Қазіргі Түркістан облысының аумағында бір кезде Ленин ордендi "Мақтарал" совхоз-техникумы болды. Оның бас инженері Николай Текменов, "Қазақ ССР-інің 40 жылдығы" бөлімшесінің аға агрономы Хасан Акаджанов, осы бөлімшенің инженері Юрий Грибов пен тракторшысы Тағаймұрат Файзиев, "Октябрь" бөлімшесінің агрономы Геннадий Лысенко мен звено жетекшісі Александр Чернов бастаған топтың қайғылы оқиғасы әлі күнге ұмытылмақ емес.
Алпысыншы жылдардың басында Кеңес Одағы Камбоджада социализм орнатуға кіріскенде, АҚШ-та қарап жатпады. Билеуші бекзада Сианук Мәскеуге кеткенде, төңкеріс жасалды. Тізгін генерал Лон Нолдың қолына тиді. АҚШ жаңа билікті мойындай қойды. Елде коменденттық сағат еңгізіліп, төтенше жағдай жарияланды. Қапияда аттан ауып қалған Сианук күресті Қытайда жалғастыратын болды.
Қытай Камбоджаны Азат ету армиясының басында Пол Поттың тұруына күш салды. Лон Нол үкіметін қыспаққа салып, тығырыққа тіреді. 1975 жылы генерал Лон Нол мен үкіметтің басқа мүшелері Тайландтағы АҚШ әскери базасына барып бас сауғалады. Елге Қытайдан саяси баспана алған Сианук қайтып оралды.
Бірақ оның керегі болмай қалды, 1976 жылғы 5 қаңтардағы жаңа Конституция бойынша монархиялық құрылым жойылды. Ел бұдан былай Демократиялық Кампучия аталды. Премьер-министрге Пол Пот, оның орынбасарының бірі болып Йенг Сари тағайындалды. Қытайдың үнсіз қолдауымен Кеңес елшілігі тоналды. Дипломаттар бас сауғалап қашты.
Бұл жеңіліске Кеңес Одағы көне қоймады. Вьетнамды азғырып, оның әскерін өз қолдауымен 1978 жылы тағы кіргізді. Батыс ақпарат құралдары оны "коммунистік қосынның басқыншылығы" деп бағалады. Екі аптадан кейін Пол Пот режимі құлады. Оның әскері партизан болып ормандарға тығылды.
1979 жылы қаңтарда жаңа үкімет: Кампучия Халық-төңкерістік кеңесі құрылды. Оны КСРО қолдап, таныды. 1980 жылы Кампучия Халық-төңкерістік кеңесінің төрағасы Мәскеуге ресми сапармен келді. Екі ел экономикалық, техникалық, сауда, ғылым және мәдениет салаларында өзара ынтымақтасты. Көсемдер қол қойған мәлімдеменің тіліне салсақ: "Кеңес халқы достас Кампучия халқының империализм тіміскісіне, Пекин озбырлығына және халықаралық кертартпалыққы қарсы күресіне қолдау жасайды".
Дәл осы құжат Кампучияда бес бересі, алты аласы жоқ, Мақтаралда өз дақылдарын өсірумен айналысқандарға қатысты болып шықты. Соғыс салдарынан Камбоджаның экономикасы артта қалған. Өндірісі жоққа тән. Электр стансалары болмаған. Әуежайда жарық жоқтықтан ұшақтар кеш түсе іргелес Вьетнамға қонатын.
Елді дамытудың бір бағыты ретінде Кеңес Одағы Кампучияда мақта өсірмек болады. Оған дейін кхмер халқы мақта егуді білмейтін. Бірақ жер бедері, табиғи су көзінің молдығы және топырақтың құнары бұл дақыл үшін қолайлы екен. Енді ол елді мақта өсіруге үйрету керек. Үйретушілер қатарында Бетпақдаланы мақтаның мекеніне айналдырған диқандар тобының арасында жоғарыда аттары аталған алты маман таңдалған.
Патшадан Хрущевке дейін
Хош, олардың тағдыры не топалаңға тап боларын сөз етерден бұрын бұл мақта дақылы қазақ топырағына қалай келгенін айта кетелік. Халықаралық мақта мәселесі комитетінің мәліметінше, дүниежүзінде 70 мемлекет оны өсіреді. Оның ішінде Үндістан, Қытай, Пәкістан, Оңтүстік Африка, Аргентина, Бразилия, АҚШ бар. Қазақстан – мақтаны ең солтүстікте өсіретін ел.
Жер шарының эквадордан бергі бөлігіндегі мақта егісі 380-440 белдеу арасын алып жатыр. АҚШ-та 380-інші белдеуге дейін. Өзбекстанның егістік шегі 430-белдеуден өтеді. Біздің Түркістан аймағында мақта егістігі 440-белдеуге дейін жетеді.
Орта Азия халқына мақта егу патшадан жарлық түрінде түскен. Ресей мақтаны АҚШ-тан сатып алса, ХІХ ғасыр соңында оның бағасы қымбаттап кеткен. Ташкент маңын аралап келген империяның егіншілік министрі Кривошеин былай тұжырыпты: "Түркістан бидайының артық пұты – ішкі Ресей мен Сібір астығына бәсеке; Түркістан мақтасының артық пұты – американ мақтасына бәсеке. Сондықтан бұл жаққа астықты қымбаттау болса да тасып әкеліп, одан босаған танаптарға мақта өсірген жөн".
Сонымен 1880 жылдан бастап, қазақ жерінің оңтүстігіне жаңа дақыл егіліп, бірден бауыр басып кетті. Мақта өсіруден бастап, жіп-иіру, тоқыма, тігін өнідірістерін әрі оқ-дәрі жасауды молайтқан патшаны 40 жылға жуық сырттағы дұшпаны ала алмағанмен, іштен шыққан большевиктер жерге жықты.
Оларға да бұл техникалық дақыл ауадай қажет. 1918 жылы Ленин Түркістан өлкесіндегі суландыру жүйесіне 5 миллион сом бөлгізген. Оған Бетпақдалағы 50 мың гектар жерді игеру көзделді. 1924 жылы 1 қарашада Түркістан мақта комитеті тұқым шаруашылығын құрды. Бедірейіп жатқан бұдырсыз далада бой көтерген мекен Мақтарал атанды. Бастапқыда шаруашылық соқаға ат жегеді. Тұңғыш директоры Александр Орлов атақты жүк тартқыш Орлов тұқымдас жылқыны тәуір көрсе керек. 1936 жылы "Мақтарал" совхозының асыл тұқымды жылқысы Мәскеудегі көрмеде жүлде алыпты. Ат біртіндеп қуаты күшті техникаға жол берді. Жер жыртатын тракторды АҚШ-тан сатып әкелді.
Совхоз-техникумның бұрынғы бас экономисі, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы Аниса Мурзинаның айтуынша, бүкіл аймақта мұндай қуатты ұжым болмаған. "Біздің совхоз 1924 жылы құрылып, 1997 жылы ыдырағанша 73 жыл бойы жұмыс істеді. Сол жылдары 1, 200 миллион тонна шиті мақта жинаппыз. Қазақстан ғана емес Одақ бойынша өзіндік құны ең төмені еді. Барлық жаңалық бізде еңгізілді. Білікті мамандар еңбек етті".
Совхоз-техникум басшылығы кезінде Хрущевтің ауыл шаруашылығындағы саясатына қарсы тұрған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мақтаны "шаршылап-ұялап егу" мен "жаңбырлатып суғару" насихатталды. Ол – танап көлемін ұлғайту мен суды есепсіз шашу деген сөз. Міне Хрущев дәріптеген осы бағытпен Мұрат Майлыбаев, Ештай Өзенбаев, Бәкір Әлібаев сынды ғалым-агрономдар келіспеген.
Олар дәстүрлі шағын танаптық әдістің тиімді болатынын айтты. "Әр танапты қоршап еккен тұт ағаштары ылғал сақтайды және мақтамен бірге жібек өндірісін дамытуға болады. Ал күндіз механикалық жолмен жаңбырлатып суғару – судың ысырабы, оның орнына түнде атыз арқылы суғару үнемді" деді ғалымдар.
Мұрат Майлыбаев басқарған зерттеушілер мақтаның әрбір гектарына тұқым себілгеннен өнім жиналғанша 3,5 мың текшеметр су жетеді десе, Хрущевті қолдаған "жаңашылдар" оған 16,5 мың текшеметр, тура бес есе артық су жұмсады. Ғалымдар суармалы танаптан гектарына 100, аз суарылатын жерден 55 центнер өнім алса, ұланғайыр алқаптарға "шаршылап-ұялап егілген", әрі "жаңбырлатып суарылған" мақтаның өнімділігі 20 центнерден аспады. Алқап көлемін ұлғайту және әр гектарға керек суды бес есе көбейту – Әму мен Сыр дарияларын, содан Аралды суалтарын ғалымдар сол кезде болжады.
Осы маман-ғалымдар тобы мақта мәселесіне арналған пленумда "шаршылап-ұялап егу" мен "жаңбырлатып суаруды" дәріптеген Хрущевпен келіспейтіндерін ашық білдірді. Ел мен жер қамын мадақ пен мақтаннан, тіпті өз тағдырларынан жоғары қойды.
Соңы не болды? КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма бастығы және алқа мүшесі Мұрат Майлыбаев партиядан шығарылып, жұмыстан қуылды. Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ештай Өзенбаев қызметтен алынды. "Мақтарал" совхоз-техникумының директоры Бәкір Әлібаев қызметтен пен партия қатарынан аласталды. Өзгелерінің қабырғасы қаусағанмен, басы аман қалса, Әлібаев осы қудалау барысындағы қайғыдан қазаға ұшырады.
Еріктілер қатары
Енді Кампучияға аттанған алты ерікті кімдер еді, соны сөз етелік. Алты маманның бәрі өз тағдырын қазақ топырағымен байланыстырған. Орыс Юрий Грибов – соғыс кезінде жау басып алған аймақтан Мақтаарал өңіріне эвакуациямен келген бала. Тәжік Тағаймұрат бар бақытын қазақ жерінен тапқан. Топ жетекшісі Николай Текменовтың ұлты – молдаван. Ол алпысыншы жылдардың басында Мырзашөлді мақта алқабына айналдыру ұраны тасталғанда өз еркімен келіпті. Жиырма жылда үлкен шаруашылықтың бас инженері деңгейіне жетті.
Тағаймұрат Файзиевтың жесірі Бахри апа ерінің еңбекқорлығын етегі жасқа тола еңіреп отырып еске алатын: "Менің қожайыным Файзиев Тағаймұрат – озат жұмысшы еді. Мақта егетін, теретін. Ол алқапқа ала таңнан кеткенде, мен үйдегі балаларға қарайтынмын. Ол жұмыстан келген соң тынығу орнына балаларға көңіл бөлетін. Сөйтіп бір-бірімізбен ауысып тұратынбыз. Кейде "кішкене дем алсаңшы" десем, мені тыңдамайтын. Демалыс күні де үйде жатпай, мақтаны суарады. Неше түрлі ордендері мен медальдары болды".
Мамандар мен механизаторлар өз еркімен аттанды дегенмен, отбасылары бұл шешімге қуана қойған жоқ. Бірақ Коммунистік партияның айтқанына қарсы шығуға болмайтын. Олардың наразылықтары іште қалды.
Хасан Акаджановтың жесірі Тойгүл апа күйеуі Камбоджаға кетем дегенде қатты ренжіпті: "Біз айттық, "Балалар жас, бармаңыз" дедік. Ол: "Мен партия мүшесімін, барамын, бұл жолдан қайтпаймын" деді. Мен: "тоғыз балаң бар, тастап кетсең, сені қайта көзім көрмесін" дедім. Күйеуім сонда ауладан үйге қуды. Менің ішім күйіп кетті".
Банданың құрбандары
Оларды Кампучияда француздардан қалған қонақ үйге орналастырған. Мақта алқабы 40 шақырым қашықта. Екі ортада джунгли ішіндегі бұралаңдаған тар жолмен жүреді. Елдегі жағдай қиындығынан шетелдіктер кетіп қалған. Мақташылардың қонақ үйі мен алқапқа "бұл жерден кетіңдер" деген қағаз тасталған. Тіке қоқан-лоққы жасалыпты. Бұлар жұмыс істей береді. Елмен хабарласқанда оны айтпапты. Демалысқа келгендер артық сөзге бармай, жұмыс істеп жатқандарын айтыпты. Бірінші жыл дайындықпен өткенін, енді мақтаның жақсы өсетінінен тілге тиек етіпті.
Екінші жылдың жазында бұлардың жағдайы тіпті, шиеленісті. Жолдарына мина қойылды. Оған басқа автобус түсіп, жарылыстан адам шығыны болған. Топ басшысы Текменов ел астанасына барып, кеңестік дипломаттардан мамандарға қорған болуды талап етіпті. Бірақ, ол тұстағы Кампучия өкіметі өзге түгіл өздерін қорғауға дәрменсіз еді. Текменов Пномпеньде вьетнамдықтардан күзет беруді сұрайды. Бірақ олар да күзет бермеген.
1983 жылдың қаралы қыркүйегінде, Мақтаралға алдымен қаралы хабар, соңынан қара табыттар келген. Оқиғаның қалай болғанын жерлестерге Текменовтің әйелі айтып келді. Ол да сонда болған. Бірақ шабуыл жасалатын күні қонақүйде қалыпты.
Мақтаралдықтарды таситын шофер Кампучия жағынан екен. Жолдың біраз бөлігінен өткенде банда шабуыл жасаған. Бәрін атып тастайды. Терезеден секіріп шыққанды соңынан қуалап жүріп атқан. Ал шофер машинаны тастап қашып кеткен. Ол аман.
Терезеден секіріп кеткен Хасан Акаджанов еді. Пол Пот бандысы оны джунгли ішінде қуып жүріп атқылаған. Сонда да бірден өлмеген. Тауып алып, ауруханаға әкелгенде әлі тірі болатын.
Кампучия-Совет достығы госпиталінің бас дәрігері Н. Шабарин, хирургия және анестезиология-реанимация бөлімдерінің меңгерушілері А. Хрущев пен В. Зверов қол қойған ауру тарихынан көшірмесінде: "Зардап шегуші Хасан Акаджанов госпитальге 1983 жылы 24 тамызда мына себептермен түсті: оң иығында, оң жамбасында және сол жақ қылтасында оқ тиген ашық жаралар бар. Рентген суреті оң бұғанасы мен сегізкөзінің оң жақ сүйегі сынғанын және сол жақ қылтасында оқ тұрғанын көрсетті..." Ауру тарихынан көшірменің соңғы, төртінші бетінде 1983 жылғы 1 қыркүйекте оның жүрегі соғуы тоқтатып, дәрігерлердің өлімді тіркегені жазылыпты. Денесі елге жолдастарының табытынан бірнеше күн кейін әкелінді.
Қазақ "орнында бар оңалар" дейді. Текменовтың ұлы кейін белгілі ядрошы-ғалымға айналды. Ресейдегі ядролық орталықта жұмыс істейді. Тоғыз баламен жесір қалған Акаджанова Тойгүл соның бәрін ер жеткізді. Үкімет, шаруашылық көмектесті. Тағаймұрат Файзиевтың жесірі Бахри апа да үш қызын тегіс ұзатты. Ұлдарды үйлендірді. Ең кішкентай, әкесінен үш айлығында қалған баласының өзі жеке отау құрды. Әттең, соның бәрін отағасылар, Бахри апаша айтқанда қожайындар көре алмады.
Ал, Кампучия – дүниежүзіндегі мақта өндіретін мемлекеттердің бірі болып саналады. Ол елде қазір мақтаны өндіру, қайта өңдеу, ғылыми-зерттеу және жаңа сорттарын шығару жұмыстары дамыған.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5696
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2532
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2628
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2345
- 2
- 28
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2226
- 2
- 10
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2214
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2281
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2333
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2262
- 2
- 47
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2252
- 0
- 6