Тікелей эфир

Өзбек сумының құнсыздануы Қазақстан нарығына әсер ете ме (толықтырылған)?

Сурет 123rf.com сайтынан алынды
Сурет 123rf.com сайтынан алынды
Өзбекстанда валюта нарығын реттеуге байланысты жаңа қаулыға 2 қыркүйекте қол қойылды. Құжат 5 қыркүйектен күшіне енді. 1$ қара базардағыдай 8100 сум болды.

Бұл мақала "Өзбек тауары қымбаттай ма?" атты тараумен толықтырылды. Онда 2017 жылдың бірінші жартысында Өзбекстаннан Қазақстанға әкелінген қанша тауардың қайсысына және қандай әсері барлығы жайлы айтылған.

Мұның Қазақстанға қандай әсері бар?

Бастысы көрші елдің валюта нарығы либералдандырылып, кәсіпкерлердің валюта айырбастауына шектеу қойылмайтын болды. Өзбекстандағы валюта реформасынан кейін өзбектің сумы екі есе құнсызданды.

Енді өзбек валютасының АҚШ долларына қатысты бағамы 4210 емес, қара базар нарығындағыдай 8100 сум болады да, халық валютасын айырбастау үшін базарға емес, банкке апарады. Бұл валюта нарығындағы ақша массасын анықтап, қаржы айналымын жылдамдату мақсатында жасалып отыр.

Қай уақытта да либералды валюта нарығының ел экономикасына оң стимул беретіні белгілі. Себебі валюта бағамы сұраныс пен ұсыныс негізіндегі нарықтық механизммен белгіленеді және валюта айырбастауға шектеу қойылмайды. Одан бөлек, экспортпен айналысатын кәсіпкерлерге шетелдік валютадағы табысы туралы есеп беруге міндет емес.

Бір қызығы, импорт жасау үшін салынатын кедендік баж салығы да екі еселенді. Бұл елге импортталатын тауарлар мен қызметтердің ішкі нарықтағы бағасының өсіп кетпеуі үшін жасалып отыр. Есесіне экспорт жасаушыларға валюта унификациясы, яғни бірыңғайлау тиімді.

"Көп жылдар бойы Өзбекстанның қаржы нарығында ұлттық валютаның екі бағамы – ресми және қара базардағы бағамы болды. Қара базар бағамы Орталық Банк белгілеген көрсеткіштен екі есе төмен болатын", – дейді Financial Freedom зерттеу агенттігінің директоры Расул Рысмамбетов.

Рысмамбетов мырзаның айтуынша, өзбек экспортшылары шетелдік валютадағы кірісін ресми бағаммен беруге мүдделі болған. Бұл, өз кезегінде, ішкі нарықты жандандырған. Бірақ экспорт дамуына кедергі келтіріп келген еді.


Валюта реформасы Өзбекстанның ішкі нарығындағы ақша дефицитін жоюға бағытталған. Осыған орай, 50 000 сум банкноты шығаралмақ

Валюта реформасы Өзбекстанның ішкі нарығындағы ақша тапшылығын жоюға бағытталған. Осыған орай, 50 000 сум банкноты шығарылады / Дереккөзі themag.uz


Қара базар жабыла ма?

Ташкенттік экономист Юлий Юсуповтың айтуынша, Орталық Банк валюта нарығындағы спекуляцияны болдырмау жағын қадағалай бастады. Себебі реформаға дейін сумның АҚШ долларына қатысты ресми бағамы 4210 сум болғанымен, қара базарда 7750 сумнан сатылып жүрген еді. Яғни, валюта бағамы нарықтағы сұраныс бойынша белгіленбеген. Бұл бизнес секторының әлсіреуіне алып келетін. Енді либералды қаржы саясаты өзбек бизнесіне стимул болады.

Көшедегі валюта айырбастаумен айналысатын адамдар өз кәсібін жалғастыра береді. Бірақ реформадан кейін банк секторының валюта айырбастау қызметіне сұраныс арта түседі. Импорт немесе экспортпен айналысатындар банк секторын жандандырады.

Бірақ Өзбекстан азаматы жергілікті банктен шетелдік валютаны сатып алу үшін белгілі бір елге бара жатқан рұқсат құжатын немесе визасын көрсетуі тиіс. Сонда ғана оның атына арнайы конверсиялық карта ашылып, соған электрондық ақша аударылады, яғни қолма-қол ақша берілмейді.

"Меніңше, банк секторы қолда жүрген ақшаны электронды валютаға барынша көп айырбастап алуды көздеп отыр. Себебі қолма-қол ақшаның басым бөлігі халықтың қолында", – дейді Юсупов мырза.

Доллар дефициті

Қара нарықта қолма-қол ақша айырбастау үдерісі құлдыраса, халықта электронды ақша ғана қалады. Ал оны шешіп ала алмайсыз. Себебі Өзбекстанда банкоматтар жоқ. Тек арнайы дүкендерге қойылған терминалдар арқылы төлем жасауға болады.


Банк арқылы шетел валютасын сатып алу үшін қолма-қол ақша берсеңіз, сізге арнайы картаға электронды ақша аударымын жасайды. Бұл нарықтағы ақша массасының жеткіліксіз екенін білдіреді

Банктен шетел валютасын қолма-қол ақшаға аласыз, бірақ ол (шет ел валютасы) арнайы картаға электронды ақша түрінде аударылады / Дереккөзі alamy.com


Мұндай валюта реформасы Түрікменстанда да жүргізілген. Бірақ түрікмендер бұл мәселенің оң шешімін тапқан-ды. Мысалы, олар Түркияға оншақты конверсиялық картамен барып, түрік банкоматтарынан лира шығарып алады. Сосын оған доллар сатып алады. Елге қайтып, карта иелеріне АҚШ долларын таратып береді.

$1 = 12000 сум?

Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, қазір Өзбекстанда девальвация емес, екі бағамның нарықтағы ортақ теңгерімін анықтау үдерісі жүріп жатыр. Ресей рублі о бастан нарықтық стандартқа ие болған. Сондықтан Ресейдегі девальвация Қазақстанға бірден әсер етіп, көрші елдің тауары қазақстандықтар үшін тиімді болып көріне бастаған.

"Ал Өзбекстанның қаржы нарығындағы өзгерістер Қазақстанға оң әсерін тигізеді. Өзбек сумының ресми бағамы экспортқа стимул береді. Осыған дейін импортқа жіберіліп жүрген өзбек тауарларына тәуекел деңгейі жоқ деуге болады", – дейді Рысмамбетов мырза.

Өзбекстан Республикасы Орталық Банкінің ендігі қаржылық саясаты нарықтағы өзгерістерге тікелей байланысты болады. Бұған дейін Орталық Банк белгілеген бағам қара базардағы көрсеткіштен екі есе төмен болған еді. Енді валюта бағамын нарықтағы сұраныс пен ұсыныс көлемі анықтайды.

"Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан сынды елдердің қаржы жүйесі өзге елдердікінен әлдеқайда артта қалып қойған. Валюта айырбастауға еркіндік берілмеді, банкоматтар жоқ ", – дейді "Pro gente" экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, экономист Мақсат Халық.

Экономистің айтуынша, Орта Азия елдері ішінде Қазақстан рубль аймағынан ең соңғы болып шықса да, бүгінде қаржы саясатын оңтайлы жүргізіп, көрші елдерден озып үлгерген. Орта Азияның қаржы саясатында Қазақстанды көшбасшы деп атауға болады.

"Өзбекстанның Орталық Банкі бастап отырған ашық қаржы саясаты қаржы айналымының еркіндігіне бағытталған. Сондықтан өзбек валютасының АҚШ долларына шаққандағы құны жыл соңына дейін 12 000 сумға көтеріліп кетуі мүмкін. Бұл –осыған дейін болжанған максимум көрсеткіш", – дейді Халық мырза.

Қазақтарға енді Өзбекстаннан экспорт тиімді ме, әлде импорт па?

Өзбекстан валютасы 1,9 есеге құнсызданды. Демек оларға импорт тиімсіз. Себебі тауарға салынатын баж салығының көлемі екі есеге артқан. Сондықтан экспортқа шығара бастайды. Сол себепті Өзбекстаннан Қазақстанға қарай ағылатын тауарлардың көлемі керісінше көбейеді.

"Қазақстаннан Өзбекстанға жаппай капитал ағымының кетуінің алдын алу керек. Әйтпесе, екі жыл бұрынғы Ресейден сатып алу тенденциясы тағы қайталанады. Себебі валюта құны екі есе аз. Сәйкесінше, Қазақстанға импорттайтын тауар саны екі есе артады", – дейді Мақсат Халық.


Өзбекстанда импортталатын тауарлар қымбаттады. Ал экспорттау тиімдірек болғандықтан, ішкі нарыққа арналған тауарлар да экспортқа шығарыла бастайды. Нәтижесінде Өзбекстанның ішкі нарығында тауар дефициті орын алуы мүмкін

Өзбекстанда импортталатын тауар қымбаттады. Енді экспорттау тиімді. Бұл ішкі нарықта тауар тапшылығына әкелуі мүмкін / Дереккөзі kun.uz


Бір жағынан, Өзбекстаннан келетін тауарлардың арзан болғаны бізге тиімді. Тауар қолжетімді болғанымен, ішкі нарықтағы баға стандарты тұрақсызданады. Бағаның арзандауына төтеп бере алмай, жергілікті бизнеске банкрот болу қаупі төнеді. Одан бөлек, импортқа кететін қаржының көлемі әлдеқайда артады.

"Бізде Өзбекстанмен ортақ кедендік аймақ жоқ. Сондықтан импортталатын тауардың көлеміне қарай баж салығын қымбаттатып, нарықты теңгеріп, ұстап тұру керек. Капиталдың сыртқа кетуінің алдын алудың негізгі жолы осы", – дейді экономист.

Сумның құнсыздануынан біз не ұтамыз?

Өзбектің сумы орыс рублі сынды теңгеге әсер ете алмайды. Десе де, алғашқы 1-1,5 жыл төңірегінде нарықтағы тауар бағаларының тұрақсыздығы сезілуі әбден мүмкін. Кейіннен девальвация пайызы тауар құнына теңестірілгенде, экономикалық хаос саябырсиды.

"Сумның құнсыздануынан біз ұтылмаймыз. Тиімді жағы– Өзбекстаннан импортталатын тауарлардың көлемі артып, бағасының арзандауы болса, тиімсіз жағы– импортқа көбірек ақша жұмсай бастаймыз. Сонымен қатар, Қазақстанның жергілікті кәсіпкерлерінің табысы азаяды", – дейді Мақсат Халық.

Financial Freedom зерттеу агенттігінің директоры Расул Рысмамбетовтың айтуынша, Өзбекстанның монетарлық саясаты енді– енді жолға қойылып жатыр. Сондықтан Қазақстандағы инвесторлар көрші елге кетіп қалады деп қорқудың қажеті жоқ.

"Қазақстан нарығы керісінше тартымды болып көрінеді. Инвестор Қазақстандағы кеңсесі арқылы Өзбекстанда өз бизнесін жүргізе алады", – дейді Рысмамбетов мырза.

2017 жылдың бірінші жартысында Өзбекстаннан Қазақстанға импортталған тауар көлемі азайғанымен (–25%, 656 700 тонна), оған жұмсалған қаржы мөлшері артқан (+26,5%, $393,3 млн).

Cол уақыт арасында 71,9 миллион АҚШ долларын көлеміндегі қаржыға көкөніс импортталған. Оның ішінде $25,4 миллионға қызанақ (+29,7%), $17,1 миллионға жүзім сатылып алынған.

Көлік қымбаттамайды


GM Uzbekistan авто концерні валюта ревормасы көлік бағасына әсер етпейтінін мәлімдеді. Демек көлік экспортының көлемі де өзгермейді

GM Uzbekistan авто концерні валюта реформасының көлік бағасына әсер етпейтінін мәлімдеді / Дереккөзі reuters.com


Өзбекстанның ең негізгі GM Uzbekistan автокөлік концерні эскпорттайтын көліктерінің бағасының қымбаттамайтынын мәлімдеді. 5 қыркүйекке дейін жасалған келісім-шарттарда көлік бағасы АҚШ долларының бағамына тәуелді болады. Ал валюта реформасынан кейін көліктер тек ұлттық валютамен сатылады.

GM Uzbekistan Chevrolet және Ravon брендтері негізінде 10 көлік моделін құрастырады. Айта кетсек, Matiz, Spark (R2), Nexia (R3), Cobalt (R4), Lacetti (Gentra), Captiva, Malibu, Orlando, Damas пен Labo көліктері сатылымда бар.

Өзбек тауары қымбаттай ма?


Дереккөзі: Қазақстан республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті


Energyprom мониторингтік агенттіктің сараптамасына сүйенсек, 2017 жылдың бірінші жартысында Қазақстанға Өзбекстаннан 393,3 миллион АҚШ доллары тұратын тауар импортталған. Көлемі өзгермесе де, жұмсалатын қаржысы көбеюі мүмкін. Бірақ азық-түлік тауарларынан бөлек, тізімде өндірістік өнімдер де бар. Мысалы, табиғи газ, полимер, минералды тыңайтқыштар мен шикі күйдегі цинк өнімдерін экспорттау Өзбекстан үшін тиімсіз болуы мүмкін. Сондықтан импортталатын шикі тауарлар көлемі азайтылады немесе бағасы қымбаттайды.

Серіктестер жаңалықтары