Тікелей эфир

Зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер бар? Маңызды 8 сұраққа жауап

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы – 15 841,45 млрд теңге.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап әлеуметтік кодекс күшіне еніп, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның күші жойылды. Осы орайда Informburo порталы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мамандарының түсіндірмелеріне сілтеме жасай отырып биыл елдегі зейнетақы жүйесіне қандай маңызды өзгерістер енгізілгенін еске салады. 

ҚР әлеуметтік кодексінде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтарға зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға бағытталған бірқатар шара көзделген. Бүгінгі таңда Қазақстанда көп деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасып, жұмыс істейді. Оған базалық, ынтымақты зейнетақы және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемі кіреді. Соңғысы, өздеріңіз білетіндей, азаматтардың зейнетақы жинақтары есебінен түзіледі.

Сонымен бірге, ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқартылып жатыр. Өйткені оларды тағайындау кезінде тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін әзірленген еңбек өтілі ескеріледі. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік кодексте көзделген зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралардың жаңа пакеті іске асырылуда. Оны іске асыру зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көбейтуге мүмкіндік береді. 

№1 Зейнетке қанша жастан шығады?

Қазақстанда ерлердің зейнетке шығу жасы – 63 жасты, әйелдер үшін – 61 жасты құрайды. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның 11-бабына сәйкес, әйелдер үшін зейнеткерлік жас 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріледі:

Бұл ретте әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау:

      2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;
      2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;
      2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;
      2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;
      2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;
      2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда (2022 жылғы Қазақстан халқына жолдауында мемлекет басшысы кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас қылып бекітті);
      2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
      2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
      2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
      2031 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.

Сонымен қатар төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңға сәйкес:

  • ерлердің – 50 жасқа толғанда;
  • әйелдердің – 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалуына құқығы бар.

Сондай-ақ  және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.


Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын түгел пайдалану және ХҚКО-да неке қию. Шілдеден бастап Қазақстанда не өзгереді?


№2 ЕЗЖ есебінен төлем алуға кім құқылы?

2023 жылғы 1 шілдеден бастап міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану құқығы алынып тасталды. 

Әлеуметтік кодекстің 223-бабына сәйкес БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары бар келесі тұлғалар төлем алуға құқылы:

  • елу жасқа толған азаматтар;
  • мүгедектігі бар азаматтар;
  • Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұру жеріне кеткен адамдар.

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап БЖЗҚ-да кемінде 5 жыл болған ерікті зейнетақы жарналары есебінен жинақталған зейнетақы қаражаты бар тұлғалар ерікті зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар тұлғалардың тізімінен шығарылды.

№3 Зейнетақы жинағының жартысын сенімгерлік басқаруға беру үшін не істеу керек?

Бұған дейін хабарланғандай, 1 шілдеден бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және МКЗЖ есебінен ең төменгі жеткіліктілік шегін есепке алмағанда инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына бере алады. Азаматтар мұндай компанияны өз бетінше таңдайды. 

  1. МЗЖ немесе МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы ЭЦҚ көмегімен немесе бөлімшеге жүгінген кезде беруге болады.
  2. МЗЖ немесе МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары өтініш келіп түскен сәттен 30 күнтізбелік күн ішінде аударылады. Оның күшін сома БЖЗҚ ИПБ-ға аударғанға дейін жоюға болады. Ал өтініштің қаралу мәртебесін сайттың жеке кабинетінен тексере аласыз.
  3. ИПБ инвестициялық кірістің 7,5 пайыздан аспайтын мөлшерде комиссия алуға құқылы. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ны басқару органы бекітеді және оны жылына бір рет қана өзгертуге болады.
  4. МЗЖ немесе МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне жылына тек 1 рет аударуға болады.  

Салымшы зейнет жасына толғанға дейін 10 жұмыс күні бұрын салымшының МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен құралған барлық зейнетақы жинағы ұлттық банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.

Салымшылардың шоттарындағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы – 15 841,45 млрд теңге. Оның ішінде:

  • міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – 15 342 млрд теңге;
  • міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – 495,3 млрд теңге;
  • ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – 4,2 млрд теңге;

Жеке зейнетақы шоттарының саны – 12 177 мың бірлік. Оның ішінде есепке алу бойынша:

  • МЗЖ – 10 993 мың бірлік;
  • МКЗЖ – 615.1 мың бірлік;
  • ЕЗЖ – 373,7 мың бірлік.

Жыл басынан бергі зейнетақы төлемдері – 172 млрд теңге. Оның ішінде:

  • жасына байланысты – 59.9 млрд теңге;
  • мүгедектік бойынша – 1,1 млрд теңге;
  • ҚР аумағынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты – 14.9 млрд теңге;
  • мұрагерлік бойынша – 20,9 млрд теңге;
  • жерлеуге – 2,3 млрд теңге;
  • сақтандыру ұйымдарына аударымдар – 8,1 млрд теңге;
  • тұрғын үй жағдайын жақсартуға/емделуге – 64,7 млрд теңге.

2023 жылғы 1 маусымындағы жағдай бойынша инвестициялық кіріс:

2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі шамамен – 15 841,45 млрд теңге. Бұл ретте Қазақстан Республикасы ұлттық банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 15 833,03 млрд теңге. Зейнетақы активтерінің жыл басынан бергі инвестициялық табысы – 508,06 млрд теңге. ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 9,1 млрд теңге.

Инвестициялық портфельді басқарушылардың 2023 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша зейнетақы активтері:

  • Jusan Invest АҚ – 3,87 млрд теңге. Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы – 187,94 млн теңге.
  • Halyk Global Markets АҚ – 2,53 млрд теңге. Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы – 177,65 млн теңге.
  • BCC Invest АҚ – 1,43 млрд теңге. Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы – 83,63 млн теңге.
  • "Сентрас Секьюритиз" АҚ – 972,75 млн теңге. Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы – 43,52 млн теңге.
  • Ұлттық банктің еншілес компаниясы Halyk Finance – 267,90 млн теңге. Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы – 10,99 млн теңге.

Оқи отырыңыз: Жалақысы 160 мың теңге адам қанша зейнетақы алады? Жауаптың екі нұсқасы бар


№4 Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге кім пайдалана алады?

  • МЗЖ бойынша зейнетақы жинақтары ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын салымшылар;
  • жиынтық зейнетақысы кемінде 40% деңгейінде жоғалған табыстың орнын толтыруды қамтамасыз ететін зейнеткерлер (егер сіз зейнеткер болсаңыз, пайдалануға болатын сома мөлшерін жеке кабинетіңізден көре аласыз);
  • сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан және БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар тұлғалар;
  • 2023 жылғы 1 шілдеден бастап – еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер. Бұл құқықты еңбек сіңірген жылдары бойынша жалпы сомасы 120 млрд теңгеге 75 мыңға жуық зейнеткер пайдалана алады.

Қаражатты толық шешіп алу мүмкіндігі мына жағдайларда қарастырылған:

  • зейнет жасына толуына байланысты немесе 1 және 2-топтағы мерзімсіз мүгедектікке байланысты төлемдерді алу кезінде зейнетақы жинақтарының мөлшері ең төменгі зейнетақы мөлшерінің 12 еселенген мөлшерінен аспаса;
  • салымшы немесе алушы тұрақты тұруға шетелге кеткен болса;
  • салымшы қайтыс болып оның зейнетақы жинақтары мұрагерге өтсе;
  • 2023 жылғы 1 шілдеден бастап – еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер.

Басқа жағдайларда зейнетақы жинақтарын толық шешіп алу немесе жартылай пайдалану мүмкіндігі заңмен қарастырылмаған.

Сондай-ақ БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінен түсетін комиссиялық сыйақы мөлшері 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап айына 0,01-ден 0,008 пайызға дейін төмендейді. Бұл ретте ол республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын 0,04 еселенген айлық есептік көрсеткіштің көбейтіндісі ретінде айқындалатын шамадан және тиісті күнтізбелік айдың 1-ші күніндегі жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-да ашылған міндетті зейнетақы жарналары есепке алынатын зейнетақы жинақтары бар жеке зейнетақы шоттарының санынан аспауға тиіс.

№5 Базалық зейнетақы мөлшері өседі

2023-2027 жылдары ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен 54-тен 70 пайызға дейін, ең жоғары-ең төменгі күнкөріс деңгейін 100-ден 120 пайызға дейін жеткізу көзделген. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға дейін артады. Осылайша базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсімі шамамен 13 пайызды. құрайтын болады. Бұл Қазақстанның барлық 2,2 миллион зейнеткеріне әсер етеді.

Екіншіден, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Осы шараларды іске асыру 2025 жылға қарай үш жыл ішінде жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға – 109-дан 138 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ, бұл жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағының артуына әкеледі. ҚР зейнетақы жүйесін одан ары жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2 пайызға озып индекстелетінін еске салу қажет. Жыл сайынғы өсімді ескере отырып жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120,7 мың теңгені құрайды (базалық – 37 862 теңге, ортақ – 82 881 теңге).


Оқи отырыңыз: Қазақстанда базалық зейнетақы 2027 жылға дейін қалай өзгереді?


№6 Кімдер МЗЖ төлеуге міндеттеледі?

Азаматтардың екі санаты 2023 жылғы 1 шілдеден бастап БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеуге міндеттелді. Бұл салық агенттері емес адамдармен жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (МЖӘ) бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар. Аталған шарттар жұмыстарды орындау  / белгілі бір қызметті жүзеге асыру туралы.  

Екіншісі – Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар.

№7 Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) алынады. Жарналар агенттің (жұмыс берушінің) өз қаражаты есебінен 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туылған қызметкерлер үшін ғана жүзеге асырылатын болады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖМЗЖ мөлшерлемесі қызметкердің жалақысының 1,5% құрайды және 2028 жылға дейін 1%-дан 5%-ға өседі. ЖМЗЖ кезең-кезеңмен енгізу жұмыс берушінің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойына тағайындалады, ағымдағы ай үшін төленеді және қайтыс болған немесе Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен аймен қоса алғанда есептеледі.

№8 Жерлеуге арналған біржолғы төлем сомасы қаншаға өсті?

БЖЗҚ мен ЕЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем сомасы 94 еселенген АЕК-ке дейін ұлғайтылды (2023 жылы АЕК 3450 теңге деп есептесек – 324 000 теңге). Алайда бұл төлем қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотындағы сомадан аспауы керек. Бұрын жерлеуге біржолғы төлем 52,4 АЕК (2023 жылы – 180 780 теңге) болған.

Жерлеуге арналған біржолғы төлем төленгеннен кейін қайтыс болған адамның шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын болса, бұл қалдық қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған төлем ретінде беріледі.

Сонымен қатар бұл қалдыққа 10 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынады. Себебі салық кодексінің 341-бабының 1-тармағының 18-тармақшасына сәйкес, салық салынатын табыс тізімінен 94 еселенген АЕК шегіндегі жерлеуге арналған төлемдер ғана алынып тасталынды.


Оқи отырыңыз: Құрметті демалысқа шыққандардың зейнетақысы қалай есептеледі?


 

Серіктестер жаңалықтары