Қытайдан келген кәсіпкер: Қазақстанда іскер адамды қолдау деңгейі мүлде төмен

informburo.kz
informburo.kz

Өзі ғана көшіп келмей, нан тауып отырған кәсібін Қытайдан көшіріп келген кәсіпкер Астанада шеберхана аша алмай, сандалып жүр.

Қазір қазақ қауымында Қытай еліне қатысты кереғар ұғым қалыптасқан. Алып мемлекет аждаһадай қылқытып жұта салады деген үрей басым. "Қара қытай қаптаса..." – деп тарихқа да жүгіне саламыз. Бірақ бүгінгі қарыштап дамуы әлемді мойындатқан Қытай экономикасының кеше ғана әлжуаз болғанын ескерсек, олардан жиренудің қажеті жоқ, керісінше үйренеріміз көп. Әсіресе, мұндағы іскер адамға деген көзқарас бөлек.

Кәсіпкерліктің мәні – тендермен ақша табуда емес

– Астанада бизнеспен айналысып жүргендердің негізгі қаржы көзі – тендер. Мен үшін қызық жағдай. Біз көшіп келгелі көптеген кәсіпкерлермен таныстық. Олардың басым көпшілігі "Тендерге қатысыңыз" деп ақыл айтады. Немесе өздерімен бірігіп, жұмыс ашуға шақырады. Тым оңай жолмен ақша табуды көздейді.

Меніңше, бұл кәсіпкерліктің дамуына кері әсер етіп жатыр. Тек таза еңбегі арқылы тапқан ақша ғана халал әрі жұғымды болатынын олар түсіне бермейді. Бұл үшін қоғамда идеологиялық тәрбие тіптен жүргізілмеген. Арам жолмен ақша табу – бизнес емес. Мұндай ортада ешкім инвестор болғысы, бірігіп жұмыс ашқысы келмейді.

Кәсіпкерліктің мәні – қандай жолмен ақша табуда жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда тұтынушылықтан өндірушілік түсінікке бет алу керек. Пайданың арамдығын не адалдығын түсіну керек. Бұл – өте үлкен ғылым, өмір философиясы, – дейді Алтынгүл Қабдұлқызы.


Алтынгүл Қабдұлқызы Қытай телеарнасына сұхбат беруде

Алтынгүл Қабдұлқызы Қытай телеарнасына сұхбат беруде / Сурет жеке мұрағаттан


Алтынгүл ханым – Үрімжідегі "Медеу" өнер мектебінің әрі "Медеу" киім-кешек өндіріс компаниясының бұрынғы директоры. Қытайдағы қандастар арасындағы бірден-бір жоғары дәрежелі техникалық маман.

Ата жұртқа оралғанына үш жыл. Үрімжідегі үлкен киім цехын осыдан бір жыл бұрын Астанаға көшіріп әкелген Алтынгүл әзірге тек кедергі мен қиындықтан көз аша алар емес.

Қазақстанда кәсіпкерге басты кедергінің бірі – қағазбастылық


Астанада ашылған тігін цехы

Астанада ашылған тігін цехы / informburo.kz


Алтынгүл Қабдұлқызы Астанадағы достарының үйін алып, шеберхана ашты. Басында тапсырыс аз болатын шығар деген қорқынышы қазір сейілді. Шеберхана күндіз-түні жұмыс жасаса да, үлгерер емес.

Сондықтан үлкен техникаларды әкеліп қоятын орын іздеуге көшті, ойы – жұмысты кеңейту. Бірақ кәсіпкер үшін қағазбастылық үлкен машақатқа айналған. Арнайы шетелден әкелген мамандардың құжатын (бәрі қазақ болса да) жасау, компанияны тіркеуге құжаттамалар жинау үлкен қолбайлау болып жүр.

Астана кәсіпкерлік палатасының уәдесі де сөз жүзінде қалыпты. Цехты орналастыруға әкімдік өз құзіретіне қарайтын орындарды бергенімен, жалдауға төлейтін айлық ақысы өте қымбат болып шықты.

Әкімдіктің басты мақсаты кәсіпкерді қолдау болуы тиіс


Астана қалалық әкімшілік ғимараты

Астана қалалық әкімшілік ғимараты / informburo.kz


Алтынгүлдің пікірінше, Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдаудың механизмі дұрыс жасалмаған.

– Мысалы, әкімдік орынды арзан бағамен жалға берсе, өте көп инвестиция келеді. Орын жалдаудан үнемдеген қаржыға үлкен цехтар мен техникалық жабдықтарды сатып алуға болады. Аз дегенде 50 адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндігім бар. Оның үстіне арнаулы Шеберханалық өнер мектебін ашып, шәкірт үйретіп, кәсіпкерлікке тәрбиелер едім. Міне сонда нағыз бәсекелік орта қалыптасып, өндіріс дамиды және бюжетке де салық арқылы қаржы түседі, – дейді ол.

Алтынгүл сынды кәсіпкерлердің тебінін қайтарып, жігерін жасытқан мемлекеттік мекемелерге барып, нақты жұмыстарымен танысып қайтқан болатынбыз. Оқырман үшін сол дәлелді деректерді қоса беріп отырмыз.

Әкімдік бос орындарды саудаға шығарудан аса алмай отыр

Жалпы, инвесторлар үшін Астана өнеркәсіп аймағынан жер беру қарастырылған. Бірақ жер құны қазіргі базардағы нарық бойынша шетелдік инвесторға үлес ретінде қосылып, жарнаға есептелінеді.

Әкімдіктің құзіретіндегі бір орталықтан құралған (Палата, корпорация және Даму кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы) үш мекеменің негізгі қызметі – ақыл-кеңес беру, құжаттандыруға көмектесу, әкімдіктің атынан қаржылық-инвесторлық келісім-шарттар жасау және сауда алаңдарын сату. Тек өсімсіз несие бере алмайды, салықтан құтқармайды, орынмен қамтымайды.

Анықтама: Өңірлік даму институты болып саналатын "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жалғыз акционері – Астана қаласының әкімдігі. Еншілес және тәуелді ұйымдар:
"Шапағат" коммуналдық базары ЖШС, "Целинсельмаш Астана" ЖШС, "Сарыарқа-агро" ЖШС, "Сапаржай-Астана" ЖШС, "Astana продгрупп" ЖШС, "Astana energy management" ЖШС, "Retail investment Astana" ЖШС.

"Бізде ешқандай салықтан босату қарастырылмаған. Зауыт пен қоймалар бар. Сауда алаңдарымен қамтимыз. Биыл Астанадан 1000 сауда орнын беруге дайындап жатырмыз. Әкімдік қазір әр шаршы метрін жылына 20 000 теңгеден 1000 алаңды жеті жылға жалға беруге дайындап қойды", – дейді "Астана әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ, активтерді басқару департаментінің бас маманы Акимжанов Халел Рахимұлы.

Бұл жобалар кәсіпкерге тиімсіз

Астаналық кәсіпкер Бақыт Берімұлы: "Өткен жылы да 1000 сауда орнын берді. Тендер деген аты болмаса, оны ұтып алу қиын. Оның үстіне алаңды ұтып алған соң да көп қаржы болмаса, жұмыс жүрмейді. Себебі, сол орынға салатын киоскіні әкімдіктің көрсеткен үлгісімен өз қаражатыңа жасатуың керек. Оған ең төмен болғанда 1,8-2 миллион теңгеден кем емес қаражат жұмсайсың. Егер сауда алаңы адам көп жүрмейтін жақта болса, зиян шегуің әбден мүмкін. Ешқандай жеңілдетілген салық жүйесі мен несие беру қарастырылмаған".

Бос орын көп. Кәсіпкерлер жалдау ақысын төлей алмай кетіп жатыр

Корпорацияның бес еншілес кәсіпорнының бірі "Целинсельмаш Астана" ЖШС-де де сол жағдай. Компанияға қарасты қоймалар мен кеңселердің айлық жалдау құны шаршы метріне 2000 теңгеден. Бірақ жұмыс орындары қаңырап бос тұр.

"Целинсельмаш Астана" ЖШС директоры Әуезханов Мырзабек Пернеханұлы: "Қазір экономикалық дағдарысқа байланысты кей кәсіпкерлер жалдаған бөлмелердің ақысын төлей алмай, кетіп жатыр. Әрі қалада мұндай орындар да көбейген".

Бос тұрған кеңсе және жұмыс алаңдары, жатақхана


Кеңселер бос тұр / informburo.kz



Жалға қойма да, кеңсе де бар / informburo.kz



Жалға жатақхана да бар

Жалға жатақхана да бар / informburo.kz



Бос тұрған сауда орны / informburo.kz



Бос тұрған кеңсе

Бос тұрған кеңсе / informburo.kz



Бос тұрған жатақ іші

Бос тұрған жатақхана іші / informburo.kz


Маған Майра Мұхаммедқызы көмектесіп жатыр


Майра Мұхамедқызы

Майра Мұхамедқызы / Сурет жеке мұрағаттан


Әкімдік қолдауынан күдерін үзіп, өз қаржысын техникалық жабдықтар сатып алуға салған Алтынгүлге қазір достары көмектесіп жатыр. "Майра Мұхамедқызы Еуропа, Азиядағы көптеген сахналарды тамсандырған әнші ғана емес, талғамы мен таланты тұнған үлкен сәнгер.

Майра қазір алдағы мамыр айында Астанада үлкен кеш беруге дайындалып жатыр. Концертке дайындықтан босай қалған кездерінде маған келіп ақыл-кеңесін береді, көмектеседі. Ал мен сол кешке керек киімдерді дайындап, жұмысты да Майра алып берген тігін машинасымен бастап жатырмын" – дейді Алтынгүл.

Қытайда үкімет өтірік уәде бермейді


Пекин. Халықтар мәжілісінің Үйі. Қытай компартиясының съездері осында өтеді

Бейжің. ҚХР xалықтарының мәжіліс үйі. Қытай компартиясының съездері осында өтеді / jj-tours.ru


Дөңгелетіп отырған кәсібін тастап келіп, көп кедергіге кездессе де, Алтынгүл алған бетінен қайтпай, мойыған жоқ. Атажұрттың көркеюіне атсалысуды армандайды. Тек Қытайдың ынталы кәсіпкерге деген ұтқыр шешімдерінің Қазақстанда қалыптаспағанына күйінеді.

Алтынгүл: "Қытайдағы кәсіпкерлердің бағы шығар. Қытайда кәсіп ашуға, инвестиция тартуға барлық жағдай жасалған. Инвесторлар соған қызығады. Кез келген адам, мейлі шетелдік болсын, кәсіп ашуға өтініш берсе болды, жетіп жатыр.

Үкімет өсімсіз қаржымен, гранттармен және жұмысқа қажетті орынмен қамтиды. Салық төлеу туралы ешқашан айтылмайды. Тек жұмыс жүріп, дамып, белгілі деңгейге келгенде ғана салық төлеуге кеңес береді.

Оның үстіне үкімет кәсіпкерлердің жұмысының жүруіне қажетті шарт-жағдай әзірлеп, ортақ үлкен нарық қалыптастыруға ықпал жасайды. Осылайша жергілікті жағдайға үйлесетін өндіріс ошағын ашады және сол үшін жұмыс түрлерін зерттеп, жаңа кәсіпке қолайлы жолды анықтайды.

Өз кәсібін бастауға ешқандай құжат керек емес. Жұмыс жүргеннен кейін, биліктегілердің өздері әкеліп береді. Қағазға, қаржыға бас ауырмағасын, қалғаны оңай ғой".

Бізде кәсіпкерлерді салықтан босату қарастырылмаған

Астана кәсіпкерлер палатасының консультанты Динара Тұрсынқанқызы жаңа істі қолға алған қазақстандық кәсіпкерлік үшін ешқандай салықтық жеңілдіктің қарастырылмағанын айтты.

Кәсіпкерге қаржылай көмек керек болса, тек екінші деңгейлі банктерден жылдық өсімі 19 пайыз несие алуға мүмкіндік бар, оның 7 пайызы үкімет жағынан субсидияланады. Осылайша жылдық өсімі 12 пайыздық несиенің өзін беру үшін банктер жылжымайтын мүлікті кепілге сұрайды. Кейде Палата да кепіл бола алады. Бірақ ол жаңа іс бастаған кәсіпкердің проблемасын шешпейді.

Қытайда шетелден оралған қандастары үшін арнаулы заң және саясат бар


Қытай. Көшедегі адам нөпірі

Қытай. Көшедегі адам нөпірі / Сурет baidu.com


Қытайдағы саясат шетелден оралған қытайлық қандастары мен шетелдік бизнесмендердің игілігін көздейді, қолайлы. Олардың балаларына тегін білім беріледі. Тіпті Шанхай қытайлық қандастар университеті секілді арнаулы жоғары оқу орындары да ашылған. 2016 жылы Бейжіңде өткен қытайлық қандастардың әлемдік жиынында келтірілген мәліметке сүйенсек, елдің жалпы экономикасындағы алыс шетелден оралған қытайлық қандастардың үлесі 10 пайызға жетіпті.

Кез келген көшіп келген қандас қаржысыз емес, оның үстіне олар алдымен кәсіп ашу жағын ойластырады. Оларға үкіметтік қызметке тұру қажет емес. Тек тез арада құжаттанса, жетіп жатыр. Бұл жағынан алғанда қандастар үлкен инвесторлар – адам капиталы ретінде саналады, екінші жағынан қарағанда, ұлттық қауіпсіздік үшін пайдалы саясат.


Шетелдегі Қытай қандастарының кезекті әлемдік жиыны

Бейжіңде өткен шетелдегі қытайлық қандастардың әлемдік кезекті жиынына 2 қазақ делегаты қатысты / Сурет жеке мұрағаттан


Бір айта кетер жәйт. Ата жұртыңа көшіп кеттің деп, қазақтарды да мұнда ешкім кеудеден итермейді. Қытай үшін олар – қытайлық қандастар болып қала береді. Кәсібін Қытаймен қарым-қатынаста дамытамын десе, Үкімет тұрғысынан да үлкен қолдауға ие.

Қазақстанда Үкімет кәсіп ашуға кедергі жасамаса жетіп жатыр

Қазақстанда кәсіп ашуға деген жабайы көзқарас басым. Сол себепті, ешқандай еңбексіз пайда табуды көздейтіндердің шоғыры мол әрі олар биліктің шетінде де отыр. Ал олардың түсінігінде қазіргі ең дұрыс пайда көзі – тендер мен пара алу. Үрдістің таныс-білістік пен бюрократизмнен ажырамайтын жүйеге айналғанын кәсіпкерлер де, саясаткерлер де айта-айта шаршады.

Келеңсіздіктердің бір ұшы тағы да сол қағазбастылыққа тіреледі. Және бір себебі мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының төмендігі мен олардың үй-жаймен қамтылмауында жатыр. Тапқанын пәтер жалдаудан асыра алмайтын мемлекеттік қызметкерлердің түрлі заңсыздықтарға барып, жымысқы жолға түсетіні шындық.

Әр елдің өз мәселелері жетіп жатыр. Алайда Алтынгүл сынды тәжірибесі мен қаржысы бар кәсіпкерлерге қолдау жасай алмау – біздің үкімет үшін үлкен кемшілік. Тіптен, "үкімет кәсіпкерлікті қолдамай-ақ қойсын, тек кедергі жасамаса екен!" – деген уәжді айтып жүрген ағайындар да жетерлік.

"Ұрпақтарымыз үшін бәріне көнуге әзірміз"

Алтынгүл: "Біз ұрпақ үшін көшіп келдік. Сол үшін осы қиындықтардың бәріне төзуге әрі таза кәсіпкерлік орта құру үшін күресуге тиіспіз деп есептеймін. Құжатбастылық, уақыт ысырапшылдық, таяз кәсіптік көзқарас бәрі-бәрі мемлекеттің дамуына кедергі. Ол жеке мемлекеттің айналысатын жұмысы емес, әр адам бірігіп күресуге тиісті. Әйтпесе мұндай бай, кең байтақ елде кедей, үйсіз жүру ұят әрі намысыңа тиеді. Сондықтан менің әр салада жүрген азаматтарды бірігіп жұмыс жасауға, қоғамдағы жаман індеттермен бірігіп күресуге, құр даңғазалықты дәріптеуден арылуға, адал да таза болуға, жалқау болмауға шақырамын", – дейді.

"Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды!" – демекші бұл кедергілер туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де бірнеше рет айтқан. Алайда әзірге өзгерер түрі жоқ. Елбасының тапсырмасын елемегендер оралмандардың өтінішін қайтсін?! Ашылуын сүйінші сұрап, телеарналарда көрсеткен қаншама жұмыс орындары тек қағаз бетінде бар, жабылып қалды. Сондықтан Абай атамыз айтқандай:

"Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өз күшің алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап", – дегендей, панасыз күй кешіп жүрген кәсіпкерлер тек өздеріне сенеді.

Поделиться:

Оқи отырыңыз