Тікелей эфир

Жылжымайтын мүлікті қандай табиғи апаттардан сақтандыруға болады? Түсіндірме

Иллюстрация: depositphotos.com
Иллюстрация: depositphotos.com
Бұл материалда заңгер мен сақтандыру компаниясы өкілінің кеңесіне сүйене отырып, жылжымайтын мүлікті не үшін сақтандыру қажет екенін түсіндіреміз.

№1. Табиғи апат кезінде жылжымайтын мүлікке келтірілген залалдың орнын толтыру үшін қандай сақтандыру түрлері қолданылады?

Өрт, су тасқыны, сел, жер сілкінісі, қар көшкіні, дауыл және тағы басқа табиғи апаттар әдетте жылжымайтын мүлікті ерікті түрде сақтандыру үшін қалыпты жағдай болып саналады. Яғни, сіздің келісімшартыңызда осыларға сақтандыру төлемі төленетіні жазылады.

Мүлкін табиғи апаттың қандай түрінен сақтандырғысы келетінін клиенттің өзі таңдайды. Мысалы, біреу өрттен, енді бір адам жер сілкінісінен сақтандырғысы келеді. Тізімдегі жағдайлар саны көбейген сайын сақтандырудың да құны өседі.

"Еуразия" сақтандыру компаниясы басқарма басшысының орынбасары Нұржан Жантөреевтің айтуынша, кейбір сақтандыру компанияларында екі түрлі сақтандыру бағдарламасы бар. Мысалы, кей бағдарламалар үй иелеріне үйдің ішкі бөлігі, жиһаз бен техника және көршілер алдындағы жауапкершілікті қамтамасыз етеді. Енді бір бағдарламалар баспанасының бағасы 10 миллион теңгеден асатын меншік иелеріне арналған. Мұндай бағдарламада төнуі мүмкін қауіп-қатердің түр-түрі ескеріледі (мысалы, лаңкестік шабуыл т.б.)

№2. Табиғи апаттың қандай түрлері жылжымайтын мүлікті сақтандыруға кіреді?

Стандартты сақтандыру келісімшартында өрт, жарылыс, найзағай соғуы, кәріз және жылу жүйелерінің зақымдалуы, сондай-ақ, мүлікке зақым келтіретін табиғи жағдайлар қарастырылған. Қажет болса, тіпті өзіңізді аспаннан метеорит не өзге ғарыш объектілерінің құлауынан сақтандырып қоюға болады. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікті үшінші тұлғалардың қасақана өртеп жіберуінен де сақтандыруға болады.

№3. Табиғи апаттан қорғануды күшейтуге арналған қандай қосымша қызметтер бар?

Жылжымайтын мүлікті табиғи апат түрлерінен  сақтандырудың қосымша қызметіне жөндеу жұмыстарын, жиһаз және тұрмыстық техниканы сақтандыру жатады. 


Оқи отырыңыз: Жер сілкінгенде үйде, көшеде және көлікте қандай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет


№4. Сақтандыру келісімшартын жасау үшін қандай құжаттар қажет?

Ол үшін жеке куәлік пен жылжымайтын мүлік құжаттарының көшірмесі қажет. Үй құны 100 миллион теңгеден асса, оны үйді сақтандыру компаниясының өкілі тексеріп шығады.

№5. Төтенше жағдай кезінде жылжымайтын мүлікке зақым келсе не істеу қажет?

Юрист Максим Мостовичтің айтуынша, жылжымайтын мүлкіне зақым келген жандар төтенше жағдайдан кейін 30 жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы билікке өтініш жазып, төмендегі құжаттарды тапсыруы қажет:

  1. азаматтың жеке куәлігінің көшірмесі (жоғалып қалған жағдайда, ІІМ берген уақытша жеке куәлігі жарайды);
  2. бүлінген, зақым келген мүлік тізімі.

Бұл өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Ары қарай жергілікті атқарушы билік өтініш тіркелген соң 10 жұмыс күні ішінде материалдық шығынды бағалау қызметін ұйымдастырады (өз қаржысына). Мүлік иесі міндетті түрде бағалау есебімен танысуы қажет. Бағалаушы қорытынды жасаған соң, 3 жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы билік қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды. Төлем азаматтарға шешім шыққан соң, 30 жұмыс күні ішінде төленуі тиіс.

№6. Төтенше жағдай кезінде баспанасыз қалған азаматтар не істейді?

Табиғи апат кезінде үйсіз қалған жандар өзінің жеке куәлігі, үйдің техникалық паспорты және өзге де құжаттарын алып, жергілікті атқарушы билікке хабарласады. Құжаттары төтенше жағдай кезінде жоғалған не жойылған жағдайда азаматтар құжаттың дубликаты не мұрағаттағы көшірмелерін ұсынады.

Төтенше жағдай кезінде баспанасыз қалған азаматтар мемлекеттік баспана қоры ұсынатын үйлерден бас тартуға құқылы. Мұндай жағдайда мемлекет жеке баспана құрылысына қаржы бөледі. Тек ол типтік жобаға және арнайы белгіленген мемлекеттік сметаға сай болуы міндетті.

№7. Төтенше жағдайдан соң өтемақы төленбейтін заттар тізімі:

  • уақытша құрылыс, жылжымайтын мүлік қатарына жатпайтын шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар, заңсыз салынған объектілер;
  • бағалы киім, қымбат металдан жасалған заттар, көркемдік құндылығы бар дүниелер.

Егер заттар алдын-ала сақтандырылған болса, оның құнын сақтандыру компаниясы төлейді.


Оқи отырыңыз: Климатолог Алексей Кокорин: Cу тасқыны енді әр 5 жыл сайын қайталануы мүмкін


№8. Төтенше жағдайға дейін өз мүлкін сақтандырып үлгермеген жандарға да өтемақы төлене ме?

Иә, төленеді. Табиғи апат кезінде зардап шеккендерге жергілікті атқарушы биліктің бюджетінен, түрлі қор, қоғамдық бірлестік, азаматтардың тарапынан ерікті түрде берілген қаражаттан көмек беріледі. Төтенше жағдай кезінде денсаулығына зақым келген жандарға тегін медициналық көмек көрсетіледі.

№9. Табиғи апаттан зардап шеккен жағдайда сақтандыру өтемақысына өтініш беру тәртібі қандай?

Түрлі сақтандыру компанияларында өтініш беру мерзімі әртүрлі. Жалпы алғанда, оқыс жағдай болған кезде мейлінше тезірек сақтандыру компаниясына қоңырау шалып, жағдайды 3 күнге дейін жазбаша нұсқада хабарлаған абзал.

№10. Сақтандыру компаниясымен өтемақы жөнінде ортақ келісімге келе алмаған жағдайда азаматтар қайда хабарласа алады?

Ең бастысы, сақтандыру өтемақысын алу құқығының болғаны маңызды. Ал егер өтемақы көлемімен келіспесеңіз немесе сізге өтемақы берілмейді десе, онда бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі – сақтандыру омбудсменіне жүгіну, екіншісі – сотқа жүгіну.

Серіктестер жаңалықтары