Тікелей эфир

Әзірге 67 адам. Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға кімдер байқаушы болады?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауға халықаралық байқаушы ретінде бүгін тағы 22 адамды аккредиттеді. Олардың саны әлі де артады.

Осы 22 адамды қосқанда, Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдардан тіркелген байқаушылардың саны 67 адамға жетті. ҚР Орталық сайлау комиссиясы халықаралық байқаушыларды 2019 жылдың 3-маусымы, кешкі сағат 18.00-ге дейін аккредиттейді.

Байқаушылар қандай ұйымдардан тіркеліп жатыр?

Орталық сайлау комиссиясының халықаралық байқаушыларды тіркеуге арналған ашық отырысы бес минутқа жетер-жетпес уақытта аяқталды. Сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев әріптестерімен бірге тиісті қаулыға тез дауыс беріп, залдан асығыс кетті.


ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев / Сурет informburo.kz


– 2019 жылғы 6 мамырда ОСК төрт халықаралық ұйымнан 45 байқаушыны аккредиттеді. Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылып отырады. 2019 жылғы 8 мамырда сыртқы істер министрлігінен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институты және адам құқықтары бюросы миссиясынан ұзақ мерзімді 22 байқаушыны аккредиттеуге ұсыныс келді, – деді қаулының мәтінін таныстырған ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина.

Осылайша, бүгінгі мәліметке сай, халықаралық байқаушылардың саны 67 адамға жетті. Байқаушылар:

  • Тәуелсіз мемлекеттер достастығынан;
  • Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдердің парламентаралық ассамблеясынан;
  • Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институт және адам құқықтары бюросынан;
  • Ислам ынтымақтастық ұйымынан тіркеліп отыр.

Шетелдік БАҚ сыртқы істер министрлігіне тіркеледі

Халықаралық байқаушылардан басқа, Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлаудың дайындығын, оның қорытындысын өз елінде тарату үшін шетелдік БАҚ өкілдері де тіркеліп жатыр. Бір айта кетерлігі, шетелдік БАҚ өкілдерін орталық сайлау комиссиясы емес, сыртқы істер министрлігі тіркейді.

– Сыртқы істер министрлігінде сайлауды жария ету мақсатында 25 шетелдік БАҚ-тың 66 өкілі өтінім бергенін, олардың 37 өкілі акрредиттелгенін мәлімет ретінде атап өтемін. Жалпы алғанда, сыртқы істер министрлігінде тұрақты негізде 28 шетелдік БАҚ-тың 94 журналисі аккредиттелген, – дейді Зәуреш Баймолдина.

Шетелдік байқаушылар: Біз үшін Қазақстан да бір, Америка да бір

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институт жәнеадам құқықтары бюросының миссиясы жалпы 11 адамнан тұрады. Бюро ұзақмерзімді 24 байқаушы мен ЕҚЫҰ-ға мүше елдерден 300 қысқа мерзімді байқаушы сұратып отыр. Ұзақмерзімді байқаушылар ертең, 14 мамырдан бастап Қазақстанның аймақтарында жұмысын бастаса, қысқамерзімді байқаушылар сайлауға бірнеше күн қалғанда келеді.

Миссия байқаушылары екі есеп әзірлеуге міндетті. Біріншісі – аралық баяндама, ол сайлаудың келесі күні алдын ала қорытынды жасала отырып, ұсынылуы керек. Екіншісі, қорытынды баяндама сайлаудан кейін екі ай ішінде Қазақстан билігіне арналған ұсыныстарды қамтып, жазылады.

– Соңғы есептің мақсаты өте маңызды, ол құжатта бір емес, бірнеше ұсыныстың сериясы жазылады. Біз әртүрлі елдердегі 300-ден астам сайлауға байқаушы болдық. Әр елге осындай ұсыныстарды әзірлейміз. Миссия ұстанатын ұсыныстар бәріне ортақ: ол – Қазақстан болсын, Америка құрама штаттары болсын, – деген еді бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы ресми жұмысының басталуына орай баспасөз мәслихатын өткізген миссия басшысы Уршула Гацек.

Бір учаскіге – бір журналист. Ол қандай басымдыққа ие бола алады?

"Сайлау туралы" заңға сәйкес, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сайлау учаскесінде байқаушы ретінде тіркеліп, бюллетендерді санау процесін ашық тарата алады. Сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина журналист сайлау құпиясын сақтаса ғана, ақпарат тарата алады дейді.


ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина

ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина / Сурет informburo.kz


– Бір бұқаралық ақпарат құралының бір ғана өкілі бір сайлау учаскесінде ғана байқаушы ретінде қатысуға құқылы. Өзі фото-бейне түсірілім жасауы керек. Бірақ, сайлау құпиясын сақтай отырып. Бюллетендерді жазбаға түсіріп, сайлау кабинасынан фото-видео түсірілім жасай алмайды. Байқаушы ретінде санауға қатысып, соны ақпарат ретінде тарата алады, – деп түсіндірді заңның нормасын Зәуреш Баймолдина.

Сайлау ашықтығына кепіл болатын мүмкіндіктер неге қолданылмай отыр?

Кез келген қоғам кез келген сайлаудың, әсіресе, президенттік сайлаудың ашық, әділ өткенін қалайды. Оған бақылау жүргізгісі келеді. Шет елдерде сайлау учаскелерінен тікелей трансляция жасау тәжірибесі кездеседі. Бұл заңға қайшы емес. Бірақ, Қазақстанның орталық сайлау комиссиясында әзірге мұндай мүмкіндік жоқ.

– Орталық сайлау комиссиясында сайлау күні барлық сайлау учаскесінен тікелей, яғни, онлайн-трансляция жүргізуге техникалық мүмкіндік жоқ, – Зәуреш Баймолдина.

Сондай-ақ, оның айтуынша, халықаралық ұйымдар өз байқаушыларын қандай учаскеге жіберетінін өздері шешеді, яғни, Қазақстанның ОСК халықаралық байқаушыларға "ана учаскеге барыңыз" деп бұйыра алмайды.

"Аса құпия түрде сақталуы керек". Сайлау бюллетендерінің қауіпсіздігіне кім жауапты?

Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, 9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлаудың бюллетендері әзірленіп қойған. Жеті кандидаттың аты-жөні енген бюллетендер аса құпия жағдайда сақталуы керек.

– Бюллетендер сайлауға үш күн уақыт қалғанда сайлау учаскелеріне тапсырылады. Оларды аумақтық сайлау учаскесіне апару үшін сейфке салып, мөрмен басып, тасымалдау керек. Ол сейф тек сайлау күні ғана ашылады. Сайлау сағат 07.00-де басталады десек, сейф одан бір сағат бұрын сол сайлау учаскесінің мүшелері, байқаушылар немесе олардың сенімді өкілдерінің қатысуымен ғана ашылады, – дейді Зәуреш Баймолдина.

Серіктестер жаңалықтары