Тікелей эфир

Заңсыз айналымнан 10 миллионнан астам дәрі-дәрмек пен медициналық заттар алынды

Фото depositphotos.com сайтынан алынды
Фото depositphotos.com сайтынан алынды
Мониторинг жасау топтары 1 640-тан астам дәріхананы тексеріп, шекті бағадан асып сатылған 199 дәрілік затты анықтады.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков дәрі-дәрмекке нұсқаулықты электронды түрде жазуға қатысты түсінік берді.

"Жазғы карантин кезінде азаматтар рецепт жазып, дәрі-дәрмек алу проблемасына тап болғанын білесіздер. Осыны ескере отырып, министрлік тарапынан нұсқаулықты жазып беру әрі есепке алу қағидаларын жаңадан бекітіп, соған жаңа қосымшалар енгізді. Бұл 7 қарашадан бастап күшіне енді", – деді Нұрлыбек Асылбеков.

Оның айтуынша, аталған қағидада төтенше жағдай, шектеу шаралары, оның ішінде карантин кезеңінде рецепті қағаз түрінде жазуға мүмкін болмаған жағдайда, электронды түрде рецепт жазуға ем алушының және дәрігердің аты-жөнін, сондай-ақ, электронды байланыс құралдарын пайдалана отырып, дәрігердің жұмыс орнын көрсету арқылы электрон нұсқада тағайындауға жол беріледі.

"Осы орайда рецептінің уақытылы жазылмай қалуына жол берілмей, дәрі-дәрмекті дер кезінде алуға мүмкіндік жасайды", – деп толықтырды ведомство өкілі.

Нұрлыбек Асылбеков қазіргі кезде дәріханаларда халықтың дәрілік заттарға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін препараттар жеткілікті екенін айтты.

"Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуіне байланысты маусым айының соңы мен шілде айының басында еліміздің ауруханалары мен провизорлық орталықтарында дәрі-дәрмек тапшылығы болды. Бұл тапшылық бөлшек сауда желісінде көрініс тапты", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Коронавирус күш алған жағдайда балалар денсаулығы қалай қорғалады?

Осы мақсатта нарықты дәрілік заттармен толықтыру үшін ҚР Үкіметі басқа елдерден 10 миллионнан астам қаптама көлемінде ұшақ борттарымен дәрілік заттардың 50-ден астам атауын жеткізуді ұйымдастырған.Бұл дәрі-дәрмектер аймақтар арасында біркелкі бөлінді.

Осы орайда ол нарыққа әкелуді әрі қолжетімдікті оңайлату үшін министрлік рұқсат беру құжаттарын 1 тәулікке дейін беру рәсімдерін жеңілдеткенін еске салды.

"Сонымен қатар, коронавирустың ықтимал екінші толқыны жағдайында өңірлерде сұранысқа ие дәрілік препараттарды сатып алу үшін көтерме дистрибьюторларға қайтарымды негізде қаражат бөлу тұрғысында тұрақтандыру қорлары ұйымдастырылды. Бұдан басқа, Фармацевтикалық бақылау комитеті өңірлердегі көтерме дистрибьюторларда, бөлшек саудада неғұрлым сұранысқа ие дәрілік заттардың, медициналық заттардың болуына мониторингті тұрақты негізде жүргізіп отыр", – деді комитет өкілі.

Осы орайда мониторинг нәтижелерін талдау барысы биылғы 15 шілдеден 9 қарашаға дейін көтерме сауда қоймалары мен дәріханаларда антибиотиктер 3,9 есе, вирусқа қарсы препараттар 3,2 есе, антикоагулянттар 32 еседен астам, маскалар 2,3 есе және басқа да дәрілік заттар қорының өсуін көрсетті.

Қазіргі кезде дәріханаларда халықтың дәрілік заттарға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін препараттар жеткілікті.

Оқи отырыңыз: Жемқорлық коронавирустен де қауіпті дерт. Оған қарсы вакцина табыла ма?

Нұрлыбек Асылбеков дәрі-дәрмек саласындағы заң бұзушылықтар туралы айтты. Мемлекет басшысының дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу тапсырмасын орындау мақсатында дәрілік заттардың бағасын бақылауды қамтамасыз ету тұрғысында облыстар мен республикалық маңыздағы қалаларда мониторингілік топтар құрылған.

"Олардың құрамына біздің комитеттің аумақтық бөлімшелері, жергілікті атқарушы әрі құқық қорғау органдары енгізілді. Мониторингілік топтармен 1 640-тан астам дәріхана қамтылып, шекті бағадан асып сатылған дәрілік заттардың 199 атауы анықталды", – деді Асылбеков.

Ол биылғы 15 шілдеден 9 қарашаға дейін 174 млн теңге сомасына шекті бағаның артуының 876 фактісі, 39,4 млн теңге сомасына дәрілік заттарды заңсыз өткізудің 347 фактісі анықталғанын айтты. Мұнымен қоса,. Заңсыз айналымнан 10 миллионнан астам дәрі-дәрмек пен медициналық заттар алынған.

Серіктестер жаңалықтары