Тікелей эфир

Әуе билеттерінің бағасы арзандай ма? Жаңалықтарға шолу

Төрт қалада студенттер автобуста 20 теңгемен жүре алады. Жүлде қоры 1 млн 700 мың теңгелік "Туған жер" шығармашылық байқауы жарияланды.

Қытайда Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты сот отырысы өтті

ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Гуанчжоу сотында есірткі контрабандасымен айыпталған отандасымызға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша отырыс барысында қорғаушы тарап ұсынған қылмыстық істің материалдары қаралған. Отырысқа қорғаушылар, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің өкілдері, Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы және аудармашы қатысқан. Кездесу сағат 10.00-нан бастап (Гуанчжоу уақыты) 2 сағаттан астам уақытқа созылған.

"Ақжарқын Тұрлыбайдың денсаулығы жақсы. Сотта өзін-өзі жақсы ұстап, сот тарапынан қойылған сұрақтарға өз бетінше қытай тілінде түсініктеме берді. Үкімнің жарияланатын күні ашық" деп хабарлады министрліктен.

Мейрамбек Беспаев Алматы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды

Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың өзі Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

"Бүгін, Мейрамбек Бесбаевты мәдениет саласы бойынша штатан тыс кеңесшім етіп тағайындадым" деп жазды әкім.

Төрт қалада студенттер автобуста 20 теңгемен жүре алады

Beeline байланыс операторының "Зачетный" тарифтік жоспарының жаңа нұсқасына сәйкес, Астана, Алматы, Ақтөбе мен Петропавловск қаласында студенттер қоғамдық көліктерге тек 20 теңге төлейді.

Ақы төлеу үшін автобустардың салондарында көрсетілген кодты 2505 нөміріне SMS арқылы жолдау қажет. Немесе QR кодты "Менің Beelinе"-ым аталатын мобильді қосымша арқылы сканерлеу керек.

Ермекбаев Назарбаевқа Қазақстан армиясының ахуалы туралы есеп берді

Елбасы ҚР Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевты қабылдады. Кездесу барысында Елбасына еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күштердің бөлімшелері мен құрамаларының жауынгерлік даярлығын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

Н.Назарбаев келесі жылы елордада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы және Отан қорғаушы күніне аралаған Әскери парадтың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Тұңғыш Президент сондай-ақ, отандық қорғаныс өнеркәсібінің Қорғаныс министрлігінің мүддесіне сай сапалы жұмысын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Әуе билеттерінің бағасы арзандай ма?

Кеше Қазақстан халқына жолдауында Қ.Тоқаев осы мәселені қатаң сынға алды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек бұған басты проблеманың бірі ретінде сұранысқа сәйкес әуе кемелерінің жеткіліксіздігін атады.

– Тарифтердің құнын түсіру мақсатында осы жылдың 1 мамырында бірінші отандық төмен бюджетті "Флай Арыстан" тасымалдаушы жұмысын бастады. Осы жылдың соңында "Флай Арыстан" орындайтын рейстер санын күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттыру жоспарланды. Сонымен қатар "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры" АҚ-пен біріге отырып Үкімет әуе кемелерінің паркін ұлғайту мақсатында "Эйр Астана" және "Қазақ Эйр" әуе компанияларын қосымша капиталдандыруды көздеп отыр, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр болашақта мәселенің реттелетініне сенімді. Айтуынша, қазіргі таңда Энергетика министрлігі 100 пайыз әуе компанияларын авиакеросинмен қамтамасыз етіп отыр.

– Біздің ірі әуе компаниялары авиаотынды тікелей трейдерлерден делдалсыз сатып алады. Ал біз арқылы өтетін транзиттік әуе компаниялары авиаотынды әуежайлардан сатып алып жатыр. Міне, осы ретте делдалдардың саны мен бағасы бойынша ҰЭМ-мен, табиғи монополияларды реттеу комитетімен біз бұл мәселемен белсенді түрде айналысамыз, – деді Министр.

Бұл ретте вице-премьер темір жол билеттері жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында билеттерді сатуды цифрландыру жүргізіліп жатырғанын, билеттерді сатуды реттейтін норма енгізілетінін хабардар етті.

Лицей оқушыларды тегін курстарға қабылдайды

Жобаға Астана, Алматы, Орал және Петропавловск қаласының 8-9 сынып оқушылары қатыса алады. Бағдарлама жасауға үйренгісі келетін оқушылар тегін курсқа қатысу үшін логикалық ойлаудан әуелі онлайн-тест тапсырады. Содан соң әңгімелесуден өтеді. Өтінімдер 11-ші қыркүйекке дейін жобаның сайтында қабылданады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Биыл баспана кезегіндегі адамдардың бірыңғай республикалық базасы қосылады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазіргі таңда баспана алу үшін әкімдіктерде 512 мыңға жуық адам кезекте тұр. "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асыру аясында тұрғын үй қандай тәртіппен берілетіні де мәлім болды. Шенеуніктің сөзіне сенсек, бірінші көпбалалы отбасыларға ақысыз негізде жалдамалы тұрғын үй берілетін болады. Ол үшін 2025 жылға дейін 350 млрд теңге бөлінеді. Үкімет үш жылдың ішінде 30 мың пәтер бөлу ге қатысты шара қабылдайтын болады. Екінші, жыл сайын кезекте тұрған әлеуметтік жағынан осал 3700 азаматқа сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге 32,8 млрд теңге бөлінеді. Үшінші, "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларға, толық емес және мүгедек балалары бар отбасыларға 3 жыл ішінде несие беруге "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" арқылы 50 млрд теңгеден бөлінеді.

Qamshy.kz: Жүлде қоры 1 млн 700 мың теңгелік "Туған жер" шығармашылық байқауы жарияланды. Байқауға 14 пен 29 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының тұрғындары қатыса алады. Қатысушылар шығармашылық жұмыстарға өздерінің толық аты-жөнін, телефон нөмерін, мекен-жайын және өздері туралы қысқаша мәліметті қосып жазып, adyrnafund@gmail.com электронды поштасына жіберу керек. Жеңімпаздар 2019 жылдың қазан айында Алматы қаласында өтетін қорытынды шығармашылық фестивальде марапатталады.

Tengrinews.kz: Доллар бағамы 390 теңгеден асты. Шетелдік валютаны ақша айырбастау пунктерінде 389-390,4 теңге аралығында сатып жатыр. Kурс 7 тамызда тіркелген тарихи рекордына жақындап қалды. Ол кезде долларды 390,5 теңгеге сатқан еді. 2 қыркүйекте шетелдік валютаны 388,5-389,7 теңгеге сатқан болатын.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары