Тікелей эфир

"Жұртта қалған" ғылыми-зерттеу институттары жұтап отыр

Ғылым ордасы сайтынан
Ғылым ордасы сайтынан
Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары негізінен Алматыда. Астана көшкенде жұртта қалған олардың қазіргі жағдайы ғалымдарды алаңдатып отыр.

Алматыда қарашаңырақты бағып қалған ғылыми-зерттеу ошақтары жетерлік.

Атап айтқанда Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология, ұлттық география, А.Байтұрсынұлы атындағы ұлттық тіл білімі, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер, Ә.Марғұлан атындағы архология институты қатарлы гуманитарлық бағыттағы институттардың атын атауға болады.

Жалпы бұрынғы ғылым академиясының құрамында болған 40-тан астам академиялық иниституттар Алматыда қалды. Мысалы, ұлттық экономика институты, тау-кен зерттеу институты сияқты гуманитарлық емес ғылыми-зерттеу институттары тіпті көп.

Астананың орталықтары Алматыдағы институттардың несібесін жеп отыр ма?

Институттардың мемлекеттік атқарушы органдардан алыс болуы, келіп-кетуге қажетті шығынның көптігі – бюджетке салмақ түсірген. Білікті ғалымдар да Астанаға келмеген соң, дисбаланс пайда болып, жетекші ғылыми-зерттеу саласы ақсап тұр. Сол себепті, үкімет те Алматыға шапқылауды қойып, көптеген тапсырмаларды Астанадағы орталықтарға не ғылымнан алшақ саяси институттарға беруде.

Кешегі дау болған Әліпби мәселесінде де бұл үрдіс қатты байқалды. Яғни Әліпбиді Алматыдағы тіл білімі институты емес, Астанадағы бір орталық дайындапты. Тіпті оның басшысы тілі білімі маманы емес – әдебиетші-филолог!? Осымен екінші рет ұсынылып отырған әліпбидің екеуіне де А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының қатысы шамалы болып шықты. Тек аталмыш институт директорын Астанаға шақыртып алып, тапсырма беріп отырған. Бұл туралы БАҚ-тар да жарыса жазды.

Ендеше, басшысы Астанада, ұжымы Алматыда қалған

Естеріңізге сала кетейік, Ерден Қажыбек мырза басшылық ететін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ұжымы Алматыда қалған. Өзі әліпби әңгімесі шыққалы Астанада қонақ үй жағалап жүруге мәжбүр.

Бір өкініштісі осымен екінші рет ұсынылған әліпбиді де дайындауға қатыса алмаған институт оны дәріптеуге шақырып отыр. Әліпбиді дайындаған топтың атынан аталмыш институт басшысы пікір беріп, үгіт жүргізіп жатыр.

Міне бұл институттың жұмысын да әлдебір орталық атқарып отыр деген сөз. Яғни, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы тұтас бір институттың алдын орап кеткен.


Қазақстанның орталық коммуникациялар қызыметінде сұхбатта отырған Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов пен А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтның аға ғылыми қызметкері Әлімхан жүнісбек

Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов пен Тіл білімі институтның аға ғылыми қызметкері Ә.Жүнісбек / Орталық коммуникациялар қызметі мұрағатынан


Өйткені Астанаға орналасқан орталық атқарушы билікке кез келген уақытта жұмыс жасауға ыңғайлы. Ендеше, "Рухани жаңғыруға" өз деңгейінде үлес қоса алмаған, "Латынға көшуге" ешқандай пайдасын тигізбеген Тіл білімі институты кімге керек? Неге оның функциясын басқа, кәсбилік дәрежесі өте төмен орталықтар атқаруы керек деген сауал туады.

Себеп көп...

Біз мәселені ғалымдардан, институт қызметкерлерінен де, директорларынан да сұрап көрдік.

Ең алдымен академиялық институттарға мемлекеттік қолдау, қаржы көзі жеткіліксіз.

Екіншіден, ұжымдағы нақты мәселелерді, бағдарламаларды Орталық атқарушы билікпен қатар отырып талқылауға мүмкіндіктері жоқ. Себебі, Үкіметке қашықтағы ғылыми орындармен байланысудан гөрі Астанадағы орталықтармен қоян-қолтық жұмыс жасау ыңғайлы.

Үшіншіден, ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерінің Астанаға күнде барып, министрліктердің табалдырықтарын тоздыруына қаржылары жетпейді.

А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек мырзаның айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін тырысып жатыр. Алайда әлі шешімін таппаған. Енді, тым болмаса Астанадан өкілдік немесе бөлімше ашуды көздеп отыр.

Бұл Алматыдағы гуманитарлық бағыттағы институттардың бәрінің басында бар ауру.

Жас ғалымдар Астанада

Осылайша, өз ролдерін төмендетіп алған ғылыми-зерттеу институттарына жас ғалымдар да бармай отыр. Себебі, жалақысы мардымсыз, қызметте өсу мүмкіндігі де шамалы "жұртта қалған" институттарға барғаннан гөрі Астанадағы орталықтарды жағалау тиімдірек. Мұнда ақша табамын деген жас ғалымдарға мүмүкіншілікте мол екені белгілі.

Енді бір жағынан, бұл институттар үкіметке тіке қарайтындықтан, Алматы қаласынан тұрғын үй беру де қиын. Алматы әкімі бұл мәселені шешпейтінін де айтыпты.

Сонымен, аталмыш институттарда жаңа заман талабына үйлесетін жас таланттар да тапшы.

– Мен басшылыққа келгелі міне, үш ай болып қалды. Біз өз әлімізше министрліктің тапсырмасын орындауға тырысып жатырмыз. Үкіметтің, президенттің "рухани жаңғыру" бағдарламасына өз деңгейімізде қызмет көрсетуіміз керек. Қазір заман тілін, ғылым тілін және ағылшын тілін білетін жақсы кадрларды табу қиын болып тұр. Іздестіріп жатырмыз. Білікті жас ғалымдар Алматыға келуден бас тартады, ал Астанада жұмыс таппай қаптап жүр. Мысалы, "Болашақ" бағдарламасын тәмамдағандардың көпшілігінің Елорданы паналап жүргені белгілі. Назарбаев университет те бас қалада орналасқан, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов.

Ел астанасының көшуімен зерттеу институттары да құлады

1997 жылы басталған астананың көші-қоны институттарға да ауыр тиіпті. Барлық институттардың штатының жарымынан астамы қысқарған. Бұрынғыдай қаржы бөлінбеген соң ғалымдар да тентіреп кетіпті. Оның үстіне 1200 шақырым алыстағы Астанаға қарай-қарай үміттері де азайған. Әзірге жабылып қалмай, аз да болса жұмыс істеп тұр.

Жүсіпова Алма Көкбайқызы, Орта Азия университеті шет тілдері кафедрасының меңгерушісі, профессор: "Мен бұрын М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ұзақ жыл қызмет істедім. Астананың көшуі – біздің институттың қызметіне де қатты әсер етті. Атап айтқанда қаржыландыру нашарлап, жас ғалымдар мен академиктердің бір бөлімі Астанаға кетті. Сонымен кадр тапшылығы туындады. Мәдени рухани дамуымызға қызмет ететін институттардың осындай қараусыз қалуы – еліміздің рухани жаңғыруына да пайдасын өз деңгейлерінде жеткізе алмай отыр".

Алма ханымның айтуынша, институттардың мүмкіндігін үкімет толық пайдалана алмай отыр. Мысалы, мәдени-рухани санамызды көтеруге қызмет етуге тиісті институттар үкіметтен де, солтүстіктегі шекара өңірлерден де алыс әрі ол жерлерде бөлімшелері жоқ.

Экономиканы зерттеу институты Үкіметтің қасында болып, барлық экономикалық процестерді зерттеп, талдап, статистика мен ұсыныстарды дер кезінде республикалық басшылыққа жетікізіп отырса, қазіргі туындап отырған көмір, бензин даулары болмайтын да еді.

Тіптен экономикалық түзіліс реформасын да әлі күнге дейін жасай алмай, Астанадан түсетін пәрменді ғана күтіп отыратын күйге жеткен.

Институттардың солтүстіктегі сепаратистік пиғылдарға қарсы тұруда ролі зор болу керек

– Солтүстіктегі облыстарымыздың адамы аз. Шекара өңірлерде де зерттеу жұмыстарын жүргізіп, халықтың тарихи санасын, ұлттық, патриоттық сезімін ояту керек. Ол үшін тарих, археология, этнография саласының атқарар ролі зор. Сондықтан Алматыдағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметін жүйелеп, орталықтандыру керек. Оларды Астанға көшіру керек. Тіптен солтүстік облыстардан да бөлімшелерін ашса, жақсы болар еді, – дейді Алма Жүсіпова.

Рухани жаңғырудың исі де мұрнына келмейтін адамдар маңызды бағдарламаларға басшылық етеді

– Гуманитарлық институттар Алматыда қалды. Мықты академиктер, ғалымдар Астанадан алыс. Нағыз "Рухани жаңғыру" бағдарламасына жұмыс істейтін институттардың жағдайы өте нашар, орталықпен байланыс та әлсіз. Сонымен маңызды жобалар мен зерттеуге олар қатыса алмай отыр. Тіптен көптеген зерттеу жұмыстарын, жобаларды іске асыруды, әсіресе тарихпен тікелей қатысты жұмыстарды тарих пен рухани саланың иісі мұрнына бармаған саясаткерлер мен басқа топтар атқарып жатыр, – дейді академик, түрколог, Қаржаубай Сартқожа.

Ағамыздың сөзінің төркіні бекер емес. Енді Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізуді құзырлы орган Астанадағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтына тапсырыпты. Егер тарихқа қатысты институттар Астанада болғанда мүмкін басқаша болар ма еді?

Ғылыми-зерттеу жұмысының Астанадағы потенциясы мен сапасын көтеру керек

Жастарға тәлім беріп, ғылыми-зерттеуді алға сүйрейтін тәжірибесі таудай ғалымдардың Алматыда қалғаны да әсер етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары сарапшы іздегенде амалсыздан Астанада жүрген санаулы ғалымдарға қайта-қайта жүгінуге мәжбүр. Астананы жағалаған жастарға да жөн сілтеп, жетелер аға мамандар кемшін.

Қаржаубай Сартқожаұлы ағамыздың айтуынша, күнде сараптама жасауға шақыра беретін телеарналар мен радиолардан шаршаған.

Ал дайын пәтер мен жұмыс орны болмағасын тәжірибелі ғалымдардың Астанаға бармайтыны белгілі.


Кеңес Одағы кезіндегі ҚазССР Ғылым академиясы кезінде үкіметтік қолдау күшті болған

Кеңес Одағы кезіндегі ҚазССР Ғылым академиясы кезінде үкіметтік қолдау күшті болған / google.kz


Академиялық институттарға көшіру емес, қаржылық қолдау керек

"Алматыда мұрағат, мұражаймен қатар ғылыми потенциал, ғылыми позиция, ғылыми элита бар. Оның үстіне бүкіл ел Алматыны ғылым ордасы санайды. Алматыда Ғылым академиясының құрамында болған қырықтан астам академиялық институттар бар. Бір ғылым ордасын құру үшін екіншісін құртудың немесе көшірудің не қажеті бар? Сондықтан ғылым орындарын дұрыстап қаржыландыру керек. Қаржы болса бүкіл проблемалар шешіледі" – дейді энограф, тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкері Бабақұмар Қинаят.

"Қажет болса Астанадан жаңасын құрсын"

Бабақұмар ағамыздың айтуынша, керек болса, Астанадан тағы да сондай жаңа институттар құру керек екен. Сонда өзара бәсеке болады, ғылымның дамуына жаңа серпін береді. Астанадан жаңаларын құруға шама келмесе, бөлімшелерін құрғаны дұрыс. Қазір интернет заманы болғандықтан, бірлікте жұмыс жасаудың еш қиындығы жоқ.

Бабақұмар ағамыз Астанағы ұлттық мұражайдың қалай құрылғанын еске салды. Сол кезде кей адамдар Алматыдағы орталық мұражайды Астанаға толық көшіру керек деп те ұсыныс білдірген. Алайда бұл әлемдік тәжірибе мен стандартқа қайшы. Мысалы Германияда әр миллион тұрғынға 61 мұражай келеді екен. Ал елімізде бар болғаны алты мұражайдан ғана. Сонымен үкімет орталық мұражайды Алматыда қалдырып, мұнда жаңадан ашқан. Сол секілді тарихи базасы бар академиялық ғылыми-зерттеу институттарын қалдыру керек әрі қаржыландыруды қолға алған дұрыс.

"Сакральді Қазақстан" ғылыми-зерттеу орталығының құрылғаны да тегін емес

"Сакральді Казақстан" ғылыми-зерттеу орталығы Астанада құрылды.

Біздегі тарих және этнология, география институттары не істеп отыр? Шынын айтқанда "Рухани жаңғыру" ісінің авангардтары болуға тиісті ғылыми-зерттеу институттары, академиктер мен ғалымдар Алматыда. Орталықтан алыс болғандықтан қаржылық және барыс-келіс мүмкіндігі шектеулі болды.

Сонымен, Үкімет өздеріне қажетті орталықты жақыннан құрғаны белгілі. Алайда академиялық институттарды ескерусіз қалдыру ұнамсыз жағдай.

Біз көш десе көшеміз, қал десе қаламыз

– Институттағы барлық қызметшілерге жұмыс тауып беріп, деңгейімізді бұрынғы қалпына келтіру – үлкен жұмыс. Рухани жаңғыру – біздің тарихи санамызды жаңғырту екенін ойласақ бізге түсер салмақ та ауыр. Сол үшін Үкіметпен тіке және қоянқолтық жұмыс істеуіміз тиісті. Десе де Астананың алшақтығы да, қаржы мәселесі де жұмыс сапасына әсер ететіні белгілі ғой. Ал әлемдік тәжірибеде, бұндай маңызды институттардың бәрі үкіметке жақын жерге орналасқан. Біз де мүмкін болса, бір бөлімшемізді Астанда ашып, үкіметпен бірге қимылдап, көмекшілік және жетекшілік ролімізді атқарсақ керемет болар еді, – дейді Зиябек Қабылдинов.

– Мысалы, біздің өкілдігіміз Астанада болып, бір орынбасарымыз сонда отырса, үкіметпен, қаржы секторларымен қоян-қолтық жұмыс жасар едік. Солтүстік облыстарға да шығып, рухани жаңғырудың самалын сонда да соқтырар едік.

Кей институттар Астанадан өкілдік ашып жатыр

Кей институттар осындай ортақ мәселерді шешу үшін Астанадан өкілдіктерін ашуды қолға алыпты. Мысалы, Ә.Марғұлан атындағы архология иниституты.

Тіптен, бұл мәселе бірнеше айдан бері Астананы жағалап жүрген А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директорының да бас ауруына айналғаны белгілі болды. Осымен екінші рет тұтанған әліпби дауы – институттың бұл мәселеге толыққанды араласа алмауынан туындаған болуы да мүмкін.

Демек, Алматыдағы аталмыш ғылыми-зерттеу институттарын не орталық атқарушы билікпен өзара қызметін күшейтетін тетік жасау керек, не біржолата Астанаға көшіру керек.

"Жұртта қалған" институттарды жарылқағысы келсе ЭКСПО-ның ғимараттарының бір бұрышы жеткілікті

Академиялық институттардың көбінде Астанада арнаулы бөлімшелері жоқ. Астанамен байланысы тек телефон арқылы немесе пойыз арқылы ғана жалғасып отыр.

Шынын айтқанда, Экспо-Астана көрмесінен қалған ғимараттардың бір бұрышы мен бір тұрғын үй кешені арқылы ғана осы институттарды жарылқап тастауға болады.

Атқарушы билікпен ішкерлей араласып, түрлі ғылыми жиналыстарға еркін қатысса – жұмыстары да жүріп, ролдері де артар еді.

Президент алға қойған "Рухани жаңғыру" ісіне үлес қосуға да қауқары шектеулі. Қысқасы, қаржы аз, еңбекақы мардымсыз, өсім жоқ.

"Үндемеген үйдей пәледен құтылады" дегеннің күнін кешіп, Алматыда тыныш отыр.

Не істеу керек?

Бұған бірнеше түрлі варианттарды ұсынуға болады.

Біріншіден, ең ұтымды тәсіл – аталмыш институттарды Астанаға көшіріп, Алматыда бөлімшелерін қалдыру.

Екінші тәсіл – Институттарды көшірмеген жағдайда, Астанадан толық қанды жұмыс істеуге мүмкіндік беретін өкілдік не бөлімше ашу.

Үшінші тәсіл – жоғарыдағы екі тәсіл орындалмайтын жағдайда, бюджеттен қаржыландыру мәселесін қайта қарау және мемлекеттік маңызды жобаларға қатысуға мүмкіндік беретін тетіктерді қарастыру керек.

Төртінші тәсіл – Астанадан жаңа ғылыми база құру. Себебі, ғалым қашанда елге керек. Сонда бәсеке болады, өзара байланыс, даму болады. Астанадағы жас таланттарға да жаңа мүмкіндіктер ашылар еді.

Тағы бір ескерер жағдай, институттарға жас, іскер басшыларды тағайындау арқылы да жұмыстарын жандандыруға болады. Сондықтан басқару мен ұйымдастыру қабілеті күшті мамандарды тарту керек. Әрине ол үшін жұмысқа тартылған азаматтардың тұрғын үй, еңбекақы мәселелерін қайта қарап, шешу керек, – дейді біз пікірлескен ғалымдар.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары