Прямой эфир Новости спорта

Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралы

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Қазақстанның біраз өңірінде он күннен бері боран соғып тұр. Публицист Қайнар Олжай қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбында ой қозғады.

Ғашықтарды ажыратқан боран

Боран. Бұл – қазақтың, оның ар жағындағы көк түркінің төл сөзі. Ықпалды болғаны сондай, славян тілдеріне еніп кеткен. Керек десеңіз, "буран" сөзі орыс ақыны Пушкиннің "Капитан қызы" шығармасында кездеседі. "Ну, барин, – закричал ямщик, – беда-буран!" Ол – жазық далада мен қалың ағашы жоқ қыратта болатын табиғи құбылыс. Орыс орманында алай-дүлей боран бола қоймайды. Өздері "метель" дейтін, біздіңше бұрқасын соғып тұрады.

Әлгі Пушкиннің "Метель" атты хикиясы да бар. Оны Шәкерім Құдайбердіұлы өлеңдетіп аударған. "Бұрқасын" емес, даланың мінезімен "Боран" деген. Дастанның мәтінінде біраз "борандатқан":

...Хат тастап, иесіз үйге амандасып,
Жөнелді бақша жақтан есік ашып.
Қараса, алай-түлей қатты боран,
Қалың қар жердің бәрін қалған басып.

...Күшейді соққан боран барған сайын,
Сүйтсе де көшір білді жүру жайын.
Бұл қыздар сол бетімен бара тұрсын,
Владимир қайткенін баяндайын.

Дастанда некесін жасырын қидырту үшін екі ауылдан шыққан қыз бен жігіт тап болған боран қисынды суреттеледі. Шәкерім қатты шабыттанып аударса керек, оқиғаның желісі сақталғанмен, көркемдік кесте өте келісті. Кейіпкерлердің Гаврило, Владимир, Мария сынды орысша аттары, поп пен шіркеу ұғымдары болмаса қазақтың өз ортасындағы оқиға іспетті. Ат шана мен ақ түтек ежелден құлаққа сіңісті, көзге таныс көріністер емес пе.

Оқи отырыңыз: Ресейдің сәтсіз сынақтарының көбеюі Қазақстанға қауіпті күшейтіп тұр

Мынау арада қаншама жыл өтіп, орыс пен француз соғысына кейін жігіттің сол түнді еске алғаны:

Аздан кейін шанамыз қарға толды,

Адасып біле алмадық, жүрер жолды.

Кейде қарға кіреміз, кейде орманға,

Бекет түгіл, ел табу қиын болды.

Пушкин мен Шәкерімді кісі қолынан қаза тапқаны ғана емес, боранды суреттеуі де ұқсас ететін сияқты. Сонымен бірге осы көрініс 2020 жылғы 17-27 қаңтар аралығында Қазақстанның солтүстік пен шығыс аймақтарында сапарға шыққан жолаушыларға таныс. Жалғыз айырмашылық – ат шананың орнында автомобиль екені ғана.

Боран мен махаббатты байланыстырған ақын неге жалғыз Пушкин болсын, қазақта да бар. Сағи Жиенбаев. Өте өзгеше сыр мен сыңғырға толы жыры жылдам, жеңіл оқылатындықтан үзіндісін молынан келтіру керек.

...Қоштасып қырлар көп гүлмен

Жер бетін қырау жапқанда.

Атыңды жазып кеттім мен

Алғашқы жауған ақ қарған.

Түспеді көзің оған да,

Саған да жаным, жоқ өкпем.

Сол күні соққан боранда

Қар басып қапты кенеттен.

...Гүл басты қанша бөктерді,

Бұрқады талай ақ боран.

Атыңды менің мен енді

Кеудеме жазып сақтағам.

Махаббат пен боран арасындағы байланысты осымен тәмамдап, сол махаббаттан туатын сәби мен боран арасындағы жәйттерді сөз етелік.

Сәби іңгәлаған боран

Шәкерімнен бұрын туып, кеш танылған Жамбыл да өлеңінде бұл құбылысты жыр еткен. Өзінің сондай боранды күні дүниеге келгенін айтып кеткен.

Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей, көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым сонан.

Бір шумақта қанша тарихи ақпарат тұнып тұр десеңізші! Елге үрей сепкен, көк найзалы жау – қоқаңдаған Қоқан ханы. Географиялық жағынан тағы біршама дерек жатыр. Хан тауы әлі аталып жүргенмен сол өңірде Жамбыл мен Байғара атты таулар барын осы өлеңнен білеміз. Ең бастысы – азаматтық хал актілерін тіркеу жоқ, тууы туралы куәлік берілмейтін заманда Жамбылдың жылдың қай мезгілінде туғанын білуге болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Париж климат келісімінің талаптарын неге орындамай отыр?

Қысқы боранда туғанның бірі – ақын Ізтай Мәмбетов. Онысын ерекше өлеңмен өріп берген:

Мен туыппын ақпандатқан боранда
Кім біледі, бәлкім, әлде содан ба?
Алақұйын мінезім бар ашулы,
Қапелімде басылам да, болам да!

...Сүйе алмадың кей ашуды кешіре,

Қоштас күліп, қамығасың несіне.
Бұрқ-сарқ еткен ақ боранды күн болса,
Алғайсың тек сонда мені есіңе.

Аты Боран болғандықтан қыста туғаны талассыз батырымыз да бар. Боран Нысанбаев. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаудың оқ боратып тұрған оқпанына кіріп гранат бумасымен жарған. Отызға жуық фашисті өзіне жастық етіп ала жығылған. Ерлік көрсету уақыты да боранды ақпан айында болыпты. Мұндайды "атына заты сай" десе керек.

Тағы бір қазақ батыры, әттең соғыста лайықты "батыр" атағы берілмей, тек ордендермен оралды. Екі аяқ пен бір қолды беріп қайтқанмен алдымен мұғалім, кейін мектеп директоры болды. Құрсап қойған ағаш аяқпен жүрседе қазақ ауылдары арасында алғаш екі қабатты мектеп салғызған – осы кісі. Құмаш Нұрғалиев. Бұл кісінің боранға не қатысы бар дерсіздер, табандылықпен еңбек еткен ауылының аты – Боран болатын.

Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе

"Лениншіл жас" газетінің Орталық Қазақстан аймағы бойынша өз тілшісі қызметінде жүргенімізде Қарағанды облысының Нұра аудандық комсомол комитетін Боран Рахымбеков деген жігіт басқарды. Біздің бірер мақаламызға кейіпкер болды. Беріде ел астанасы Сарыарқа төсіне орныққанда Әділет министрлігінде, биліктегі саяси партияның аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Оның да боранды күні туғаны талассыз.

Одан соң "Егемен Қазақстан" газетінде жұмыс істегенімізде он тоғыз меншікті тілшіміздің бірінің аты – Боранғали болатын. "Боран" сөзіне жалғанған "ғали" жалғауынан-ақ ағамыз Боранғали Ырзабаевтың Орал өңірінің тумасы екені түсінікті шығар. Сол Жайық жағасының тағы бір тумасы Тілекқабыл Боранғалиевпен әлгі газет редакциясында бірнеше жыл бір кабинетте отырдық. Батыста соққан боранда туғандарды осылай аты мен сойынан аңғаратынбыз.

Шығыс жақта найманның бір тармағының ұраны – Боранбай! Бала кезімізде шілікті қылыш етіп, бір-бірімізге "Боранбай! Боранбай!" деп қарсы жүгіретінбіз. Қазір ел астанасында жұмысқа келіп-кететін қалалық автобусымыздың бірінде жол жүру құжатын тексеретін әйелдің сойы жүргізушінің арқа тұсындағы текшеде Боранбаев деп жазылған. Міне, 2020 жылғы 17-27 қаңтар аралығында он күн болды сол әйелге "атаң биыл ақырып тұр ғой" дейміз. "Иә, жарықтықтың мінезі тым қатал еді, қазір мүлде тоқтайтын емес" деп күледі ол. Боранбаевадан "қай жақтансың" деп едік, шығыстың қызы екен.

Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар

Боран мен бала туралы айтқанда ақпанда туған Мұқағалиды ұмытып кетпейік. Бір өлеңі ақ түтек күні жолыққан ауылдасына арналған.

– Мынандай түте тұрған борасында,

Ей бала, өлейін деп барасың ба?

Ағатай ала кетші нағашыма,

Әнеки, анау таудың арасында.

Қандай қайрымсыз жан екенін кім білген, ағатайы шұбар ат жегілген шанасына отырғызбай кеткен:

Батырсып, қайрат жииып жортқан болам,

"Қайт" дейді ақрсы алдымнан соққан боран.

Сонда аға, сен қай жерде бара жаттың,

Шұбардың тұяғынан оқтар борап?

Сонымен боранда туғандарды түгендеп алсақ, боран жайлы жазғандарды жалғастырайық.

Адаммен алысқан боран

Боранды күні жолаушылау махаббат тұрмақ, сол махаббаты сыйғызып тұратын өміріңді үзіп кетуі мүмкін. Оның мысалы көп. Қазақ қазақ болғалы "боранда ұшып өліпті" деген жайсыз хабар ара-тұра айтылып жатады.

Мұндай ауа райында дұрысы үйден шықпаған. Кітап оқыған. Шабытыңыз тасып бара жатса, жыр жазған. Боран жайлы қалай қалам сілтеріңізді қайдам. Өйткені, бірнеше ондаған ақын жазып тастаған. Кейінгілерін ірке тұрып, ірілерін еске алғанның өзінде санамызда бірнеше ақын атойлап тұр. Өзінің мінезі де боран сынды болған Махамбеттен:

Орай да борай қар жауса,

Қалыңға боран борар ма,

Қаптай соққан боранда

Қаптама киген тоңар ма?!

Мұнда боранның басты бір сипаты суреттелген. "Қаптай соғады". Осы теңеуді қазақ ежелден жауға шапқан ерлер мен даланың долы сәтіне ортақ қолданған екен. Сондықтан еркіндік жорығында ел бастап шыққан Махамбеттің аузына түсуі тегін емес.

Оқи отырыңыз: Аралға араша сұрағандар не үшін жазаланды?

Боран мен азаттық қосып өрілген бір өлең Мағжанда бар. Қазақтың ежелгі жанрының бірі – айтыс сипатында. Құс пен адамды айтыстырған. Адам құсқа үйдегі тордың көп артықшылығын айтып, "сонда отыр" деп азғырады.

Ас-суың керегіңше даяр қылам,

Кем-кетік жерің болса, даяр тұрам.

Жаз жетсе – қорқынышсыз, қыс – уайымсыз,

Далада мың қорқыныш, суық боран.

Бірақ құс ас пен суы дайын, қорқынышсыз, уайымсыз торда отырғаннан гөрі басына мың пәле төнетін болса да еркіндігін артық санайды.

Жоқ мырза, бұл мақтаған қапасыңа,

Кірмейін боран, суық лапасыңа.

Бермеймін қалың ағаш, өзен-суды,

Келсе де мың бір пәле бұл басыма.

Өте мағыналы өлең. Шағын құс арқылы тұтас ұлтты тұспалдайды. Бұдан екі жүз елу-үш жүз бұрын да, жиырма бес-отыз жыл бұрын да осы құс сияқты шешім қабылдаған ләзім еді. Торға қамағысы келген адам мен бостандығын бәрінен артық көрген қаршадай құстың айтысының соңы да ойға жетелейді.

Адассаң жазатайым жолдан шығып,

Құр тоңып өлмейсің бе, боран соғып?

Шырағым, оның үшін қорқа қойма,

Жасаған жол көрсетер қайырым қылып!

Не деген керемет түйін! Азаттықты ештеңеге айырбастамасаң, қандай алай-дүлейде Жасағанның өзі жол көрсетіп алып шығады. Мағжанды Мағжан еткен осындай асқақ ойлар ғой!

Мағжанның рухани әрі жерлес інісі Ғафу Қайырбековтен де боран туралы өлең қалды. Бұның жанрын өлең-репортаж деген дұрыс:

Соқты боран, "соқты" деген жай сөз ол,

Көз алдыңда көрінбейді созған қол.

Әппақ болып шыға келді әп-сәтте

Қара асфальттан қасқитып-ақ салған жол.

Ғафу қазақ жырындағы ежелгі теңеулерді жаңалап, үстемелеп беруімен дараланған. Бұрынғылар "ат құлағы көрінбейтін боран" десе, бұл "созған қолың көрінбейтін боран" дейді. Шендестіру жағынан Абайға ұқсайтын тұсы бар. "Қасқиған қара асфальт әппақ болып шыға келді" дегені – соның мысалы. Боран және одан тайсалмай жолға шыққан адамның арпалысын қалай суреттейді:

Адам боран, боран адам алысқан.

Ақ түнекте екі бірдей арыстан.

Минут сайын тұмсықтары түйісіп,

Көкке шапшып, қары талып алысқан.

Біз табиғат туралы фильмнен көретін аң патшасы арасындағы сайыс мұнда адам мен боран айқасы ретінде сөзбен суреттелді. Тағы бір деталь бар: бұрын "қара түнек" деген тіркес айтылып келсе, жаңашыл Ғафуда ол – "ақ түнек". Боранның бұрын болмаған теңеуі.

Оқи отырыңыз: Малдың тұяғы, құстың тұмсығымен тараған

Арқа боранын Қазақстанның кеңдігін көрсетуге қолданған ақын бар. Тұманбай Молдағалиев:

Қостанайдың даласын боран билеп тұрғанда

Ақмешітте алма ағаш ашып жатыр ақ гүлін.

Ел астанасының бораннан есі шығып жатқанда "Ақтауда 7 градус жылы" деп, "Жетісайда жейдешең жүрміз" деп әлеуметтік желіге сурет жариялағандарды көргенде осы өлең ойға түсті.

Шаруаны шайқалтқан боран

Табиғаттың қатал құбылысы жеке өмірмен қатар экономикаға елеулі зиянын тігізеді. 2020 жылдың қаңтарындағы солтүстік, орталық және шығыс аймақтарды шарпыған бораннан әуе қатынасы тоқтады. Ел астанасында тәулік сайын 20-30 бағыттағы ұшақтар қаңтарылды. Автожол жабылды. Қарабас станциясы тұсында күртік қар жолаушылар пойызын рельстен шығарып жіберген.

Бәрібір боранның ең зардабын тартатын – ауыл еңбеккерлері. Онда да мал өсірумен айналысатындар.

Егін егетіндер ерінбесе, боран пайдалы. Ерінсе оларға да залалын тигізеді. Танапқа жал-жал етіп қар тоқтатып қойса, онда боран сол жалды одан сайын биіктетіп береді. Бұл ылғал – астықтың бітік шығуының бірінші кепілі. Ал қар тоқтату жұмысы жүрмеген егіс алқабының қарын боран сыпырып әкетіп, көктемде ылғалсыз қалдырады.

Малшы қауымға бораннан еш пайда жоқ, қайта – қорқыныш. Өзіміз де екі жыл қой бағып, боранға тап болдық. Соның бірін "Қой баққан қиын" атты кітабымызда жазғанбыз. Бірақ жазушы емеспіз. Ендеше классикалық кітаптарда боран шаруаға қалай кесір келтіргенін еске алайық.

Малшы мен қатал қыс арасын көркем бейнелеген – әлбетте, Тахауи Ахтановтың "Боран" романы. Бала кезімізде оқысақ та оқиғасы есте. Прозадан үзінді келтіру қисынды ма екен, сонда да боран басталған сәтті жазушы қалай суреттейтінін қарап көрейік:

"Ұйытқыған боран омырауына, мойнына әкеп жас қарды былш-былш соғады. Бетіне төпелеп үрген қар кірпік астын жасқа толтырып, көзін аштырмайды. Алдыңғы жақ ақ түтек, жаңа ғана теңкиіп тұрған Дөңқара көзден ғайып болған..."

Дөңқара – таудың аты. Мұнда бас кейіпкер Қоспан отарын боранда ықтырмау үшін барын салады. Шопанның жанталаса иірген қойы бірер тәулік ашыққан соң бір-бірінің жүнін, Қоспаның астындағы аттың құйрық қылын жұла бастайды.

Оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры

Бұл рас, өз ауылымызда осындай оқиға болған. Бөкейбек деген шопанның қыстауына бораннан он күндей жол ашылмай, шөп бармай қалғанда қой бір-бірін жүнін жеп, бүйірі жалаңаштанып қалыпты. Сонда Бөкейбек ақсақалға көмекші Манап деген баласының жол аршып, трактормен шөп жеткізген досы, біздің туған ағамыз Амангелдіге "мына жүнді жау жеді ғой" деген сөзі бүкіл ауданға тарап кетіп еді. "Боран" – қазақ даласының батысындағы Ақтөбеден жазылған роман, біз сол даланың шығысында өстік, сонда қазақ даласындағы шопандардың қыстың қаһарына көретін қияметі бірдей болып тұр емес пе!

Мана 2020 жылғы боранның Қарабас станциясында жолаушылар пойызын рельстен шығарып тастағанын айттық. Мұндай жағдай болмас үшін теміржолшылар тыным таппайды. Бұл жәйт өзек болған роман да бар. Қазақ даласынан қырғыз қаламгері жазған. Әрине, Шыңғыс Айтматовтың "Боранды бекет" романы. Біздің тілге Шерхан Мұртаза аударып берген.

Кітаптың әр тұсында теміржолшылар боранның бейнетіне тап болады. "Бір ретте жолды үрінді қардан тазартып, екі тәулік бойы тыным таппай, күртік аршығандары бар. Түн қараңғысында жолға жарық түсіру үшін паровоз әкеліп, шамын жағып қойды". Бейнет болғанда қандай!

Бас кейіпкер, "Боранды" аталатын бекеттің тірегі іспетті теміржолшы Едігенің сұрапыл қыстағы арпалысы тағы бір тұста былай суреттеледі: "Қар борап, боран ұлып, ұйытқып тұр. Бір жағын тазалап жатсаң, бір жағынан үйіп тастайды. Күн суық деген сөз бе, суықтығы сонша бет-ауыздары домбығып кетті. Паровоздың өзін қар доңғалағынан асыра көміп тастады".

Бұл да – еш әсірелеусіз суреттеу. Бала кезіміздегі боранда үйілген қар үйдің төбесінен асып кететін. Бізге керегі – сырғанақ десек, табиғаттың өзі тарту ететін.

Кейінгі уақытта ел астанасының әуежайына боранның кесірі көп айтылып жатыр. Бұрындағы әдебиеттің назарынан бұл да қағыс қалмаған. Шыңғысты аудара жүріп Шер-ағамыз өзінің көркем шығармаларын жазып кетті. Соның бірінде ауру әйелге ерекше дәріні алыстан тауып келген дәрігер енді таяқ тастам жерге үш күн бойы жете алмай ділгіріп тұрады:

"Күн ашық-жарық болса, Көктоғай самолетке қырық бес-ақ минуттық жол көрінеді. Ал Арқаның ақ бораны ұшы-қиырсыз аспан аясымен жер үстінде ойнақ салғанда Көктоғайға самолет ұшпайды, машина тіптен баспайды".

Осы әңгімесінде жазушы аэродромда қаңтарылған ұшақтарды "боранға жон арқасын тосып ықтап тұрған жылқыға" теңейді. Қандай әдемі теңеу бұл.

Сонымен қыста дала долданғанда дұрысы жылы жерде жатып, көркем әдебиетті азық еткен-ау!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров