Тікелей эфир

Магистр, MBA, PhD. Академиялық дәрежелердің айырмасы қандай?

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламаларын меңгерген тұлғаларға академиялық дәрежелер жазылған дипломдар табысталады.

Жоғары білім алған және әрі қарай білімін жалғастырған адамдарға академиялық дәреже (Degree) беріледі. Оны алу үшін тиісті оқу бағдарламаларын меңгеру керек. Бірнеше жыл білім алып қана қоймай, дипломдық жұмыс, диссертация, ғылыми мақала жазу қажет. Информбюро порталы академиялық дәрежелердің әрқайсына тоқталып, жеке-жеке түсіндіреді. 

№1. Бакалавр дәрежесі

Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары "бакалавр" дәрежесін немесе "маман" біліктілігін бере отырып, біліктілігі жоғары кадрлар даярлауға бағытталған. Бакалавриат – орта білімнен кейінгі білім. Қазақстанда оған түсу үшін аттестат, ҰБТ сертификаты болуы қажет. Ал бакалавр – жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдарға берілетін дәреже. Бакалавриат бағдарламасын аяқтағандарға бакалавр дәрежесі бар жоғары білім туралы диплом (BD) беріледі. Бакалавр дипломын алғандар мамандығына сай жұмысқа орналаса алады. 

№2. Магистр дәрежесі

Бакалавр дәрежесі бар адамдар магистратураға оқуға тапсыра алады. Қазақстанда оған түсу үшін бакалавр дипломы болуы қажет және кешенді тестілеу тапсыру міндетті. Шет тілінен де тест тапсырады. IELTS, TOEFL секілді сертификаттары болса, тест тапсырудан босатылады. Бакалаврда басқа мамандықты оқысаңыз да, магистратураға тапсырарда мүлдем басқа мамандықты таңдай аласыз. 

Магистратурада білім алатын адамды магистрант дейді. Магистратураның екі түрі бар: 

  • ғылыми-педагогтік – екі жылдық оқу;
  • бейіндік – бір жылдық оқу.

Магистратура ғылымға жол ашады. Магистранттар шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өте алады. Магистратураны бітіргенде магистр дәрежесі берілген жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы диплом (MD) беріледі. Магистр дәрежесі болса жоғары оқу орнында сабақ беруге болады. Ал магистр дипломы бар мектеп мұғалімдерінің жалақысы өзгелерге қарағанда жоғары. 

№3. MBA дәрежесі

Іскерлік басқару магистрі, яғнм MBA (Master of Business Administration) – менеджмент саласындағы академиялық дәреже. MBA бағдарламасында бизнес саласының есеп және аудит, қаржы, маркетинг, адам ресурстарын басқару сияқты жан-жақты пәндері оқытылады.  MBA-ге бакалавр дәрежесін алған және жұмыс өтілі бар адамдар түсе алады. Магистратура секілді қабылдау емтиханын тапсыру қажет.

MBA түрлері:

  • General MBA – жас мамандарға және басқару қабілетін әрі қарай дамытуға әлеуеті бар менеджерлерге, бизнес иелеріне арналған бағдарлама. Оқу мерзімі – 1,5-2 жыл.
  • Executive MBA – топ-менеджерлер мен бизнес иелерін оқытуға үшін бағытталған бағдарлама. Оқу мерзімі – 1 жыл.

MBA бағдарламасын бітіргендерге "Іскерлік әкімшілік жүргізу магистрі" дәрежесі мен біліктілігі жөніндегі МВA дипломы беріледі.

№4. PhD дәрежесі

Магистратура бітіргеннен кейін ғылыммен айналысамын деушілер докторантураға оқуға түседі. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша үш жыл білім алып, диссертация қорғаған соң ғана философия докторы, яғни PhD ғылыми дәрежесі беріледі. Диссертация – нақты мамандық бойынша Қазақстанда немесе шетелде қорғалған біліктілікті айқындайтын ғылыми жұмыс. Докторлық диссертация жазғанда екі ғылыми жетекші болады. Оның біреу Қазақстан азаматы болса, екіншісі – шетелден. Диссертацияның ғылыми нәтижелері ғылыми басылымдарда, Scopus базасындағы халықаралық ғылыми журналдарда жариялануға тиіс. 

Қазақстанда 2005 жылдан бері PhD бағдарламасы бар. 2011 жылдан бастап PhD-доктор ғылыми дәрежесі беріледі. Ал оған дейін PhD-докторантура бітірген тұлғаларға тек академиялық дәреже беріліп келді. 

Докторантураға түсушілерден шет тілі бойынша тест тапсырғаны туралы сертификат талап етіледі.

№5. PD дәрежесі

Бейіні бойынша доктор, яғни PD – кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантура бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін ғылыми дәреже. Оқу мерзімі – үш жыл. PD дәрежесін алу үшін де диссертация жазып, оны қорғау қажет. Диссертация бойынша мақалалар жариялауға тиіс. 

PhD және DP дәрежелері ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысуға, жоғары оқу орындарында сабақ беруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бакалавриат пен магистратураға қарағанда докторантурада оқитындардың стипендиясы жоғары. 1 қыркүйектен бастап олар айына 217 мың теңге шәкіртақы алады.

№6. DВA дәрежесі

DBA (Doctor of Business Administration) бағдарламасы жеке және мемлекеттік секторларда зерттеу, мәселелерді шешу және консталтинг салаларында көшбасшы болатын жоғары білікті мамандарды, сондай-ақ осы бағытта сабақ беретін ғылыми қызметкерлерді даярлайды. DBA – топ-менеджерлердің кәсіби өсуіне ықпал ететін ғылыми, практикалық және академиялық дәреже. Оқу мерзімі – үш жыл.

Бұл да MBA сияқты. Бірақ магистратура бітірген, не MBA дәрежесін алған менеджерлер түсе алады. DBA бітіргеннен кейін "Іскерлік әкімшілендіру докторы" дәрежесі, яғни дипломы беріледі. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары