Тікелей эфир

"Жас Алаш" партиялық басылымға айнала ма? Газеттің жаңа редакторы Инга Иманбаймен сұхбат

Сурет кейіпкердің facebook парақшасынан алынды
Сурет кейіпкердің facebook парақшасынан алынды
"Жас Алаш" газетінің бас редакторы ауысты. Жаңа тағайындау әлеуметтік желіде пікір қайшылығын туғызды.

9 қаңтарда республикалық "Жас Алаш" газетінің бас редакторы қызметіне Инга Иманбай тағайындалды. Басылым ұжымы акционердің бұл шешіміне қарсылық танытып, газеттің кезекті саны жарыққа шықпай қалды. Ұжымдағы қазіргі ахуал қандай және басылымды қандай өзгерістер күтіп тұр? Informburo.kz тілшісінің сұрақтарына "Жас Алаштың" жаңа бас редакторы Инга Иманбай жауап берді.

Оқи отырыңыз: Редакция "Жас Алаша" против назначения главным редактором Инги Иманбай. Кто она такая?


Инга Иманбай / Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан


– "Жас Алаш" газетінің бас редакторы болу ұсынысын қалай қабылдадыңыз?

– Бұл күтпеген ұсыныс болды. "Жас Алаш" менің ең алғашқы жұмыс орным болғандықтан және оның қандай киелі шаңырақ екенін білетіндіктен, бұл ұсыныстан бас тартпадым. Қазір жоспар құрып, қызметіме кірісіп кеттім. Жүз жылдық тарихында "Жас Алаш" түрлі кезеңдерді өткерді. Әсіресе, тәуелсіздік жылдары басылым ақиқатшыл жолды ұстана білді. Ол Алтынбек Сәрсенбаевтың кезінен қалыптасқан дәстүр. Сондықтан, мақсатымыз – шындық пен әділдікті тура жеткізу және басылымды заман ағымы мен оқырман талабына сай жандандыру болып қала бермек.

– "Жас Алаш" газетінің кезекті саны шықпай қалды. Басылым тілшілері мұны акционер шешіміне қарсылық деп түсіндірді. Қазіргі ұжымдағы ахуал қандай және кадрлық өзгерістер бола ма?

– Ешқандай кадрлық өзгерістер болмайды. "Жас Алаштың" әуелден келе жатқан дәстүрін жалғастырамын. Командамен көшіп жүретін шенеуніктердің әрекетін сынай отырып, сол жүйені қайталайтын адам емеспін. Мүмкін, ұжымда бастапқыда түсінбестік болған шығар. Ол шығармашылық не қаржылық тұрғыдағы, болмаса менің жеке басыма қатысты конфликт емес. Бұрынғы редактормен арадағы жылы қарым-қатынас әсер еткен болуы мүмкін. Алайда мұны газеттің болашағына не бағыт-бағдарына әсер ететін дүние ретінде қарастыруға болмайды. Дүйсенбі күні газет жоспарға сәйкес беттеліп, сейсенбі таралымда болады. Кикілжің ары қарай жалғаспайды.

Оқи отырыңыз: Қоғамдағы жасандылық пен демонстративтілік туралы

Тағайындау мен құрылғалы жатқан демократиялық партия арасында байланыс бар ма?

– Бұл тағайындауды сіздің жолдасыңыз Жанболат Мамайдың Қазақстанның демократиялық партиясын құруымен байланыстырып жатқандар бар. Бұл туралы не айтасыз?

– Бірден басын ашып айтайын, Жанболат Мамай және басқа азаматтар құрып жатқан демократиялық партияның газетке, менің жаңа қызметіме еш қатысы не ықпалы жоқ. Болашақта да болмайды.

– "Жас Алаш" енді партиялық газетке айналады деп күдіктенушілер де бар.

– Журналист, редактор және азамат ретінде қазір де, болашақта да олай болмайтынын айта аламын. Мен Алтынбек Сәрсенбайұлының мұрасын, ақиқатшыл жолын, басылымның дәстүрін, тәуелсіздігін сыйлаймын. Сондықтан, белгілі бір топтың сойылын соғуға жол бермеймін. Басылым Жанболат пен жақтастары құрып жатқан партия мен өзге партияларға да тең дәрежеде қарайды. Белгілі бір саяси топқа, көзқарасқа не жеке қарым-қатынасқа байланысты бұл ұстаным өзгермейді.

– Жанболат Мамайдың журналистік қызметпен айналысуына 2020 жылдың қыркүйегіне дейін сот шешімімен тыйым салынған. Бұл мерзімнен кейін Жанболат "Жас Алашта" қызмет атқаруы мүмкін бе?

– Дәл қазір Жанболат саяси жолды таңдап, өзін саясаткер ретінде көрсетіп жүр. Сол себепті, оның журналистік қызметке не дәл осы басылымға қатысты жоспары жоқ.

– Сіз Жанболат құрып жатқан партияға мүше боласыз ба?

– Қазақстанда саяси плюрализмнің болуын, яғни бір партияның үстемдігі болғанын қаламайтын азаматша ретінде менің жеке көзқарастарым демократиялық партияның ұстанымдарынан алшақ емес. Бірақ партия тіркелген жағдайда, оған мүше болып, ұйымның сойылын соқпаймын. Маған журналист ретіндегі тәуелсіздігім маңызды.

Оқи отырыңыз: Қазақтан өзге ешкім неге билеріне ескерткіш қоймаған?

"Мен спонсор емеспін"

– Басылымның бұрынғы редакторы Руслан Ербота әлеуметтік желіде "газеттің ендігі спонсоры Инга Иманбай" деп жазды. Бұл қаншалықты рас?

– Русланның бұл болжамы шындыққа жанаспайды. Мен редактормын, газетке демеуші болатын жағдайым жоқ. Әрине, қызмет бабымен газеттің өз-өзін қаржылық тұрғыда ақтауы үшін қажетті жұмысты атқарамын. Бірақ газетті қаржыландыратындай мүмкіндігім жоқ.

– Руслан Ербота сияқты сіз де акционерлердің көңілінен шықпай қаламын деп қорықпайсыз ба?

– Кез-келген жұмыста жоспар, мақсат, міндеттер болады. Олардың орындалуы не орындалмауын уақыт пен еңбек көрсетеді. Еңбек тұрғысынан мен аянбаймын. Оң нәтижелерге қол жеткізетініме сенемін. Себебі, біз шығарған "Трибуна" жабылып қалғанға дейін ұзақ жыл өзін-өзі ақтады. Сол сияқты "Жас Алаш" та өзін-өзі ақтап келе жатқан басылым. Мен оның деңгейін түсіріп, құлдыратамын деп ойламаймын.

Оқи отырыңыз: Тап тартысы әлі де бар

"Жас Алашқа" бәсекелес болатын басылым жоқ

– Қазір ұжымда неше адам қызмет етеді?

– Алматыдағы редакцияда 5-6 журналист және өңірлерде келісімшартпен жұмыс істейтін тілшілер бар. Газеттің таралымы – 17 мың дана. Оқырмандары негізінен аға буын өкілдері.

– Ақпарат айдынындағы бәсекелестіктен қорықпайсыз ба?

– Қазақстанның ақпарат айдыны қазір өте мүшкіл. Бізде тәуелсіз басылымдар жоқ. "Жас Алашпен" тәуелсіздігі мен ұстаным жағынан да бәсекелесетіндей басылымды атай алмаймын. "Дат" газеті қазақ және орыс тілдерінде ақпарат таратады, алайда олар мен біздің аудиториямыз екі бөлек. Сондықтан, оны бәсекелес ретінде қарастыруға болмайды. Ал "Айқын", "Егемен Қазақстан" секілді өзге басылымдар "Жас Алашқа" мүлде бәсекелес емес.

– Газеттің қаржыландыру көзі қандай?

– "Жас Алаш" Қазақстандағы сатылым арқылы өзін-өзі ақтайтын санаулы газеттердің бірі. Басылымның басқа қаржыландыру көзі жоқ.

– Алда келе жатқан сайлау науқаны кезінде "Жас Алаш" қандай бағыт ұстанады?

– "Жас Алаш" тәуелсіз бақылаушылардың жұмысына көп көңіл бөліп, оларға трибуна ұсынады. Басылым сайлау науқаны кезінде барынша әділетті ақпарат таратуға тырысады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары