Атсыз адам
Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры көрерменге лық толды. Бұдан көп болар еді, орындықтың бары осы. "Мемлекеттік" деп үкіленген, "академиялық" мәртебе берілген театр үйі тым қораш. Жоспарлы экономика дәуірінде бірқатар облыс орталықтарында салынған типтік ғимарат қазіргі Астана үшін "тоты құс қауырсынын көріп мақтанады, аяғын көріп қорланады" дегеннің кері.
Тоқсаныншы жылдар басында Целиноград атауы Ақмолаға ауысып жатқан қалаға қазақтың ұлттық иісін қайта сіңіру үшін ашылған өнер ордасының алғашқы режиссері Жақып Омаров еді. Одан тізгінді Қадыр Жетпісбаев ұстады. Сосын он жыл бойы Әзірбайжан Мәмбетов директор әрі көркемдік жетекші болды. Солардың соңында қалған тұлға – Тілектес Мейрамов. Міне, жетпіс жасқа толуына орай "Қардағы көгершіннің ізі" спектаклінде ойнауы керек.
Ойнайтын рөлі – кәрілік пен ауру меңдеген адам. Құтты қонысын ұлы мен немерелеріне қалдырып, қарттар үйіне аттанбақшы. Өзі соқыр, таяқпен әр жерді түрткілеп тұрғаны. Сөйте тұра сұмдық қырсық. Қарағайға қарсы біткен бұтақ. Қарттар үйіне жылап емес, билеп аттанбақ.
Билейтін себебі: өмірден өткен жарының Елесімен сөйлеседі. Аяулы жар еске түскенде қартайғанын да, соқыр екенін де ұмытады. Екеуінің арасындағы сөз, жалғасқан сезім, ортадағы би қандай. Елестің алдында кейіпкер соқыр емес.
Ал қарттар үйіне апаруға баласы келгенде басқаша күй. Абдыраған зағип шал. Бір жанның екі күйін кезек-кезек терең бейнелеу – Тілектестің таланты.
Қазақ даласына театр тұрғызылмаған ықылым заманнан рөлде ойнау болған. Ауылды торыған қасқырдың, қораны қорыған малшының, сосын азынаған боран мен маңыраған қойдың дауысын келтірген өнерпаз елді күлкіге қарық қылған. Сол үрдіс қаншама жіңішкеріп, үзіле жаздап Тілектеске жеткендей.
Бүкіл спектакльді талдап бермейік. Бару керек, көру керек. Біздің айтпағымыз – қойылымның басынан аяғына дейін Ол сахнада тұрады. Ол – Тілектес сомдаған бас кейіпкер – атсыз адам. Сосын Елес көрінеді. Марқұм әйелінің елесі. Одан жалғыз ұл келеді. Әкесін қарттар үйіне апарып тастамаққа.
Қойылымда үш кейіпкер ғана. Ортасында атсыз адамды сомдаған Тілектес сахнадан шықпайды. Бұл кісі бүгін жетпісте. Тұрысына қарап мұнша жасқа жетті деп ойламайсың. Ал ойынына қарап театрдың тарланы екенін танисың.
Актердің жетпіс жасқа толуына орай Қуанышбаев атындағы театрда "Қардағы көгершіннің ізі" деген атпен қойылған пьесаны Италияның Фурио Бордон деген драматургі жазған. 1992 жылы осы елдің ең үздік пьесасы атаныпты. 20-дан астам тілге аударылып, Еуропа мен Американың 30-ға жуық елінде сахналанған.
Сол тізімге Қазақстан қосылды. Тілектес Мейрамовтың арқасында. Бұлай дейтініміз актер мұнда басты рөлді ойнап қойған жоқ, пьесаны аударып шықты. Тілінің жатықтығы бірден елең еткізетіні содан.
Бұған дейін Ресейде қойылғанын естігенбіз. Онда даңқы жер жарған Василий Лановой ойнаған. Біздің ағамыздың таланты одан шалқып түспесе, кенде қалмасын көрдік сахнадан.
Иә, Мейрамовқа үнемі осындай салыстыру сынағы тап болады. Кезінде Әуезов атындағы театрда құбылысқа айналып, 1974 жылы Мәскеуге қол соқтырған "Ваня ағай" пьесасын беріде Мәмбетов Астанада қоюға бел байлаған. Бұл – тәуекел. Себебі, Әуезов театрында Ваня ағайды марқұм Әнуар Молдабеков ойнап, баршаның таң қалдырған. Қойылым соңында Сонясы бар, басқасы бар бүкіл әулеттің бар мәселесін шешетін бас кейіпкердің "тоңмай пәлен қадақ, қарақұмық түген қадақ" деп есепшоттың тастарын әрі-бері қағатын тұсы көзден кетпейді, көңілден өшпейді. Сондай образы болған спектакльді Қуанышбаев театрында қайталауға бел буғанда Әзекеңнің Тілектеске сенгені анық. Актер сенімге селкеу түсірмеген.
Енді міне, Лановойдан артық ойнамаса кем емес, атсыз адам болып тұр сахнада.
Руан рухы
Францияның Нормандия бөлігіндегі Руан қаласына барғанымызда әңгіменің әліппесі Жанна д′Арк болғаны түсінікті. Осы қалада тарихтың қаралы беттерінің бірі жазылды. Ұлтын азаттыққа бастаған қаһарман қызды "дінсіз" деп отқа жақты.
Руанды аралағанда Екінші жаһандық соғыс кезінде қирап қалған ескісінің орнына салынған Қасиетті Жанна д′Арк шіркеуін көрдік. Бомба түскен байырғы ғибадатхананың әйнектерінен ішкі қабырғаларды құрастырыпты. Әдемі ғана емес, әсерлі. Алақанымызбен сипап өттік. Храмның көрнекі тұсына қойылған қайсар қыздың мүсініне тәжім еттік. Ескі базар алаңында оны отқа жаққан жерге қойылған кресті көрдік. Тағы бір елеулі орын – Жанна қамалған мұнара.
Осы қалада діни сот елін қорғаған, жеріне азаттық әкелген қызды сиқыршы, сайтанмен жанасқан деп тауып, өртеу керек деп шешті. Үкімді француз діндарлары шығарғанмен, ар жағында бәрін қуыршақтай қимылдатқан ағылшын басқыншылары еді. Бүкіл сот шығынын солар артығымен көтеріп алыпты.
Беріде Рим Папасы мұрындық болып жүргізген тергеу қорытындысы әуелгі сот үкімін теріске шығарды. Жанна д′Арктің атын ақтады. Қасиеттілер қатарына қосты.
Осы Руан қаласын аралап жүрген сәтіміз беріде Астанадағы Қуанышбаев атындағы театрда отырғанда көз алдымызға қайта елестесін. Өйткені, мұнда "Жалын жұтқан Жанна д′Арк" қойылған.
Бұл – өткен ғасырдың ортасында жазылған пьеса. Түпнұсқадағы атын қазақша "Бозторғай" деп аударуға болады. Расында, ол француз жұртын бостандық таңында оятқан бозторғайдың өзі еді. Қазақша аудармасында Жанна д′Арк атының тақырыпқа шығуын құптадық. Өйткені, бозторғай сынды шырылдаған тұлғалар қазақ даласының өзінде жетерлік. Көрермен қойылым кім туралы екенін білмей қалуы кәдік. Ал әлемде Жанна д′Арк жалғыз!
Пьеса авторы Жан Ануй француз драматургиясындағы ең мықтылардың бірі саналған. Негізсіз емес. Тарихи оқиғаларға өз пайымдауларын қоса өреді. Бұл – көрерменді ынтықтыру тәсілі. Өйткені, баршаға аян тарихты қайталау қызықтыра қоймайды. Арасына тың ойлар қосылғанда ғана тартымды болмақ. Қазақта мұны Әуезов меңгерген еді. Әлемдік мысал – Бернард Шоу.
Руан қаласында Жанна д′Аркке үкім кескен Кошон пірәдарға Жан Ануйдың қаламгерлік құдіреті өзгеше сипат берген. Ол бір жағынан басқыншылардың өктемдігін орындап, қызды діннен безген деп жариялауы тиіс. Екінші жағынан өз елінен шықққан қаһарманға, дәл қазіргі сәтте әлсіз тұтқынға деген жанашырлығы бар. Ал Кошонның сыртында билік үшін намысын таптатқан сатқындар тұр.
Бұл күрделі рөлді Тілектес жеріне жеткізе ойнады. Сот үстінде қызға өз өмірін айтуына мүмкіндік бергендегі мейрімі қалай аңғарылады! Дікектеген басқыншы өкіліне "есебіңіз түгел, өз қызымызды өзімізге соттатып тұрсыз" дегенде мүлде басқа ызбарлы үнге көшеді.
Сахнадағы дауыс қазақша болғанмен алдыңда орта ғасырлардағы католик шіркеуінің діндары тұрғандай әсерленесің. Біз баяғы Руанды аралағандай болдық. Мәселе – аяққа дейін шұбатылған қоңыр киімде, театр мамандары барынша шебер салған гримде емес, ойында. Актердің кейіпкер табиғатына терең бойлағанында.
Жоғарыда айтылған "Ваня ағай" қойылымында және сондай күйге түсірген. Жапсырылған жирен сақал-мұртпен көрерменді он тоғызыншы ғасырдағы орыс әулетіне әкеле алмайсың. Мейрамов сахнадағы әр қимыл, әрбір сөзімен соған иландырған. Актер құдіреті осында!
Әлбетте, "Жалын жұтқан Жанна д′Арк" қойылымында Тілектеске тигені – басты емес, қосалқы рөл. Алдыңғы қатарға жастар шығарылды. Бірақ, арттарында тәжірибелі тұлғаның тұрғаны оларға сенім ұялатқаны талассыз.
Осы спектакль үшін театр Орта Азия елдерінің Y халықаралық фестивалінде бас жүлдені иемденді. Мейрамов пен көркемдік жетекші Теменов үшін үйреншікті марапаттың бірі шығар, ал жастардың қуанышында шек болмаған. Руандағы өр рух театр сахнасы арқылы Тілектестің ізбасарларына дем бергені даусыз.
Ұжымның ұстыны
Кезінде өзі де жас болды. Үлкендерді арқа тұтты, солардан үйренуге тырысты. Жоғарыдағы Жақып Омаров, Әзірбайжан Мәмбетовті айтпағанда басқа да қаншама ұстаз бен таланттың алдынан өтті .
Институтта екі жыл профессор Асқар Тоқпановтың тоқпағын көрді. Жақсы жағынан. Асекең жарықтық қалай ойнауды айтып жатып, тарихқа ойысып кететін. Одан әдебиетті әдептейді. Бір өзі бір театр еді.
Кейін "бір актердің театры" саласында шәкірті Тілектес бірталай ізденіс жасады. Роллан Сейсенбаевтың туындысының ізімен қойылған "Майдан әндері" – соның жарқын мысалы.
Құрманғазы атындағы өнер институтының 4 курс студенті Тілектес Мейрамовты тауып, "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" спектаклінде Қозы рөлін ойнатқан Әзекең еді. Премьера күні естен кетпейді. Пьеса авторы классик Ғабит Мүсірепов есікке қаптаған қалың жұрт арасынан өте алмаған.
Жас Тілектес болса Мүсірепов не, әріптестерінен де тығылып, сахнаның бір қалтарысында тұрды. Қырағы режиссер Мәмбетов байқап қалып:
– Толқып тұрсың ба? Толқи білген жақсы қасиет, – деген.
Міне, арада елу жылға жуық уақыт өткенде мерейтойына арналған қойылым алдында өзіне арналған кітаптың тұсаукесерінен сытылып кеткенін көріп отырмыз. Гримді сылтауратқан. Анығында бір қалтарыста оңаша тұрса керек. Сол баяғыдай толқу үстінде.
Әзірбайжан маңдайына шегелеген, Ғабең бипазданып дәл бағасын берген Қозыны өте жақсы ойнағандығынан шығар 42 жасқа дейін бұл рөлден босатпады. Қырықтан асқанда 17 жасар бозбаланы ойнау – бұл актерлік шеберлік болғанмен, адамды қинау емес пе! Алматыда тұрғанда Әуезов атындағы театрдың тұрақты көрермені едік. Қозыны дәл Тілектестей ойнаған актер болған жоқ дей аламыз.
Қаншама жылдан соң зор атақтарға жеткен Әзекең мен Тілектес елдің жаңа Астанасында тоғысты. Жаңадан ашылған Қуанышбаев театрын биікке көтеру үшін.
Өзі үлгі алған тұлғаларды жалғастырса, жерлесі Мүлік Сүртібаевтың ағалық қамқорлығын ұмытпайды. Әріптестері ол кісіні "Аңғарбай" дейтін. Кинодағы алғашқы рөлінің аты екен. Ал Тілектес "ағалап" тұрды. Әуезов театры кеңес уақытындағы көсемнің 100 жылдығына қойылым арнауы керек. Ленин рөлін кім ойнайды дегенде партияның Орталық Комитеті Мүлік ағаны бекіткен. Әлбетте, Әзірбайжан Мәмбетовтің табандылығымен.
Сол Мүлік Сүртібаев, сосын Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмахан Жантөрин, Әшірәлі Кенжеев және басқа ағалары мен әріптестері жайында Тілектес бірталай естелік жазды. Өкініштісі, кітап болып шыққан жоқ. Мемлекеттік тапсырыс бұйырмай тұрса керек.
Әуезов театрында жүргенде әріптестерімен бірге аңызға айналған Серке Қожамқұловты күн сайын құрметпен қарсы алғандарын ұмытпайды. Ақсақал оны жастарға міндеттемеген, театр басшылары да жүктемеген. Өздерінің шәкірттік парыздарының көрінісі еді.
Бас режиссер Әзірбайжанның аузымен Серке ақсақал "театрдың қызыл құжаты" атанған. Қожамқұлов сахнаны ғана емес, жер үстін мәңгілікке тастап кеткен соң Сәбира Майқанова "қызыл құжат" иесі болды. Бұл – жасалған заттың, хатталған шарттың атауы емес, өз араларындағы қастерлі ұғым еді.
Иә, тәуелсіздіктен кейін Қазақстандағы барлық құжаттың сырты көкпен тысталатын болды. Ал кеңес заманында құжаттың бәрінің сырты қызыл болғаны белгілі. "Театрдың қызыл құжаты" деп қағазға жазылмаған дәстүрді санаға сіңірген Әзекеңнің тапқырлығында шек бар ма?!
Тілектес Мейрамов енді Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың көк құжаты іспетті. Барлық жастың ағасы, үлгісі, тірегі. Оны бенефис барысында түйсіндік. Сонау 1971 жылы Қозы рөліне шақырылған студенттің жарты ғасырдай уақыт өткенде Жәңгір мен Шыңғыс хандарды, Еділ патшаны еркін сомдайтын сахна билеушісіне айналғаны талассыз.
Театрда үлгі болумен бірге Өнер университетінде сабақ беруі – сол алыптардан үйренгені. Кешегі Асқар Тоқпанов пен Шолпан Жандарбекованың шәкірті енді болашақ Нұрмахан Жантөриндер мен Фарида Шәріповаларды тәрбиелеп жүр. Ұрпақ сабақтастығы деген – осы. Ұжымның құжаты ғана емес, ұстыны деген және осы болуы керек.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5729
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2540
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2652
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2351
- 2
- 28
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2231
- 2
- 10
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2223
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2292
- 0
- 12
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2344
- 3
- 15
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2272
- 2
- 48
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2262
- 0
- 6