Тікелей эфир

Қазақстандықтар үшін тегін баспана алудың жолдары қандай?

Тегін баспанамен қамтамасыз ету – азаматтардың жеке жағдайына байланысты мәселе.

Қазақстан азаматтарын мемлекеттен тегін баспанамен қамтамасыз ету – азаматтардың жеке жағдайына байланысты шешілетін мәселе. Сондықтан informburo.kz барлық санаттағы азаматтарға сәйкес келетін жалпы ережелер мен талаптар туралы айтады.

Мемлекеттен тегін баспана алуға кімнің құқығы бар, оны тегін жекешелендіруге бола ма, аумақ көлемі қандай болу керек? Осы және басқа да сұрақтарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауап берді. (редакция министрлік таратылғанға дейін сауал жолдаған болатын).

№1. Тегін баспананы кімдер алады?

Жалпы және міндетті 2 шарт бар: Қазақстан азаматы болу және тек тұрақты тұрғылықты жерден алу. Егер азамат басқа қалаға көшкен болса, онда ол кезектен шығарылады және қалауы бойынша жаңа тұрғылықты жерге тіркеледі.

Сонымен, тегін тұрғын үй алуға өтініш беруге мына азаматтардың құқығы бар:

  • жетімдер;
  • ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • наградасы бар көп балалы аналар ("Алтын алқа" немесе "Күміс алқа", "Батыр ана" атағы, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордені бар аналар);
  • көп балалы отбасылар;
  • халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар;
  • мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері;
  • арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
  • сайланбалы мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар;
  • әскери қызметкерлер;
  • ғарышкерлер мен ғарышкерлікке үміткерлер;
  • жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар.

Көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін де қаржылық шектеу белгіленді, яғни, олардың соңғы 12 айдағы орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне  шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен 3,1 есе төмен болуы тиіс. 2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрайды.

Егер сіз Астана, Алматы және Шымкент қалаларында кемінде үш жыл тұрған жағдайда ғана тегін баспана алу кезегіне тұра аласыз.


Түсіндірме материалдың орысша нұсқасы: Как гражданам Казахстана получить бесплатное жильё


№2. Мемлекеттен баспана алуға тағы кім өтініш бере алады?

Аталған санаттарға жатпайтын азамат тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, кезекке қойылуы мүмкін. Бұл осы елді мекенде тұратын оның отбасы мүшелерінің жергілікті коммуналдық қызметтердің тұрғын үйлерін тұрақты пайдаланбаса, сондай-ақ келесі шарттар орындалған жағдайда ғана өтініш бере алады:

  • көрсетілген азаматтың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстанда жылжымайтын тұрғын үй мүлкі болмаса;
  • отбасының сатып алу құқығынсыз берілген жалға берілетін тұрғын үйі болмаса;
  • отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сәйкес келмесе;
  • екі немесе одан да көп отбасы көршілес, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда тұратын болса;
  • отбасында олармен бір бөлмеде (пәтерде) бірге тұру мүмкін болмайтын кейбір созылмалы аурулары бар науқастар болса. Аурулардың тізбесін үкімет бекітеді.

№3. Баспананы кімдер жекешелендіре алады?

Мемлекет тұру құқығынан басқа азаматтардың жекелеген санаттарына алынған пәтерді жеке меншікке тегін тіркеу құқығын береді. Мұны әскери қызметкерлер, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері, ғарыш саласында жұмыс істейтін адамдар, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюшылар, Семей полигонындағы сынақтардан зардап шеккендер, Арал өңірінің тұрғындары жасай алады. (Олар туралы төменде толығырақ айтатын боламыз)

Мемлекеттен тегін алынған тұрғын үйді жекешелендіруге құқығы бар азаматтардың толық тізімін “"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңнан табуға болады.


Оқи отырыңыз: "7-20-25", "Бақытты отбасы" және өңірлік ипотекалар. 2023 жылы қалай баспана алуға болады?


№4. Әскери қызметкерлердің қайсысы мемлекеттен тегін алған баспананы жекешелендіре алады

Мемлекеттен алынған тұрғын үйді жекешелендіру құқығына әскери қызметшілер де, әртүрлі себептермен зейнеткерлікке шыққан және қажетті еңбек өтілі бар адамдар да ие болған.

Әскери қызметкерлер тобына Ұлы Отан соғысының ардагерлерін де шартты түрде жатқызуға болады. Тұрғын үймен қамтамасыз етілген ардагер қайтыс болған жағдайда оны өтеусіз алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді.

Мемлекеттен алынған тұрғын үйді жекешелендіруге құқығы бар әскери қызметшілер тобына мыналар да кіреді:

  • бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде, әскери қызметтің басқа да міндеттерін атқару кезінде немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы, сондай-ақ әскери барысында алған жарақаты, контузиясы, зақымдануы салдарынан мүгедек деп танылған әскери қызметшілер. Ауғанстанда немесе соғыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде болған әскерилер;
  • әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен зейнет жасына жеткенде, денсаулығына байланысты немесе штаттың қысқаруына байланысты қажетті еңбек өтілі бар қызметтен босатылған адамдар:   

- (күнтізбелік есепте 20 жыл және одан да көп – барлығына;

- 10 және одан да көп жыл – асырауында мүгедек баласы бар (мүгедек балалар) немесе оның (олардың) жасына қарамастан бала кезінен мүгедектер үшін.

Арнайы шарттар. Тұрғын үй берілген әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен босатылған адам қайтыс болған жағдайда оны өтеусіз жекешелендіру құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді. Сонымен қатар, өтеусіз жекешелендіру құқығы қызмет өткеру кезінде қайтыс болған әскери қызметшінің, арнаулы мемлекеттік орган, ішкі істер органы қызметкерінің еңбек өтіліне қарамастан отбасы мүшелеріне беріледі.

№5. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің қайсысы мемлекеттен тегін алған баспананы жекешелендіре алады

Бұл топқа қазіргі тәртіп сақшылары да, түрлі себептермен қызметінен кеткендер де кіреді.

Қызметтік/мемлекеттік тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығын алу үшін еңбек өтілі маңызды.

Топқа мыналар кіреді:

  • күнтізбелік есепте 20 және одан да көп жыл еңбек өтілі бар ішкі істер органдарының қызметкерлеріне;
  • келеңсіз жағдаймен жұмыстан босатылғандарды қоспағанда, қызметтен босатылған және күнтізбелік есепте 20 және одан да көп жұмыс өтілі бар қызметкерлер;
  • 10 және одан да көп күнтізбелік еңбек өтілі бар қызметкерлер және асырауында мүгедек балалары бар азаматтар.
  • Берілген қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге құқығы бар ішкі істер органдарының зейнеткері қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді.

Оқи отырыңыз: 2023 жылы қазақстанда қанша шаршы метр тұрғын үй салынады?


№6. Ғарыш саласында жұмыс істейтіндердің қайсысы мемлекеттен тегін алған баспананы жекешелендіре алады

Мемлекеттен алынған пәтерді тегін жекешелендіруге мынадай тұлғалар құқылы:

  • ғарышкерлікке үміткерлер;
  • ғарышкерлер.

Тұрғын үймен қамтамасыз етілген ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қайтыс болған жағдайда оны өтеусіз алу құқығы оның мұрагерлеріне өтеді.

№7. Мемлекеттен алған баспананы тағы кімдер жекешелендіре алады?

Сондай-ақ мемлекеттен алынған тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығы:

  • Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;
  • Арал өңіріндегі экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;
  • Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;
  • I немесе II топтағы мүгедек Қазақстан азаматтары.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік тұрғын үйге қалай кезекке тұруға болады? Түсіндірме


№8. Берілетін үйдің аумағы қандай?

Мемлекеттен тұрғын үй бір адамға кемінде 15 м2 шаршы метр және аумағы 18 м2 артық емес көлемде беріледі. Бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақхананың бөлмесінен кем емес мөлшерде беріледі.

Қосымша аумақ келесі жағдайларда берілуі мүмкін:

  • Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізімге енгізілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің болуы. Бұл жағдайда науқасқа жеке бөлме беріледі;
  • Отбасында 22 аптадан асқан жүкті әйелдің болуы. Бұл факт берілген тұрғын үй алаңын есептеу кезінде ескеріледі.

Отбасы мүшелерінің жынысы да ескеріледі – бір бөлмеде әртүрлі жыныстағы адамдармен (ерлі-зайыптылардан басқа) тұруға жол берілмейді.

№9. Қандай құжаттар қажет?

Құжаттар пакеті және өтініш беру орны өтініш берушінің қай санатқа жататынына байланысты. Мысалы, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері құжаттарды жұмыс орны бойынша тапсырады, кезек те сол жерде сақталады.

Басқа топтарға жататын азаматтар электронды үкімет веб-порталы арқылы құжаттарын тапсырады.

Міне, құжаттар тізімі:

  • жергілікті атқарушы органның өтініш берушінің және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйдің осы елді мекенде тұрақты пайдалануда болуын немесе болмауын тексеруге келісімін көрсете отырып, белгіленген нысандағы тіркеу туралы өтініш;
  • куәліктердің көшірмелері: туу, қайтыс болу, неке қию/бұзу, бала асырап алу, әкелікті (аналықты) анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту туралы. Бұл құжаттар ақпараттық жүйеде деректер болмаған жағдайда ұсынылады;
  • халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар өз мәртебесін растайтын құжатты, сондай-ақ отбасының әрбір мүшесі үшін соңғы 12 айдағы табысы туралы ақпаратты қосымша ұсынады;
  • егер отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген техникалық талаптарға сәйкес келмесе, өтініш беруші сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы аттестатталған сарапшының техникалық есебінің түпнұсқасын (тұрғын үйге техникалық сараптаманың нәтижелері бойынша) қосымша ұсынады.

Азаматтардың барлық санаттары, сондай-ақ есепке қоюдың басқа да шарттары туралы толығырақ ақпаратты "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алу қағидалары" (ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы Қаулысы) білуге болады.

Серіктестер жаңалықтары