Прямой эфир Новости спорта

Салынбаған жолдардың сорабы

Суретті автор түсірген
Суретті автор түсірген
Ауған тауында лорд Солсбери, қазақ даласында адмирал Колчак қалай теміржол салмақ болды?

Жазылмай қалған талай жыр

Жазылмаған кітаптар, айтылмаған әндер туралы естелік баршылық. Жазушы Мұхтар Мағауин ғұмырнамалық "Мен" романында ойында жүріп, жобасы айқындалғанмен түрлі жағдайларға байланысты қаламынан тумаған роман, хикая, тіпті әңгімелерін өкінішпен еске алады. Әрі, осы қос томдық романда әйелі екеуінің дүниеге келмей қалған бір перзенті туралы бірнеше жол бар. Дәл цитата келтіре қоймаймыз, себебі кере-қарыс кітапты парақтап отыратын уақыт қайда, шамамен: "...сосын түсімде ақ бесікті көрдім, аспанға ілініп тұрды..." дегендей жон-арқаңды шымырлатар сөздері болса керек.

Табиғи ма, жасанды ма түсік кесірінен тумаған бала сияқты басталса да салынбаған теміржол болады. Жобасы жасалып, қаржысы бөлінген, бастапқы жұмыстары істеліп, бірақ толық салынбай, ақыры аяқсыз қалған теміржолдың екеуін көрдік. Бірін – қазақ даласынан, екіншісін ауған тауларынан. Олар туралы сөз қозғамастан бұрын теміржолға қатысты шағын ойымызды ортаға сала кетелік.

Жалпы, жер бетіндегі адамзаттың жетілуіне үлес қосқан жаңалықтардың ішінде теміржолдың орны ерекше. АҚШ-та, Түркияда, Ресейде, Батыс Еуропа елдерінде, Қытайда, Үндістанда және басқасында орталықтан алыс жатқан аймақтарды ояту мен дамыту – осының арқасында мүмкін болды. Жер шарының көп бөлігінде ағылшын инженерлері ойлап тапқан техника қолданылды. Себебі: рельс арқылы қозғалатын пойыз бен оны сүйрейтін бу машинасының идеясы алғаш осы ұлт ұйысып тұратын аралда дүниеге келген.

ХІХ ғасыр басында Ричард Тревитик атты инженер рельске арналған бу машинасын жасап, оны сынақтан өткізген. 1825 жылы ағылшынның келесі инженері Дж. Стефенсон көмір шахталары иелерінің тапсырмасымен Дарлингтон мен Стоктон арасына рельс төсеп, 34 вагоннан тұратын бірінші пойызды жүргізді. 6 вагонға көмір мен ұн тиеліпті. Басқасына кісілер мінген. Теміржол арқылы жүк пен жолаушы тасу тура осыдан басталды. Сөйтіп жер бетінде айтулы жаңалықтың бірі жүзеге асты.


вава

Алғаш Ричард Тревитик жасаған паровоздың сызбасы/ Сурет nplit.ru сайтынан алынды


Қазіргі Қазақстан экономикасының бір тірегі теміржол екені даусыз. Себебі Қытайдың шығысындағы порттар Еуропаның батысындағы порттар арасына жүк бүкіл Еуразия құрылығын кемемен айналғаннан гөрі анағұрлым жылдам жетеді. Біздің ел пайданың ең үлкенін осыдан табуы керек.

Суретші Әбілхан Қастев ауылдарының жанына өтетін пойызды алғаш көрген қазақтардың қуанышын бейнелеген атақты картина салғаны мәлім. Беріде өзінің аты берілген Ұлттық көркемөнер музейінде сақтаулы тұрса керек. Картинадағы қуаныштан бөркін бұлғап тұрған атты-түйелі адамдар біраз ойға жетелейді.

Ақын Қадыр Мырза Әли түйе туралы өлеңінде "Жатып алған жұмыссыз кезің сирек... Темір жолды әкелдің өзің сүйреп..." дейді. Шындық. Түріксиб теміржолының құрылысы кезінде төбе қопару мен еңіске топырақ үйу үшін түйелі арба көп пайдаланылды. Жұмысшы болып сайланып шыққан жергілікті қазақтардың негізгі жұмыс көлігі түйе болған. Ал ағашқы жұмысшы қазақтардың жетістігі туралы кезінде Балғабек Қыдырбекұлының әңгімесін де оқып едік.

Негізі бұл Түріксиб теміжолы патша заманында жобаланған. Бірінші жаһандық соғыс қарсаңында Семейден Сергиопольге қарай тартыла бастады. Бірақ төңкеріс, Азамат соғысының салдарына құрылысы тоқтаған. Кейін кеңес өкіметі патшаның құрылысшылары төсеген рельстерді бұзып алып, жолдың орнын бірнеше шақырым солға қарай өзгертіп қайта төсей бастады.

Енді теміржол туралы жалпы деректерді тізбелеуді доғарып, нақ салынбай қалған жолдардың жырына көшелік.

Қосылмай қалған үш қала

Қайбір жылы Пәкістанның батысындағы Себи мен Кветта, содан кейін елдің солтүстігіндегі Пешевар қалаларын араладық. Біздің топты ол елдің үкіметінің ақпаратқа жауапты қызметкері Ахтар Хасан бастап апарған.

Себи мен Кветтаның арасын теміржол жалғап жатыр. Рас, біз пойызбен жүрмей, әскери ұшақпен жетіп алғанбыз. Кветтадан әрі теміржол тағдыры қызық. Негізі ХІХ ғасырдың соңында-ақ осы қаладан Ауғанстанмен шекараға қарай темір жол тарту басталған. Бірақ, аяқталмаған қалпы қалыпты. Шекарадағы Чаман деген шағын қалаға жетіп тоқтап тұр.

Пәкістанның екінші өлкесінде де тура осындай аяқталмаған теміржол қалыпты. Оны да көрдік, Пешевардан басталады. Пәкістан үкіметі бұл қаладан арғы Ауғанстанмен шакараға дейінгі ұлан-ғайыр жердегі жергілікті тайпаларды толық бағындыра алмаған соң ақыры "Еркін аймақ" деген мәртебе беруге мәжбүр болыпты. Пешевардан Еркін аймақ үстімен Ауғанстанға қарай автожол бар. Біз сонымен жүрдік.

Автожолмен қатарласқан теміржол сұлбасы байқалады. Бірнеше тауды тесіп шыққанын көрдік. Бірнеше жерде көпір салынған. Теміржол табаны автожолға қарағанда биік етіп төселген. Көпірлердің астындағы тіреуін, тоннельдерге кірер ауызды кәдімгі тастан қиыстырып қалаған. Бірақ жол қаңырап жатыр, үстінде пойыз қозғалысы жоқ.

Себебі, бұл жол Ауған жақтағы тауларға, тура шекарадағы Күбер шатқалына сұғына еніп тоқтаған. Қаншама шақырымдық желі қаңырап қалған. Бір ғасырдан астам уақыт бұрынғы инженерлер мен жол құрылысшыларының бекер кеткен еңбегіне жанымыз ашыды.

Жолбасшымыз Ахтар Хасанның айтуынша, мұны ағылшын инженерлері жобалап, сала бастаған. Үнді теңізінің жағалауындағы Карачи портынан Орта Азияға тіке шығуды ойластырған ғой. Бір тармағын Кветта арқылы Ауғанстанның Қандағар қаласына дейін жеткізбек болған. Екінші тармағы Пешевардан әрі өтпек екен. Құрылыс сонау 1879 жылы бастаған.


вава

Ағылшындардың Ауғанстанға қарай салған темір жолы/ Сурет jpcrocks.wordpress.com сайтынан алынды


– Тура сол жылы Ұлыбританияның патшайымы Викторияның лауазымына "және Үндістан патшайымы" деген мәртебе қосылды, – деп сөзін тарихи деректермен нықтаған Ахтар жолбасшы.

Не керек, алты жылдың ішінде екі тармақ та шекараға жетіп тоқтайды. Әрі қарай ауған әмірі Абдуррахман құрылысты жалғастыруға рұқсат етпеген.

Иә, тарихқа үңілсек 1885 жылы ауғандардың ханы ағылшындардың Қандағарға, одан әрі Гератқа дейін жол тартуына рұқсат етпепті. "Жол тартуды сылтауратып жерімізді басып алады. Одан теміржолсыз, бірақ азат та еркін өмір сүргеніміз жақсы" деп шорт кескен.

Екі жылдан соң солтүстіктен орыстар Мервті басып алғанда бұл аймаққа қызығушылығы бұрынғыдан өсе түскен ағылшындар тағы өтініш білдіреді. "Жай теміржол салмаймыз, Кабулды Үндістанмен телеграф арқылы қосып берейік. Бұрын болмаған жаңа байланысқа қолдарың жетеді" депті. Айтпақшы, осы өтініштің бір тармағында Ауғанстанның қалаларында ағылшындардың сауда өкілдіктерін ашуға рұқсат сұрайды.

Ғасыр игіліктерінен өз халқының азаттығын артық санаған көрген Абдуррахман хан Ұлыбритания Премьер-министрі лорд Солсбериге жауап хат жолдап, "ауған жерінің ішіне тұрмақ, оны шетін жағалап салатын болса, ондай теміржолдың тас-талқанын шығаратынын" мәлімдеген.

Сонымен шекараға сұғынып келген теміржол құрылысы мүлде тоқтайды. Екі тарап бұл әңгімеге оралуды қойған. Әрі Абдуррахман хан өз бағынысындағы ауғандықтардың пойызға мінуіне тыйым салған. Чаман қаласындағы қоймадағы ағылшындардың сансыз шпалы, рельсі, тауды үңгитін, топырақ үйетін техникасы адыра қалады. Құрылысшылары тарап кетеді.

Тесілмей қалған көп таулар

Теміржолдың игілігінен ұлтының азаттығын артық көрген тұлға қазақ топырағынан да туды. Ол – Әлихан Бөкейханов. Қазақ көсемінің патша замандағы Оңтүстік-Сібір теміржол жобасына қалай қарсы шыққаны туралы белгілі алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы зерттеу мақала жазды. Оны қайталау артық шығар. Іздеген адамдар өздері тауып алып оқысын. Біздің айтарымыз біреу: керемет мақала.

Оған дейін Орталық Ресейді Сібірмен байланыстырған Транссібір темір жолы салынғаны белгілі. Ібір-Сібір болса ұлан-ғайыр. Ары қарай далиып Қиыр Шығыс жатыр. Империяның алып аймақтарын игеруге жалғыз жол аздық етері түсінікті.

Сонымен қаншама пікірталас пен жобаларды қарастырудан кейін ақыры патша үкіметі Оңтүстік-Сібір теміржолын салатын болды. Орынбор-Ақмола-Семей арасын қосып, әрі қарай Барнаул арқылы Ново-Николаевскіге жетпек. Оныңыз – қазіргі Новосибир қаласы. Сол жерде Оңтүстік-Сібір теміржолы Транссібірмен қосылуы тиіс.

Теміржол құрылысы басталар 1914 жылы Ресей Бірінші жаһандық соғысқа кірісіп кетті. Бірақ жол салуды тоқтатпайды. Тарихшылардың дерегінше, оған соғыста қолға түскен тұтқындарды жегіпті. Бұлардың дені теміржолға қолдары икемделген, көздері үйренген неміс, австрия пен чех азаматтары еді.

Кешікпей төңкеріс басталды. Патша тақтан түсті. Большевиктер құрылыстағы тұтқындардың еліне қайтуына рұқсат етті. Одан аймақты Колчак басып алды. Өзі басқаратын жаңа өкіметті жариялады. Оңтүстік-батыс Сібір нағыз аласапыранға айналды. Ортадағы қазақ ауылдары тіпті не болып, не қойып жатқанын түсінуден қалса керек.

"Алашорда" өкіметін құруға талпынып, басында большевиктермен, енді Сібір өкіметімен, ортада тағы біреулермен кезек келіссөз жүргізген Әлихан Бөкейхановтың өзін Колчак тұтқынға алғаны тарихтан белгілі. Хош, саясатты басқалар зерттесін, біздің теміржол не болды?

Өзін Жоғары билеуші деп жариялаған Колчак 1919 жылғы наурыз айында Оңтүстік-Сібір темір жолы құрылысын жалғастыруға қаржы бөлуді тапсырған. Оның үкіметі қазынадан 50 миллион рубль шығарған. Жаз айының ортасына дейін 160 шақырым жол салынған. Патшасы бар, Колчагы бар бәрібір жолдың Орынбордан шығатын жағын Ақмолаға жеткізе алмады. Есесіне Ново-Николаевск – Семей бөлігі тездетіп салыныпты.


ава

Адмирал Колчактың бронды пойызы / Сурет scepsis.net сайтынан алынды


Осы тұста ойымызға Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешу" романы оралады. Большевиктік сарынын сыпырып қойғанда, бір дерегі біздің жол туралы әңгімемізді қуаттайды. Адмирал Колчак тұтқындап, енді атаман Анненков жазалауы тиісті "қызылдарды" қалай алып жүріп еді? Романға қарағанда, "азап вагонына" тиеп, алдымен Петропавлдан Ново-Николаевскіге дейін апарады. Бұл – Транссібір темір жолы. Одан Ново-Николаевскіден (мұныңыз – қазіргі Новосибир) – Барнаул, Барнаулдан – Семейге әкелген. Бұл – жобадағы Оңтүстік-Сібір теміржолының енді ғана салынған бөлігі. Егер лаңға дейін Ақмола – Семей бөлігі салынып қойғанда, тұтқындарды Петропавл – Ново-Николавск – Барнаул – Семей айналдырып бірнеше ай әуреге түспей, тура жолман оп-оңай жеткізге болар еді.

Одан бір жылдан соң қызылдар ақтарды тықсырды. Орынбор, Ақмола мен Семей кезек-кезегімен большевиктерге өтті.

Қазақ "еруліге – қарулы" демей ме? Колчактің өзін тұтқындауға пойызбен әкеліпті. Айтпақшы, оның өкіметіне Еділ өзенінен Тынық мұхитқа дейінгі шексіз де шетсіз алқап қарағанымен, ол өзін Жоғарғы билеуші деп жарияланғанмен сол аймақты жарып өтетін Транссібір және Қиыр Шығыс теміржолдары оған бағынбаған. Біріншісі кезінде концессиямен салып, одан басқарған ағылшын алпауыттарының қарамағында болыпты. Екіншісінің иесі жапондықтар екен. Арасында бір тұсын қытайлар иемденген. Солар қаласа Колчактың жүгі мен әскерін өткізеді, қаламаса жол жабық. Ақыры бәрін большевиктер еш келіссөз, саудасыз тартып алғаны мәлім.

Сөйтіп, патшаның да, Колчактың да жобасы жайына қалды. Жаңа "қызыл" өкімет үш қала: Орынбор, Ақмола, Семей арасын тура тартылатын теміржолмен қосқаннан гөрі бұрыннан теміржол бойындағы Петропавлды Көкшетаумен жалғауды дұрыс санады. 1920 жылы 5 тамызда Ленин қол қойған Халық Комиссарлары кеңесінің қаулысы шықты. Небәрі екі жылда бұл теміржол салынды.

Осы "Петро-Көк" теміржолын салғандағы оқиға туралы кезінде Сәкен Жүнісов ағамыз "Өліара" атты пьеса жазды. Онда студентпіз, Алматыдағы премьерасына барғанбыз. Бірер күннен кейін республикалық газеттен "Сахараға сапар шекен телефон" атты рецензия оқыдық. Спектакль мақталды, Ленин образы өте қанық шыққаны жазылды. Басқа емес, біртуар Ғабит Мүсіреповтің өзі осылай бағалады.

Ал Орынбор – Ақмола – Семей теміржолы жолы жобасына қайтып ешкім оралмады. Кешікпей кеңес үкіметі Көкшетауды Ақмоламен, одан Ақмоланы Павлодармен жалғайды. Ақыры тәуелсіз Қазақстан тұсында Павлодар мен Семей арасы Ақсу-Дегелең жолын салу арқылы қосылды. Сонымен тәмам.

Жүзеге аспаған жобаның белгісі болып ұлан-ғайыр даланың бір тұсында ғана патша мен Колчак заманынан қалған көпірдің қаңқасы сақталған. Көремін деген адам байырғы аты Ақмола болған қаладан Атбасарды бетке алып жүрсе, автожолдың оң жағында қалқайып тұр. Мұның не құрылыс екендігі туралы еш тақта жоқ. Халық жадысы ғана оны "Колчак көпірі" дейді.


авав

Қазақ даласындағы "Колчак көпірінің" қазіргі қалпы/ Суретті автор түсірген


Оңтүстік-Сібірдегі Колчак теміржолының Ауғанстандағы лорд Солсбериге қарағанда оқиғасы жадағай болғаны сияқты артында қалған белгісі де жұтаң екен.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров