Тау алыстан аңғарылады
Баршамыздың көз алдымызда басталған екі мемлекеттің қырқысы тоқтағанда ойымызға осындай тақырып оралды. Түтін – соғыстың басты белгісі. Бітім – соңғы түйіні.
Таулы Қарабақ аймағындағы Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғыс аяқталды дегенде бүкіл адамзатты қайдам, кешегі Кеңес Одағынан шыққан халықтар бір терең дем алды. Қару ұстап тоқайласқандар ортақ тоқтамға келді. Бітім жасалып, қол қойылды. Бітімнен қай жағы ұтып, қай жағы ұтылғанын таразылау сол сәттен-ақ басталды.
Біз мұндай таразыға жүгінуге асықпас едік. Әзірге нәтиже – соғыстың тоқтағаны. Солдаты болсын, бейбіт адамы болсын, енді қырылмайды. Басқасы болашақта бағамдалады. 2020 жылдың күзіндегі Армения-Әзірбайжан соғысын сипаттауға болады, бірақ салмақтауға ерте. Уақыт ұзауы керек. Таудың алыстан толық көрінетіні сияқты.
Жалпы Қарабағыңыздың өзі таудың іші екен. Біз кезінде үстінен ұшқанда ағараңдаған өзен мен оның аңғары түу төменнен ирелеңдеп қана көрінсе, келесі сәтте таудың төбесі тікүшақтың бауырын сыза жаздайды. Ағаш көп еді. Біразы соғыс барысында өртеніпті. Кей тұсын тіпті әдейі өртеді деген мәлімдемелерді байқадық. Өкінішті. Адам шығынынан кейінгі өкініштісі – осы.
Әзірбайжан үшін "Азаттық аттанысы" деуге болатын соғыстың ұрыс жүргізу тәсілі өз дәуіріне сай. Қарудың жаңа түрі: ұшқышсыз ұшақ айтарлықтай тиімді екені әлемге әйгіленді. Қарсыластың техникасы мен әскерін құрта отырып, өз жағынан адам шығыны болмайды. Қарабақ майданы осылайша соғыс тактикасына жаңа әрекет әкелді.
Негізі мемлекеттер арасындағы қандай ашық айқас болмасын өзіндік өзгешелік, соны жаңалығымен тарих парағына түртіліп отырған. Әзірбайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімнің не берерін кейін білерміз дегендіктен, енді беріде өткен соғыстардың қандай бітіммен тынғанына шолу жасап шығалық. Әрбірінің ұрыс салудағы ерекшеліктерін ескеріп өтелік.
Оқи отырыңыз: Кинода жоқ көріністер
Бір уыс құм бағаланады
1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, бірер жылдан соң "журналистік шеберлік" аталатын сабақта Нұрмахан Оразбековтің шәкірті болдық. Бұл – қазақ баспасөзінде шетел тақырыбына шолу мақала, уытты памфлет, жан-жақты жолжазба очерк жазған қаламгер. Қазақ ақпарат агенттігінің бас редакторы қызметінде жүріп, апта сайын студенттерді халықарлық тақырыпқа дендеудің қыр-сырына баулитын.
Сол кісінің айтуымен 3 курста оқып жүргенде Египет пен Израиль арасындағы Кэмп-Дэвид бітімі туралы біраз материал жинадық. Ол республикалық газетке шыққан "Қолтырауынның көз жасы" атты памфлетімізге негіз болды. Ұстаз сонда бірқатар араб елдерінің басылымдары "Анвар Садат араб халқының мүддесін Синай түбегінің бір уыс құмына сатып кетті" деп жазып жатқанын айтқан. Теңеудің күштілігін қараңыз, әлі күнге сөйлем санамыздан өшпейді.
1978 жылғы қыркүйектегі бітімге дейін екі мемлекет соғыс жағдайында тұрды. Израиль дүниеге келген сәттен Мысыр оған қарсы соғыс жариялаған. Оның шарықтау шегі 1967 жылғы "Алты күндік айқас" еді. Беріде Израильге барғанда сол соғыстың ізін көрдік. Иорданияға жақын маңайдағы әскери бекіністер әлі сақталып тұр.
"Алты күндік айқастың" әскери мамандар үйренетін тұсы – оны күші әлсіз жақтың бастап және жеңіп кетуінде. Онда араб мемлекеттері Израильге басып кіруге даярланып жатты. Египет, Сирия және Иорданияның біріккен қарулы күштері сан жағы мен техникада Израильдікінен басым еді. Сондықтан еврейлер елі жем болып кетер күнді күтпей, өзі бірінші шабуылға шықты.
Алғашқы күні Египеттің 20 әскери әуежайы өртке оранып, бұл мемлекет соғыс ұшағынан жүген ұстап қалды. Одан Сирия мен Иорданияның шабуылдап келген ұшақтары аспанда құртылды. Ендігі үміт жердегі жаяу әскерде еді. Одан қайыр болмай, соғыстың төртінші күні Израиль Египеттің Синай түбегін толық басып алды.
Иордания жақтағы майданда Израиль төрт күнде Иордан өзенінің батыс жағалауын иемденді. Иерусалимнің ескі қаласы Құддысты тартып алды.
Алғашқы төрт күнде Сирия жақ бетте қарқынды ұрыс өтпеді. Есесіне анау екі майданда жеңген әскерін бесінші күні Сирияға қарсы төккен Израиль олардың қарауындағы Голлан биігін басып алды. Осы таудың үстінен еврей қоныстары жиі атқыланатын. Сирия ол мүмкіндіктен айырылды.
Алтыншы күні АҚШ пен Кеңес Одағының араласуымен соғыс тоқтады. Израильден 800 әскер қаза тапса, араб елдерінің шығыны 15 мың болды. Израиль аумағын 68,7 мың шаршы шақырымға кеңейтті.
Содан 12 жыл бойы аймақта бейбітшілік орнамаған. Тек Кэмп-Дэвид бітімінің арқасында Египет пен Израиль арасындағы соғыс ресми тоқтады. Израиль Синай түбегін қайтарып берді және Палестина халқының заңды хақысын мойындады. Есесіне Египет Израильді мемлекет ретінде таныды. Дипломатиялық, экономикалық және мәдени байланыс басталды.
1994 жылы Израиль мен Иордания арасында бітім жасалды. Бұлардың 46 жыл бойғы соғыс жағдайы жойылды. Иордания Иерусалим аумағындағы мұсылманның киелі орындарының қорғаушысы хақысын алды. Иә, ондағы ең айтулы мешітке кірудің саудасынан-ақ бұл иеліктің бағасы білініп тұрады. Оны көзбен көріп келгенбіз.
Араб елдерінің мойындауы жалғасып жатыр. 2020 жылы Біріккен Араб Әмірліктері Израильмен толық дипломатиялық және экономикалық байланыс орнатты.
Синай түбегінің "бір уыс құмының" сыры осындай. "Алты күндік айқастың" әскер мамандары үшін маңызы: бұрын шабуылдап, ертерек соққы жасау. Жеңістің кілті сонда. Бұл жолғы Қарабақ соғысын күрт бастаған Әзірбайжан осы тәжірибені ескерген бе дейміз. Демек, Израильдің қаруы ғана емес, тәсілі де бұлардың пайдасына асқан сияқты.
Оқи отырыңыз: Қойнаудағы қыстау
Партизандар пәрменді болады
Студент шағымызда тағы бір соғыс басталған. 1978 жылы Вьетнам әскері іргелес Кампучияға басып кірді. Көрші мемлекетте өз халқын қанға бояп, сұрапыл қырғын жасаған қызыл кхмер билігін құлатуды көздеді. Дұрыс па, бұрыс па? Бағалау қиын.
Пол Пот пен Иенг Саридің Камбоджаның атын өгертіп, шаруалар социализмін құрамыз деп үш миллион адамды қырып-жойғаны шындық. Олардың жүйесін құлатып, ел тұрғындарын қанды шеңгелден құтқару – ізгі мақсат шығар. Бірақ, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің көпшілігі Вьетнамның қадамын құптамады. Оны басқыншы деп айыптады. Тіпті, кейбірі зұлмат әкелген қызыл кхмерлер үкіметін қолдауға дейін барды.
Бұл соғыс Вьетнамның халықаралық сахнадағы беделін төмендетті. Оның Америка Құрама Штаттарының басқыншылығына қарсы күресте қасықтап жинаған абыройы шелектеп төгілді.
Түрлі халықтар қоныстанған түбектерде аймақтық державалар болады. Швеция тарихымен жете танысқандар оның айналасындағы дат, норвег, суоми халықтарына тізе батырғанын біледі. Пиреней түбегінде испан үнемі португалдан басым түсті. Жапон ұлты Корей түбегі мен Қытайдың оңтүстік-шығысына бірнеше рет басып кірді. Сол сияқты Вьетнамның тай, камбоджа сынды іргелес ұлттарға зәбір көрсеткен кезі аз емес. Мынау – соның соңғысы.
Бұл тақырыпты зерттеуіміздің өз сыры бар. Сол тұста Кампучияда бір топ қазақстандық мақташы Пол Пот қарақшылары қолынан қаза тапқан. Қаралы оқиға туралы "Ажалға айдалған мақташылар" атты мақала жазғанбыз.
Сонымен Вьетнам мен Камбоджаның қандықол билігі арасындағы соғыс қалай тынды? Бұған сырттан араағайын табылғаны себепші еді.
Жалпы, әлемде бітімгер әрекеті нәтижелі болған мемлекеттер мен басшылар құрметті. Әлгі Кэмп-Дэвид бітімін жасауға АҚШ-тың президенті Джимми Картер үлес қосты. Бейбіт келісімнің соңында Египет президенті Анвар Садат, Израиль премьер-министрі Менахем Бегинмен қатар оның қолы тұр. Мына мақаланы жазуға түрткі болған Әзірбайжан-Армения бітіміне Ресей Федерациясының президенті Путин ықпал етті.
Вьетнам-Кампучия қақтығысына араағайын судың ар жағынан табылды. Австралияның сыртқы істер министрі Гарет Эванс "Камбоджа бейбіт бітімі" аталатын құжат ұсынды. Ол атысты тоқтатуды, Кампучияда сайлау өткенше елді басқару үшін "Ұлттық бірлік" атты үкімет құруды және бейбітшілікті сақтау күшін енгізуді көздеді. Бірнеше кездесуден соң Вьетнам әскерін кері алып кетті.
Бұл соғыстың ерекшелігі: партизандық әрекетте. Бір кезде АҚШ-қа қарсы вьетнамдықтар осы тәсілмен соғысқан. Орманға жасырынып, жер астынан бірнеше қабат үңгір қазып, тығыла жүріп ұрыс салған. Тәсіл орманды жерде өте қолайлы. Кампучия вьетнам солдаттарына бейнелі сөзбен айтқанда "өз бидайын өздеріне қуырып берді".
Оқи отырыңыз: Кіші дәреттің кішкене әңгімелері
Бедерлі жерге бекінеді
Студент жылдарымыздың соңында тағы бір соғыс бұрқ еткен. 1980 жылы 22 қыркүйекте Ирак аяқ астынан Иран аумағына басып кірді. Онда әлем назары Ирандағы АҚШ-қа қарсы төңкерісте еді. Сол туралы материалдар Кеңес Одағының басылымдарынан түспейтін. Себебі біреу – АҚШ басты жауы, ендеше оған қарсы кез-келген елдегі әрекетке екі алақанды ысқылау керек.
Ирак неге төтеден басқыншылық жасады? Оның сыры мынандай. Ирандағы ислам төңкерісі билікке аятолла Хомейниді әкелді. Ирак басшылығы толқын өз еліне жетеді деп қауіптенді. Өйткені, екі елдің тұрғындары негізінен мұсылманның шиит бағытын ұстанатын. Содан сескенген Саддам Хусейн дереу майдан ашты. Қазақтың "қорыққан бұрын жұдырықтайды" дегені рас екен.
Бұл соғыста АҚШ және оның ар жағында тұратын әскери одақтастары мен араб мемлекеттері ашық түрде Иракты қолдады. АҚШ қару берді. Арада ондаған жылдар өткенде америкалық әскер басшылары Саддамның сол қаруды өздеріне қарсы сойыл етіп сілтейтіндерін білмеді. Кімнің ішіне кім кіріп шыққан? Алда не болары Аллаға ғана аян-ау.
Иран жағын Пәкстан мен Солтүстік Корея саясатта ғана қолдаса керек. Бірақ, анау айтқандай қару мен басқадай көмек келе қоймады.
Содан біз журналист болып кеткен 1982 жылғы маусымда Иран өз аумағын азат етті. Онымен қоймай жауын қуалап, оның жеріне өтіп кетті. Бірақ, табысы баянды болмады. 1988 жылы Ирак қарсы шабуылға шығып, енді ирандық басқыншыларды тырқыратты. Бұлар да екпінін баса алмай, Иран жеріне қайта кірді. Екпіндері шынында қатты болды. Жеңіліс жақындап қалғанын сезген аятолла Хомейни қарсыласы Саддамның "осымен бітімге келейік" деген ұсынысына көнді.
Сегіз жылғы соғыста Ирактың мерейі өктем шықты. Бұл жолы екі шиит мұсылман елдері араағайынның көмегінсіз өздері бітімге келді.
Бұл соғыстың ерекшелігі: жердің бедерін пайдаланып бекінуде, қозғалмай тұрып армансыз атысуда еді. Бірақ, оның тактикалық жағынан пайдалы еместігі анық байқалды. Ирактан 800 мың, Ираннан 850 мың сарбаз шығын болуы соны аңғартады.
Оқи отырыңыз: Ақ шекпендінің қара шекпенділері
Кемелер көкжиектен көрінеді
Иран мен Ирак текетіресінің созылмалы, нәтижесі шамалы тұсында тағы бір қызық соғыс басталды. Мұнда басты күш ретінде әскери кемелер шепке шықты.
Әңгіме Аргентина мен Ұлыбританияның Фолкленд аралына таласқан соғысы туралы. Онда "Лениншіл жас" газетінде қызметтеміз. Соғыс туралы материалдар Кеңес Одағының Ақпарат агенттігінен телетайп арқылы түседі. Пәлен метрге шұбалып жатқан түрлі мәтіндер арасынан осы соғысқа қатыстысын іздейтін едік.
Екі ел арасында ежелден дау болған аралдағы оқиға 1982 жылы күрт өрістеді. Алдымен Аргентина әскері келіп аз-маз адамды тұтқындап, туын тікті. Хабар жеткен сәттен кешікпей Ұлыбритания бірнеше үлкен кемесін аттандырды. Бес қаруы сай. Сықалып солдат тиелген. Қаншама жыл азуын көрсетпеген арыстанға жалын күдірейтіп орнынан тұратын кез келді.
Кемелер жақындағанда су үстіндегі айқас басталды. Ана жақ қаншасын батырды, мына жақ қаншасын мұхит түбіне мәңгілікке қалдырды, бірер апта осындай мәліметке қарық болғанбыз.
Ақыры ағылшын солдаттары аралға дендеп, орталығы Порт-Стэнлиді құрсауға алды. Аргентинаның 11 мың әскері қолын көтеріп, жеңілгенін мойындады.
Екі ел содан алакөз болып, 1989 жылы Мадрид бітімін жасады. Қайта елші алмасты. Сауда басталды. Бірақ, даулы Фолкленд аралының кімге қарайтыны туралы талас шешілмей қалды.
Айтпақшы, Аргентинаның бүкіл әскерінің кегін жалғыз Диего Марадона қайтарған. 1986 жылы футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Англия мен Аргентина кездесті. Сол ойында Марадона екі гол салып, командасы жеңді.
Бірінші голы таласты еді. Оны өзі "қолмен соқсам, ол менің қолым емес, Құдайдың қолы" дейді. Ал алаңның бер жағынан бастап, қарсыластың бүкіл ойыншысын қақпашымен қоса алдап соққан екінші добы ХХ ғасыр тарихындағы ең үздік болып саналды.
Ағылшындар ол ғасырда қаншама соғысқа түсті, қайсы үздік екені белгісіз. Марадонаның соларға салған голы өз саласында ғасырдың айтулысы атанды. Қазақ мұндайды "құрт есесі – малтадан" дейтін.