Прямой эфир Новости спорта

Тау басына тас үйген

Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды
Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды
Бұл ежелгі дәстүрдің сыры неде? Осының нақты жауабын таптық па?

Әдебиетшілер өлеңмен әлпештеген

Ежелгі ерлік дәуірін жас шағында өзгеден көбірек аңсаған Мұхтар Мағауиннің "Көк мұнар" романында Кеңес үкіметі кезіндегі мен бабаларымыздың бағы шалқып-тасқан заманы екі желі ретінде кезек өріліп келеді. Бағзылар туралы тарауда "балалар оба үйіп, көрісіп ойнады" деген сөйлем бар. Мағауиннің өмірдегі досы, университеттегі курстасы, әдебиеттегі әріптесі, Әбіш Кекілбаев та жас кезінде обаға өлең арнаған.

Тұрса-дағы күйіп іш,
Мақтана шолам маңайды.
Ендігі қалған сүйініш,
Обалар мынау талайғы.

Мағауиннің әлгі жазуында оба үйген әрекет – жаугершілік белгісі. Демек, ол – кейінгі ұрпақ үшін көшпелі халықтың жер кеңейту немесе тура өзіндей жер кеңейткісі келетін көршісінен сақтану жорықтарының ізі. Оба тұрған төбеге ие болған жақ жеңіске жетпек. Өткен ғасырдың ортасында Алтайдан Тибетке қарай ығыса көшкен бірнеше ауыл қазақ сан рет қытайлық, тибеттік, ақыр-аяғында үнділік әскермен қақтығысады. Қаралы көштің бүкіл тарихы Халифа Алтай марқұмның өлеңмен жазылған "Естеліктерім" атты кітабында тұнып тұр:

Көрінді тас обалар қатарланған,
Еш адам жауға мылтық ата алмаған.
Ілгерілеп елірген жау ұмтылғанда,
Төбені бұрын алды біздің адам.

Биіктегі обаға бұрын жетіп, оның тасасынан оқ ату арқылы Зәйіп, Хамза, Алпыс батырлар босқан елді бір қырғыннан аман шығарғаны осылай суреттелген.

Ал баяғы найза кезеп, садақ керген ғасырларда оба басқа тактикаға тиімді еді. Жау қарасын алыстан байқайтын шолғыншылар қалың обаны әскер екен деп қалуы мүмкін. Бұл дұшпан ниетіне әсер етіп, оның бағытын, құрған айласын өзгертуге себін тизігеді. Тура шапса дереу жеңіске жетер жерінде айналып өтем деп уақыт жоғалтады.

Батыс Қазақстандағы Қырықоба тура сол үшін тұрғызылған-ау. Обаның нақты аты сақталған және бір жер Қарағанды облысында. Кезінде шаруашылық орталығы болған Бесоба ауылы. Обаға қатысты жер атауын еліміздің солтүстігінен де ұшыратамыз. Қостанай өңірінде Қараоба атты ауыл бар. Жас кезімізде ат шалдырғанбыз. "Қара" анықтауышы обаның қандай тастан қаланғанын, әлде қарауытып көрінетінін айғақтай ма, кім білсін. Қараобаға сан мәрте барып жүргенде, жергілікті жұрттан "сол обаларың қайда, өзі?" деп сұрамаппыз. Онда оба іздейтін емес, жоспардағы астықты түгендейтін коммунистік кезең. Қайран қара обаның өзі трактор соңында салпақтаған соқаның түренінде кеткен шығар.

Түптеп келгенде Қараобаның бағы бар, байырғы атауын сақтап қалыпты. Мәселен, сол аймақта отызыншы жылдары Обаған аталған аудан болған. Қызыл заманда Орджоникидзе деген наркомның бодауында кетті. Беріде атауы өзгерді, бәрібір қазақ тілінде емес, Денисов ауданы аталады. Бағзыдағы Обаған аты – біздіңше "оба қалған" тіркесінен шығып, бірте-бірте тілдік қолданыстың ыңғайына орай жұмырланған. Судағы малта тас сынды.

Толқып аққан Тобыл бойынан екпіндеп ағатын Ертіске қарай ат шалдырсақ, бұл өзеннің екі жағында да қазақтың "оба" сөзімен аяқталатын жер атаулары баршылық. Әсіресе, құлаққа жиі естілетіні – Шағаноба деген атау. Біреуі Марқакөлдің тұсында. Жергілікті тұрғындар кезінде 22 оба қатар тұрған деседі. Біртіндеп көміліп, аласарып барады. Келесі Шағаноба Зайсан ауданына қарасты. Қытаймен шекараның бергі жағындағы, Қандысу өзенінің оң қапталында биік тау үстіндегі еңзегердей оба қай заманда қаланғаны белгісіз.

Ертісті шолып, енді Жайық жағасына ауыссақ, мұндағы Қособа деген жер алдымен "Қыз Жібек" жырын шығарған жыраудың аузына іліккен.

Түбінде Қособаның жатып алдым,
Біреуді мергендікпен атып алдым.
Болған соң өзім батыр кімді аяайын,
Өлтіріп Төлегеннің атын алдым, – деп басталатын Бекежан өлеңін әжемізден естігенбіз. Кейін операға айналып сахнадан саңқылдады, кино болып әлемге тарады. Екі ғашық пен олардың арасына киліккен бір ожар батырдың арқасында "Қособа" жайшылықтағы жер атынан белгілі бір әрекетті сипаттайтын тұрақты ұғымға айналды. Қазір әлдекімді қарауылға алатын тұсты осылай мегзейді.

Көше мен дәліз, босаға,
Мінбе де бүгін – Қособа.
Бекежан арсыз жол тосып,
Бұғып жүр әлі тасада.

Бұл – Шынай Рахманұлы деген ақынның өлеңі. Өлең Монғолияда туған. Демек, "Қособа" ұғымының қазақтармен бірге қазіргі Қазақстан шекарасынан асып жайылғанын байқайсыз. Ғашықтық жыры өз алдына, Батырлар жырына зер салсаңыз "отырған орны обадай" деген теңеу жиі жолығысады. Қарсылас жаудың дәу екендігін бағзының ақындары өстіп сипаттаған. Барынша мықты жауды жеңіп шыққан батырға содан соң таңданбай гөр. Ежелгі жыраулар тапқан, күні бүгінге дейін ескірмеген көркемдік шешім.

Малшылар жайылымды межелеген

Жағырапиядан манағы тарихқа қайтайық. Обаны тұрғызудың тағы бір қажеттігі – қарауыл қарау. Онда дүрбі жоқ. Бірақ шолғын бар. Егер біреу алыстағы тау басында күн ұзаққа қимылдамай отырса, оны ақыр-аяғында оба деп қабылдауға болады. Сол "тас оба" түнделетіп жау қосынында болған өзгерістерді жеткізуі мүмкін.

Ғасырлар бойы көшпелі халықтардың іргесінде өз тіршілігін кешіп келген, тіпті Тарбағатай тауына атын берген суырлар өмірі тура осылай. Суыр арасындағы бақылаушы інінен шыққан соң, айналаны бажайлап қарайды. Қыбырламай тұратын нәрсенің бәрін байқап алады. Сол сәтте алыстағы адам қимылдамай отырса, суыр оны тасқа балап, еш қорқыныш күтпеуі мүмкін. Енді әр сәт сайын әлгі белгілердің бәрін айналып түгендеп тұрады. Егер келесі қарағанда манағы "тас" тұрған орнында жоқ болып шықса, бақылаушы суыр жайылып жүрген туыстарына дереу дабыл қағады. Бәрі тоңқаңдап інге жүгіреді. Міне, биік басында қозғалмай қарауыл қараған жауды обаға санап, бармақ шайнаған суыр ғана емес шығар.

Бұл суырдың тірлігін Тарбағатай төсінде екі жыл қой баққанда армансыз бақылағанбыз. Сонда қай биікке шықсақ та, бәрінде қарауытып оба тұратын. Егер обасы жоқ төбе болса, оған өзіміз қалаймыз. Сонда байқадық: оба тұрғызу – малшының ұзақты күнді қысқартудағы ермегі екен. Және себі тиеді. Тау басында жел азынап тұрғанда оба қаласаң тоңазыған бойың жылынады. Оның қалқасында тұрсаң қойны-қоншыңды қуалаған ызғырық тоқтап, құлағың тыншып қалады. Қыстың аязды, бірақ ашық күндерінде обаның күншуақ жағы жылы.


Тарбағатай тауындағы тас оба

Тарбағатай тауындағы тас оба / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Басында оба тұрған тау әр-беріден соң көзге жылы ұшырайды. Адамның басына бөрік қандай көрік берсе, таудың да сәнін басындағы обасы келтіріп тұратын сияқты. Қазақтың қара өлеңін еске түсірсек былай деп басталатын шумақ бар еді:

Тартады тау жадағай обасы жоқ,
Көрінер көл жадағай қопасы жоқ.

Оба елсізде көрік беріп тұрумен қатар бірнеше міндеттерді атқарғандай. Мәселен, бейбіт заманда тау мен төбе басына тас қалап кету – біріншіден, көш жолын белгілеу. Бір обадан екіншісін бағытқа алып жүре берсең, барар нысанадан жаңылмайсың. Бірақ, ескерер тұсы бар. Айталық, көш жолында оң бағыттан бір, сол жақтан бір оба қарауытып көрінді делік. Соның қайсысын бағытқа алу керек?

Мұндайда өзіңізге дейін осы жермен жүрген бұрынғының сөзі санаңызда қалуы керек. "Қисық обаның тұсында", "Саробадан асқанда", "Бесобаның берісінде" дегендей. Демек, көкіректе әр обаның сыры сайрап жатады.

Жолға тас үйіп кету үрдісі Солтүстік Американың үндістерінде де сақталған. Ол жақта обаны "инукшук" дейді. Үндіс тайпасының тілінен алыныпты. Ар жағынан біздегі "үйшік" сөзі елес бергендей ме.

Канада үндістерінің инукшукті не үшін тұрғызғаны туралы деректер бар. Солтүстіктің ұшы-қиырсыз, көз тоқтатар бұдырсыз алқабында тас адамдар, яғни инукшук жол сілтеп тұрады" депті түсініктемелердің бірінде. Оған талас бар ма. "Бұл жерден мен өткенмін, сен де аман өтесің" деп бір жүргіншінің өзінен кейінгі бейтаныс жүргіншіге қалдыратын белгісі" дейді тағы басқа түсініктеме. Мұнымен де келісе отырып, оба үюдің Солтүстік Америкаға бір кезде Орталық Азиядан шыққан көне тайпалар арқылы барғанын еске сала кетеміз. 2010 жылы Ванкуверде Қысқы Олимпиада ойындары өткенде оның төлтаңбасы осы инукшук болғаны белгілі.


Ванкувердегі Қысқы Олимпиада белгісі – алып инукшук

Ванкувердегі Қысқы Олимпиада белгісі – алып инукшук / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Бір жағынан бағдар болса, екінші жағынан оба – жердің межесі. Малшылардан бастап тұтас рулардың, тіпті көшпелі мемлекеттердің арасындағы шекара белгісі қызметін атқарған. Оған жаны жәннатта болғыр Халифа Алтай ақсақалдың және бір өлеңі дәлел:

Көп оба Қытай-Тибет шекарасы,
Жерінің белгіленген екі арасы.
Жау алды-ау еліміздің бір бөлігін,
Болмады-ау құтқарудың бір шарасы.

Қызыл империяның бір емес, екеуінен атпен қашып құтылған көшпелі қазақтың өкілі Халифа Алтай жалғыз жұқалтаң кітабында осылай жазса, сол қызыл заманда әрбірі қарыстай қалың кітап болып он екі томы шыққан Қазақ-совет энциклопедиясында "Оба – жерленген адамға қойылған белгі" депті. Сонда қалай? Өзіміз тау басына талай оба қаладық. Оның мола еместігі анық. Адам жерленген зират обадан анағұрлым ауқымды, қорым түрінде келеді. Әрі таудың ұшар басына ешкім қабір қазып, өлік жерлемейді. Беткейде, бөктерде болуы мүмкін, бірақ, биіктің тура басына қойылған мүрде жоқ, бар болса аз сияқты. Ендеше, оба мен моланы шатастыру – халық зердесіне жасалған көп қиянаттың бірі.

Ол заманда әр ауылда кеңестік батырлардың, әлгі ауылға еш қатысы жоқ ғарышкерлердің құрметіне обелиск орнатылатын. Оның ақпараты газеттерге шығатын. Қазір ойлап отырсақ "обелиск" сөзі мен оны орнату дәстүрінің ар жағында түркінің обасы тұрған жоқ па! Қазақтың "өз бидайын өзіне қуырып берді" дегені дәл келіпті. Бір мырс етесің де, қоясың.

Көшпелілер уақытты өлшеген

Халифа Алтай ақсақал мен Жәркен Бөдешұлы ағамыздың балалық жылдары өткен Қытайға барған сапарымыздың бірінде Шэньян қаласындағы Император сарайындағы бағзы обаны тамашаладық. Астыңғы тасы дөңгелек табаққа ұқсайды. Оның үстінде таған тас. Сосын сопақтау келген үшінші тас. Соңғы бітіктің жоғары жағын тесіп, көлбеу ағаш істік өткізген. "Бұл не болуы мүмкін?" деген сұраққа шетелдің туристері бас қатырады екен. Біз бірден тақ еткіздік. Сағат. Әрі қарай "тассағат" дейсіз бе, "күнсағат" дейсіз бе: өз еркіңіз.

Айпақшы оба мен сағатты қоса өрілген өлеңді білеміз. Жақсы көретін ақынымыздың бірі жазған. Шекараның арғы жағындағы кіндік қамы тамған жерге барып қайтқан соң қамыққанда қаламынан туғаны талассыз:

Ұқсайды үй дегенім тас обаға,
Ой кешкен тас обада бас оңа ма.
Құлағы бұралмаған көне сағат
Торсықтай салбырап тұр босағада.

Жат қолында қалған жердің зары өткен Жәркен Бөдешұлы қазақсыз қараң қалған үйді обаға теңепті. Рас шығар.

Обаның тағы бір қызметі сөйтіп Шэньян қаласында алдымыздан шықты. Оны ертеде көшпелі халықтар уақыттың қанша болғанын анықтау үшін тұрғызған. Ортада биік оба болады. Сосын оны айналдыра қадау-қадау шағын обалар қаланады. Табылып жатса тұтас сынтастар қойылуы мүмкін. Әрқайсының ара қашықтығы белгілі бір есеппен. Күн шыққан кезден батқанға дейін ортадағы биік обаның көлеңкесі қай тасқа түскені арқылы уақытты анықтайды.


Шэньян қаласындағы император сарайы

Шэньян қаласындағы император сарайы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Жастар газетінің Орталық Қазақстан өңірі бойынша өз тілшісі болып жүргенімізде, Жезқазған өңірінде уақытты анықтауға арналған обалар тобының барын естігенбіз. Алматы қаласы мен Бақанас ауылын арасын жалғастыратын тас жолдың Малайсары асуынан асқанда батысқа қарай бұрыла 16 шақырым жүргенде осы көне тас сағатты көруге болады. Оны Мариковский зерттеген: "Тастардан сызылған шеңбердің бағдар төбешігі арқылы көкжиекке қарай кететін орта сызық көктемгі, наурыз айының 21-тәулігіндегі және күзгі қыркүйек айының 21-тәулігіндегі күн мен күннің теңелу уақытындағы Күннің шығыс көкжиектен көтерілер тұсына дәл келеді. Ал оңтүстігіндегі аяққы бағдар төбешікті жалғастыратын сызық жазғы тоқырау, маусым айының 22-тәулігіндегі, яғни Жеріміздегі ең қысқа түн мен ең ұзақ күніндегі Күннің шығыс көкжиектен шығар тұсына дәл келеді. Солтүстіктегі төбешікті бағдар төбешігімен жалғайтын сызық Күннің қысқы тоқырауы, желтоқсан айының 22-тәулігіне, яғни жылдың ең ұзақ түні мен ең қысқа күніне сәйкес".

Сонда ол бір күннің сағаттарын ғана емес, бір жылдың төрт тоқсанын есептейтін өте күрделі құрылыс болып шығады.

Аспан денелерінің қозғалысын Жерде тұрып дәл қайталайтын оба түріндегі астрономиялық құрылыстар біздің далада алғаш пайда болып, одан әлемге тараған. Мына сарайына уақытты анықтайтын обалар тұрғызылған Шэньян – көшпелі өркениеттің ықпалы жеткен аймақ. Жәркен ағамыздың жылағандай болып өлең жазғаны содан.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров