Мужчина ожил прямо перед кремацией
- 2267
- 4
- 51
-
9✈️Над Астаной пролетели истребители
- 2249
- 11
- 33
-
10⚡️Авиаудар ЦАХАЛ по Бейруту: число жертв возросло до 20, "Хезболлах" обстреливает Израиль
- 2133
- 3
- 21