Тікелей эфир

Қорғаушылар сотта Өркенді өлтірген өгей шешенің қанша баласы барынан жаңылды

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Өркен Азаматұлының өліміне қатысты сот отырысы Шарипа Ақбердиеваның балаларының саны мен аты-жөнін түгендеуден басталды. Бала өліміне себеп – қызғаныш.

Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған Қаскелең ауданаралық сотында қаралып жатқан он бір жасар Өркеннің өліміне қатысты қылмыстық іс кеше жалғасты. Сот істі нақты талдауға көшті. Күйеуінен кек аламын деп, өгей баласын өлтірген.

Өркеннің әжесі Бағдагүл Есенбекова соттың ашық түрде өткізілуін өтінді. Бірақ ол өтініш қанағаттандырылмады. Осыған дейін де сот барысы ашық түрде жүргізіледі деп жарияланғанмен, қылмыстық іс қарала бастаған кезде фотоға, видеоға түсіруге судья Берікжан Байжүнісов тыйым салды. Сотталушылардың сот отырысындағы мінез-құлықтарының әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуі бұған себеп екендігін алға тартты.

Екі тараптың да қорғаушылары Шарипа Ақбердиеваның балаларының санынан жаңылды. Сот барысында сотталушы Шарипа Ақбердиева мен жәбірленуші Азамат Кемпірбаевтың заңды түрде төрт баланың ата-анасы екені белгілі болды.

Азамат әйелінің қанша баласы барын білмеген

Азамат Кемпірбаев төрт баланың анасы Шарипаның кісі өліміне апаратын қылмыс жасауы мүмкін емес деп әлі де сене алмай жүр. Өйткені ұлы Өркен өгей шешесін жақсы көрген. Шарипа да Өркенді өгейсіткен қылық танытпаған. Баласы жоғалған күнгі мектептегі видеожазбаны көрген соң ғана көңіліне күдік ұялаған.

– Мен Шарипаға, "егер баламды бір жерге тығып қойсаң, шыныңды айт. Мен сенің қасыңдамын ғой, бала кінәлі емес" дедім. Өйткені содан он күн бұрын ұрсысып, үйден кетіп қалғам. Әдеттегідей анамның үйіне де барғам жоқ. Алайда ол кінәсін мойындамады.


Өркеннің әкесі Азамат Кемпербаев.

Өркеннің әкесі – Азамат Кемпірбаев / Фото informburo.kz


Шарипаның қанша баласы барын Азамат оған үйленгенше білмеген. Алайда екеуі танысып, көңіл қосқан уақытта Шарипа өзінің басқа адамнан жүкті екенін жасырмай айтқан екен. Азамат баланы алдыртуға қарсы болып, Дінмұхаммедті өз ұлы Өркеннің артынан еріп жүрсін деп, өз атына жаздыртқан.

Төрт жылдан кейін ашылған құпия

Азамат Шарипаның үлкен ұлы Темірді алғаш рет Шымкентте көріпті. Екеуі отбасын құрғаннан кейін төрт жыл өткен соң ғана әйелінің тұңғыш баласын 15 жасында туғанын білген. Қазір 1995 жылы дүниеге келген сотталушы Темір Ақбердиев 22 жаста. Одан кейінгі сотталушылар қатарында отырған Шарипаның қызы Айдана Ақбердиева 20-да. Бұлар бірінші некеден туылған. Екінші некеден туылған 2007 жылғы Дастан өз әкесінің қолында. Азамат пен Шарипаның қыздары Нұрай қазір төртте. Айдана тұрмыс құрып, 2015 жылы Нұрзат есімді қызды дүниеге әкелгенде Шарипа немересін де өздерінің атына жаздыртуды ұйғарған. Азамат қарсы болмаған.

– Біз танысқан кезде Шарипа аяғының ауыр екенін айтты. Бір айлық екен. Алдыртуға қарсы болдым. Тіпті баланың әкесін де танимын. Мүмкін жақсы көргендіктен шығар, сол күйінде қабылдадым. Немересі де менің атымда.


Шарипаның үлкен ұлы Темір соталушылар қатарында.

Шарипаның үлкен ұлы Темір сотталушылар қатарында. / informburo.kz


Қазір он жасар Дінмұхаммед пен төрттегі Нұрай әжесі Бағдагүл Есенбекованың қолында. Ал Шарипаның екі жасар немересі Нұрзат балалар үйінде. Өркеннің әжесі де, әкесі Азамат та тек Нұрайды өздеріне қалдырғысы келеді. Азамат Нұрзаттың заңды әкесі болғанымен, оған қарауға жағдайы да, мүмкіндігі де жоқ екенін айтты.

Сонымен қатар Азамат такси жүргізуші Руслан Муталиевті де жақсы танитын болып шықты және одан еш күдіктенбеген. Русланмен әйелі екеуі саудамен айналысып жүргенде танысқан. Үнемі жұмысқа апарып тұруға келісіп, күніне екі мың теңгеге жалдап тұрған.

Балама бірінші келінім сай болатын

Өркеннің әжесі де келіні Шарипаның қолын қанға былғауына не себеп болғанын түсіне алар емес. Араларында қанша келіспеушілік болғанымен, Өркен кішкентай қарындасы Нұрайды қатты жақсы көріпті. Демалыс күндері үнемі әкесінің үйіне барып тұрған.

Әйелімен жанжалдасқан күні Азамат анасының үйіне барып қонуды әдетке айналдырған. Жұмыстан кеш қайтқан күндері де осында жиі болады екен. Бұл қылығы ұнамаған Шарипа түннің ортасында болсын келіп, жанжалдасып, күйеуін алып кететін болған.


Өркеннің әжесі Бағдагүл Егимбекова

Өркеннің әжесі Бағдагүл Есенбекова / Фото informburo.kz


Өркеннің әжесі Бағдагүл Есенбекова ұлы мен келіні бас қосар кезде Шарипаның басқа адамнан жүкті екенін естіген. Соған қарамастан батасын беріпті. Келінінің басқа некеден балаларының барын кейін білген.

– Айдананың өз қызы екенін төрт-бес жыл өткен соң ғана білдім. Үнемі үйінде жүреді. Алғашында кім екенін сұрғанымда келінім, туысымның жетім қалған қызы дейтін.

Азамат бірінші әйелі Айжанмен де үйленерден бір апта бұрын танысқан. Кейін бөлек тұрғысы келеді. Ақыры ажырасып тынады.

– Өркен немерем бір жас төрт айда болатын. Азамат пен Айжан өзара баланы екі жақта бірдей жүре береді деп келісті. Әкесі алимент төлеудің орнына баласының киім-кешегін, тамағын әперіп тұрды. Келінім бала мектепке баратын кезде маған біржола әкеліп берді, – дейді Бағдагүл Есенбекова.

Іске аспай қалған жоспар

Өркеннің әжесі Шарипаның ұлы Темір мен кәмелет жасына толмаған Қадіржан Гулямовтың өзін аңдығанын көрген.

– Мен Тимурдың Шарипаның ұлы екенін білген емеспін. Бірақ артымнан осы екеуінің аңдығанын анық білемін. Аптекаға да бірге барды. Үйдің домофонына да келіп, бірнеше рет звонок басып, Өркеннің досымын деп алдады. Көшеде қайта-қайта алдымнан шыға берген соң, суретке түсіріп алғым келген, бірақ ұрып кетер деп қорықтым. Сонда мені өлтіргісі келген екен ғой!

Ойран болған отбасы

Келінімен қарым-қатынасы нашар болғанымен, қызы Айдана Өркеннің әжесімен сырымен бөліседі екен. Жақсы жерге тұрмысқа шыққан Айдананы шешесі үнемі шу шығарып, күйеуінің үйінен алып кетіп жүрген. Ол Айдананың қорыққанынан шешесінің айтқанын бұлжытпай орындағанына сенімді.


Шарипа Ақбердиеваның қызы Айдана.

Шарипа Ақбердиеваның қызы Айдана / Фото informburo.kz


– Маған Айдана бірнеше рет хабарласып, ажырасқысы келмегеніне қарамастан шешесінің отбасын бұзғанын айтқан. Қызы 6-сыныптан кейін оқымаған. Соған шешесін кінәлайтын. Менің ойымша, шешесі қызының отбасының ойран болуына тікелей кінәлі.

Көршілер жағасын ұстап отыр

Сот отырысына Абай ауылында Шарипамен бірнеше жыл бір көшеде тұрған көршілері де куәгер ретінде шақырылды. Олар сотталушылар туралы жақсы пікірде болған. Қылмыс болған күні күдікті ештеңе байқамаған.

Әйгерім Барманбекова есімді көршісі тап сол қылмыс болған 19 қаңтарда үйіне Айдана Ақбердиева екі кішкентай баласымен, яғни, Нұрзат пен Нұрайды ертіп келгенін айтты. Олардың жанында Өркен болмаған. Өз үйлеріне от жағылғанша отыра тұруға рұқсат сұраған. Бір сағаттай отырып, шай ішіп болған соң, үйіне бір барып келген. Әйгерім құрбысындай болып кеткен көршісі Айдананың бойынан ешқандай оғаш қылық байқамағанын айтады.

Ал екінші көршісі Серік Әбуталиев есімді азамат болса, өзінен Шарипа Ақбердиеваның есік алдының қарын тазалау үшін күрек пен лом сұрап келгенін айтты. Бұл Абай ауылындағы бос тұрған үйден Шарипа өткен жылдың желтоқсан айында көшіп кеткен екен. Ұрылардың үйін тонап кеткенін айтып, қайта қоныстанғанын түсіндірген.

Өркеннің туған анасы Айжан сот отырысына қатысқан жоқ. Сегіз жасына дейін тәрбилеген баласының өлімін естіген соң, әлеуметтік желіде өзін ақтамайтынын, баласының өліміне кінәлі адамдар лайықты жазаларын алатынын айтып, пікірін қалдырған.

"Бұндай айуандық әрекетті ештеңемен ақтауға болмайды. Мен ұлыммен бірге өлдім. Менің өміріме көктем ешқашан келмейді. Мен баламның өліміне кінәлі оңбағандардың қандай жаза арқалағанын көру үшін мықты болуым керек. Өмірімнің соңына дейін жаным тыныштық таппақ емес. Ұлымды әжесінің қолында қалдырғаным үшін өзімді ешқашан кешірмеймін. Мен өзімді ақтау үшін емес, маған тағдыры ұқсас жандар менің қателігімді ешқашан қайталамасын деп жазып отырмын" деген болатын.

Сотталушылар алқабилер сотынан бас тартты

Сотталушылар: Өркеннің өгей шешесі Шәрипа Ақбердиева, оның балалары – Темір мен Айдана Ақбердиевтер, Темірдің өгей ағасы – кәмелет жасына толмаған Кәдіржан Гүләмов. Сонымен қатар такси жүргізушісі Руслан Мүтәлиев.

Өркеннің әжесі Бағдагүл Есенбекованың адвокаты Айман Омарова бес күдіктінің кінәлары толық дәлелденген жағдайда 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін дейді. Әйелдердің жас балалары бар екені де ескеріледі.

Шарипа Ақбердиева мен оның ұлы Темірге үш бап бойынша айып тағылып отыр: "Ұйымдасқан қылмыстық топ болып адамды ұрлау", "Ұйымдасқан қылмыстық топ болып адам өлтіру" және "Қылмыстық құқық бұзушылыққа кәмілеттік жасқа толмаған баланы тарту". Ал қалған сотталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің екі тармағы бойынша айыпталады.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың 19 қаңтар күні сотталушы Шарипа Ақбердиева ұйымдасқан тобымен бірге 11 жастағы өгей ұлы Өркен Азаматұлын алдымен тұншықтырып, сосын денесінің бірнеше жеріне пышақ жарақатын салып өлтірді деген айыппен қамауға алынған болатын. Қылмыстық топ құрамында ұлы Темір мен қызы Айданада болған. Қалған топ мүшелері 17 жасар Қадіржан Гүлимов пен такси жүргізушісі Руслан Мүтәлиев есімді азаматтар. Өркенді Абай ауылындағы алдын-ала дайындалған үйге алдап әкеліп, Темір мен Қадіржанның жанына жіберген. Олар жертөледе арам ойларын іске асырған.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары