Бесінші құрлықтағы аптап ыстық, қаталаған жан-жануар, сұрапыл өрт әлем назарын аударды. Біз жақта қыстың ортасы болғанда Жер белдеуінің қарсы бөлігіндегі Австралияда қайнаған жаз кезі. Сол ел үкіметінің оң мың түйені қыру туралы шешімі далада мал баққандарды демесек те, әлеуметтік желіде отырған қазақтардың құлағына тиді. Австралия бұған дейін-ақ жабайы түйені аспаннан ату арқылы басын азайтып келген. Биылғысы алапат өртке орай қабылданды да, ақпараты әлемге тарап кетті. Әсіресе, түйелі халықтың бірі – қазақтарды біраз қопаңдатты.
Көркі келіскен көш
Әжеміз "Қыз Жібек" дастанын үнемі өлеңдетіп отыратын. Кітаптан жаттамай-ақ, ел аузынан естіп санасына сіңірген. Ауыз әдебиеті деген – осы. Әсіресе, Төлегеннің алты қазға қарап айтатын ақтық сөзін зарлы етіп жырлағанда жанарымыздан еріксіз жас сорғалайтын. Ең болмаса Сансызбайға серік болуға серт ететінбіз. Ал әжеміз көңілді кезінде Төлегеннің жолдасымен бірге Қыз Жібекті іздеп шығатын кезін өлеңдеткенде көзімізге түйе, сансыз көп салтанатты түйе елестер еді:
...Сол уақытта алдынан
Бір көш шықты түбектен.
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады,
Отыз түйе жетелеп,
Сары мая үлектен.
Мұрындағы сары жез,
Бұйдасын ескен жібектен.
"Әр кәллада – бір қиял" демекші, онда бізді қыздардың бірінен-бірі өткен сұлулығы мен қылығы емес, көштегі бірінен-бірі өткен түйе қызықтыратын. Бұйдасының өзі – жібек, мұрындығы – сары жез. Пай-пай!
Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер
...Тағы айқасты бір көшке,
Көш алдына қараса
Бір қыз кетіп барады,
Қырық нарға жүк арттырған.
Қамқа зерлі кілемді,
Жүк үстіне жаптырған.
Казинелі қырық нарға
Жібектен арқан тарттырған.
Сонда санамызда салыстырып отырамыз: бірінші көштегі қызда отыз сары мая еді, мына қызда қырық нар көрінеді. Алдыңғыдан гөрі бағалы екені даусыз. Әр түйедегі жүкті қамқа кілеммен жауып, жібек арқанмен буған. Бірақ, бұл да ештеңе емес. Сұлуы, әкесі дәулеттісі алда ғой.
Төлеген мынаның да Қыз Жібек емесін білген соң, әрі қарай жортады. Ол әлгілерден көрікті қалыңдық іздесе, біз мынадан көп түйе күтетінбіз. Әрине, бар!
...Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Сексен түйе үстінде
Алтыннан жағдан орнаған.
Асфаһани кілемдер
Жібектен гүлін торлаған.
Иә, дұрыс! Жаңағы көштің жүгін артқан қырық түйе деген не, мынаныкі сексен түйеге қомдалыпты. Осы тұста сексен түйеге ғана емес, "жағдан" деген сөзге назар аударыңыздар. Үндістанға барғандар немесе ол ел туралы бейнежазба мен суретке қарағандар піл үстіндегі шатырды көрер еді. Жағдан деген – осы. Кезінде қазақтар түйе үстіне орнатқан.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Париж климат келісімінің талаптарын неге орындамай отыр?
Қазір әрбір аулада әркім әңгімелесіп отыратын күнқағар қалқаның атын таппай, орыстың "беседка" деген сөзіне тәуелді болып жүрміз. Себебі "жағдан" сөзі жадыдан ұмыт қалған. Бұдан былай "беседканы" жаппай "жағдан" дей бастасақ, тағы бір көне сөз жаңа ұғыммен айналымға қосылар еді. Осы дастан бойынша түсірілген "Қыз Жібек" фильмінде көште бас кейіпкер, аяулы ару осы жағданда отырады. Хош, өзіміздің желімен түйелердің соңынан қуа берейік.
...Тағы айқасты бір көшке,
Көш алдына қараса,
Бір бәйбіше нұр жүзді
Көшті тартып барады.
Сары алтыннан жабдығы,
Бір жүз түйе қазына
Қызыл алтын сандығы.
Қып-қызыл алтын сандық артылған жүз түйе! Жайылып жүргені емес, мұрындары тесіліп, бұйдаланғанының, күнделікті шаруаға көндіккеннің өзі жүз түйе. Ендеше, өрістегісі кемінде мың болуы тиіс. Міне – қазақтың байлығы, дәулеті!
Мұндай көш әлгінде айтқанымыздай, Сұлтан Ходжиковтың "Қыз Жібек" фильмінде көрініс тапты. Режиссерге оны түсіру оңайға соқпаған сыңайлы, дастанда сипатталған 30+40+80+100 бұйдалы түйені кеңес заманындағы Қазақстаннан табу оңай ма?! Бұл жалғыз кеменің декорациясын жасай салатын "Титаник" емес! Соның өзінде режиссер екінші, арғы планда 20-30 түйелі көшті көрсетеді.
Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар
Өнерді өрлеткен өркеш
Біртіндеп әріп таныдық. Алты жасымызда мектеп табалдырығын аттадық. Қазіргі "Әліппеде" бар ма, жоқ па, тіпті, осы "Әліппенің" тағдыры не болды өзі, біз парақтағанда "Т" әрпінде міндетті түрде түйенің суреті тұратын. Бүкіл әріпті білген шақта түйе туралы тамаша өлеңді оқытатын.
Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Төрт аяғын тең басқан,
Екі өркешін қом басқан.
Алабота, теріскен,
Мұрындығы келіскен
"Шөк" дегенде "бық" деген
Шешіп үйін жүктеген.
Түйе деген жануар!
Ежелгі өлең. Одан қазақтың бар тұрмысы көрінеді. Көшкенде киіз үйді түйеге теңдейтін. Түйені жетелеу үшін, жалпы шаруаға көндіктіріп, бас білдірту үшін мұрнын тесіп, мұрындық таққан. Өзі көк шалғын емес, тікенікті даланы мекен ететіндіктен үсті шаң-шаң. Жейтіні – жылқының бетегесі мен көдесі, қойдың изеңі мен жусаны, сиырдың құрағы мен жүзгені емес, алабота мен теріскен екені тағы рас. Құмдауыт жердің шөбін ғалымдар "ксерофитті" деп атайды. Түйенің азығына айналған алабота, теріскен, жантақ,тағы басқасы – сол "ксерофитті", яғни құрғақ та ыстық ауа райына бейімделген.
Содан кейін бастауыш класта жан-жануар жыл бөліскенде түйенің қалай құр қалғаны туралы аңызды оқыдық. Ол түйінделіп мақалға да айналып кеткен: "Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты". Қабілетіне емес, денесіне сеніп, әрекетке емес, жаратылысқа үміт артып, ақыры табысқа жете алмағандарға қарата айтылады.
Оқи отырыңыз: Аралға араша сұрағандар не үшін жазаланды?
"Соңғы түйенің жүгі ауыр" деген ата-бабаларымыз. Көшпелі, онда да түйемен көшетін елдің айтатын сөзі. Істі тиянақты аяқтар кездегі қарбалас тірлік осылай бедерленген. "Нар жолында жүк қалмайды" деген келесі мақалмен елдің үміт артқан азаматтарын үкілейді. Ойсылқара түлігі мен оған тиесілі салмақ туралы тағы бір мақал – "Түйе сілкінсе, бір есектік жүк шығады". Теңеу түрінде бейнелесек, қазіргі министрдің елеусіз істері сол министрліктегі департамент директорының бар жұмысына пара-пар.
"Жуас түйе жүндеуге жақсы" дегеннің тура мағынасы түйенің шудасынан шапан, көрпе тігетін нақ өмірден алынып, астарлы түрде момын, көнбіс адамдардың бағасын береді. Оған керісінше "Атан түйе ойнаса, жұт болады" деген мақал бар. Жасы үлкен адамдар анау-мынауды ермек етпей, қоғамға қызмет етуі керек. Бұл мақалдың философиясы – осы. Мансабы баршылық адамға сынақтың да ауыр болмағын "Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді" деп түйіндеген. "Көрмес түйені де көрмес" дегенде көзі емес, көңілі соқырды мегзеген.
"Төрт аяқтыда бота тату..." Екінші жартысын келтірмей-ақ қоялық, бұл сөз төрт түлікті түгел өсірген қазақ халқының байқампаздығынан туыпты. Тай-құлын тебіседі, лақ та, бұзау да жиі-жиі сүзісіп, тіпті, ерте қағынғандары бір-біріне артылып жатады, ең жуас дейтін қозы ара-тұра енеге таласады. Боталар ғана бір-біріне сес көрсетпейді, күш салыстырмайды.
Қазақтың бұл түлікке қатысты мақалын түгендеуді осымен тоқтатайық. Мұның бәрін кітаптан емес, ауылдағы мәдениеттен көкейге тоқып шыққанбыз. Енді түйе нақты өзек болған немесе оны астарлау арқылы адамның қылықтары мен қасиеттерін ашқан поэзия мен прозаны оқуға көшкенбіз. Алдымен Айбергеновтен:
Аруана жаудың қолына түссе
ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа
бұрмастай халге келтіріп,
Жеріне тартып отырады екен.
Моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып.
Жат жұртта туған бота енді сол жерді атамекен санауы мүмкін. Сондықтан аруана ботасын өлтіріп, өзінің туған жеріне тартады. Сұрапыл өлең еді.
Кейін түйенің туған жерін аңсап алыстан қайтуы мен Қытай асып кеткен қазақтың туған жеріне қайта оралуын салыстыра суреттейтін шығарманы Дидахмет Әшімханов ағамыздан оқыдық. "Жер аңсаған Сарыатан" атты хикая. Бұл кітаптың аты ежелгі күйдің атынан алынды. Оны Алтай жақтың қазақтары сыбызғымен орындайды.
Оқи отырыңыз: Малдың тұяғы, құстың тұмсығымен тараған
Күй демекші, түйе де, күй де бар өлеңді Мұқағали Мақатевтан табасыз.
Түнде менің түсіме жиі енеді,
Сахараның шұбырған түйелері.
Түйенің өркешінде жыр болталап,
Түйенің боздауынан күй өледі.
Мұқағалидың талантына қоса ғажап аңғарымпаздығын айтсаңшы. Түйенің боздауы кез-келген күйден күшті. Осы өлеңнің және бір шумағын оқиық:
Түйелер – алыс сапар жолдың басы,
Құмға оларды иесіз қор қылмашы.
Түйе деген көтергіш крандардың
Көзі тірі көне бір формуласы.
"Құмға оларды иесіз қор қылмашы" деген жолын бізге емес, австралиялықтарға арнауға болар еді. Олардың құмды даласында миллионға жуық түйе қор болып жүргенін бүгінде бүкіл қазақ естіп отыр. Бұл шумақта Мұқағали адамзаттың биікке жүк көтеріп беретін кранды ойлап табуына түйенің негіз болғанын да еске салады.
Қазақ оны кран ретінде пайдаланбаса да, дар ағашының орнына қолданғанын еске сала кетейік. Қодар мен Қамқаны шөккен түйенің екі жағына отырғызып, мойнына қыл арқан салып, түйені тұрғызып жіберген. Екі байғұс содан қылғынады.
Түйе туралы жыр жазған Мұқағалиды әріптесі Қадыр Мырза Әли түйеге тенеген. "Соңғы түйе сенбісің боздап өткен!" Қандай дәл теңеу десеңізші! Айтпақшы, Қадыр да түйеге өлең арнаған. Тақырыбы – "Қара нар".
Әлі күнге қараймын мен құмартып,
Жүйріктердің өзінен желдің артық.
Қазақ болып ғасырлап жүрдің көшіп,
Киіз үйді түгелдей тең ғып артып.
Қазақтың түйесі қырғыздың жазушысы Шыңғыс Айтматовтың айтулы "Боранды бекет" романына өзек болды. Оның аты да Қадырдың өлеңіндегімен аттас. Шыңғыстың қайтпайтын Қара нары – күш пен қуаттың белгісі. Сол кітапта інгендер аязды түні түс көреді. Түстеріне жылы жаз бен мына өздерін қайытқан Қара нардан туатын бота кіреді.
Осы тұсы қалай болар екен деп іздестіріп көрдік. Массачусетс технология университетінің ми әрекетін зерттеу бөлімінің жетекшісі профессор М. Уилсонның тұжырымдауынша, жануарлар мен құстар, оны айтасыз жыланның кейбір түрлері ұйықтап жатып түс көреді екен. Жорғалаған жылан бас бармаққа жетпейтін миымен түс көргенде таудай түйеге не болыпты?!
Түйе өнердің келесі саласынан, яғни, қазақ суретшілерінің картиналарынан көп көрініс тапқан. Әбілхан Қастеев пен Ерболат Төлепбаев арасында. Қазақ суретшілерін айтпағанда, түйесіз елдің қылқалам шеберлері де "шөл даланың кемесі" атанған жануарды бейнелеуге құштар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басына Алматыда жапон суретшісі Икуо Хираяманың жеке көрмесі өтті. Сонда туындысында бірнеше түйелі керуен бейнелеген. Жалпы бұл суретші Қытай, Ауғанстан, Үндістан, Пәкстанды аралап, Жібек жолының бойымен тарихи картиналар салыпты.
Ал, Ұлы Жібек жолында түйеден көп жүрген жануар жоқ шығар. Сол Ауғанстан мен Үндістанның түйесі кейін Австралияға жетеді. Әрине, өз еркімен емес.
Оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры
Бос қалған бұйда
Түйе Еуразия мен Африкаға ешкімнің жетектеуінсіз, табиғи түрде жеткен. Алғаш түйе тұқымдас жануар Америкада пайда болған. Америка мен Еуразия әлі жіңішке құрғақ жермен жалғасып жатқан заманда біздің материкке өтеді. Одан екі араны қазір Беринг бұғазы аталатын су басады. Дәуірден дәуір өтіп, Еуразияға табан тірегені дами келе түйеге, Америкада қалғаны ламаға айналып шықты.
Ал Австралияда әу баста түйе тұқымдас болмаған. Сөз арасында айта кетсек, түйе тұрмақ, қоянды да ол жаққа ақ нәсілді адамдар жеткізіпті. Алғаш Том Остин деген аңшы 1859 жылы анда-санда біреуін атып тұру үшін 12 еркек мен 12 ұрғашы қоянды Бэрвон парк деген жерге апарған. Әлгілер 50 жылда 10 миллионнан асып кетіп, Австралияның сорына айналған.
Бұл құрлықтың ең болмаса жартысын қояннан қорғау үшін оңтүстіктен солтүстікке дейін созылған 3253 шақырымдық дуал тұрғызылды. Дуалды жағалап арнайы күзет жүрді. Күзетшілерге "дуал қисайғанын көрсең – түзе, қоянның қазған інін көрсең – біте, өзін көрсең – ат" деген нұсқау берілді. Дуалды жағалаған жолмен жүретін күзетшілерге түйелі арбалар берілді.
Түйелер де бұл тұста Австралия тұрғындарына таныс болып қалған. Қоянды біреу ермекке әкелсе, түйені іскер және зерттеуші адамдар жүк тасу үшін апарды.
Экспедицияға жүк арту үшін алғашқы 24 түйені 1860 жылы Үндістаннан кемемен жеткізді. Оны айдап-жетектейтін 3 түйеші қоса келген. Экспедиция барысында бірқатар түйе бошалап кетіп, бесінші құрлықтағы жабайы түйе содан пайда болды.
1870 пен 1890 жылдар арасында Австралияға 15 мың түйе мен 3 мың түйеші келіпті. Жануарлар екі жағалауды жалғайтын телеграф бағаналарын тасыды. Порт-Огаст пен Элис-Спирингс арасындағы темір жолдың шпалы мен рельсін жеткізді.
Бұл орайда Қадыр ақынның Арал маңындағы қара нар туралы манағы өлеңін алыс құрлықта бейнет кешкен түйеге арнай салуға болады.
Саған біткен төзімдей төзім сирек,
Жатып алған жұмыссыз кезің сирек.
Шаң бораған шөлің мен шөлейтіңе,
Шойын жолды әкелген өзің сүйреп!
Осы жерде тақырыптан ауытқып, аз ғана лирикалық шегініс жасауға тура келеді. Бұл өлеңнің бірер шумағын есте сақтағанмен, толық мәтінін ұмытыппыз. Қарай салуға ақынның толық шығармалар жинағы қолымызда жоқ. Кезінде Қадыр қорын басқаратын азамат уәде беріп, су аяғы құрдым болған. Амалымыз таусылған соң Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли орталығына хабарластық. Жәмиға атты ғылыми қызметкері туымызды жықпай, "Қара нардың" толық нұсқасын өз қолымен теріп, салып жіберді. Рахмет!
Хош, алыстағы Австралияда шойын жол салынған соң, түйе жұмыссыз қалды. Басына еркіндік тиді. Енді мұрны тесілмейді. Бұйдаға байланбады. Жетпіс жылда мұндағы түйе миллионға жуықтады.
Қоянды улау, жұқпалы ауруды әдейі тарату арқылы қырған Австралия үкіметінің алдынан жаңа мәселе шықты. Жабайы болып кеткен түйе!
Сансыз көп түйе суаттарды суалтты. Бір түйе 200 литрді сіміретіні белгілі. Сонда жүздеген түйе бас қойған айдынан не қалсын? Шалшық қалады. Әрі олар бұлақ көздерін таптап, бітеп кетеді.
Құрғақшылық маусымында су іздеп, скважиналардың бөшкелері мен дәретханаларды қиратады. ХІХ ғасыр басында-ақ мына қарқынмен түйелердің Австралияны айтақыр етері анықталды. Елдің даңқын қой шығарса, оның жайылымын түйелер түте-түте етті.
Оның үстіне автокөліктер жиі-жиі жолға шыққан жануарларға соғыла бастады. Бұл жағынан жағдай біздің батыс облыстардағымен ұқсас көрінеді.
Амал жоқтықтан 2008 жылдан бастап түйелерді тікұшақтан ату басталған. Тікұшақ гүрілін естіген сәтте олар тым-тырақай қашуды үйренді. Он жылда 135 мың жабайы түйе өлтірілді. Табиғат қорғаушылар содан бері атуға қарсы акциялар өткізеді. Жануарларды қорғайтын түрлі ұйымдарды басқаратын Хью Уирт, Гленис Угьес сияқты белсенділер қашқан түйені аспаннан қуып атқанды "қатігездік" деп айыптаған.
Мемлекеттік ауыл шаруашылық жерлері инспекциясының басшысы Крис Тернердің мәлімдеуіне қарағанда, бәрібір олар жыл сайын 11 пайызға өсіп келеді. Соңғы есеп бойынша, солтүстік және батыс аймақтарда оның басы жарты миллионнан асады.
Табиғат қорғаушылар түйені қырып салмай, туризм мен спорттық жарыстарға пайдалануды және тірідей сатуды ұсынады. Сатып көрген. 2002 жылдан Біріккен Араб Әміреттері түйе етін ала бастады. Бірақ, олардың сұранысынан түйенің өсімі еселеп артық болып тұр.
Беріде АҚШ аяқ астынан Австралиядан түйе сүтін сатып ала бастапты. Бірақ ол үшін түйені қолға үйретіп, фермада өсіру керек. Джон Харвей дегеннің фирмасында жүздеген түйе сауылады. Ал айдаладағы жабайы түйені кім барып сауады?
Тағы бірі бағыт туризм десе, туристер үшін жарты миллион түйе емес, жарты мың түйе жетеді. Порт-Стефанс қалашығында бәдәуи киімін кигізіп, түйемен серуендететін компания бар.
2019-2020 жылдың жазында қатты құрғақшылыққа тап болып, алапат өртпен арпалысқан Австралия "жығылғанға – жұдырық" дегендей, жабайы түйе тарапынан қатты шапқыншылыққа ұшырады. Канипе қалашығында және басқа елді мекендерде сусыраған түйелер үйлерді қиратып, ішіне кіре бастаған.
Сұрапыл өртке қатысты деректердің арасында Австралия үкіметі биыл да 10 мың жабайы түйені атуға рұқсат бергені жер жаһанға жайылды. Негізі ол біраздан бері беріліп келе жатқан квота еді.