Саға мен сала
Тарбағатай тауының төсінде өстік. Ауылдан асқақ кеудесі көрініп тұратын Өкпеті деген тау бар. Содан басталған бірнеше бұлақ қосылып, Боғас деген өзенге айналады. Оған Орта Боғас, одан кейін Шет Боғас құйып, Зайсан көлін бетке алады. Боғаспен қатарласып Базар, Қарғыба, Қандысу сынды өзендер де Тарбағатайдан Зайсан ойпатына қарай ағатын.
Нор Зайсанға ар жақтан бұлардан да суы мол Қара Ертіс құйып, бер жағынан Ертіс болып ағып шығады. Енді Ертіске Бұқтырма, Үлбі, Қалжыр, Шаған, ақыр аяғында Есіл және басқасы қосылып, Еуразиядағы ең мол сулы өзеннің біріне айналдырады.
Иә, кез-келген өзеннің сағасы бастапқыда шағын-шағын салалардан басталады. Олар қосыла келе кең арналы дария пайда болады. Қазақ даласындағы қай өзенді жағалап шықсаңыз да, бұған көз жеткізесіз.
Осы далаға 1916 жылғы патшаның қазақтан солдат алу туралы Маусым жарлығындай, 1921 жыл мен 1932 жылғы ашаршылықтай, 1941-1945 жылдар арасындағы соғыстай, 1949 жылдан басталған ядролық қару сынағындай кезекті үрей келді. Құрбандары күн санап өсіп жатқан коронавирусқа қатысты үлкен "неге" деген сұрақ жаңағы өзеннің мысалындай шағын "негелерден" тұрады. Соның елеулілерін санап, сипаттап шықсаңыз, басты сауалдың арнасына тап боласыз. Ендеше осылай істеп көрелік.
Оқи отырыңыз: Өлшемдер өзгергенде
Қоймадағы мен қолдағы
Бүкіл Қазақстанның тұрғындары коронавирус па, әлде өкпенің қабынуы ма, әйтеуір жұмбақ та жұқпалы дертке шалдыққанда дәрі таппай сенделіп кетті. Аурудың туыстары, жақындары, таныстары аурухана дәрігерлерінен "бізде мынандай дәрі жоқ, өздеріңіз тауып әкеліп беріңіз" дегенді сәт сайын естіп жатты. Сонымен жаппай дәрі іздеу жорығы басталды. Мұндай сәтте түгел жекеменшік дәріханалар дәрінің бағасын он есе көтеріп тастағаны түсінікті.
Осы тұста алғашқы "неге" туындайды? Қазақстанның ең басты стратегиялық байлығы – оның азаматтарының денсаулығы. Бұған ешкім таласа қоймас. 2018 жылғы қазан айындағы Жолдауында сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі "Ұлттың денсаулығы – мемлекеттің басты басым бағыты" деген. Бұл басым бағыт шындығында мемлекеттің ең осал тұсы екенін көруге екі жылға жетпес уақыт қана қажет болды. Әлбетте, коронавирус.
Халыққа қажет дәрілер неге дер кезінде таптырмады, әрі барының бағасы аспандап кетті? Бұл "негенің" жауабы мынандай: не дәріханалар қайтадан мемлекеттік болуы керек, не олар бағаны бір тиынға да көтере алмайтын тетік жасалуы керек. Алғашқы ащы сабақ осыған үндейді.
Айтпақшы, әлгі Жолдауда 2020 жылы бүкіл тұрғынның электронды денсаулық төлқұжаты жасалып, сол арқылы ауруханалар мен емханаларда кезек болмайтыны, денсаулық сақтау саласында бюрократия жойылып, қызмет сапасы артатыны жазылған еді. Ал 2020 жылы нақты нені көрдік?
Барлық ауруханаға сыймай жатқан, дәліз бен аулада сарылып кезек күткен аурулар. Ауруханаға түскендерге жетпей жатқан дәрілер мен оттегімен тыныс алдырту аппараттары. Бұл уақытта мемлекеттік емдеу мекемелерінде таптырмай тұрған дәрілер ауруханаларды жабдықтауға тиісті "СК-Фармация" қоймаларында тіреліп тұрыпты. Бұл – екінші "неге" сұрағына негіз болды.
"СК-Фармация" қоймада сақтап, ауруханаларға дер кезінде жетпеген, сол арқылы жүздеген ауруды құтқару мүмкін болмаған жағдай – отандық бюрократияның сұмдық мысалы.
Президент Тоқаев төтенше жағдай жариялады, "мемлекеттегі барлық күш қатерлі жұқпалы дертті жеңуге жұмылсын" деді, сол уақытта отандық бюрократия бұрынғы әдетінен жаңылған жоқ. Аурухана – аудандық, қалалық, облыстық денсаулық сақтау басқармасы – министрлік – "СК-Фармация" арасында құжат өтіп, оған әрбір басшы мен қалың орынбасар қол қойып, одан кері жолмен дәрі жеткенше талай таныс тарылды, тарылған не, тоқтап қалды.
Оқи отырыңыз: Қоғамның қос шелегіДемек, біздің елге осы бюрократиялық дағдыны тас-талқан етерлік күш керек. Мына "негенің" жауабы осындай. Ондай күш қазіргі Президенттің бойынан табылса деңіз! Алғашқы Президенттің екі жыл бұрын "2020 жылы денсаулық сақтау саласында бюрократия жойылады" деген сөзін Екінші Президент ақиқатқа айналдыра алса деңіз!
Өсіру мен есіру
Ел ішін індет жайлаған уақытта дәрі-дәрмектің бағасы аспандап кетті. Мәселеге Президенттің араласуына тура келді. Әр жерде дәріні қымбатқа сатқандарды анықтап, бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетіп жатты. Бірақ, халық мұны "айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтыладының" көрінісіне бағалады.
Дәрі-дәрмек ең қажет кезде қымбаттауының сырын табу оңай. Қазақстан жағдайында қандай нәрсеге немесе қызметке сұраныс болса, соның дереу қымбаттайтын әдеті бар.
Айталық, қымыз коронавирус кезінде ағзаның ауруға бой бермеуіне көмектеседі дегенді естіген жұрт жаппай бұл байырғы сусынды сатып алуға көшті. Бұрынғы литрі 500-600 теңге болған баға алдымен 800-ге, одан 1 000, ақыр аяғында 1 200 теңгеге жетті. Бие – екі ай бұрынғы бие, даланың шөбі де сол. Қайта сәуірдегіге қарағанда шілденің шөбі мол да құнарлы. Қымызды тасып әкелгендегі шығынның артуына да себеп таппайсың, жанармай бағасы қымбаттаған жоқ. Ендеше не көрінді? Бар болғаны бір ғана жәйт – қымызға сұраныстың күрт артқаны. Өтіп жатса, бағасын өсіре беру керек. Отыз жыл бойы қалыптасқан қазақстандық қисын.
Иә, Қазақстан қоғамы отыз жыл бойы осы ұстаныммен өмір сүріп келеді. Неге? Оның жауабы біреу – бұл елде алыпсатарлыққа заң жүзінде тыйым жоқ. Қайта мемлекет алыпсатарды қолдап келді. Үлкен ұлттық компаниялардың әрбірі өз іргесінен осындай алыпсатар мекемелерін құрды. Жекешеге, тіпті, тыйым болмаған. Осылай тұтас тап, әлеуметтік қатпар қалыптасты.
Ал мемлекет неге алыпсатарлықты қолдайды дегенге келсек, оның сыры бар. Егер халық алып-сатумен айналыспаса, онда бірнеше миллион адамға жұмыс тауып беру үкімет үшін үлкен проблема ғой.
Зауыт пен комбинат, фабрика мен цех атаулының ғимараттарын отыз жылда дүкен мен базарға айналдырған елде алыпсатарлыққа көз жұма қараудан басқа жол жоқ еді. Өндірушіден немесе шетелден әкелушіден кейін кемінде үш қолдан немесе үш қоймадан өткенде барып сатылатын тауардың құны мен бағасының арасы жер мен көктей болып кеткелі қашан. Негізі, баға дегеніңіз затты өндіруге, қызметті көрсетуге кеткен шығынды жауып, үстіне өндіруші мен сатушының аздаған пайдасын қосудан ғана тұруы керек. Бізде оған тағы үш алыпсатардың пайдасы және түрлі мемлекеттік тексерушілерге берілетін пара қосылады. Көрініс шамамен осындай.
Мұны ешқашан реттемеген, реттеуге дәрменсіз болған биліктің коронавирус шуы басталғанда дәрі-дәрмек бағасын табан астында ауыздықтауы мүмкін емес еді. Дүкендегі тауардың, базардағы азық-түліктің, дәріханадағы дәрі-дәрмектің бағасын қалыпты ұстау үшін алдымен алыпсатарлықты үзілді-кесілді тоқтату қажет. Ол үшін заң керек. Алыпсатар мекемелердің қожалары мен базарды басқарғандар парламентте депутат болып отырғанда ондай заңды кім қабылдасын?
Иә, депутаттар мен үкіметтің маңындағылардың бір-бір меншікті майлы жілігі бар. Бірі автокөлікті, бірі дәрі-дәрмек кіргізу мен сатуға, тағы бірі қаладағы тасымалға, тым құрығаны қыста қаланың қарын күреуге астыртын иелік етеді. Олардың бәрі бағаның мемлекет бақылауынан тысқары тұруына мүдделі ғой.
Екіншіден, өзімізде өнім жоқ. Жоғарыда айтылғандай, жеңіл өнеркәсіп орындары ширек ғасыр бұрын талауға түсіп, ішіндегі темірі Қытай асып, ғимараттары базар мен дүкенге айналып кеткен. Іштен өнім шықпағандықтан бәрі сырттан тасылады. Мұндай жағдайда кімнің де қалаған бағасын қоюына болады.
Егер бәрі Қазақстанның өзінде өндірілсе, олай болмас еді. Айталық, "Рахат" кәмпит фабрикасының өз фирмалық дүкендері болғандықтан басқа дүкен мен базарлар оның өніміне үш-бес есе үстеме қоса алмайды. Өйткені, халық фирмалық дүкен арқылы нақты бағаны біледі. Тасымалдағаны бар, сатушының қызметі бар, жарығы мен жылу шығыны бар дегендей, тұтынушылар аз-маз үстемемен келісуі мүмкін. Бәрібір фирмалық дүкеннің бағасы шамшырақ іспетті, маңайға жарығы түсіп тұрмақ. Ал өз еліңде шықпайтын өнімнің бағасын немен салыстырасың? Бұл алыпсатар атаулы үшін кең өріс еді. Қалай шиырлап, халықтың үстінен қайтіп күн көрсе де жететін.
Міне, осының бәрі жинақтала келгенде "баға неге қымбат" дегеннің жауабы шығады.
Оқи отырыңыз: Табынған мен таптаған
Қабілет пен ақырет
Өзі қазақ даласының тұрғындары қандай өте жұқпалы ауруға тап болды? Анда да, мұнда да адамдар неден қайтыс болып жатыр? Бұл өкпенің қабынуы ма, әлде әлемді шошытқан Covid-19 дегеннің өзі ме?
Міне, осыған бір айға жуықтады, отандық ғалымдар нақты жауап бере алмай отыр. Емделу туралы кеңес көп. Біріне екіншісі ұқсамайтын, ал үшіншісі анау екеуін де қатарынан жоққа шығаратын кеңестер өзі. Сөйте тұра, көпшіліктің жаппай қандай аурумен ауырғанын тап басып анықтап берген ғалымды да, ғылыми орталықты да естімедік.
Бар еститініміз: "Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы былай депті", "Қытай Халық Республикасының Елшісі солай депті", "шетелдің пәлен деген газеті бүйтіп жазыпты" дегендей ақпараттар ғана. Біздің ғалымдар неге үнсіз?
Мұның жауабы тереңде жатыр. Қазақстан тәуелсіздік алған соң бірер жылдан кейін отандық Ғылым академиясы талқандала бастады. Себебін кейін зерттеушілер анықтай жатар. Әзірге нақты байлам жасай алмаймыз. Рас, академияға қарасты ғылыми-зерттеу институттарының ішінде кейбір керексіздері болған шығар, бірақ маңыздысы, қажеттісі көп еді. Соларды неше түрлі шырғалаңға салып, бірде ана заңмен, енді бірде басқа заңмен қырық қақпанға түсіріп, ақырында шағын-шағын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге айналдырып тынды. Бұл – әйтеуір, жабылмай қалғандары бастан кешкен кеп. Ал көпшілігінің аты ескі анықтамалықтарда ғана сақталып қалыпты.
Басында ғалымдар ақшадан мүлде тарықты. Жоғарыда алыпсатар аталған әлеуметтік қатпардың бір бөлшегі бұрынғы ғалымдардан тұрды. Кейін мемлекет ғылымға ақша беретін болды. Бірақ, ол бюрократтық басқыштың пәленбай сатысымен төмендеп, нақты жұмысқа жұмсалар шақта бір теңгеден шамамен айтқанда отыз тиын қалатын. Онымен нені толық зерттеп, қандай құнды жаңалық ашқандайсың?!
Кезіндегі білікті зерттеушілер саудагер болып кетсе, кейін талантты да талапты жас ғалымдар шетелде жұмыс істегенді жөн көрді. Ара-тұра олардың суреттерін көріп, сұқбаттарын оқимыз. Бір жағынан ізденуі, өз жолын табуы, күнін көруі үшін шетелге кеткені дұрыс шығар дейсің. Екінші жағынан туған жердегі ғылымды дамытатын ешкім қалмайтынына алаңдайсың.
Міне, осындай сорлы күйге түскен отандық ғылым өз халқының қандай аурумен жаппай ауырып жатқанын анықтауға қабілетсіз болып отыр. Өзі ақыретке жетіп қалған саладан қабілет күту мүмкін бе?
Оқи отырыңыз: Жасыл жоқ, қара қалыңДемек, қазіргі ауыр қыспақтан шыққан соң Президент пе, жоқ өзге билік пе, кім немесе қандай орган болса да, ғылымды бюрократиядан арашалап алуы керек. Тиесілі қаржыны жолдан жырымдамай, көп сатылы етпей, үкіметтің мол етіп бөлгені нақты зерттеуге жұмсалатын тетік орнықтыруы керек деп ойлаймыз.
Жәрдем мен дәрмен
Қатты қиналған Қазақстанға әлем көмектесе бастады. Біздің мемлекет неге "биік беделін", "асқақ абыройын" төмендетіп, төңірегіндегілердің көмегіне зәру болып қалды. Бұл өте маңызды "неге" деген сұрақты туындатты.
Қытай мен Ресей дәрігер мамандарын жіберіп, жағдайды анықтауға көмектесіп жатса, олар – үлкен мемлекеттер, мүмкіндігі мол деуге болар. Ал өзіміз сияқты мұнаймен күн көрген Қатардың, даму жолына өзімізбен бірге түскен Өзбекстанның көмегіне жүгінгінгеніміз сыпайылап айтқанда ыңғайсыз болды. Олардыкі дұрыс, көршінің басына ауыр іс түскенде көмек көрсету – имандылық белгісі.
Жер жағдайы, халықтың орналасуы, бұған дейінгі экономикалық көрсеткіштер біздің бұл әлемдік дертті көрші Өзбекстанға қарағанда тез әрі қиындықсыз жеңіп шығатынымызға сендіретін сияқты еді. Өкінішке орай, олай болмай шықты. Неге?
Бұл "негенің" жауабын мемлекеттік машинаның жүрісінен іздеу керек. Біздің машинаның жүрісі тым нашар. Жоғарыдан нұсқау түспесе, орта буын өздігінен қимылдап, айналып тұруды ұмытқан.
Ал Өзбекстанның бірнеше жыл бұрын билік тізгінін ұстаған жаңа басшылығы басқару аппаратын қолайлы етіп құра білді. Біздің мемлекетте қызметке кіріскеніне бір жыл болған жаңа басшылық ондай реформаны бастаған жоқ. Әкімдердің, министрлердің, мемлекеттік алпауыт салалар басшыларының орнын ауыстыру – түбегейлі реформа емес.
Әлгі жәрдем демекші, оны екі айға жуық уақыт қоймада ұстап тұру – қазіргі басшыларда дәрмен жоқтығының нақты айнасы. Неге дәрмен жоқ десек, олар күні кешеге дейін жоғарыға қарап жалтақтап жұмыс істеді. Жоғары жақ мәселені білмей қалса немесе онымен айналысуға уақыты болмаса, тең қаттаулы, түйе шөгерулі тұра берерін Катардан көлген көмектің оқиғасы да, "СК-Фармация" қоймаларында тіреліп тұрғанымен халыққа жетпеген дәрі-дәрмек хикаясы да дәлелдеді.
Міне, қаншама "неге" бір-біріне қосыла, құйыла келгенде басты арнаны құрайды. Ол – Қазақстан Республикасына бұрынғы басқару әдісімен жүре беруге болмайды, болашақты ойлайтын болса, шұғыл түрде ықшам да ыңғайлы, ашық та адал басқару жүйесін жасауға кірісуі керек. Алматы мен ел астанасында ескі үйлерді күреп тастап, орнына жаңасын салатын бағдарлама бар. Дәл осындай бағдарлама мемлекеттік билікке де қажет екенін қазір балабақшаның тәрбиеленушілерінен басқаның бәрі біледі. Сонда келесі қиындықтардан қазіргіден аз құрбандықтармен, әрі көрші елдердің көмегінсіз-ақ шығатынымыз анық.