Прямой эфир Новости спорта

Далбадағы дала данасы

Автордың фотосы
Автордың фотосы
Денесі тау бөктерінен, өлеңі ел жүрегінен мәңгілік тұрақ тапқан жырау.

Дала

Дала жым-жырт. Бұл жақта ұялы телефон ұстамайды. Ағылған көлік көрінбейді. Анау шоқ-шоқ тоғай басында құрқылдап құр отыруы, жолды кесе құлдыраңдай жүгіріп кекілік өтуі, ши түбінен құлағы едіреңдеген қоян қашуы мүмкін.

Табиғат өз заңымен өмір сүріп жатыр. Ықылым заманнан бері. Ал, адам өзгерген. Мынау ақ-сұр граниттен қаланған мазар ішінде ұлы денесі жатқан Бұқар жырау дәуірінен бері.

Бұқар жырау десе ойға бірден Абылай хан оралады. Кеңес өкіметі кезінде "Ленин десек – партия ойға түседі, партия десек – Ленин ойға түседі" дейтін әлде нақыл, әлде ұран сөз болған. Сол сияқты Бұқар жырауды айтқандар Абылай ханға соқпай кетпейді. Бірақ, жырау Абылай ханға жер ортасынан әлдеқашан асып кеткен тұста ақылман болды. Тарихшылардың айтуынша, оған дейін жеті ханның жақсы тұстарын да, кем-кетік ісін де жасырмай көпке таратып жүрген.

Бұқар тарихқа нақты аты мен сөзі таңбаланған ақындарымыздың алғашқысы болуы керек. Өйткені, Құрбанғали Халиди "Тауарих хамса" шежіресінде жыраудың Абылай ханға қалай ақыл бергенін жазған. Оған қарағанда қазақ қолы Қалба тауына келгенде, қалмақтың бір бөлігі Тарбағатайдың солтүстік жағындағы Ласты мен Шорға, қалған бөлігі осы таудың оңтүстігіндегі Үржар мен Емел өзендерінің бойында екен. Хан қай бағытқа жорық жасауы керек?

Не құдірет екенін қайдам, біз биыл сол Қалба тауын араладық. Одан Ласты мен Шорға бойына жеттік. Сосын Үржар мен Еміл өзендерін кесіп өттік. Жергілікті азаматтардан "Ласты-Шорға ұрысы терең зерттелсе, оның қазақ тарихындағы орны айқындалса" деген тілекті естіп келгенбіз. Енді міне, Қарағанды мен Павлодар облыстары шектесетін тұстағы Бұқар жыраудың мәңгілік мекеніне тағзым етіп тұрмыз.

Әлгі "Тауарих хамса" бойынша Абылай қалмаққа қай жақтан тиісуді ойластырғанда батырлардың пікірі екі жарылады. Бөгенбай Үржар-Еміл жақтан шабуды айтса, Қабанбай "Ласты-Шорға жақ алыстау, сондықтан жұрты қамсыз, бірден басып қаламыз" дейді. Екеуін кезек тыңдаған Абылай түпкілікті шешімді Бұқарға айтқызады ғой. Сонда жырау былай толғанған екен дейді шежіреші:

Сен Абылай, Абылай,

...Дəулет қонды басыңа.

Қыдыр келді қасыңа.

Бақ үйіне түнедің,

Алтын тұғырға кеп қонып,

Ақ сұңқардай түледің,

Алыстан тоят тіледің.

Сен канжығалы Бөгенбай,

Тақымы кеппес ұры едің,

Түн қатып жəне жүр едің.

Қабанбайдан бұрын найзаңды

Қашан сен жауға тіредің!

Осы түпкілікті ұйғарымнан кейін Абылай қалың қолды Қабанбай батырға бастатып, Ласты-Шорғада еш алаңсыз жатқан қалмақтың торғауыт руының тас-талқанын шығарды. Одан кейін бұл соққыдан хабарсыз қалған Үржар-Еміл бойына шүйлігеді. Сөйтіп, атамекеннің үлкен бөлігін азат етеді.

Далада осындай дүбірлі оқиғалар өткен. Бірақ, шаң басылған, қан топыраққа сіңген, жапырылған шөп қайта жайқалған. Бәрін сақтап қалған сөз ғана. Дала сол қалпы кеңінен керіліп жатыр. Алып өгіздің терісіндей.

Мен – өгіз терісі талыспын,

Сен – бұзау терісі шөншіксің.

Сонау мектепте жүрген жылдары жаттағанбыз. Бұқардың бізге мәлім алғашқы өлеңі. Отырықшы халықтың бір де бір ақыны жаза алмайтын ғажайып теңеу. Мына дала тудырған дана жыраудың аузынан шығар лепес.

Далба

Бұқар жырау Далба тауының бөктеріне жерленіпті. Далбаның жеке шоқысы батырдың алып дулығасы іспетті. Түпкі мағынасы мен аталу сырына қатысты болжам көп. Жалпы қазақта әрбір тау мен өзектің атының астарында тарих жатады. Арши алғанға. Айталық, осы Далбадан әріректе Қарқаралымен арада Боқты деген тау бар. Жер бөліскенде әке шешіміне риза болмай кейіс танытқан ұлға "сен боқты аласың" деп әлгі үлестен қалған тауды бере салған дейді. Содан тау Боқты атаған.


Далба тауының етегіндегі Бұқар жырау кесенесі

Далба тауының етегіндегі Бұқар жырау кесенесі / Автордың фотосы


Ал Далбаның аталуын бұл жердегілер түрліше түсіндірген. Қазақтар Сыр бойында күш жинап, серіппедей қайта атылып, атамекенді қайтарып алған тұста біреу, шамасы жастау болар, "далба-дұлбасы шыққан бұл қандай тау" деп таңырқаған дейді. Иә, бір көргенге іргелес Баянауылдай текшеленіп жиналып жатқан жоқ. Бір шоқысы анда, бір шоқысы мұнда шашылып жатқаны рас. Келесі пайымдауға қарағанда, көне тілімізде "далба" – "қорған" сөзімен мағыналас. Мал мен сол арқылы күн көрген елге қорған болып, осылай аталыпты. Қарап тұрсаң, бұл да қисынды.

Баянауылмен қайта салыстырғанға Далба – өте берекелі жер. Қазір қойнауында қаншама шаруа қожалығы мыңғыртып мал өсіріп отыр. Баянауыл бес күндік туристерге ғана қызық. Бірақ, қызыл тасты тауларына бұғы өсірмесең, малға қолайсыз. Далба болса – жылқының өрісі. Таудың рахатын көріп отырған фермердің бірі Сембай Адамбеков екен. Нағыз ауыл шаруашылығының маманы. Туған жерге туын тіккен азамат. "Кейінгі кезде малды бей-берекет өсірмей, тұқымын асылдандырдық" дейді. "Жем-шөпті ертерек қамдап алуды үйрендік" дейді. Есімізге түсті, бірнеше жыл бұрын осы өңірде қыста мұз қатып, мал қырылғанын телеарнадан көрсетіп едік. Содан сабақ алыпты.

Сембай туған жердің тарихына жетік. Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Құрманбай абыз, Шәмен ата жөніндегі әңгімелерді таңға тоқтамай айтады. Тіпті Имантайдың Қанышы қалай туғанына қатысты тарихты біледі. Имантай бірде түс көріп, оны жорытпаққа Қоңыр әулиеде шырақшы болып отырған Құрманбай бабаға келіпті. Байыппен тыңдаған баба: "Енді еліңе қайт. Бір жесір әйел бар екен, соған үйлен. Үш перзент сүйесің" депті. Үш перзенттің бірі – ұл дүниеге келгенде оның атын азан шақырып қойғызуға Мәшһүр Жүсіпті шақырыпты. Мәшекең сәбидің құлағына үш рет "сенің атың Ғабдол Ғани" депті.

Қазақ тарихындағы тұлғалар азан шақырып қойған атымен емес, анасының еркелеткен атымен қалатыны ғажап. Мұхамед-Қанапияңыз – Шоқан, Ибрагиміңіз – Абай болып әлемге танылды, ендеше Ғабдол Ғанидың Қаныш болып жарық жұлдызға айналғанына таңданбассыз. Айтпақшы, Шоқан алғаш "Бұқар жырау айтты" деген толғауды жазып алған. Құрбанғали Халидиден ондаған жылдар бұрын.

Мәшһүр Жүсіп болса: "Абылай ханның тұсында Қаржастан Алтынторы Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау деген қария болған. Қара сөзі жоқ, ауызынан шыққан сөзінің бәрі жырлаумен шығады екен" деп жазып қалдырған. Сөзі ғана емес, ісі де мәнді ғұлама ғой, Бұқар жырау жерленген жерге арнайы серек тас қойған. Ел есін жиған тәуелсіздік тұсында мұнда кесене орнады, музей салынды. Әлгі Мәшекең орнатқан белгі тас – музейдің ен құнды жәдігері.

Осы өңірдің тағы бір айтулы тумасы Жаяу Мұса да "Бұқар бабаның сөзі еді" деп бір жырын қалдырған. Оны жырау Жасыбай батыр қалмақ қолынан қаза тапқанда соңында қалған халыққа арнапты:

Тыңда мені, ерлерім,

Жау аса алмас белдерім,

Ердің қанын қанмен жу,

Сендер едің сенгенім.

Бізді бастап жүрген Сембайдың айтуынша, осы кесененің, музей мен шырақшы үйінің құрылысы жүріп жатқанда Баянауыл мен Қарағанды арасына жолаушылап өткендер "Бұл жерде кім жерленген?" деп сұрайтын көрінеді.


Жергілікті фермер Сембай Адамбеков Бұқар жырау музейінде

Жергілікті фермер Сембай Адамбеков Бұқар жырау музейінде / Автордың фотосы


– Орыстар аялдап құрылысқа қолғабыс етеді, ал қазақтар "Асы қашан беріледі, бәйгеге не тігіледі?" деп сұраумен шектеледі, – деп күлген жол бастаушымыз.

Қызық, дала сол қалпы, Далба сол қалпы, ал қазекемнің санасы қалай өзгерген? Кезінде Бұқар да, Шортанбай да, Дулат та бекер дабыл қақпағанын сонда түсінесіз.

Біз барғанда кесене қайта жөнделіпті. Ммузей ғимаратын жөндеу енді аяқталыпты. Прораб Ерлан Жақсыбаев бәрін тиянақтап, шырақшы Мереке Уәлиевке табыстап жүр екен. Кесененің түсіп қалған мәрмар текшелерін қайта орнына қойған. Қоршауды да түзеткен. Музей мен шырақшы үйінің іші-сыртын жаңалап шыққан.

Иә, бәрі ескіреді, тозады. Мәрмарың да мүжіледі. Тозбайтыны – сөз. Оның ішінде Бұқардың айтқаны.

Өмір бойы өлеңмен тіл қатып, "көмекей әулие" атанған бабамыз соңғы сөзін ғана қара сөзбен қалдырса керек: "Мен Асан Қайғы болған жердің бәрінде болдым, сонда берекелі, ынтымағы жарасқан қазақ елін көрдім. Мүрдемді Әзірет Сұлтан басына апарып әуре болмай, ата-бабамның қыстауы Далба тауының етегіне қойыңдар. Сарыарқаның киесі болып жатайын".

Дана

Баяғы мектепте Абайды оқығанымыздан бері ойымызда бар:

"Шортанбай, Дулатпенен Бұқар жырау,

Өлеңі бәрі жамау, бәрі құрау...".

Абайлап қарасаңыз, үш ақын – ауыз әдебиетінің өкілі де, Абай – жазба поэзияның бастаушысы. Өлеңнің айтайын дегені – осы. Қазақ өлеңін қалыпқа құйған Абайдың олай айтуға хақысы бар, бірақ одан үш жырау төмендеп қалмайды. Олар ауыл арасында жыр айтып пайда көздеген жоқ, жерді қорғауға шақырды, солтүстік пен шығыстан шыққан қатерден сақтандырды. Жоңғарды мәңгілікке жеңгенде ғана тыныс ашыларын түсіндірді.

Айбалтасын алтынмен булатқан,

Еңсесі биік ақ орда

Салтанатқа орнатқан.

Болаттан шеге соқтырып,

Шаңырағын торлатқан.

Үшбу барлық бектерін

Мəслихатқа топтатқан.

Табандасқан дұшпанға

Күнінде қылыш шауып өткерген!

Міне, елдікке шақырған өлең осылай көмекейден төгілді. "Айбалтасын алтынмен булатқан" немесе "Күнінде қылыш шауып өткерген" деген жолдардың буын саны басқалардан көп болғандықтан, жазба әдебиеті үшін кемшілік болып көрінуі мүмкін, ал, Бұқар заманында осылай сөйлегенде ғана жұрт тыңдап, құлақ асатын болған.

Әр-беріден кейін жазба әдебиетіне өлшем болатын өлеңдерді осы үш ақыннан табуға болады. Бұқардан қалған мына шумақты тыңдаңыз:

Қыста соғым соймаған,

Марқа етіне тоймаған

Ас қадірін біле ме?

Бөрілі таудан аспаған,

Бедеуге қамшы баспаған

Ат қадірін біле ме?

Жайлы жерге жатпаған,

Дəмді тағам татпаған

Жат қадірін біле ме?

Буыны түгел, өлшемі өрнекті. Жазба әдебиетінде жүргендер қызығатын, қызғанатын өлең үлгісі осындай-ақ болар.Тағы бір мысал:

Қамшылатып жүгірген,

Шабан емей немене?

Айтқаныңды білмесе,

Жаман емей немене?

Сұрағанда бермеген,

Сараң емей немене?

Кісі ақысын көп жеген

Арам емей немене?

Кейінгі Қадыр Мырза Әли мен Жұмекен Нәжімеденовте осы тектес шымыр шумақтар кездеседі. Бастауы қайда жатыр десеңізші?!

Мана Бұқар жырау Абылайға дейін қазақтың жеті ханының ісін жырлаған дедік, соның алғашқысы Тəукенің ұлы қаза тапқанда хан аза тұтып, ешбір іске ден қоймай жатыпты. Сонда жас Бұқар былай депті:

Ханымыз отыр аһ ұрып,

Халқымыз отыр бас ұрып.

Сабаны əкел ордаға,

Құранды оқыт молдаға.

Бұрынғы өткен бəрі өлді,

Қарсы болма Аллаға.

Осы сөздер ханның тізгінді қайта қолға алуына ықпал етсе керек. Өзінің қартайған шағында ауыр халде жатқан Қабанбай батырдың көңілін сұраған толғауы да сұрапыл. Жалпы көңіл сұрау – қазақ дәстүрінің бірі. Ал жасы кіші батырдың көңілін сұрау арқылы Бұқар жырау Қабанбайдың қазақ үшін қаншалықты құнды, қадірлі екенін аңғартады. Өлеңінде ол құндылықтың дәл бағасы бар:

Арғыннан айттым жүз кісі,

Найманнан айттым жүз кісі,

Үйсіннен айттым жүз кісі,

Үш жүз кісі болар ма?

Айналайын, Қабанбай,

Құрбаныңа атағам,

Қара мойын бір лағың.

Бұл дүниенің қарты едің,

Əулиенің арты едің,

Батырлардың мəрті едің,

Айналайын, Қабанбай,

Қайда болар тұрағың?

Міне, қай жағынан қарасаңыз да Бұқар – даналық өлшемі. Содан шығар Ұлы жыраудың биылғы 350 жылдық мерейтойына шыққан кітапша "Бабадан қалған дана сөз" деп аталыпты. Өкінішті жері, жинақ тым жұқалтаң екен. Ширек ғасыр бұрынғы Мұхтар Мағауинның мақаласы бұдан көлемді де жан-жақты еді. Сол сияқты Бұқар жыраудың музейі жұтаң. Беріде шыққан кітаптар мен газет мақалалары мен фотолар қойылған үш бөлмедегі іліп алары – манағы Мәшһүр Жүсіп әкеліп орнатқан серек тас.

Бұл да манағы ойды тиянақтағандай: жыраудан қалғаны – жауһар сөз, далада сақталғаны – белгі тас. Басқасы бекер-ау. Қабанбайға қойылған Бұқар жырау сауалы – "Қайда болар тұрағың?" дегеннің жауабы ше? Халқының жүрегінде! Тура біздің алдымызда осында тәу етіп, бата жасап, дастархан жайып кеткен белгісіз жолаушылардың жоралғысы соның дәлелі.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров