Тікелей эфир

Жас таланттарды қолдау мақсатында Елбасы академиясы құрылады. Жаңалықтарға шолу

Алматыда сел жүрді. Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, жел күшейеді.

Шетелден алған білім жұмысқа орналасуға жеткіліксіз

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ Президентінің м.а. Ғалия Досмұхамедова осылай дейді. Айтуынша, қазір жұмыс берушілер көбіне үміткердің білігіне қатты талап қояды. "Бос жұмыс орындары білім беру, энергетика, экономика, авиация, машина құрылысы, мұнай-газ секторы, құрылыс және IT-технологиялар саласынан көп ұсынылады" дейді ол.

"Болашақ" бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері 26 жыл ішінде 12 мың қазақстандық шет елде оқып келген. Түлектердің басым бөлігі (53,3%) мемлекеттік органдарда жұмыс істесе, біршама бөлігі (36,8%) жеке секторларда жұмыс істейді.

Алматыда сел жүрді

Алматы облысында Қарғалы бөгеті жарылып, Наурызбай ауданының кейбір жерін сел шайды. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, қала билігі бірнеше эвакуациялық бекеттер ұйымдастырды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы С.Әубәкіров оқиғаға байланысты қаланың барлық қызметі жұмылдырылған. Жақын маңдағы елді-мекендерге қауіп жоқ.

Алматының әкімдігі төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қазір қалаға кіре берістегі судың толқын күшін әлсіретуге тырысып жатыр деп хабарлады. Селдің зардаптарын азайту үшін Қарғалы бөгетін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатырғаны да айтылды.

"Қазгидрометтің" болжамы бойынша 14 тамызда Алматы облысы мен Алматы қаласында жауын жауып, жел күшейеді.

Халық банкі Астанадағы LRT жобасын қаржыландыруды қарастырып жатыр

Кеше Елорда әкімі А.Көлгінов құрылысы жарты жолдан тоқтап қалған жобаның барлық нормативтік-құқықтық құжаттары үкімет деңгейінде қабылданғанын хабарлады. Журналистердің сұрақтарына жауап берген әкім жоба құрылысына қаражаттың қайдан алынатыны туралы айтып берді.

– Қытайлық инвестициядан бас тартып, 800 млн АҚШ долларын үнемдеп қалдық. Қазіргі уақытта біз "Халық банкпен" 3 пайыздық қарызбен 500 млн (АҚШ доллары), сондай-ақ, 100 млн (АҚШ доллары) бойынша "Бәйтерек" холдингімен келістік. Бұл қаражат жұмысты одан әрі жалғастыруға жеткілікті", –деп мәлімдеді А.Көлгінов.

"Халық банкі" "Астана LRT" компаниясының өз облигацияларын сатып алу мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішпен жүгінгенін мәлім етті. Банк таратқан хабарламада өтінішке байланысты түпкілікті шешім әлі қабылданбағаны жазылған.

Қарқаралы паркінде орман үш күннен бері өртеніп жатыр

Қазіргі таңда қызыл жалын 2500 гектар алқапты жалмаған. Оның шамамен 30 проценті орман-тоғай. Кеше 13 тамызда Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті өрт 500 гектар аумақты шарпығанын хабарлаған болатын. Бір тәулікте өрт 5 есе көп аумақты жалмаған.

Өртті ауыздықтауға 120 адам, 16 өрт сөндіру машинасы, үш трактор мен 2 тікұшақ жұмылдырылған. Ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бүгін Ұлттық Ұланға қарасты әскери бөлімнің 85 сарбазы жәрдемге жіберілгені хабарланды. Ормандағы өрт 12-ші тамызда басталған. Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин Қарқаралы аумағындағы өртті сөндіру қиынға соғып отырғанын мәлімдеді. Айтуынша, өртті сөндіруге күннің аптап ыстығы кедергі келтіріп отыр. Ведомство басшысы жақын күндері Астана аумағында жауған жаңбырмен қауіптің бұлты сейілер деген үмітте.

Алматыда веложарыс кезінде автокөлік жолдары жабылады

Жол қозғалысы 18-ші тамызда сағат 5.30-дан 13.00-ге дейін төмендегі көшелерде жабылады:

  • 05.30-13.00 – Розыбакиев көшесі бойында (Левитан көшесінен Әл-Фараби даңғылна дейін);
  • 06.00-10.30 – Әл-Фараби даңғылы бойында (Розыбакиев көшесінен Назарбаев даңғылына дейін);
  • 06.00-11.30 – Саина көшесі бойында (Розыбакиев көшесінен Рысқұлов даңғылына дейін)
  • 08.30-12.00 – Рысқұлов даңғылы бойында (Саина көшесінен Момышұлы көшесінің бұрылысына дейін);
  • 08.30-12.00 –Момышұлы көшесі бойында (Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін);
  • 08.30-12.00 – Ақын сара көшесі бойында Ақ-Қайнар көшесіне дейін;
  • 08.30-12.00 – Ақ-Қайнар көшесі бойында Мамандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан Бурундай полициясының кеңсесіне дейін.
Жыл сайын өткізілетін Tour of World Class Almaty веложарысына биыл 850 адам қатысады деген жоспар бар.

Биржада доллар бағамы төмендеді

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасының орташа бағамы 386,16 теңгені құрады. Осылайша доллар кешегіден 1,33 теңгеге арзандады.

Жас таланттарды қолдау мақсатында Елбасы академиясы құрылады

Тұңғыш Президент қорының атқарушы директоры Ә.Исекешовтың айтуынша, "Ел үміті" аталатын жаңа жоба елдегі, сонымен қатар шетелде тұрып жатқан талантты жастарды қолдауға бағытталады.

Жоба аясында өңірлерде таланттарды анықтау орталықтары құрылады. Жастарды, сондай-ақ олимпиада жеңімпаздары мен олардың педагогтарын қолдау бағдарламалары әзірленеді. Елбасы қоры IQanat қорымен бірге ауыл балаларын интелектуалды дамыту үшін "Мың бала" бағдарламасын жүзеге асырады. Екі жылдың ішінде қор ғылым, экономика, мәдениет, спорт және басқа да салада 500 жас көшбасшыдан тұратын пул жасақтауды жоспарлар отыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, жел күшейеді. Синоптиктердің болжамы бойынша, атмосфералық фронтальдық бөліктердің өтуімен алдағы үш тәуліктерде Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады, желдің күшеюімен күн күркіреп жаңбыр күтіледі, бұршақ түсуі мүмкін. Ал республиканың батысына Архангельск өңірінен антициклон әсерін тигізіп, соның ықпалынан жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, ауа температурасы біртіндеп 30…41°С дейін жоғарылайды.

Sputniknews.kz: Дәрігерлер балдың ешкім күтпеген қаупін айтты. Суық тигенде бал қосылған ыстық шәй ішудің адам денсаулығына пайдасы шамалы деп санайды мамандар. Өйткені ыстық шайда еріген бал пайдалы қасиеттерінен айырылады. Адам денсаулығына зияны тимес үшін балды түске дейін екі қасық қана жеуге болады. Бұл өнімінің пайдасы әсіре бағаланған, сол себепті оған кәдімгі тәтті ас ретінде қараған жөн. Алайда бал мен ішімдікті қатар пайдалану, сондай-ақ балдан жасалған ішімдік ішу бауыр циррозына әкеп соғуы мүмкін.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары