Тікелей эфир

Қытайға қарсылықтың жеті себебі. 55 жоба неге дау туғызды?

Фото shutterstock сайтынан алынды
Фото shutterstock сайтынан алынды
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарлап қайтты. Қытайдан басқа елдермен арада неге мұндай жобалар жоқ?

Қытайға қарсы наразылық үдеп тұрған тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барып келді. Жұрт бұл сапарды жіті қадағалады.

Қытайдың орталық халық порталының берген хабарында: "Мемлекет төрағасы Си Цзиньпин 11 қыркүйекте Бейжіңдегі халық сарайында Қазақстанның президенті Тоқаевпен кеңес өткізді. Екі ел басшылары екі жақтың бірлесе отырып даму, ортақ игіліктену рухын негіз етіп, Қытай мен Қазақстанның мәңгілік әрі жалпы беттік стратегиялық серіктестік қатынасын ілгерілетуді бірауыздан мақұлдады", – деп жазған.


Қытай, Бейжін, 11 қыркүйек. Қасым-Жомарт Тоқаев Ши Жинпиңмен кездесті

Қытай, Бейжің, 11 қыркүйек. Қасым-Жомарт Тоқаев Ши Жинпиңмен кездесті / Фото Қытайдың халық порталынан алынды


"Астана" халықаралық қаржы орталығы Қытай юанін контент ретінде қабылдайды

Ақорда сайтының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы іскер топ өкілдерімен кездесу барысында Қазақстан-Қытай бірлескен жобаларын жүзеге асыру, Қазақстан ауыл шаруашылығының өнімдері экспортының көлемін арттыру, трансшекара өзендерін пайдалану және туризмді дамыту мәселелерін талқылаған.

Сонымен бірге "Астана" ХҚО базасында RMB (Ren Min Bi – халық ақшасы, яғни юань) Connect механизмі құрылатыны айтылған.

"RMB Connect жобасы юаньмен инвестиция салуға мүмкіндік береді. Жаңа экожүйе Қытай юанінің әлемге таралуына елеулі үлес қосатынына және Қазақстан кәсіпорындары мен өңірдегі өзге елдер үшін юаньмен операция жасау бойынша жаңа есеп айырысу-клиринг орталығына айналатынына сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.


Тоқаев "Ali baba" желісінің құрушысы Ма Юнмен (Джек Ма) кездесіп, әріптестік туралы сөйлескен

Қасым-Жомарт Тоқаев Alibaba желісінің құрушысы Ма Юнмен (Джек Ма) кездесіп, әріптестік туралы сөйлескен / Сурет ҚР Сыртқы істер министрлігінің порталынан алынды


Ақорда сапарды қалай қорытындылады?

Отандық ақпарат құралдары Тоқаевтың Қытайда мемлекеттік тілде сөйлегенін жарыса хабарлады.

Мемлекет басшысының Қытайға сапарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли сапардың өте нәтижелі, жоғары деңгейде өткенін айтты.

"Сапардың нәтижесінде Қазақстан мен Қытай көшбасшылары бірлескен мәлімдеме жасап, 10 маңызды құжатқа қол қойды. Мемлекет басшысы Ханчжоуда Қытайдың әлемдік нарыққа инновациялық өнімдерін шығаратын Hikvision компаниясының және жаһандық интернет сауда саласының көшбасшысы саналатын Alibaba Group компаниясының штаб-пәтерінде болған. Қазіргі таңда еліміздің 1782 шақырым шекарасы осы Қытаймен шектеседі. Бұл үлкен құрлықтық шекара болып есептеледі. Көршілес, іргелес тұрған елмен араласпай, алыс-беріс жасамай тұра алмаймыз. Өйткені Қытай –біздің Құдай қосқан көршіміз. Сол себепті Қытаймен байланысымызды орнықтыруымыз, мәңгілік стратегиялық әріптестік орнатуымыз заңдылық", – деді Берік Уәли.

Ереуілшілер Тоқаевтан не күтті?

Жаңаөзенде басталып, Қазақстандағы бірнеше қаланы шарпыған Қытай экспансиясына қарсылық ереуілі лебі әлі басылмай тұр. Онда ереуілшілердің талабының бірі "Қытайдағы қазақ мәселесі", "тең құқылы әріптестік туралы ашық келісім" болды. Әрине, көп келісім жасалды, достық пен селбестік ары қарай жалғасады. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтан бері жалғасып келе жатқан дипломатия.

Әлемдегі ашық та ащы тақырыпқа айналған "Қытайдағы концлагерьлер және азшылықтарға қысым" мәселесі туралы Тоқаев президент болғаннан бері бірде-бір пікір білдірмеді.


Алматы, 4 қыркүйек. "Қытай экспансиясына қарсы" ереуіл

Алматы, 4 қыркүйек. Қытай экспансиясына қарсы ереуіл / Фото: Informburo.kz


"Қазақстан компаниясы" мәртебесіне ие Қытай компаниялары неге көп?

Kaz Service мұнай қызмет көрсету кеңесі президумының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, Қазақстан Республикасында тұрақты мекенжайы бар, штатында 95% ҚР азаматы бар кез келген заңды тұлға "Қазақстан компаниясы" деп есептеледі. Ал құрылтайшысы немесе акционерлері 100% шетелдік болуы мүмкін. Бұл есепке алынбайды.

"Осының салдарынан көп шетелдік компания Қазақстанға келіп, компаниялар ашып, қазақстандық үлес көрсеткішін арттырып отыр. Іс жүзінде иелері – шетелдіктер. Таза пайда емін-еркін шетел асып кетіп жатыр", – дейді Рашид Жақсылықов.

ҚР вице-премьері Жеңіс Қасымбек 5 қыркүйекте арнайы Қазақстан-Қытай жобаларына қатысты Үкіметте өткізген баспасөз мәслихатында Қазақстан-Қытай жобаларында Қазақстан азаматтарына басымдық берілетінін айтты.

"Бұл компаниялардың штаттағы қызметкерлерінің 95%-ы –Қазақстан азаматтары. Қазақстан азаматтары жұмысты болып, барлық жұмысты біз істеп жатырмыз", – деді Жеңіс Қасымбек.

Осы себепті Маңғыстау, Қызылорда, Атырау облыстарында Қытай тарапы ашқан тау-кен, бұрғылау, ауыл шаруашылығы салаларымен айналысатын "Қазақстан компаниялары" көбейіп кеткен.

Рашид Жақсылықов Қазақстандағы мұнай-газ саласының40%-ы Қытайдың үлесінде екенін айтты. Енді Қытай компанияларының өндіріс пен шаруашылықтың басқа да салаларында көріне бастауы халықты алаңдатып отырғаны белігілі.

Ел-жұрт неден қорқады?

Қытайтанушы, зерттеуші Ержан Мұхан былай дейді: "Әрине, біріккен компаниялар құрып, жұмыс орындарын ашу және өндіріс мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Алайда қорқатын тұстар да бар.

  1. Қытайға экономика бойынша тәуелділік артып барады, атышулы 55 жоба туралы, оның иелік үлесі туралы мәлімет ашық емес;
  2. Биліктегі жоғары лауазымды тұлғалар үнемі жемқорлықпен ұсталып жатқанын телеарналардан көріп отырмыз. Жемқорлықтың кесірінен ұлттық мүдделеріміз үнемі аяқасты болуы мүмкін;
  3. Бізде мүддемізді Қытаймен тең дәрежеде басты орынға қоятын заңдық негіз әлі кемшін. Мәселен, қазақстандық мәртебеге ие Қытай компаниялары көп әрі олар кез келген салада жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне ҚР азаматтығын алып, сол арқылы өз мақсатын іске асырып жатқан топтар болуы да мүмкін;
  4. Батыс елдері Қытай компанияларының үнемі Қытай елінің корпортив басқаруымен жұмыс істейтінін, сол себепті әділетті бәсекеге кедергі жасайтынын жиі айтып келеді. Бұдан сақтанатын заң механизмі жоқ;
  5. Қазақстан Парламенті 2018 жылы желтоқсанда Қытай компанияларын табыс салығынан 10 жылға босататын заңды бекітті. Оның үстіне олар Қазақстан компаниясы ретінде де жұмыс істей алады;
  6. Қытайдан басқа елдермен арада тап осындай ондаған жоба жоқ. Мысалы, Жапония мен Германия сияқты елдер неге инвестиция салуға құлықсыз? Үкімет ұлттық мүддені кепілдендіретін талаптар туралы үнемі айтпай, жалаң инвестиция айтып келеді. Бұл ашық әрі жариялы болуы керек;
  7. Қытайдағы қазақ мәселесі әлемдік тақырыпқа айналды. Ол туралы үндемеу билікке деген сенімді азайтып барады.

Қытайдағы қазақтар төңірегіндегі мәселе де – елді алаңдатқан басты түйіндердің бірі. Бейресми мәлімет бойынша Қазақстанда 1950-1965 жылдары Қазақстанға сырттан оралған қазақтардың саны – тәуелсіздік алған жылдардағы қазақтардың саны мен өсімін қоса есептегенде 2 миллионға жақын. Бұл Қазақстанның әр бес азаматының бірінің Қытаймен қатысы бар екенін білдіреді.

Наразылыққа негіз болған 55 жоба


55 зауыт туралы Қазастан Үкіметінің ресми мәліметі

55 жоба туралы Қазастан Үкіметінің ресми мәліметі / Мәлімет ҚР Сыртқы істер министрлігі сайтынан алынды


55 жобаның ішінде Тоқаев "тиімсіз жоба" ретінде атаған Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысы да бар. Оған Алматы метросы да қосылып отыр.

Жалпы Қытаймен келісілген жобалар саны да, жоба түрлері де үнемі өзгеріп тұрады. Informburo.kz зерттеуінше, олардың саны төмендегідей:

Іске асқан жоба саны – 15. Олардың қатарында мыналар бар:
  1. Полипропилен өндірісін жаңарту (Мұнайхимия, Павлодар облысы, құны – 12 млн доллар);
  2. JAC маркалы жеңіл тиіпті көлік құрастыру (Машина жсау, Қостанай облысы, құны – 22 млн доллар);
  3. Зығыр майы өндірісі (Ауыл шаруашылығы, Солтүстік Қазақстан облысы, құны – 19 млн доллар);
  4. "Қорғас - Шығыс қақпасы" АЭА аумағындағы құрғақ порт құрылысы (Инфрақұрылым, Алматы облысы, құны – 76 млн доллар);
  5. Түйе және бие сүтін мәнерлеу өндірісі (Ауыл шаруашылығы, Түркістан облысы, құны – 22 млн доллар);
  6. ПЭТ қалдықтарды қайта өңдеу және штапельді талшықтар өндірісін ұйымдастыру (Химия, Түркістан облысы, құны – 20 млн доллар).

Іске асырылып жатқан 11 жобаның арасында мыналар бар:
  1. Үлкен диаметрлі болаттан дәнекерленген құбыр өндіру (Тау-кен саласы, Алматы, құны – 100 млн доллар);
  2. Қуаты жылына 200 тонна болатын отын өндірісі (Атом энергиясы саласы, Шығыс Қазақстан облысы, құны – 154 млн доллар);
  3. Полипропилен өндірісі (Химия, Атырау облысы, құны – 2630 млн доллар);
  4. Кальцийленген сода өндірісі (Химия, Қызылорда облысы, құны – 275 млн доллар);
  5. Қуаты 60 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы (Энергетика, Алматы облысы, құны – 120 млн доллар);
  6. Ет зауытының құрылысы (Ауыл шаруашылығы, Алматы облысы, құны – 26 млн доллар).

27 жоба талқыланып жатыр. Олардың қатарында мыналар бар:

  1. Қуаты 50 МВт болатын "Қаскелең Солар Пауэр" күн электр станциясының құрылысы (Энергетика, Алматы облысы, құны – 42 млн доллар);
  2. Суды тұзсыздандыру зауыты құрылысы (Cу тазарту, Маңғыстау облысы, құны – 60 млн доллар);
  3. Май экстракциялау зауыты құрылысы (Ауыл шаруашылығы, Ақмола облысы, құны – 70 млн доллар);
  4. KazPV жобасы бойынша күн батареяларын шығаратын кәсіпорындардағы үлесті өтеу (Энергетика, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, құны – 70 млн доллар),
  5. Жылжымалы бұрғылау қондырғыларының өндірісі ( Машина жасау, Ақтөбе облысы, құны – 13 млн доллар);
  6. "Тобыл Солар паркі" 50 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы (Энергетика, Қостанай облысы, құны – 50 млн доллар).

Қытаймен арадағы 55 жобаның толық тізімін мына жерден көруге болады.

Серіктестер жаңалықтары