
Қажылық – мұсылманның бес парызының бірі, көне ғибадат түрі. Қажылық дегеніміз – Жер бетіндегі ең бірінші тұрғызылған Үйге барып, Алла Тағалаға құлшылық ету.
Араб тіліндегі "әл-хажжу" ұлық тұтқан нәрсеге талпыну, оны мақсат тұту дегенді білдіреді. Шариғатта балиғатқа толған, ақыл есі дұрыс, денсаулығы сау әрі қаражат мүмкіншілігі табылған мұсылманның Зул-хижжа айында Алла Тағалаға құлшылық ету үшін Меккеге барып, бекітілген амалдарды орындауын "қажылық" деп атайды.
Осы орайла Информбюро порталы үлкен қажылық пен кіші қажылықтың айырмасын, қажылық парыздары мен орындау тәртібін, туроператорды қалай таңдау қажет екенін және қажылыққа қалай дайындалу керек екенін тсүіндіреді.
№1. Кіші қажылық (Ұмра) пен үлкен қажылықтың айырмасы қандай?
Қажылық – бес парыздың бірі. Қажылық та, кіші қажылық та Меккеге сапармен басталып, ихрам кию, Қағбаға тауап ету, Сафа мен Маруа жоталары арасында жүгіру және шаш алу секілді бірқатар діни ғұрыптармен ұштасады. Алайда бұл екі құлшылықтың ұқсастықтары осы амалдармен аяқталады.
Тек үлкен қажылық кезінде ғана жасалатын рәсімдер бар. Мәселен, Мина жазығында бірнеше күнге қалу, Мұздалифада түнеу, Арафа тауында тұру. Ал кіші қажылықта орындалуға тиіс рәсімдер бірнеше сағат ішінде аяқталады, сондықтан ұмраны "кіші қажылық" деп атаған. Ал қажылық рәсімдерін толық атқаруға кем дегенде 4 күн, 3 түн өтеді.
Қажылық пен кіші қажылықтың ең басты айырмашылығы үлкен қажылық тек Зул-Хижжа айында жасалатын болса, кіші қажылықты жылдың кез келген мезгілінде жасауға болады.
Мұсылман ғалымдарының көзқарасы бойынша мүмкіндігі бар әрбір мұсылманға өмірінде бір мәрте қажылық жасау міндеттелген. Ал ұмраға келер болсақ, оны орындау парыз емес, дегенмен, сүннет амалының қатарына жатады.
№2. Қажылық кімдерге парыз?
Қажылық – өмірінде бір рет болса да оны орындауға шамасы жететін мұсылманның парызы. Мұсылман қажылық жасамай тұрып мына шарттарды орындай алатынына көз жеткізуі керек:
- ақыл-есі дұрыс болу;
- кәмелетке толу;
- қажылыққа барып келгенше бала-шағасына жететін қаражаты болу және қажылық жасауға шамасы жететінін сезіну;
- жасаған күнәларын мойындап, тәубеге келу;
- өзін ренжіткен адамды кешіру;
- қажылық жасауға ниеттенген адам кететін қаражатына, жол шығынына өкінбеу;
- қажылыққа жұмсалатын ақшаны адал жолмен табу;
- жиналған ақшадан зекет салығын төлеу;
- қайыршы, мүсәпірлерге садақа тарату;
- қажылыққа баруына кедергі жоқ болу (мысалы, түрмеде отырған мұсылмандар қажылық ғибадатын орындауға міндетті емес);
- жол тыныштығы болу, яғни, қажылыққа аттанған адам да, оның мал-дүниесі де кез келген қауіп-қатерден қорғалған болуға тиіс.
Құлдықтан босамаған, ақылы кеміс, сырқат, қажылық жасауға материалдық жағдайы жоқ және әлі жас балаларға қажылық парыз емес.
№3. Әйел адам қажылыққа жалғыз бара ала ма?
Әйелдер де ер адамдар секілді қажылыққа барады. Алайда күйеуге шыққан әйел адам қажылыққа барғысы келсе, алдымен күйеуінен рұқсат сұрауы керек. Егер әйел алғаш рет қажылыққа барғалы тұрса, онда күйеуі міндетті түрде рұқсат береді. Ал егер әйел адам қажылыққа екінші рет барғалы тұрса, не бірнеше рет барған болса, онда ол күйеуінің айтқанын тыңдайды. Әйел адам қажылыққа күйеуіне еріп, не туысқанымен (махрам) ғана бара алады.
№4. Биыл қажылық қашан басталады?
Қажылықтың мерзімі – мұсылман күнтізбесіндегі он екінші ай, яғни "Зүл-хижжа" ("Қажылықтың айы") айы. Осы Зұлхижжа айының 8-12 күндері Мұхаммед пайғамбарымыз белгілеп беріп кеткен қажылықтың негізгі рәсімдері орындалады.
Зұлхижжа айының оныншы күні қасиетті Құрбан айт басталады. 2025 жылы Құрбан айттың бірінші күні 6 маусымға түсіп тұр.
Жоспар бойынша, қазақстандықтар 24-31 мамыр аралығында қасиетті сапарға аттанып, 10-15 маусымда елге оралады.
№5. 2025 жылы қанша адам қажылыққа барады?
2025 жылы қажылық парызын өтеуге Қазақстаннан 4500 адам барады. Сауд Арабияның қажылық және ұмра министрлігі Қазақстанға осынша квота бөлді.
Қажылар Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан тікелей рейстер арқылы ұшады. Оларды отандық Air Astana мен SCAT, сондай-ақ Flynas әуе компаниялары тасымалдайды. Қажылар Жидда (Мекке маңындағы қала) және Медина қалаларына жеткізіледі.
№6. Қажылыққа қандай туроператорлар апарады?
Сауд Арабияның қажылық және ұмра министрлігіне қарасты қажылықтың электронды жүйесіне 15 туроператор ресми тіркелді. Олар:
- Хикмет Тревел;
- Ал-Маруа;
- Атлас Туризм;
- Хидаят-Нур;
- Qazaq Sapar;
- Tawaf Travel;
- Mina Travel;
- Сембекова И К;
- Nurkhan Travel;
- Sanabl Kz;
- Delta Tour;
- Robinzon Kz;
- Рпдабасы – НЖ;
- Қызмет Саяхат;
- Иман Travel Тур.
ҚМДБ қажылыққа ниет етушілерді лицензиясы жоқ, қажылық орындар алмаған турфирмалар мен жеке адамдарға жазылмауға және заңсыз әрекеттер жасамауға шақырады.
№7. Қажылыққа апаратын компанияны қалай таңдаған жөн?
Компанияның құжаттарын тексеріңіз. Туроператор ретінде қызмет етуге лицензиясы және Сауд Арабиясының қажылық министрлігінің аккредитациясы болуы қажет.
Хабарласқан кезде кіммен сөйлесіп жатқаныңызды сұраңыз. Компанияның қызметкері ме, әлде арадағы делдал ма? Ресми нөмірі не электронды поштасы бар ма? Алаяқтар өзін компания өкіліміз деп жиі таныстырады. Сондықтан абай болыңыз.
Келісімшарт сұраңыз. Келісімшартты оқып шыққан соң ғана төлем жасаңыз. Құжатта ұшу бағыты, күндері, қызметтер мен құны жазылады. Екі тараптың қолы мен мөрі болады.
Бағасы нарықтан тым арзан болса күмән тудырады. Виза жоқ, ұшу билеттері кірмейді немесе жатын орын қарастырылмайды. Кейін төлеуіңіз қажет қызметтер болуы мүмкін.
Нарықта қанша жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын біліңіз. Әлеуметтік желідегі пікірлерді оқыңыз.
№8. Сапар бағасына не кіреді?
Сапар бағасына төменгі қызметтер кіреді:
- Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан тікелей рейстермен ұшу;
- виза;
- туркод;
- баратын қалаларда қонақ үй;
- таңғы (кешкі ас та кіруі мүмкін);
- Мина, Арафаттағы комфортты гипсокартонды палаткалар (салқындату жүйесі, қосымша кондиционерлер, жайлы төсек, үш мезгіл тамақ, ыстық шәй және салқын сусындар);
- барлық трансферлер, жаңа, жайлы автобустар;
- діни білімді, тәжірибелі гид жетекшілігі (Муфтият ұстаздары мен имамдары);
- дәрігер қызметі.
Туркомпаниялар сыйлыққа қажылық жиынтығын береді:
- қажылық үкімдері кітабы, дұғалар жиынтығы кітапшасы;
- желетке;
- ерлерге ихрам, әйелдерге абайка;
- қол сөмкесі;
- белдік сөмке;
- аяқ киім салатын рюкзак;
- бейджик;
- бес литр Зәмзәм суы.
Үлкен қажылық бағасы 3 миллион теңгеден басталады.
№9. Қажылық жасау үшін виза қажет пе?
Қажылық рәсімдері тек қажылық визасы арқылы ғана өтеледі. Ал биыл қажылық визасын рәсімдеу 18 сәуірде аяқталды. Ұмра, туристік, жұмыс, студент, отбасылық сапарлар, транзит және визалардың басқа түрлері қажылық жасауға рұқсат бермейді.
Қажылық визасын алу міндетті, сондықтан қажылық визасын алмай барған адам күнә жасаған болып саналады. Себебі заңсыз жолмен келген қажылар есебінен адамдар саны шектен тыс көп болып, қажылардың қауіпсіздігіне қатер төнеді және олардың ақысына кіріп зиян тигізеді әрі көпшілік мүддесі аяқ асты етіледі.
Сондай-ақ ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша қажылыққа тек қажылық визасымен және заңды жолмен бару – міндет. Оны қолдан жасау – харам. Қажылық визасынсыз (туристік, студенттік, жұмыс т.б.) қажылық жасау – күнә болып табылатындығы жөнінде шығарған арнайы пәтуасы бар екендігін де еске салып өтеміз.
№10. Қажылық визасын алмай барғандар жазалана ма?
Сауд Арабиясының ішкі істер министрлігі қажылық уақытында Мекке қаласына рұқсатсыз кіруге не қажылық рәсімін рұқсатсыз атқаруға әрекет еткендерге, сондай-ақ, елге туристік визамен келіп, Меккеге кіруге талаптанғандарға айыппұл салынатынын хабарлады.
Айыппұл мөлшері 20 мың сауд риалына тең. Ол шамамен 2,7 миллион теңге. Сондай-ақ, визасының мерзімі өтіп кеткен немесе елге заңсыз жолмен келіп, қажылық өтеуге әрекет еткендерге де жаза қолданылады. Олар елден шығарылып, Сауд Арабиясына кіруге 10 жылға тыйым салынады.
№11. Қажылық парыздары қандай?
Қажылықтың үш парызы:
- Ихрам. Мекке Мухаррамға кіргеннен кейін, миқат деп айтылатын жерде қажылық ету ниетімен ихрам кию. Ихрам деп екі бөліктен тұратын сүлгі немесе оған ұқсас тігісі жоқ матаны айтады. Ниет етпей, тәлбия дұғасын айтпай, тек қана үстіне ақ, тігіссіз мата оранумен ихрамға кірген болып саналмайды.
- Уқуф. Арапа күні бесін намазынан кейін Арафат тауына бару. Арафатта тұрмаған кісінің қажылық ғибадаты қабыл болмайды.
- Тауаф. Құрбан айттың бірінші күні немесе келесі күндерінде Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу. Қағбаның оңтүстік жағындағы бұрышында "Хажарул асуад" деп аталатын қасиетті қара тас бар. Тауап осы қара тастың іргесінен басталады.
Қажылықтың бес уәжібі:
- Құрбан айт күнінде таң намазынан кейін Муздалифада тұру;
- Сафа мен Маруа тауларының арасында жүріп, 7 мәрте сағи ету;
- Айт күндері Минада шайтанға тас лақтыру;
- Құрбан айт күндерінде парыз тауапты орындағаннан кейін, шашын алдыру немесе қысқарту. Минада тас лақтыру рәсімінен кейін "Тәмәтту" қажылыған өтеген адам құрбан шалуы уәжіп;
- Үйге қайту ниетімен Меккеден шығар алдында тағы да Қағбаға тауап ету.
№12. Қажылықта қандай нәрсеге тыйым салынады?
Ихрам кезінде ер адамдарға да, әйел адамдарға да мына әрекеттерді істеуге тыйым салынады:
- төсек қатынасы, оған алып баратын сүю, шаһуатпен ұстау сияқты амалдар;
- пасықтық, яғни өтірік, өсек, ғайбат, алдау, мазақ ету сияқты амалдар;
- дау-дамай, яғни біреумен тартысу, жанжалдасу сияқты амалдар;
- құрлық жануарларын өлтіру, сондай-ақ аңшыға аңды нұсқау, көрсетіп беру;
- иіс су себу;
- тырнақтарын алу;
- шашын алу не қысқарту немесе сақалын қысқарту, денесіндегі шаш, түктерді жұлу, қыру;
- әдемілік, сәндік үшін басқа, шашқа, денеге әртүрлі иісмайлар жағуға болмайды, бірақ жарақатқа емдік үшін түрлі дәрілік майларды жағуға болады.
Ихрам кезінде тек ер адамдарға тыйым етілетін амалдар:
- көйлек, шалбар, қалпақ сияқты тігілген немесе тоқылған киімдер кию;
- басын немесе оның бір бөлігін себепсіз жабу;
- екі қолына қолғап, екі аяғына мәсі кию;
- бетті, ауызды, иекті жабатын заттарға тыйым салынады;
- өз шашын да ихрамдағы басқа кісінің де шашын қырқу.
Ихрам кезінде тек әйел адамдарға тыйым етілетін амалдар:
- никаб немесе паранжа және қолғап кию;
- зағыпыранмен не жосамен боялған нәрселерді кию.
Ихрам кезінде мыналарға рұқсат етіледі:
- жүзік, сағат, белдік тағуға;
- сөмке асынуға;
- үйдің, шатырдың астында көлеңкелеуге;
- қолшатыр ұстауға;
- шомылуға, ғұсыл құйынуға;
- ихрам киімін ауыстыруға рұқсат етіледі.
№11. Қажылыққа қандай киім киеді?
Қасиетті Мекке қаласына зиярат жасап келушілер, ұлты, реңі, киім киісі әртүрлі болғанына қарамастан бәрі мұсылман бауырластығына бірігеді, бәрінің бір үмбет екені еске түседі. Қажылық кезінде мұсылмандар бай-кедей, басшы не қосшы, ғалым не шәкірт деп бөлінбей бірдей киіммен бір қатарда сап түзейді. Себебі бұл қасиетті мекенге құт-берекет, қауіпсіздік, бақыт, шаттық және рақым ұялаған. Сондықтан қажылар өзін өзгелерден дараланбай, Алланың шынайы құлы болуға тырысады. Меккеге жақындағанда арнайы дайындық жасап, белгілі бір орынға (миқат) жеткенде тігісті киімін шешіп, екі бөлек матаға (ихрам) оранады. Ихрам екі бөлік матадан тұрады, жіппен байланбайды, түймеленбейді және ілмекті инемен де ұсталмайды. Бір жағы өмірден өтерде оралатын кебінді де еске салатын осы бір бөз адамға іштей ықылас пен ұлықтауды сезіндіреді. Ихрам тек бөз матаға орану емес, ол – тақуалық киімі.
Әйелдердің қажылық кезінде киетін киімінің түсі немесе арнайы бекітілген түрі жоқ. Әурет жерін жауып тұратын, дене мүсінін
көрсетпейтін кез келген түстегі киімді киюіне рұқсат. Алайда Мұхаммед пайғамбар хадисінде: "Ақ киім киіңдер, өйткені ол – киімдеріңнің ең жақсысы", – деген.
№13. Қажылық сапарға қандай заттар алған дұрыс?
Қажылық жасауға ниеттенген адамның барлық құжаты дайын болуы керек. Қажы өзімен бірге тек төлқұжатын ғана алғаны абзал. Сондай-ақ, құжаттардың бірнеше көшірмесі мен кішкентай суреттер әрдайым қажылардың қалтасынан табылуға тиіс. Қажылықта жүргенде адам өзімен бірге тек құжаттардың көшірмесін ғана алып жүруі керек.
Қажылыққа аттанарда мына заттарды алып алған жөн:
- дәрі-дәрмектер;
- резеңке аяқ киім;
- ихрам (ақ мата);
- қалта желдеткіші;
- қалташам;
- блокнот пен қалам (дұға жазып алу үшін);
- ұялы телефон және қуаттау құрылғысы;
- жеке гигиеналық заттар;
- мисуак;
- сүлгі;
- құрғақ және ылғалды майлықтар;
- түйреуіш пен түймелер;
- Құран мен дұға жинақтары;
- ауыстыратын киімдер;
- иықтан асырып ілетін сөмке;
- жеңіл жамылғы;
- қолшатыр;
- қалта жайнамазы.
№14. Қажылық сапарда қандай қауіпсіздік шараларын ұстану керек?
- Әрқашан қонақүй мен шатырдың мекен-жайын біліп жүрген абзал.
- Қанша ыстық болса да салқын әрі мұзды су ішпеу керек.
- Қажыларға арналған білезік белгілер мен қажы екенін куәландыратын құжаттарды үнемі өзімен бірге алып жүруі шарт.
- Қазақстан консулдығының, елшілігінің және қажылық компаниясының өкілдерінің, қонақүйдің мекенжайлары мен телефон нөмірлері жазылған қағаз алып жүргендері абзал.
- Жаңбыр мен күннен қорғанатын қолшатыр алып жүру шарт.
- Төтенше жағдайда сабыр сақтап, бірінші қарт кісілерге көмек көрсету керек.
- Тазалық сақтап, қоқыстарды тек арнайы орындарға тастау керек.
- Кептеліс кезінде, адамдар қысылып қалған кезде қажылар мейлінше сабырлы болулары керек.
- Көліктердің арасымен жүрмеңіз.
- Қажылықта барынша ықыласты болу керек. Адам өзінің физикалық әліне қарап, өзін-өзі қатты қинамағаны жөн. Шама-шарқынша барлық амалдарды ықыласпен орындауы керек. Егер сіздің күшіңіз түгесіліп, шаршасаңыз, бір жерге отырып, демалып, күш жинап алуыңыз қажет.
- Барынша киіміңіздің (ихрам) тазалығына мән беріңіз. Лас киіммен жасаған құлшылығыңыз қабыл болмауы мүмкін.
- Маңызды құжаттар мен көп ақшаны ішкі қалталарыңызға салыңыз.
- Топтан қалып қоймаңыз. Автобустан түсерде балалар мен қарт кісілерді бірінші түсіру керек. Өзге қажылардың өтініштерін барынша орындаған абзал, оларға құрметпен қараған жөн.
№15. Қажылық кезінде қандай орындарға бару қажет?
Қажылық кезінде баратын орындар:
- Миқат. Қажылық рәсімін өтеуге ниет еткен әрбір мұсылман миқат деп аталатын арнайы жерлерде ихрамға кіреді. Қасиетті Қағбаны қоршап тұрған мекендер "Харам", "Хил" және "Әфақ" деген үш аумаққа бөлінеді. Қажылық және умра ғибадатын орындауға келетін адамдар осы аумақтарға қарай ихрамға кіреді.
- Әл-Харам мешіті. Аллаға құлшылық ету мақсатында салынған ең алғашқы және ежелгі ғибадатхана. Бұл мешіт Қағба, Ибраһим мақамы және Зәмзәм бұлағын айнала орналасқан.
- Қағба. Жер бетінде Алла Тағалаға ғибадат жасау мақсатымен соғылған алғашқы ғимарат. Қағба – "Бәйтуллаһ", яғни "Алланың үйі" деген де атқа ие.
- Хәжәрул Әсуәд (қара тас). Қажылар тауап жасауды осы бұрыштан бастайды.
- Ибраһим мақамы. Тауап етіп болғаннан кейін оның жанына барып екі рәкат намаз оқу – сүннет.
- Арафат. Мекке қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан, биіктігі шамамен 60 метрге жететін тау. Қажылардың Арафа күні уақфа, яғни барлығы бірге Аллаға жалбарынып дұға, ғибадат жасау үшін жиналатын жері.
- Мұздалифа. Арафат пен Мина арасындағы жазық. Оған Арафаның кешінде түнеп, Құрбан айт күндері шайтанға атылатын тас жинап алынады.
- Мина. Құрбан айт күндері құрбан шалынатын және шайтанға тас ататын жер.
- Сафа мен Мәруа. Қағбадан 200 метр қашықтықта орналасқан екі төбе. Екеуінің арасы 350 метрдей. Кім қажылық немесе умра жасайтын болса Сафа мен Мәруада ол екеуіне соғып, жоралғы жасаса, оның артықтығы жоқ.
- Қажылық жасаушылар Меккеде Хира үңгірі, Сәуір үңгірі, Мәдинада Нәбауи мешіті, Рауза Мұтаһһара, Жәннәтул Бақи сияқты жерлерді де зиярат етеді.