Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл онлайн құрбан шалуға арналған qurban2024.kz сайтын іске қосты. Онлайн түрде құрбан шаламын деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, тапсырыс сомасын онлайн төлей алады.
Осы орайда Информбюро порталы қалай онлайн құрбан шалу тәртібін түсіндіреді.
№1. Біреуге тапсырыс беріп құрбандық шалуға бола ма?
Шариғат бойынша бір адам өзінің атынан басқа бір адамды белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені адам баласы кейбір жағдайларда бір істі орындауға жарамай қалуы мүмкін. Сонда біреудің көмегіне жүгінеді, яғни, сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді.
Мұхаммед Пайғамбар Хаким ибн Хизамға құрбандық сатып алуға тапсырыс берген. Сондықтан, құрбандықты үйінен шықпай біреу арқылы орындауға да болады. Яғни, құрбан шалуға ниет еткен адам өзіне бір сенімді адамды уәкіл етіп тағайындайды да оған құрбандықтың ақшасын беріп, малды сатып алуды, бауыздауды, етін бөлшектеп таратуды тапсыра алады. Шариғатта бұл қарым-қатынас "уакалат" деп аталады.
№2. Тапсырыс қай күнге дейін қабылданады?
Тапсырыстар мен өтініштер маусым айының 18-і күні сағат 12.00-ге дейін қабылданады.
№3. Тапсырыс берерде қандай мәлімет енгізу қажет?
"Құрбан шалу" деген бөлімді таңдап, мына мәліметтерді енгізіңіз:
- Өңірді таңдаңыз.
- Толық аты-жөніңізді жазыңыз.
- Телефон нөміріңізді енгізіңіз.
- Құрбандық малын таңдаңыз.
- Ең соңында тапсырыс сомасы шығады. Оны Kaspi QR арқылы төлеңіз.
- Тапсырысыңыз сәтті өтсе ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді.
№4. Құрбандық малының бағасы қанша?
Әр өңірде әртүрлі:
- қой – 65-85 мың теңге аралығында;
- ешкі – 40-55 мың теңге аралығында;
- ірі қара – 350-650 мың теңге аралығында;
- түйе – 700-800 мың теңге аралығында.
Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады.
№5. Тапсырыс сомасына не кіреді?
Бұл бағаға қасапшының еңбекақысы, тоңазытқыш көліктерде етті сақтау, пакетке салусекілді мұқтаж жандарға құрбандық етін жеткізу үшін барлық қызмет түрлері кіреді
№6. Сайт тәулік бойы жұмыс істей ме?
Иә. Бірақ тапсырыстар мен өтініштер түнгі уақытта қаралмайды.
№7. Тапсырыс нөмірін сақтамай, ұмытқан жағдайда не істеуге болады?
Сайттың басты бетінде "Құрбандық шалынғандығы туралы мәлімет" деген батырманы басып, тапсырыс берген телефон нөміріңізді қайта жазыңыз. Сонда өзіңізге қажет толық ақпаратты ала аласыз.
№8. Өңірлер тізімінде неге менің өңірім жоқ?
Онлайн құрбандық тапсырысы тек облыс орталықтары бойынша қабылданады. Сондықтан өзіңізге жақын аймақты таңдаңыз.
№9. Төлем қалай қабылданады?
Төлемді қолма-қол беруге болмайды, тек онлайн қабылданады. Тапсырысқа байланысты ақша аударымын тек Kaspi Gold картасы арқылы жасай аласыз.
№10. Қате енгізілген мәліметті қайта жөндеуге бола ма?
Жоқ. Қате жіберсеңіз қайтадан өтініш бересіз.
№11. Құрбандық малы қай күндері шалынады?
Құрбан шалу құрбан айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. 16 маусымнан 18 маусымға дейiн.
№11. Құрбандық шалу рәсіміне қатысуға бола ма?
Онлайн тапсырыс негізінде құрбан шалынатындықтан, құрбан шалу рәсіміне қатыса алмайсыз.
№13. Ет жеткізуші өтінішті бірнеше рет қайта жіберсе бола ма?
Болмайды. Өтінішті тек бір рет жібере аласыз.
№14. Құрбандық үлесін қалай алады?
Шалынған құрбандық еттері толықтай мұқтаж жандарға таратылады.
№15. Құрбан етін алу үшін қалай өтініш беру қажет?
Сайтта "Құрбан етін алу" деген бөлімді таңдап, мына мәліметтерді енгізіңіз:
- ЖСН;
- Толық аты-жөні;
- Телефон нөмірі;
- Өңірді таңдау;
- Әлеуметтік жағдайы;
- Етті жеткізетін мекенжай;
- Жағдайын қышқаша түсіндіру;
- Әлеуметтік жағдайын растайтын құжатты жүктеу (құжат PDF, JPEG форматында және өлшемі 5 мб-тан аспауға тиіс).
№16. Құрбан етін алуға кімдер өтініш бере алады?
Мына адамдар:
- көпбалалы отбасы;
- мүмкіндігі шектеулі отбасы;
- жалғызбасты,
- басқа.
Ауқатты және мұқтаж емес адамдар өтініш бере алмайды. Шын мәнінде қиын жағдайда қалған мұқтаж жандарды ойлап, түсіністік танытуды сұрайды. Жәрдемге мұқтаж жандар құрбандыққа шалынатын малдың санына қарай көмек алады.
№17. Құрбандықты өзге адамның атынан шалуға бола ма?
Әрине болады. Ол үшін тапсырыс бергенде құрбан шалдырушының аты-жөні деген жолаққа жазасыз.
№18. Құрбан шалынғанын қайдан білуге болады?
Құрбандығыңыз шалынған соң сізге, тапсырыс беру кезінде Құрбандық есебі қажет деп белгілеген жағдайда Whatsapp желісі арқылы есебі келеді. Сондықтан құрбандық туралы фото және бейне есеп алуыңыз үшін WhatsApp мессенжері болу міндетті.
Сайтта "Құрбан шалынды" деген бөлім бар. Ол жерде телефон нөмірін енгізіп, құрбан шалынғандығы туралы мәліметті тексеруге болады.