Автобус жүргізушісі жолаушылардың және қозғалыстың басқа да қатысушыларының қауіпсіздігіне тікелей жауапты. Сондықтан жүргізушілердің заңнамалық талаптарға негізделген жұмыс уақыты мен жүктемесі қатаң сақталуы тиіс. Ал бізде қалай? Автопарктер заңды елеп-ескере ме?

Астана автопарктерінде 700 жүргізуші жетіспейді

Жалпы автопарктерде жүргізуші әрқашан тапшы. Әкімдік тиісті субсидия бөлмейді. Айлықтары өскен жоқ. Ал жұмыстары жауапты, қойылатын талап қатаң. Қазір психологтар да олармен жұмыс жасайды.

– Былтыр сараланған тариф енгізер кезде, біз барлық шығындарды ескере келе жол ақысы – 183 теңге болуы керек дегенбіз. Бірақ жолақысы – 90 теңге, сараланған тариф бойынша – 180 теңге, ал қалғанын, жылына 15 млрд теңгені әкімдік субсидиялайтын болып келісілген. Сол кезде жүргізушілердің айлығын өсіретін болғанбыз. Бірақ, бүгінде әкімдік тек 3,9 млрд теңге бөліп отыр. Бұл өте аз. Сондықтан айлықтары өскен жоқ, – дейді Астана LRT компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Науат Азанбаева.

Кондуктор жоқ, шағым азайды

Жалақыны әр автопарк өзі бекітеді. Мәселен, бірінші автопарк жүргізушінің жұмыс істеген уақытына сай айлық белгілеп қойған. Үшінші автопарк болса, сараланған тариф енгізілгеннен кейін бірден кондуктордан бас тартты. Жүргізуішінің айлығын валидацияға қарап төлейді. Бір күнде атқарылуы тиіс жоспарды орындауы керек, артық істесе бонустар қарастырған. Сондықтан жүргізуші кіріп-шыққан жолаушыға алаңдап отырады.

Бұрын жолаушыларға кондуктор жақпайтын. Билет бермеді, сөйтті-бүйтті деп, қит етсе соларды қаралап шығатын еді ғой, қазір билет бермеді деген шағым түспейді.

Зардап шеккендерге өтемақыны кім төлейді?

Автобус паркі шарт жасасқан сақтандыру компаниясы төлейді. Жол-көлік апатында зардап шеккен әрбір адам өтемақы алуы тиіс.

Ол үшін жолаушының автобуста болғанын қағаз не электронды жол жүру билеті негізінде растауы тиіс. Сот шешімінен кейін Сақтандыру компаниясы соның негізінде жеке тәртіппен өтемақы есебін жүргізеді.

Сонымен қатар...

– Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер медициналық мекемелерде тегін емделеді. Ал тегін медициналық қызметіне кірмейтін дәрілік препараттарға немесе қосымша қызметтерге жұмсалатын барлық шығындарды сақтандыру компаниясы өтейді, – дейді Астана LRT компаниясы.

Жолаушылардың қауіпсіздігіне кім жауапты?

Автопарк пен автобус жүргізушісі жауапты.

Көктемде N303 автобустың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін, жүргізушілерге аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істеуге тыйым салынды. Дей тұрғанмен кейде артық сағат жұмыс істеуге тұра келеді.

– Мәселен бір жүргізуші ауырып қалады, еңбектік демалысқа немесе басқа бір себептермен шыға алмай қалса басқаларының жүктемесі көбейеді, – дейді Астана LRT көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығының директоры Жеңіс Жалбыр.

– Көктемде көп жүргізушілер жұмыстан кетіп, автобустың қатынау жиілігі ұзарып кетті. Әрине, оларға артық сағат істеген тиімді. Дегенмен біз үшін қауіпсіздік бірінші орында, – дейді Науат Азанбаева. – Бірақ, қазір жағдай қалыпты.

