Жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Баспана нарығында басқа қандай жаңалық бар?

Фото depositphotos.com сайтынан алынды
Фото depositphotos.com сайтынан алынды

25 мың несиелік, 10 мың арендалық және "Бақытты отбасы" аясында 5 мың пәтер пайдалануға беріледі.

"Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев BI Group-пен бірлескен жаңа бағдарлама іске қосылғанын хабарлады. Ол бойынша бастапқы салым 36 пайыздан басталады, несие жылына 7 пайыздық үстемемен беріледі. Бағдарлама бойынша тек осы компания салып жатқан үйлерден пәтер алуға болады.

Филиал директоры, сондай-ақ, өзге тұрғын үй бағдарламаларының жұмысы жайлы да қысқаша баяндап өтті.

"Биыл әкімдікте баспана кезегінде тұрғандарға "5-10-20" бағдарламасы бойынша басымдық беріледі. Үй алу үшін қаражатты көп уақыт бойы жинау керек дегенге келіспеймін, – деді Жансұлтан Матаев.

Бүгінде банктің 1,7 млн салымшысы бар. Күн сайын 250 қазақстандық азамат "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен" несие алады.

Матаевтың айтуынша, биыл әйелдерге арналған ипотека іске қосылуы керек еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты ол жүзеге аспады. Бағдарлама әлі әзірлік үстінде.

Оқи отырыңыз: Ұлттық банк "Баспана хит" бағдарламасының шарттарын өзгертті

"Шаңырақ" бағдарламасын ("5-10-10") жүзеге асыруға 390 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның 180 млрд теңге бөлігі сәуір айында жергілікті әкімдіктерге несиелік пәтер салуға берілген. Пәтердің көбі қараша, желтоқсан айында пайдалануға беріледі", – деді ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Қазірге дейін 5 мың пәтер берілген. 17 мың қарыз жеңілдетілген несие бойынша беруге бағытталған. 15 мың пәтер үйлердің құрылысы аяқталған соң пайдалануға беріледі. Одан басқа, үлестік қатысы бар тұрғын үйлерді де ТҚЖБ бойынша алуға болады.

Нұр-Сұлтанда салынып жатқан үйлердің шаршы метрінің құны 220 мың теңге. Арендалық үй үшін нарықтағы орташа баға 80 мың теңге шамасында. Ақысы пәтердің көлеміне байланысты есептеледі. Мәселен, 40 шаршы метр болса, айына 53 мың теңге, 80 шаршы метр болса,103 мың теңге болады.

Оқи отырыңыз: Несиеге пәтер алғанда салық жеңілдігі барын ұмытпаңыз. Керек кеңес

"Мемлекет қолдауы аясында 40 мың пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 25 мың несиелік, 10 мың арендалық және "Бақытты отбасы" аясында 5 мың пәтер пайдалануға беріледі", – деді Мархабат Жайымбетов.

Ол несиеге берілетін үйдің құрылысына 281 млрд теңге бөлінгенін айтты.

"Бұл қаржыға 25 мың пәтер салынады. Биыл 10 мың жалдамалы пәтерді салу үшін 90 млрд теңге, ал "Бақытты отбасы" аясында 49 млрд теңге бөлінді. Алдағы жылы бағдарлама аясында 100 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

Бүгінде барлығы 530 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы іске қосылған. Осы база мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған және онда тұрғын үйге мұқтаж азаматтар мен кезекте тұрғандар бойынша қажетті мәлімет бар.

Поделиться:

Оқи отырыңыз