Прямой эфир Новости спорта

Әлемдегі әскердің әйелге әлімжеттігі

stephaniechoumusic.com сайтынан алынды
stephaniechoumusic.com сайтынан алынды
Соғыста сорлайтын кім? Жауабын жер шарының әр шалғайынан іздегенбіз.

Қазақ пен қалмақ соғысында

Біздің буыннан небәрі төрт ата бұрын қазақ көшпелі халық еді. Ал сегіз-тоғыз ата бұрын тура өзі сияқты көшпелі халық жоңғар-қалмақ тайпаларымен қидаласқан майданға түсіп жатты. Сол жаугершілік кезеңнің бір оқиғасын бала кезімізде шалдардан естігенбіз.

Қабанбайдың қолы Тарбағатай аймағын қайта азат етер шақта қазір жергілікті халық Доланқара атайтын тауды қалмақтың Долан атты батыры жайлайды екен. Бабаларымыз ауылына жақын келіп, "соғысса тұрысатын жерін айтсын, соғыспаса жерді босатсын" деп жаушы жібереді. Анау да сабаз екен, "қатыным жаңа босанды, балам қырқынан шыққанша күтсін" депті.


Долаңқара тауы

Доланқара тауы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Көшпелі елдің салты ұқсас: екі жағы да баланы қырқынан шығаратын. Қырық күннен кейін іргесіне келсе ауыл да, мыңғыраған мал да жоқ, тып-типыл көшіп кетіпті. Жалғыз қараша үй тігулі тұр. Қалмақ батыры он алты жасар қызын қалдырыпты.

Оқи отырыңыз: "Бетіңе қышқыл шашып, пышақтап кетемін". Дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр әйелдердің оқиғалары

Иә, біздің аталас туыстарымыздың үлкен тармағы осы қалмақ тоқалдан тарайды. Және бір ғажабы, сол ұрпақ кешегі екінші жаһандық соғыста ғаламат ерлік көрсетті. Бірқатары ерлікпен қаза тапса, біразы аяғы ақсақ болса да аман оралды.

Соғыстың өз заңы бар. Анығында соғыстың заңы – бүкіл заңдарды белінен басып кету ғой. Соның бір көрінісі – әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық. Мұны американдық әйел жазушы Сюзан Броунмиллер: "Соғыстан кейін қаза тапқан солдаттарға ескерткіштер орнатады да, ары қорланған, қалыпты өмір сүру қабілетінен айрылған әйелдерді ұмытып кетеді" деп дәл сипаттаған.

Әлемнің әр жерінен осы әйелдерге жат әскері тарапынан жасалған талай әлімжеттіктің дерегін жинағанбыз.

Ақ пен қызыл соғысында

Тарихи аты түріктен қалған Қобан өңірінің бас қаласы Краснодар талай дүрбелеңді бастан өткізді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Екатеринодар аталып тұрғанда қазақтың жиені, Ақ патша армиясының даңқты генералы Лавр Корниловтың мүрдесін мұнда қызылдар қорлады. Масқараны естіген орыс жазушысы Иван Бунин күйзеліп пікір айтыпты.

Бұл – большевиктер Екатеринодарда жасаған зұлымдықтың бір бөлігі. Ақтардың Арнайы тергеу комиссиясы қызылдардың әйелдерге қатысты былықтарын анықтайды. Тергеу 1919 жылы 25 маусымда қала қайтадан ақтардың қолына көшкенде жүргізілген.

Большевиктердің осында 1918 жылы шығарған декреті бойынша 16 мен 25 жас аралығындағы барлық қыздар "социалдануы" керек. Құжат қаладағы "Кеңес жаршысы" газетіне жарияланды. Бағаналарға жапсырылды. "Социалданған" қыздарды "пайдалану" үшін арнайы мандат керек. Оған ішкі істер жөніндегі комиссар Бронштейн өзі қол қойып, мөр басып таратады.

Қаладағы ең үлкен сарайдың комендантына он қызды "социалдандыру" яғни, қалаған уақытта білгенін істеу мандаты берілген. Жаңа өкіметке не жақсылығы өтіп кетті десек, ішкі істер жөніндегі комиссар осы сарайда тұратын болып шықты.

Декрет жарияланысымен қызыл әскер 60 қызды "социалдандыру" яғни ортаға салу үшін ұстайды. 25-і комиссар жатқан сарайға әкелінген. Басқа 35-ін командирлер мен матростар жатқан екі қонақ үйге бөліп береді. Алпыс қыздың төртеуін сарай мен қонақ үйлерге таратқанға дейін жолда-ақ қызыққан солдаттар бірінші бүлдіреді.

Қызылдар қаладан қашқанда алпыс қыздың көпшілігін ала кетіпті. Сондықтан кейінгі тағдыры белгісіз. Қалып қойғандарына Деникин азаттық береді. Оның ішінде большевиктердің қылмыстық-іздестіру милициясының бастығы Прокофьев бірнеше ай зорлап келген қыз босатылды. Қылмыскерді іздестіретін милиция бастығы өзі қылмыс жасаған жерде басқалардан не күтуге болады?

"Екатеринодарда алпыс байғұстан басқа зәбір көргендер жеткілікті болып шықты" дейді комиссия құжаты. Айталық, қала гимназиясының 5 класында оқитын қызды қызыл әскер тобы 12 тәулік бойы зорлаған. Сосын ағашқа байлап, аяғынан бастап отпен күйдірген.

Осы зорлық-зомбылық өткен жерде қазір қала мен мүйістегі шағын аралды жалғайтын көпір тұр. "Сүйісу көпірі" деп аталады. Ғашықтар келіп бір-біріне сезімін білдіретін көрінеді. Бір ғасыр бұрын болған жыртқыштықтың ізі қалмаған. Дерегін тек архивтен табасыз.


Краснодардағы "Сүйісу көпірі"

Краснодардағы "Сүйісу көпірі" / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Фашист-совет соғысында

Германияның неміске тән ұқыптылықпен салынған Фюрстенберг қаласында бұрын азап қосыны болған музейді аралағанбыз. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мұнда әйелдерді тұтқындап әкелген. Қосынның аты – Равенсбрюк. Ашық аспан арасындағы мұражайдың іші-сырты небір ескерткіштер екен. Оншақты мүсін мен түрлі тілдегі тақта қойылыпты.

Азап апанын Гиммлер ашқызып, 1939 жылы алғаш тұтқындарды қабылдаған. Лагерьде тоқыма және тері-былғары өндірісі болған.


Равенсбрюк қосынын салып жатқан тұтқын әйелдер

Равенсбрюк қосынын салып жатқан тұтқын әйелдер / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Равенсбрюкке режимге сын көзбен қараған неміс әйелдерінен бастап, фашистер түгел құртуды мақсат еткен еврей әйелдері, одан жаулап алынған елдердегі поляк, сыған, француз, румын, чех, одан кейін кеңес жағының әйелдері қамалған. Араларында аты әлемге танымал еврей жазушысы Галина Биренбаум, француз әртісі Жюльетт Греко, чех мүсіншісі Дина Баббит, поляк суретшісі Майя Березовская болыпты.

Бастапқыда тек жұмыс істету үшін жинаған. Ауыр жұмысқа күші жетпегендерді желкеден атса, 1943 жылдан бастап газ камерасына қамау тәсілімен қырды. Өйткені, әр әйелді жекелеп атудан 150 әйелді бірден газға тұншықтыра салу "тиімді". Неміс – қайда да есептің адамы. Алғашқы газ камерасын Гиммлер келіп сынақтан өткізіпті. Осылайша, мұндағы өлім машинасы алты жылда 90 мың әйелді құрбан еткен.

Алты жылда 90 мың әйелді өлтіру Равенсбрюктегі жендеттердің мінез-құлқына әсер етпей қоймайды. Санадағы ауытқуды азайтып, ағзаны сергіту мақсатында мұнда арнайы нәспі үйін ашыпты. Көзі қанталаған, жүйкесі жұқарған жендеттердің астына тұтқын әйелдерді жатқызған. Олардың арасында аяғы ауыр болып қалғандары болса, сорлының көзін дереу жойып, басқасын әкеліп отырған. Есерлердің нәпсісін қандыруға алты мыңдай жас әйел керек болды.

Осындай сұмдық қылмыстан кейін жаза болуы керек қой. Равенсбрюкте қызмет еткендер Одақтастар жеңісінен кейін әскери қылмыскер ретінде сотқа тартылған. 16 адам өлім жазасына кесілген. "Біреуге ор қазба, өзің түсерсің" деген қазақтың сөзі дәл келді.


Равенсбрюктегі бұл тегіс алаң пеште өртенген әйелдердің күлі себілген дегенді білдіреді

Равенсбрюктегі бұл тегіс алаң пеште өртенген әйелдердің күлі себілген дегенді білдіреді / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Бас саулағап АҚШ-қа қашқан бірталайы кейін ұсталды. 1973 жылы осы қосынның бақылаушы Гертин Гермина Браунштайнер Германияға әкелініп, сотталды. 2006 жылы тағы бір бақылаушы 84 жасар Эльфрида Ринкель де Сан-Францискодан Германияға күзетпен жіберілді.

Сол соғыста кеңес жағындағылар әйелдерге қатысты кісілік танытты дей алмаймыз. Бір ғана құжатпен шектелейік. Соғыс кезінде алғы шептегі әскердің желкесінде тұрып, қашқан-пысқанды жазалау үшін "Смерш" Қарсы барлау бас басқармасы құрылған. Бұл атау "смерть шпионам" деген тіркесті қысқартудан шықты. 1946 жылы "Смерштің" Германия аумағындағы 109-шы Далалық басқармасының бастығы капитан Григорий Веляда "қызмет бабын асыра пайдаланған" деп тұтқындалды.

Тергеу барысында оның неміс мұғалім әйелді жыныстық жұқпалы ауруы болғандықтан атқызып тастағаны және 17-18 жастағы қыздар тобын жалаңаштап, өзі бастап зорлағаны анықталды. Мемлекет қауіпсіздігі министрлігінің Айрықша кеңесі оны сегіз жылға соттап, үш орден, үш медалінен айырды. Сталин қайтыс болған соң басқалармен бірге түрмеден босатылған. Сосын КСРО Жоғарғы Кеңесіне наградаларын қайтып беру туралы арызданады. Жоғарғы Кеңес Президиумы "Г.Веляда социалистік заңдылықты өрескел бұзған және орден иегері деген атаққа кір келтірген" деп тауып, марапаттарын қайтып беру туралы арызын қанағаттандырмады.

Жапон-кәріс соғысында

Оңтүстік Кореяның астанасында ғаламат әскери музей бар. Ғимаратының сәулеті ерекше. Аумағы тым үлкен. Оның қасында біздің елдің астанасындағы әскери тарихқа арналған музей баланың ойыншығы сияқты. Музей алдына 1950-53 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы әскері құрамында соғысқан елдердің тулары ілінген. Қапталдағы аумақты алаңда әскери ұшақтың, тікұшақтың, танктің, зеңбіректің жеті атасы тұр. АҚШ, КСРО, Қытай, Британия, тіпті Мысыр мен Ирак сияқты елдердің техникасы.

Кореяны ақыры екі жарып тынған азаттық соғысының тарихымен таныстыратын музейдің шағын бұрышынан бірнеше әйелдің суретін көресіз. Бұдан басқа мұндай суретттерді "1932-1945 жылдар зұлматын зерттеу жөніндегі Мемлекеттік орталық" аталатын мекемеден көруге болады. Бұл орталықты Оңтүстік Кореяның Гендерлік теңдік пен отбасы министрлігі ашқан. Ашу рәсімінде сала министрі Чун Хун Бек "біздің ұрпақтарымызда тарих жөнінде шынайы көзқарас болуы керек, одан маңызды сабақ алуы тиіс және басқыншылыққа ұшыраған елдердің тұрғындары тартатын мұндай қасіреттің оралуына жол бермеуіміз керек" деп атап өткен.

Салыстыру үшін сұрасақ, бізде 1928-1932 жылдар зұлматын зерттеу жөніндегі Мемлекеттік орталық бар ма?

Сеулдегі Кукмин университетінің профессоры Андрей Ланьков: "қырқыншы жылдары кәрістерді дәстүрлі ата-тегінен бас тартқызып, жапон үлгісіндегі ат пен сойға күштеп көшірген. Ана тіліндегі басылымдарды жаппай жапқызған. Кәрістің жас қыздарын Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияда соғысып жатқан жапон солдаттарының "құмарын қандыруға" түрлі жолдармен жинап тұрған" деген пікір айтады.

1932 мен 1945 жыл аралығында Корей түбегін басып алған жапон әскері қыз-қырқынға қырғидай тиді. Соғысқан әскердің соңынан "дамылдау стансасы" еріп жүретін.


Жапон солдаттары жинаған корей қыздары

Жапон солдаттары жинаған кәріс қыздары / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


"Дамылдау стансасы" жапонның атақты генералы Ясудзи Окамураның бастамасымен пайда болған. Оны "жапон солдаттарының жауынгерлік қабілетін сақтау үшін" деген желеумен ашқызған. Солдат көшедегі әйелден жыныстық жұқпалы ауру жұқтырып алмай, денсаулығы үнемі тексерілетін кәріс–қытай қыздарынан тұратын стансада ғана бел суытуы керек.

"Дамылдау станциясын" толтырумен қатар жауланған елдердің қыз-келіншектерін Жапонияға күштеп алып кеткен. Ол жақтағы "нәпсі нысандарында" қызмет қылу үшін. Көпшілігінің жасы сол кезде 16-дан аспаған. Рас, беріде Жапония үкіметі осы зорлыққа ұшыраған әйелдерден ресми кешірім сұрады. "Болары болып, бояуы сіңген соң". Екі елде қалған азғана кейуана соған да тәубе депті.

Жекелеген әйелдердің тарихы бұл күні әлемге әйгілі. Гиль Вон Окті 13 жасында жапондардың борделіне қосқан. Байғұс қызға мерез жұғады. Ақыры жатырын алғызып, жаны қалған. Жатыры жоқтықтан, ұрпағы жоқ.

Ким Бок Дунді 14 жасында жапондықтар ұстап алып "дамылдау стансаларының" біріне апарған. Жай күндері 15, демалыс күндері 50-ге жуық жауынгермен "кездестірген".

Жаудан зорлық көргендердің арнайы баспанасына тұрақтаған Ли Ок Сунді 15 жасында жапон жезөкшелер үйіне кіргізген. Бұл 1942 жыл екен. Содан өзінің туған түбегіне ол бейшара 2001 жылы қайтқан. Жапон жеңілген 1945 жылдың күзінде "елге қай бетіммен қараймын" деп Қытайда қалыпты.

Жапон-қытай соғысында

Қытай бұдан зор құқайды көрген. Халық неғұрлым көп болса, мысал да соншалық жеткілікті. 1937 жылы жапондар Нанкинді басып алғанда 80 мың әйел зорланған. Арасында бәлиғатқа толмаған қыздары, белі бүкірейген кемпірі, бұл дүниенің күнәсінен бетін аулақ салып, құдай жолына түскендері түгел бар.

Бейжинде Жапониямен соғысқа арналған музей ашылған. Оған күнделікті мыңдаған оқушылар мен студенттерді арнайы әкеледі. Жапондардың қарақшылық әрекеттері сақталған фотоларды көрсетеді. Иә, екі ел бір-бірімен экономикалық қарым-қатынас жасағанмен, саясатта арасы салқын. Әсіресе, Қытай жағының жүрегіндегі мұз ери қоймаған. Содан шығар, мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қыздарды күштеп жезөкше ету фактілерін зерттеу комиссиясы құрылған.

Ел астанасынан басқа Шаньси провинциясында, оның орталығы Сиан қаласында тарихи зобалаңның мән-жайына қанықтық. Бұл – "Жібек жолы" басталатын қала.

Осы Сианның бір тұрғыны Чжан Сянтуды 15 жасында жапондары баяғы "дамылдау станциясын" күштеп апарған. 20 күнде қаншама солдат ермек еткенінің есебінен жаңылыпты. Жалпы, 1942 жылы Қытайда осындай 280 станция жасақталған. Кілең жас қыздардан. Чжан Сянту 1995 жылы Жапония үкіметін сотқа беріпті. Өзі сияқты жас кезінде зорлық көрген 16 кемпірдің басын қосып өтемақы талап етеді. Жапон жағы бәрін соғысқа жабады.


Қытай әйелдерін жазалап жатқан жапон солдаттары

Қытай әйелдерін жазалап жатқан жапон солдаттары / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Жаулаушылар Шаньси провинциясының келесі тұрғыны Хао Юэлянды 17 жасында жезөкшелік жолға түсірген. Ол да кейін бала көтере алмаған.

Бұл провинцияда бір қамал бар. Соғыстан қираған қалпында қалдырылған. Осында үш жыл бойы жапон солдаттары сайран салған. Қытайлық 50 қызды өздерімен бірге зорлықпен ұстаған. Бұл сарайдың сырын көзі тірі, Шаньсидің Гучен қаласындағы Хао Цзюсян жақсы біледі. 15 жасында әлгі елудің бірі болып ермекке айналыпты. Айтқан естелігінен төбе шашың тік тұрады.

Міне, әлемдік тарихтың қысқа бөлігінде әйелдердің әскерден көрген зорлығы осындай. Бергі тарихтағы дүрбелеңде, яғни Сирияда, Иракта және басқа соғыс ошақтарында әйелдердің басына не күн түскені кейін толық анықталатын шығар. Әзірге тек бұлардың арасында бірталай қазақ әйелдері болғанынан хабардармыз.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров