Қарапайым тілмен түсіндірсек, төлем балансы – Қазақстан мен басқа елдер арасындағы экономикалық операциялардың немесе ақша ағынының көрсеткіші. Яғни, біз шет елге қанша ақша жібердік және бізге басқа елден қанша қаражат жіберілді. Төлем балансының функциясы мұны анықтап, шыққан нәтижені айлық баланс, тоқсандық баланс, жылдық баланс деп бөледі. Осы балансты есептеудің халықаралық әдісі бар. Оны Халықаралық Валюта Қоры бекітіп, жаңартып отырады. Ал мамандар төлем балансының операцияларын арнайы әдіспен үш топқа бөліп қарастырады. Олар: ағымдағы шот, капиталмен операциялар шоты және қаржылық шот.
- Ағымдағы шот Қазақстанның компаниялары, жеке тұлғалары мен шетелдік компания, жеке тұлғалар арасындағы тауарлар, қызметтер, бизнестен келген кірістер ағындарын көрсетеді. Мысалы, сіз AliExpress немесе Wildberries-тен шетелден тауарға тапсырыс берсеңіз, олар осы ағымдағы шот статистикасына енеді.
- Капиталмен операциялар шотына ірі бизнестің операциялары, инвестициялар, дивидендтер, яғни өндірістік емес қаржылық активтермен жасалған операциялар жатады.
- Қаржы шоты қаржылық активтерді таза сатып алу мен отандық компаниялар мен шетелдік компаниялар арасындағы қарыздың мөлшерін көрсетеді.
Төлем балансы туралы айттық. Енді оқырманда мұны бізге біліп не керек деген орынды сауал туындауы мүмкін. Орынды да. Ендеше баланс теңгеге қалай ықпал етеді? Осыны қарастырайық.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк аз ғана қарызы бар азаматтардың шотын бұғаттамау туралы ұсынысты қолдады
Төлем балансының ішінде сауда балансы да кіреді. Сауда балансы – Қазақстанның сыртқа шығарып сатқан тауарларының құны мен еліміз сырттан сатып алған тауарлар құны арасындағы көрсеткіш. Егер біздің экспорттан тапқан ақшамыз импорттан тапқан ақшадан артық болса, онда сауда балансы біз үшін жағымды болады. Мысалы, 2022 жылы біз 36,3 миллиард доллар болатын жағымды сауда балансына қол жеткіздік.
Бірақ Ұлттық Банктің болжауынша, 2025 жылдарға қарай төлем балансы профициттен дефицитке ауыса бастамақ. Оның себебі, біздің ішкі өндірісімізді реттеп, қайта өңдеу тауарларын шығара алмай отырғанымызда жатыр. Егер өзіміз тауар шығара алмасақ, онда импорттың үлесі арта түседі.
Ал енді осының теңге бағамына әсері қандай? Экспорттан доллар бізге келеді, оны компаниялар жалақы, салық төлеу үшін биржада теңгеге айырбастайды. Ал импортер компаниялар тиісінше биржадан теңгеге доллар сатып алып, оны сырттан тауар алуға жұмсайды. Қазақстан қор биржасында теңге бағамы ұсыныс/сұраныс арқылы құрылады. Сондықтан долларға сұраныс көп болса, доллар қымбаттап, теңгенің курсы түсіп кетер еді. Жағымды сауда балансы кезінде теңгеге сұраныс көбірек болады да, оның бағамы да жоғары деңгейде белгіленеді.
Оқи отырыңыз: Ұлттық қорды неге экономикаға құя салмаймыз? Ол қашан таусылады?
Осы себепті экономист мамандар сауда балансындағы дефицитті "теңгеге жасалған қысым факторы" деп атайды. Ұзақмерзімді сараптама жасағанда, мұнай бағасы барреліне 85 доллардан асатын кездерде біздің сауда балансымыз жағымды болып жатады. Ал мұнай құны одан түсіп кетсе, бірден экспортымыздың сомалық мөлшері импорттан ұтыла бастайды. Нәтижесінде теңге "мазасызданады".
Сәйкесінше, алдағы теңге бағамын болжағыңыз келсе, мұнайдың бүгінгі бағасына мән беріңіз.