Тікелей эфир

Зейнетақы мөлшерін дұрыс есептеу үшін еңбек өтілін қалай растауға болады?

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
Жұмысшылар мен жұмысы жоқтарға және жеке кәсіпкерлерге пайдалы ақпарат.

Соңғы бірнеше он жылдықта зейнетақы заңнамасы көп өзгеріске ұшырады. Тек бір нәрсе өзгермеді. Ол – зейнетақы мөлшерінің еңбек өтіліне тәуелділігі. 

Зейнетақының ынтымақты бөлігі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне, төлемнің базалық (мемлекеттік) бөлігі – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін және 1 қаңтардан кейін жалпы еңбек өтіліне қарай есептеледі.

Әр еңбек айы құжатпен расталуы керек және өтініш берушілердің әр санаты үшін жеке құжаттар пакеті бекітілген.

№. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі бар қазақстандықтар

Бұл санатқа жалдамалы жұмыс орнында жұмыс істеген барлық азамат кіреді. Сондай-ақ, кеңес одағы кезінде кез келген жерде жұмыс істеген адамдар осы санатта. 

Егер Қазақстан азаматының еңбек өтілінің бір бөлігі ТМД-ның басқа мемлекетіне тиесілі болса, онда осы елде кәсіпорынның бар екендігін және осы кезеңдегі еңбек қызметінің фактісін растайтын мұрағат анықтамаларды сұратуға тура келеді.

Бәрі үшін басты құжат – еңбек кітапшасы. 

Еңбек кітапшасы. Бірінші жұмыс орнына қабылданған сәттен бастап ашылады және иесінің есімі, тегі, әкесінің аты өзгерген жағдайда да ауыстырмайды. Ауыстырған жағдайда келесі құжаттар бірге беріледі:

  • неке туралы куәлік;
  • ажырасу туралы куәлік;
  • тегі, аты, әкесінің есімін өзгерту туралы куәлік. 

Егер еңбек кітапшасында қандай да бір нақты ақпарат болмаса немесе түзетілсе, мемлекет келесі анықтамаларды дәлел ретінде қарастырады:

  • мемлекеттік/ведомстволық мұрағаттан анықтама;
  • жұмыс орнынан бірінші басшысының қолы мен мөрі қойылған анықтама;
  • сот шешімі. 

Оқи отырыңыз: Бірыңғай төлем. Оның мөлшері қандай және кімдер төлейді?


№. Жұмыс істемегендер еңбек өтілін қалай растайды?

Мемлекет қазақстандықтардың жұмыс істемеген кезеңін еңбек өтіліне қоса алатын жағдайлар тізбесін бекітті. 

Студенттер. Жоғары оқу орны, техникум, әскери немесе өзге де училищенің күндізгі бөлімінде оқыған уақыты еңбек өтілі болып есептеледі, ол білім алғаны туралы құжатпен расталады. 

Әскери. Әскери қызмет мерзімі, оның ішінде әскерге шақырылған уақыты да еңбек өтіліне енеді. Бұл бір немесе бірнеше құжатпен расталады:

  • әскери билет;
  • қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы;
  • әскери комиссариаттан іс-қимылдарға қатысқаны туралы анықтамасы. 

Жұмыс істемейтін аналар. Баланы үш жасқа дейін бағып-қағу уақыты еңбек өтілі болып есептеледі. Жалпы кезең 12 жылдан аспауы керек. Мұны растауға келесі құжаттар қажет болады:

  • баланың туу туралы куәлігі;
  • неке немесе ажырасу туралы куәлік.

келесі құжаттар болған жағдайда:

  • балалардың орта оқу орнын бітіргені туралы аттестат;
  • арнайы орта немесе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом немесе балалардың оқуын растайтын оқу орнының анықтамасы;
  • балалардың қайтыс болғаны туралы куәлік немесе хабарлама;
  • балалардың әскери қызметте болғанын растайтын құжат. 

Әскерилердің жұбайы. Егер күйеуі/әйелінің қызмет орнында мамандық бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаса, онда бұл кезең еңбек өтілі болып есептеледі. Растау үшін уәкілетті органның анықтамасы қажет. 

Дипломаттардың жұбайы. Шетелде тұрған кезең СІМ берген тиісті құжат болған жағдайда еңбек өтіліне есептеледі. 

Жұмыс істемесе де, осы кезеңді еңбек өтілі ретінде көрсете алатын азаматтар тізімі 18 санаттан тұрады және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның 13-бабында көрсетілген. 


Оқи отырыңыз: Жалақысы 160 мың теңге адам қанша зейнетақы алады? Жауаптың екі нұсқасы бар


№. 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін еңбек өтілін қалай растауға болады?

ЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарының аударымдары болған кезде ай сайын тиісті шотқа қаражат түскен күні расталады. Егер жұмыс беруші аударымды кешіктірсе, мысалы, зейнетақыны үш айда бірден аударса, онда үзінді көшірме үш емес, бір айды ғана көрсетеді.

Егер жүйе түсімді көрсетпесе, құжаттармен өткізіп алған кезеңді дәлелдеу қажет болады:

  • белгіленген нысан бойынша міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы жұмыс берушіден (немесе құқықтық мирасқордан) анықтама;
  • міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы мұрағаттан анықтама;
  • міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезеңін растайтын сот шешімі.

№. Жеке кәсіпкерлердің еңбек өтілін қалай есептеуге болады?

Жеке кәсіпкер өзі үшін зейнетақы жарналарын аударған кезең, ол БЖЗҚ-ға аударған аударымдардың жалпы сомасы осы салық кезеңінің жылдық сомасына сәйкес келген жағдайда, бір жылға тең деп есептеледі. Мысалы, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайды. Тиісінше, ай сайынғы зейнетақы жарнасы (10%) 7 мың теңгені немесе 2023 жылға 84 мың теңгені құрайды (осы салық кезеңінің жылдық сомасы). Осылайша, 2023 жылы жеке кәсіпкерлер үшін еңбек өтілі БЖЗҚ-ға кемінде 84 мың теңге зейнетақы жарналарын төлеген жағдайда 1 жылды құрайтын болады.


Материалдың орыс тіліндегі нұсқасы: Как подтвердить трудовой стаж для правильного расчёта суммы пенсии


№. Деректердің дұрыстығын қалай тексереді?

Барлық берілген құжат мамандандырылған есепке алу базаларында тексеріледі. Мысалы, маман міндетті зейнетақы жарналарының ақпараттық жүйесінен (МЗЖ-дан) мәліметтерді сұратады және зейнетақы аударымдары, әлеуметтік аударымдар мен МӘМС арасындағы мөлшерлердің бар болуын және сәйкестігін белгілейді.

Қандай да бір ай үшін төлемдердің біреуі болмаған жағдайда, бұл ай еңбек өтіліне енгізілмейді. Сондай-ақ, барлық құжат екі рет тексеріледі.

Дара кәсіпкерлер бойынша мәліметтер салық органдарынан сұратылады, бұл жағдайда тексерілетін кезең үшін табыстың болуы және олардан салық төлеу тексеріледі.

№. Көрсеткіштерді қалай жақсартуға болады?

Зейнетақы тағайындау кезінде толық жұмыс істеген айлар ғана есепке алынады. Егер сіз, айталық, 20 мамырда жұмыстан шығып, 4 маусымда басқа жұмыс орнына орналассаңыз, онда болашақ зейнетақы іздеуші бірден екі айлық еңбек өтілін жоғалтады. Мамырдағы толық ай 31 мамырда аяқталады, ал маусым сәйкесінше 1 күні басталады. Бірінші жағдайда – 11 күн, екінші айда үш күн жоғалтады. Сондықтан, 1 күннен бастап жұмыстан шығып, жұмыстан босату мен жаңа жұмысқа шығудың арасы тек бір күн болуын қадағалау қажет. 

* Материалды жазу кезінде қолданылды:

  1. "ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР заңы.
  2. ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №223 "Бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығы.
  3. ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №929 "Еңбек кітапшаларын жүргізу және сақтау нысанын, қағидаларын бекіту туралы" бұйрығы.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары