
Қасиетті Рамазан айы – мұсылман қауымы үшін ауыз бекітіп қана қоймай құлшылық жасап, өлшеусіз сауапқа кенелетін берекелі ай. Оразаның өз әдебі бар. Оны бұзатын амалдардан сақтанған жөн.
- Оразаға қалай ниет ету қажет?
- Ауыз берік кезде не істеген жөн?
- Ауызашар мен сәресіде қалай тамақтанған дұрыс?
- Ораза бұзылмас үшін неден тыйылу керек?
- Тарауық намазы қалай оқылады?
Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап әзірледі.
№1. Ораза ұстауға қалай ниет ету керек?
Оразаның толық болуы үшін ниет ету шарт. Ниетсіз ораза қабыл болмайды. Рамазан оразасында кеш қарайғаннан сәресіне дейін ниет етуге болады. Негізінде оразаға сәресіден кейін ниет етіледі. Сәресіде ояна алмай қалған адам күн шығып кетсе де ниет етсе болады. Тек таң атқаннан кейін оразаны бұзатындай нәрсе жасамауы керек.
Ниет жүрекпен жасалады. Яғни түнде, ертең ораза ұстайтыны жайында ойлаған адам ниет еткен болып есептеледі. Ораза ұстау ниетімен сәресіге тұрған адамның бұл ойы да ниет болып есептеледі. Оразаға жүрекпен ниет ету жеткілікті. Бірақ жүрегімен қоса тілмен жеткізсе, одан да жақсы. Сондықтан ораза ұстайтын адам әрі жүрегімен, әрі тілімен ниет еткені жөн.
Ораза ниеті: Алла Тағаланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім.
№2. Сәресін қалай ішу керек?
Ауыз бекітер алдын ішетін ас-суды сәресі деп атайды. Сәресін ауыз бекітер уақыттан он минут бұрын ішкен дұрыс. "Сәресі ішіңдер, өйткені сәресіде береке бар", – деген хадисте. Сәресін ішкен адам әл жинап, оразаны қиналмай ұстайды. Сәресі ішу дегеніміз – сүннетті орындау, құлшылыққа күш-қуат жинау, жаман мінездің пайда болуын алдын алу, садақа беруге жігерлендіру, дұға-тілек етуге мүмкіндік.
Сәресі ішу – парыз емес. Ұйықтап қалған не басқа себептермен сәресіні өткізіп алған адам ештеңе ішіп-жеместен ораза ұстай береді. Бірақ сәресіні жіберіп алмауға тырысқан жөн, өйткені келесі күні ауызашарға ашығып жетесіз. Дұрыс тамақтанбау күшіңіздің сарқылуына əкеп соғып, əлсіздік, бұлшықет атрофиясы, остеопороз, шаштың түсуі, анемия секілді ауруларға себепші болады.
Сәресі мезгілі – дұға-тілектер қабыл болатын ең берекелі уақыт. Сәресі ішу адамға күш береді, күндізгі жұмыстарын тыңғылықты атқаруға, ғибадаттарын кемшіліксіз орындауға көмектеседі. Бұған қоса, сәресіге тұрған кісі сүннет сауабын алады. Себебі, сәресі ішу – пайғамбарымыздың сүннеті.
Жиырма минут қалғанда оянып, тағамның бәрін жеп тауысуды көздемеген жөн. Диетолог мамандар жарты не бір сағат бұрын тұрып, су ішуге, тойып тамақтанбауға кеңес беремін. Тойып жеген тамақ тез қорытылады да, аштық сезімін тудырады. Сәресіде айран, сүт ішіп, түрлі жаңғақ жеген дұрыс.
№3. Ауыз берік кезде уақытты қалай өткізген жөн?
Алланы еске алуды ұмытпаңыз. Өзіңіз үшін де, өзгелер үшін де дұға етіңіз. Ұйқыны азайтыңыз. Маңызы жоқ кездесулерден бас тартыңыз. Көзді сақтаңыз. Сөз бен амалды қадағалаңыз. Дүние-уайымнан алшақтаңыз. Жақсы сөз сөйлеңіз. Өсек айтуды тыйыңыз. Зиян әдеттерді тыйыңыз. Құран оқып, намаз үйреніңіз. Тәубе етіңіз. Туыстық қатынасты нығайтып, күнде садақа беріңіз. Ата-анаға қызмет жасап, ниетке мән беріңіз. Әлеуметтік желіні аз пайдаланыңыз, оның орнына жаңа нәрсе үйреніңіз. Жақсылық жасап жүріңіз. Намазды жамағатпен оқуға, үнемі дәретпен жүруге тырысыңыз. Құран әліппесін білмесеңіз, аударма мағынасын оқып, жиі тыңдау. Ашуды сабырмен жеңіңіз. Жақындарыңызға сыйлық жасаңыз. Бос уақытыңызды ғибадатпен, білім алумен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізіңіз.
№4. Оразаны не бұзбайды?
- Ауыз бекіткенін ұмытып тамақ ішіп қойса, ораза бұзылмайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
- Ұйқыдан жүніп болып ояну;
- Аузына келген қақырықты жұту;
- Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
- Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
- Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
- Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
- Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
- Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
- Көзге дәрі тамызу;
- Мұртты майлау;
- Көзге сүрме жағу;
- Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ паста ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы – таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
- Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;
- Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
- Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек. Салқындау үшін киімді сулауға болады.
№5. Оразаны не бұзады?
- Әдейі бір нәрсені ішіп-жеу;
- Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
- Жаңбыр тамшыларын әдейі жұту. "Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес" – деп хадисте жазылған.
- Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);
Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. Каффарат деп рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады.
№6. Қандай жағдайда ауыз ашып қойған адам оразаны жалғастыруы керек?
Мына жағдайларда ауыз ашқан адам оразасын қайта жалғастырады:
- Таң атса да, таң атқанынан күмәнданып сәресіні ішкен жағдайда.
- Күн батпаса да "күн батты-ау" деген оймен ауыз ашқан жағдайда.
- Ауыз-мұрынды шайып жатып абайсызда ішке су кетсе.
- Ауыз ашуға біреу мәжбүрлесе, мысалы, біреу зорлықпен су ішкізсе.
- Ораза ұстауға ниеттенуді ұмытып, алайда күні бойы ораза ұстаған жағдайда.
№7. Ауыз ашарда нені ескерген жөн?
Ораза ұстаған адам күн батқан соң аузын ашуға асығуы керек. Алдымен қол жайып ауызашар дұғасын оқып, содан соң ғана ауыз ашады.
Ауызашар дұғасы: Уа, Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризықпен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешір!
Ауызды сумен не құрмамен ашқан дұрыс. "Кімде-кім ауыз ашар болса, құрмамен ашсын, себебі құрмада береке бар. Егер құрма болмаса, сумен ашсын, себебі ол тазартушы",– деген Мұхаммед пайғамбар.
Ауыз ашудың ең басты ережесі – апыл-ғұпыл тойып тамақтанбау. Ауыз аша сала тойып тамақтанбаңыз, 15-30 минут күтіңіз. Ауыз ашқан соң міндетті түрде намаз оқып, содан соң тамақ ішуге отырған дұрыс. Ораза кезінде ұннан жасалған, майлы, қуырылған және ащы тамақтардан бас тартқан жөн. Оның орнына жеміс-жидек, көкеніс, майсыз сорпаларды ішу керек.
Аузын бекіткен адам құрамында протеині мол тағамдарды пайдаланғаны абзал. Атап айтқанда: майсыз ет, жұмыртқа, қаймақ, сүзбе, сүт және сыр. Күні бойы нәр татпайтындықтан көбірек су ішу қажет.
№8. Оразада қалай тамақтану керек?
Тойып тамақтанбаңыз. Ораза кезінде адамның асқазаны кішірейеді, соған сай аз тамақтанады. Ал қалған тамақты босқа тастауға тура келеді. Бұл – ысырап.
Ауыз ашқаннан кейін ыстық тамақ алдында салат жеген жөн. Күн батқаннан кейін кемінде екі рет тамақтануға тырысыңыз. Ауызашар, жүрек жалғау, сәресін ішу деп үш рет тамақтануға болады. Әр ас ішкенде құрамында көкөніс болсын.
Майлы тамақ жемеуге тырысыңыз, өйткені мұндай тамақ ұзақ қорытылады әрі баяу сіңеді. Дəміне қызығып, қуырылған тамақ жегеннен гөрі пеште пісірілген, отта қақталған, буға не суға пісірілген тамақты таңдаңыз.
Дәрумендерге бай жеміс-жидек, көкөніс көп жеңіз. Бірақ тым тәтті жеміс-жидекті шектен тыс жемеңіз.
Сүт, айран, ірімшік, құрт секілді сүт өнімдері протеинге бай. Оған қоса кальций, фосфор, мырыш секілді минералдар мен В6, В12 секілді маңызды дəрумендерге тұнып тұр. Пробиотиктерге бай айран ас сіңіруге жақсы әсер етеді. Бойға қуат беріп, ауруларға қарсы қорғаныс қызметін жақсартады. Сəресі мен ауызашарда не жеңіл-желпі ас ретінде күніне 2 стақан сүт не айран ішу пайдалы.
Жеткілікті мөлшерде су ішпеу көп ауруға әкелуі мүмкін. Сондықтан да оразада шөлдемес үшін күн батқаннан таң атқанша 2-2,5 литр су ішіңіз. Тәтті сусындар, компот, кисель емес, тұрақты түрде сағат сайын таза су ішу керек. Ағзаны нәрлі сорпа секілді сұйықтықтың басқа да көздерімен толықтыруға болады.
Тәтті көп жемеңіз, шөлдейсіз. Сәресінде жемеген абзал, өйткені тәбетті ащады. Шөлдететін, тәбет шақыратын (қышқыл, тұзды, тәтті, қуырылған) тағамдардан бас тартыңыз.
№9. Оразада кофеин, тәтті тұтынуға бола ма?
Никотиннен бас тарту үшін оны азайту керек. Ауыз ашқанда темекі шекпеген жөн, өйткені дін тұрғысынан да, физиология тұрғысынан дұрыс емес. Күні бойы ашығып, бірден темекі шеккенде түтіні асқазан-ішек жолы мүшелерінің тіндерін тітіркендіреді. Никотин, кофеин, тәттіні шектен тыс тұтынудан бас тартыңыз.
Кофеиннің несеп айдайтын әсері бар, ал бұл шөлдеуге итермелейді. Кофеин мөлшерін 300 милиграмға дейін азайтыңыз, не тіпті мүлдем тұтынбаңыз.
№10. Қай кезде ораза ұстамауға болады?
- Жолаушыларға сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды.
- Аяғы ауыр не бала емізіп жүрген әйелдер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады.
- Ауырып жүрген адам жазылған соң ұстауға болады.
- Қартайып, оразаны денсаулығы көтермейтін кісілер бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе тәубе етеді.
- Хайыз (етеккір) бен нифас. Мұндай жағдайда тоқтаған соң қазасын өтейді.
№11. Тарауық намазы қалай оқылады?
Рамазан айынан бір күн бұрын, кешкі құптан намазынан соң тарауық намазы оқыла бастайды. Биыл 28 ақпаннан бастап тарауық намазы оқылады. Тарауық намазы 20 ракағаттан тұрады. Әр екі ракағаттан кейін сәлем береді. Төрт ракағат етіп оқыса да болады. Жалғыз оқыса да дұрыс, бірақ жамағатпен оқығанның сауабы зор. Тарауық намазымен бірге үтір намазы да жамағатпен оқылады. Имам тарауық намазы мен үтір намазының қирағатын дауыстап оқиды.
Тарауық намазының дұғасы: "Субхана зил-мулки уәл-мәләкут. Субхана зил-иззати уәл-азамати уәл-құдрати, уәл-кибрияи уәл-жәбәрут. Субханәл-мәликил-хайилләзи лә янаму уә ла ямут. Суббухун, қуддусун Раббуна уә Раббул мәләәикәти уәрруух. Лә иләһә илла Алла настағфируллаһ. Насәлукәл джанната уә нағузу бика минәннаар".
Қазақша мағынасы: Жердегі және аспандағы жаратылыстардың иесі – Алла Тағаланы әрқандай кемшіліктен пәк деп білемін. Үстемдік, ұлықтық, құдірет және жоғары мәртебелік иесі – Алла Тағаланы әрқандай нұқсаннан пәк деп білемін. Еш өлмейтін, мәңгі тірі, бүкіл әлемнің патшасы – Алла Тағаланы әрқандай айыптан пәк деп білемін. Ол мін-кемшіліктерден пәк әрі таза, періштелердің және Жәбірейілдің Раббысы, бір Алладан басқа құдай жоқ. Біз Алла Тағаладан күнәларымыздың кешірілуін сұраймыз. (О, Жаратқан Иеміз!) Сенен жәннатты сұраймыз, Саған тозақ отынан құтқар деп сиынамыз.
№12. Ораза ұстап жүріп спортпен айналысуға бола ма?
Рамазан кезінде белсенді жаттығулардан бас тартып, оның орнына тыныс алу, медитация, йога, пилатес, созылу секілді энергияны көп жұмсамайтын жаттығулармен айналысқан жөн. Ауызашардан бұрын не кейін жаяу жүру еш артық етпейді.
Ауыз бекіткен кезде марафонға қатыспаған жөн. Ұзақ қашықтыққа жүгірудің салдарынан организм сусызданып, денсаулыққа, әсіресе жүрек-қан тамырлары жүйесіне айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін.