Тікелей эфир

"Велосипедші мен шаңғышы ұшады". Қазақстан оқушылары неге қате кітаппен оқып, білім алып жүр?

Сурер ашық дереккөздерден
Сурер ашық дереккөздерден
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл бірнеше әріптестерімен бірге Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға осы сұрақты жолдады.

Депутат Бақытбек Смағұл нақты мысалдар келтіре отырып, депутаттық сауалын қойды. Оның айтуынша, қолданыстағы кітаптардың басым көпшілігі әуелі орыс мектептерінде оқитын шәкірттерге арналып жазылады. Оларды қазақ тіліне аударғанда, грамматикалық та, логикалық та қателер көп кетеді. Республика бойынша ең мықты деген педагог ғалымдар, ұстаздар мен әдіскерлерден құралған комиссияның депутат айтқан қателерді көрмеуі түсініксіз.

"Шаңғышы ұша ма" немесе мектеп оқулығындағы күлкілі тапсырмалар

Депутат "Мектеп" баспасынан шыққан 7-сыныптың физика пәні кітабын мысалға алды. Бақытбек Смағұлдың айтуынша, авторлары – У.Тоқбергенова мен Б.Кронгарт.


Депутаттың айтуынша, физика оқулығында аудармадан кеткен қате көп

Депутаттың айтуынша, физика оқулығында аудармадан кеткен қате көп / Сурет youtube желісінен скриншотталды


– Мысалы, қазақ тіліндегі оқулықтың 109 бетіндегі жаттығуында "бала бәтеңкесі табанының ауданы" деп берілу керек мәтін "бала бәтеңкесінің ауданы" деп берілген. Бұл – "Мектеп" баспасынан шыққан кітап. Енді "Алматы" баспасынан шыққан кітаптардан мысал келтірейін.

Қазақ сыныбына арналған математика пәнінің кітабында, 110-шы бет, 10-ыншы тапсырмада "шаңғышы мен велосипедшінің ұшу жылдамдығын анықта" делінген. О заман да, бұ заман, велосипедші мен шаңғышының ұшқанын кім көрген?! – дейді депутат.

Алып тұлғалардың аты-жөндері де қате жазылған

Осы математика кітабында ұлттық валюта "теңгемен" емес, ағылшын әріптерімен "kz" деп белгіленгенін де анықтапты депутат. "31-інші беттегі есепте ұлттық валютаның ағылшын тіліндегі "kz" деп қысқартылған нұсқасы беріліпті. Оның орнына мемлекеттік тілде "теңге" жазуы болуы керек. 125-беттегі суреттің астына "Асфендияров Санжар Жаппарулы" деп қате жазылған. Дұрысы Аспандияров Санжар Жаппарұлы" дейді депутат.

Қазақ әдебиеті мен youtube. Оқушыларға мұғалім қандай тапсырма беруге мәжбүр?

Бақытбек Смағұлдың айтуынша, 4-сыныпқа арналған "Әдебиет" оқулығында үйге қызық тапсырма беріледі екен. Мәселен, 20-бетте үй тапсырмасы ретінде балаларға "youtube" желісінен мультфильм көріп келіңдер деген тапсырма жүктелген.


"Рататуй" фильмінің кейіпкерлері

"Рататуй" фильмінің кейіпкерлері / Сурет ашық дереккөздерден


– Оқушылар осы сайттан басқа қажетсіз, пайдасыз, зиянды ақпарат алуы мүмкін. 45-ші сабақты қарайық. Үй тапсырмасына "Рататуй" (2007 жылғы Американың толықметражды анимациялық фильмі – авт.) мультфильмін көріп, мазмұндау керектігі айтылған. Оның орнына ұсынатын төл туындымыз жоқ па? "Рататуй" сияқты мульфильмдерді оқулықтар арқылы жарнамалаудың қажеті жоқ. Міне, осындай өрескел қателер бар, – дейді депутат.

– Күләш Ноғатайқызы, министр ретінде ғана емес, ұлт жанашыры, педагог ғалым ретінде комиссия жұмысын қадағалауды өтінеміз, – деп қорытты өз сауалын Бақытбек Смағұл.

Нұр-Сұлтандағы мәйітханаға 65 жыл

Ал, депутат Зәуреш Аманжолова мен бір топ әріптестері Қазақстандағы мәйітхана аздығын, ал, қолданыстағыларының өте тозып кеткенін айтып, Әділет министрі Марат Бекетаевқа сауал жолдады.

Депутаттың ақпаратына сүйенсек, Алматы қаласындағы сот-медициналық мәйітхана 1915 жылы (104 жыл бұрын), Нұр-Сұлтан қаласындағы мәйітхана 1954 жылы (65 жыл бұрын), Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс-Қазақстан облыстарындағы мәйітханалар 1953 жылы (66 жыл бұрын) салынған.

– Біздің депутаттық сауалымызға негіз болып отырған мәселе – еліміздегі сот-медициналық қызметтің адам көргісіз жағдайы. Мәжіліс депутаттары осымен бірнеше рет сот-медициналық сараптама жүргізетін орталықтардың жағдайын айтып, мәселе көтеріп келеді. Ал, 2018 жылдың қаңтарында өткен Үкімет сағатының нәтижесінде бүкіл облыс, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдеріне босап тұрған ғимараттар болса, қайтарымсыз негізде сот-сараптама жүргізу лабораторияларына беру туралы ұсыныс айтылған. Бірақ, ол айтылғандарды әкімдер дұрыс ескермей келеді, – дейді Аманжолова.

Оның айтуынша, осы мәселе көтерілген соң Алматы қаласының әкімдігі, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының басшылығы ғана әрекетке көшкен. "Қалған өңірлер проблеманы шешетін мүмкіндік жоқ деген сылтау айтып отыр" дейді ол.

Ал, әкімдер мәселе шеше алмай жатқанда, халық зардап шегіп отыр. Себебі, қазір Маңғыстау облысында, соның ішінде, Бейнеу ауданында өлген адамның денесін жақындары 450 шақырым жердегі, Маңғыстау ауданында өлсе, туыстары 150 шақырым жердегі мәйітханаға, Қорғалжың ауданында көз жұмғандардың денесін туғандары 130 шақырым жердегі сот-сараптамалық орталыққа апаруға мәжбүр.


Алматы қаласындағы мәйітхана ғимаратының салынғанына бір ғасыр асқан

Алматы қаласындағы мәйітхана ғимаратының салынғанына бір ғасырдан асқан / Сурет informburo.kz


Сондықтан, депутаттар Әділет министрі Марат Бекетаевқа өз ведомствосына қарайтын сот-медициналық сараптама жүргізу орталықтары мен мәйітханалардың жағдайына көңіл бөлуді сұрады.

Жалпы, мамыр айындағы алғашқы отырыста Мәжіліс негізінен үш мәселені қарады. Қаржы нарығын реттеу туралы және "жұмылдыру дайындығы" туралы заң жобасы қорытынды әзірлеуге жіберілсе, Қазақстан мен Литва арасындағы бас бостандығынан айырылған адамдарды өз елдеріне қайтару туралы заң жобасы мақұлданды.

Залалды өтемесе, елге қайтпайды

Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов депутаттарға "Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау" туралы заң жобасын таныстырды.

– Сіздерге Қазақстан мен Литва арасындағы шартты ратификациялау туралы заң жобасымен келіп отымыз. Шартқа 2017 жылдың 24 сәуірінде ЮНЕСКО қол қойған. Шартқа сәйкес, Қазақстан азаматын Литва соты бас бостандығынан айырса немесе мәжбүрлеп емдеуді тағайындаса, оның жазасын өтеу үшін елімізге қайтара аламыз. Сол сияқты, Литва азаматтарын өз еліне беруге болады. Шартта бірқатар талаптар бар, – деді заң жобасын таныстырған Бас прокурордың орынбасары.

Ең біріншіден, сотталған адам әрине, не Қазақстанның, не Литваның азаматы болуы тиіс. Екіншіден, сотталған адамды беру үшін өзінің немесе оның заңды өкілінің өз еркімен берген келісімі керек, Үшіншіден, оның жасаған әрекеті екі елде де қылмыс болып табылуы тиіс. Төртіншіден, ол адамды елге беру үшін екі тараптың да келісімі керек.

Егер, сотталған адамды өз еліне қайтару сол елдің егемендігіне, қоғамдық тәртіпке нұсқан келтірсе, ұлттық заңнама мен мемлекеттің мүддесіне қайшы болса және сотталған адам залалды өтемесе, ол жазасын өз елінде өтей алмайды.

Депутаттар заң жобасын мақұлдады. Енді Бас прокуратура құжатты бірінші оқылымға дайындауы керек.

Серіктестер жаңалықтары