Жүргізушілер үш сағат ұйықтап, жұмысқа шығып жүрген

– Кез-келген мәселені комплексті түрде шешу керек. Мәселен, жүргізушілердің 80 пайызы аймақтардан келгендіктен, тұрғын үй проблемасы бар. Яғни, жалға берілетін пәтердің бағасын арзандатып ұсыну. Сондай-ақ, имиджді жақсарту үшін жүргізушілердің зейнеткерлік жасын төмендету керек. Олар таңмен таласа сағат 5-те жтұрады.. Алтыда линияда болуы керек, кешке 22-23-де автопаркке оралады, түн ортасына дейін автобусты жуады, жанармай құйып, ертеңге дайындайды. Сағат екіде үйіне әзер жетеді. Бар-жоғы үш сағат ұйықтайды. Нәтижесі осындай апаттар болды.

Бұл – енді үш ай бұрынғы жағдай. Біліктілік орталығында сол кезде жүргізушінің психологиялық портретін талдап көрген. Зерттелген респонденттердің 28 пайызының назар аудару реакциясы төмен болып шыққан. Қалыпты кезде жүргізуші жағдайды бақылау үшін шамамен бес-алты объектіні, яғни 360 градусты қамтуы керек, – дейді Жеңіс Жалбыр.

Астанада екі адам өліміне себепші автобус жүргізушісі үшінші топ мүгедегі екен

Биыл көктемдегі 303-ші автобус жол-көлік оқиғасына қайта оралсақ. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, 25 адам жарақат алған-ды. Екі әйел аяғынан айырылып, арбаға таңылды.

Сот медициналық сараптаманың нәтижесі шықпайынша, автопарк, сақтандыру компаниясы мен Астана LRT тараптарынан ешқайсына ешқандай көмек көрсетілмеген.

Тек Қосшы ауылының әкімдігі апатта аяғынан айырылған төрт баланың анасы Фаридаға бір жылға тұруға баспана беріпті. Халықтан жиналған жылудың арқасында ем-домдарын алған.

Іnformburo.kz редакциясына сот-медициналық сараптама нәтижесі келіп түсті. Сараптама қорытындысы бойынша, жұмыс беруші тарап 100 пайыз кінәлі деп танылған. Сонымен қатар, апатта қаза болған автобус жүргізушісінің үшінші топ мүгедегі екендігі және жүктемесі ауыр жұмысты атқарғандығын атап өткен.


Сот-медициналық сараптама қорытындысы

Сот-Медициналық сараптамасының қорытындысы / Фото авторға whatsapp арқылы келіп түсті

Қазір жағдай дұрысталды ма?

Арттық міндеттемелер азайған. Автобусты жууға бұрынғыдай ұзын сонар кезек жоқ, қазір 12 адам бір автобусты бес минутта жуып шығады.

– Бүгінге дейін бес күндік бағдарламадан тұратын біліктілігін арттыру курсынан 800 жүргізуші өтті. Курста: жол жүру ережесі, экодрайвинг (қауіпсіздік), электронды төлем жүйелері, тасымалдауды ұйымдастырудың құқықтық нормативтік актілері, психология (адамдармен қалай жұмыс істеу керекттігі туралы), мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдауда қызмет көрсету, бірінші медициналық көмек көрсету, зияткерлік көлік жүйелері деген тақырыпты толық меңгерген соң, емтихан тапсырады. Емтиханнан өткен жүргізушіге біліктілік арттыру курсынан өткендігін растайтын сертификат беріледі. Сертификатпен кез-келген автопарк жұмысқа алады.

Курстан өткен жүргізушіге шағым аз

Оқыған сегіз жүздің 450-500-і емтиханнан өтті. Осы курстан өткен жүргізушілердің тек бес пайызына ғана шағым арыз түсетінін анықтадық. Басқа шағымдар, курс өтпеген жүргізушілерге түскен.

– Негізі жүргізуші арнайы оқудан өткеннен кейін ғана линияға шығуы керек. Бірақ, жүргізуші тапшылығы бар. Біз оларды жаппай оқуға міндеттей алмаймыз. Автопарктер кейін оқытып аламыз деп, кейде еңбек өтіліне қарап та алып жатады, – дейді Жеңіс Жалбыр.

Былтыр жолаушылардың 36 пайызы ғана Астра картасын пайдаланған еді

Астана LRT мәліметінше, былтыр шілдеде атаулы карта иелерін қосқанда оны қолданушылар саны – шамамен 200 мың, жалпы жолаушылардың 36 пайызы ғана еді. Демалыс күндері 381 мың, жұмыс күндері 563 мың рет көлік картасымен төлем жасалатын.

2016 жылдың қаңтар айынан бастап 2018 жылдың мамыр айына дейін 137 397 жолаушы көлік картасына өткен.

Астра картасына толықтай ауысқан бір жылда не өзгерді?


Жолаушылардың 94 пайызы электронды төлем жүйесіне ауысқан / Графикті Астана LRT ұсынды

Автобус парктерінің кірісі неге әлі ашық емес? Электронды есепті халық неге көрмейді?

Бір қызығы осы уақытқа дейін компания көлеңкелі айналымдағы қаражатты есептесе де, электронды төлем жүйесіне көшкендер саны артса да Астана LRT өз есептерін тек ауызша айтып жүр. Ақша легін есептеймін деп бар қызметін цифрландырған компания жолаушылардан электронды картадан түскен кірісі мен жалпы шығысын күнделікті онлайн түрде ұсына алмай отыр.

Тегін ауысып мінуге әлі де болады

Айтпақшы, жуырда ақша жоқ деп ауыздарын қу шөппен сүрте беретін автопарктегілере тегін ауысып отыратындардың көптігінен шығынға батып жатырмыз, деген болатын.

Алайда, Астана LRT бұл туралы былай дейді:

– Автопарктердің шығынға ұшырап жатқаны рас. Әкімдіктен субсидия бөлінбеуінің салдары. Дегенмен, компания әзір тегін ауысып отыратын мүмкіндікті алып тастамайды.

Автобуста жол жүру билетін бермесе, хабарласыңыз:

Автобус жүргізушісі мен кондуктор дөрекілік танытса, билет бермесе, телефонға сөйлессе, маршрут схемасын өзгертсе, шылым шексе, Astana LRTкомпаниясы жолаушылардан мына жерлерге хабарлауын сұрайды. Оларға шұғыл шара қолданылатын болады.

  • iKomek орталығы (109);
  • Telegram-bot@astrabus_bot;
  • Компанияның Facebook-тегі ресми парақшасы.

Астаналық автопарктерге жүргізуші қажет. Кандидаттарды іріктеудегі басты талап қандай?

Қазақстан Республикасының "Автомобиль көлігі туралы" заңы, 7-бап, 2-1 тармағына сәйкес, жүргізушінің орнын есептемегенде, он алтыдан көп адам отыратын автобус және троллейбустармен жолаушыр тасымалдау үшін:

Жиырма бес жасқа толған, кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар (оның ішінде кемінде 3 жыл "D" кіші санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі болу керек) жүргізушілер жіберіледі.

Осы талаптарға сай келсеңіз, құжаттарыңызбен автопарктерге барасыз. Ол жерде құжатыңызды қабылдап, Біліктілік арттыру орталығына жолдама береді.

Әрі қарай, бес күн біліктілік арттыру курсынан өткен соң, емтихан тапсырасыз. Бәрі сәтті аяқталса, кәсіби жарамдылығын анықтайтын психологиялық тестке жауап берессіз. Осылардан сүрінбей өтсеңіз, жұмысқа қабылданасыз.

Бүгін тағы жолда автобус оқиғасы болды

"Shacman" жүк көлігі төрт жолдың торабында басты жолмен келе жатқан Қосшы ауылына қатынайтын N320 автобустың бүйірінен соқты. Зардап шеккендер жоқ.


Автобус салонында екі адам болған

Автобус салонында екі адам болған / Фото авторға whatsapp арқылы келіп түсті

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter