Жаңбырлы күн. Тар зал. Ыңғайлы деп коммунистер съезін орысша өткізді
Қазақстанда 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ұсыну мерзімі 28 сәуір күні аяқталады. Бұл датаға екі күн қалғанда Қазақстан коммунистік халық партиясы кезектен тыс XIV съезін өткізіп, өз кандидатын атады.
Съезге бар-жоғы 49 делегат қатысты. Жиналған журналистердің саны делегаттардың санынан асып түспесе, кем емес. Ұйымдастыру алқасы сьездің өтетін жері екі күн бұрын ғана таңдалғанын айтып, тар залға келген адамдарды әрең сыйдырды. Съезд жұмысын ресми тілмен бастап, ресми тілмен аяқтаған соң, informburo.kz тілшісі партияның орталық комитетінің хатшысы, депутат Айқын Қоңыровты сөзге тартты. Айқын Қоңыров съездің негізгі жүргізушісі болды деуге болады.
– Айқын Ойратұлы, неге съезд таза орыс тілінде өтті?
– Ресми тіл.
– Ресми тіл болғандықтан ғана ма?
– Ия.
– Сайлаушыларыңыздың арасында қазақ халқының барын білетін шығарсыздар...?
– Білеміз, білеміз...
– Онда неге тек орыс тілінде?
– Бізге осы тіл ыңғайлы...
"Бұл жолы жеңетініме 100% сенімдімін"
Жамбыл Ахметбеков позитивті адам екенін көрсетті. 2011 жылғы сайлауда халықтың небәрі 1,36% дауысын жинағаны есінде жоқ па, әйтеуір "бұл жолғы сайлаудағы шансым 100%" дейді.
– Естеріңізде болса, 2011 жылы мен осындай саяси додаға қатысқанмын. Ол кезде Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси және мемлекеттік беделі өте жоғары болғандықтан, басқа кандидаттарға қиын болды. Ал бұл жолғы сайлауда кандидаттардың бәріне бірдей жол ашылып тұр.
– Орталық сайлау комиссиясы кандидатурамды тіркеп, лингвистикалық емтиханнан сүрінбей өтсем, декларация мен медициналық тексеруді сәтті тапсырсам, жеңіске жету мүмкіндігім 100%. Қалай болғанда да, өткендегі сайлаудан көп дауыс жинайтыныма сенімдімін, – дейді ол.
Коммунистік партия Қазақстанда нені өзгерткісі келеді?
Жамбыл Ахметбеков делегаттардың бәрі кандидатурасын қолдаған соң, мінберге шығып, партияның негізгі ұстанымдарына тоқталды. Бүгінгі баяндамасы бірнеше мәселелерді ғана қозғаса да, алдағы сайлауалды бағдарламасының мазмұнды, ауқымды екенін атап өтті. Оның бәрін үгіт-насихат науқанында білеміз.
Үгіт-насихат науқаны кандидаттарды толық тіркеу аяқталғаннан кейін, яғни, 11 мамыр, сағат 18.00-ден басталып, 8 маусым, сағат 00.00-де аяқталады.
Сонымен, коммунистік партия сайлауалды бағдарламасында "Таза еңбек – қоғам игілігі үшін" деген девизді ұстанатындарын жария етті. Жамбыл Ахметбеков жеңіске жетіп жатса, Қазақстандағы ауқатты адамдарға "қиын" болатын сияқты.
"Ең бірінші, байларға салынатын салықты көбейтуді ұсынамыз. Орташа жалақы алатын халықтан бірнеше есе көп олигархтарға салықты көбейткеніміз дұрыс. Дамыған шетелдерде байларға 42-45% салық салынады. Бізде ондай адамдардың үлесі 10%, тіпті одан да көп деп ойлаймын".
"ҰБТ – тілі жоқ адамдарға арналған. Оны жою керек".
Жамбыл Ахметбеков сайлауалды бағдарламасындағы маңызды пунктің бірі ретінде – ұлттық бірыңғай тестілеуді жою мәселесіне тоқталды. Оның ойынша, бұндай тест сау баланың емес, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қабілетін анықтауға арналған.
– Ұлттық бірыңғай тестілеуді алып тастауды ұсынамын. ҰБТ баланың ойлау қабілетін көрсетпейді. Бұл тесте бір нүктені дәл тауып қана бер деп тұрған сияқты. Шетелдерде бұндай тест мүмкіндігі шектеулі адамдардың қабілетін тексеруге арналады, яғни, сөйлей алмайтын немесе көре алмайтын адамдардың қабілетін анықтау үшін осындай тест жүргізеді. Сондықтан да біз Кеңес Одағы кезіндегі емтиханға қайтып келу ісін қолға алайық деп отырмыз, – деді Ахметбеков.
"Халық әкімге емес, әкім халыққа тәуелді болсын"
Ахметбековке маза бермей жүрген проблеманың тағы бірі ауыл, аудан, жалпы, жергілікті әкімдердің қазіргі жұмысы екен. Нақтырақ айтсақ, олардың халыққа құрғақ есеп беріп, өзіне тәуелді етіп алғаны.
"Өңірлерде әкімді халық сайлауы керек. Қазір өздеріңіз білесіздер, әкімдер халық алдында есеп бергенде "бәрі жақсы" деп, құрғақ сандарды айтады да қояды. Бұл бір жүйеге айналып кетті. Осыны жою үшін әкімді халық сайласын деген бастама көтеріп отырмыз. Халық әкімге емес, әкім халыққа тәуелді болсын".
Президенттікке кандидаттың дайындап келген бағдарламасында Қазақстанда таралатын интернет контенттің мазмұны да көрініс тапқан. Депутат интернет арқылы батыстың зиянды идеологиясы санамызды улап жатыр дейді.
– Ар-ожданымызға, менталитетімізге, рухани байлығымызға кері әсер етіп отырған – батыстық контенттерді жабуымыз керек. Өйткені, олардың әсерінен біз өз құндылықтарымызды жоғалтып барамыз. Еркек пен еркек үйленіп, әйел мен әйел құшақтасатын дүниелер еркін көрсетіліп жатыр. Сондықтан, партия кітап оқу дәстүрін жаңғыртып, интернет контентке бақылау жасауды ұсынады, – деді ол.
"Қара белбеуім күшейді". Жамбыл Ахметбеков спорта та, саясат та да тәжірибем көбейді дейді
2011 жылғы сайлауда халық Жамбыл Ахметбековті "каратист" ретінде таныған еді. Өйткені, ол үгіт-насихат жұмыстарында өзінің қара белбеуін көрсетіп, сурет, ролик жариялаған. Арадағы сегіз жылда Ахметбековтің қара белбеуі күшейіп, федерация президенті атанған.
– Ол кезде каратэден бірінші дәрежелі қара белбеуім болса, қазір екінші дәрежелі қара белбеуім бар. Бірінші рет сайлауға түскенде халық мені таныған жоқ. Сондықтан, спорт пен өнерде, отбасында қандай адам екенімді көрсету үшін сондай әдісті қолданған едік. Қазір мен өз-өзімді жетілдірдім. Республикалық Ушу (Кунг-Фу) федерациясының президентімін, – дейді журналистердің сұрағына жауап берген ол.
Айта кетейік, Жамбыл Ахметбеков 1961 жылы 11 ақпанда қазіргі Ақмола облысы Қорғалжың ауданы Жантеке ауылында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институты мен Қазақ менеджмент, экономика және болжау институттарын тәмамдаған.
1983 жылы Қорғалжың совхозының механигі болып жұмысын бастаған ол 2012 жылдан бері парламент мәжілісінің депутаты.