Тікелей эфир

Ипотека-2025: Қазақстандықтар баспаналы болу үшін қандай бағдарламаларға дайындалуы қажет

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
2025 жылы "Ұмай" бағдарламасында депозиттегі сыйақы мөлшеріне баса назар аударылады. Яғни, сыйақысы көбірек қатысушының конкурстан өту мүмкіндігі жоғары болмақ.

Informburo.kz келесі жылы баспана алуға болатын бағдарламалардың тізімін ұсынады.

"7-20-25"

Бұл бағдарлама 2018 жылы ашылған, қазір де жұмыс істеп тұр. Бірақ, атап өтерлік үш мәселе бар. Біріншіден, бағдарлама жылына тек 100 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылады. Екіншіден, пәтер таңдау мәселесі қиын. Дайын, әлі сатылмаған пәтерлер саны аз. Үшінші мәселе, нарықтағы көптеген пәтердің бағасы бағдарлама шартында көрсетілген 15-25 миллион теңгеден қымбат.

Шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлемесі – 7 %;
  • Бастапқы жарна 20 пайыздан басталады;
  • Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларына – 25 миллион теңге, Қарағанды мен Түркістанға – 20 миллион теңге, өңірлерге – 15 миллион теңгеге дейін несие беріледі;
  • Сатып алынғалы отырған үй кепілге қойылады;
  • Қарызды өтеу мерзімі – 25 жылға дейін;
  • Тек құрылыс салушылардан сатып алған жаңа үйлерден пәтер алуға болады. Ол үй қолдануға берілген болуы шарт. Объектілердің тізімі жоқ, сатып алушы пәтерді өз бетінше іздеуі қажет;
  • Өтініш берген азаматтың басында баспанасы болмауы тиіс (ескерту: жатақханадағы бөлме, апат жағдайындағы тұрғын үйлер есепке алынбайды);
  • Несиені бір рет қана рәсімдеуге болады;
  • Өтініш берушінің басында басқа ипотекасы болмауы тиіс. 

"7-20-25" бағдарламасымен 7 банкте несие рәсімдеуге болады. Олар: "Банк ЦентрКредит",Фридом Банк Қазақстан, Halyk, РБК, Алтын, Форте және Еуразия банкі. Баспананы сатып алушының өзі іздеп табуы тиіс. Қаржылай шектеудің әсерінен бағдарламаға өтініш беру кезеңінде қиындықтар тууы мүмкін.  

"Наурыз" және "Отау" бағдарламалары 

Биыл екі ипотека іске қосылды. Біріншісі "Отау" – Отбасы банкінің өнімі. Екіншісі – "Наурыз" бағдарламасы. "Наурыз" бағдарламасымен Отбасы банк арқылы несие алуға болады. Бірақ, субсидия мемлекеттен беріледі.

2025 жылы бұл бағдарламалардың шарттары бірдей болмақ (бастапқыда екеуінің шарттары әртүрлі болған еді). 

  • Пайыздық мөлшерлемесі – 9 %. Әкімдік кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан осал топтар үшін – 7 %, бірнеше жылдан кейін ол 4 пайызға дейін төмендейді; 
  • Бастапқы жарна 20 пайыздан басталады;
  • Несиені өтеу мерзімі – 19 жылға дейін;
  • Астана мен Алматы үшін берілетін несиенің ең көп мөлшері – 36 миллион теңге, басқа қалалар мен өңірлер үшін – 30 миллион теңгеге дейін.

Өтініш берушіге қойылатын талаптар:

  • Өтініш берушінің және оның отбасының (жолдасы, кәмелет жасқа толмаған балалары) атында соңғы бес жыл көлемінде баспананың болмауы;
  • Отбасы банкте кемі 18 ай бойы жиналған қаражатының болуы (ең аз дегенде 1 миллион теңге);
  • Бұл бағдарламалар арқылы жаңа пәтермен қатар, қайталама нарықтағы пәтерлерді де, тіпті жер үйлерді де қарастыруға болады. Жаңа үйлерді – үлкен қалалардан, қайталама нарықтағы үйлерді ауылдар мен моноқалалардан таңдауға болады. Жаңадан салынған үйлерді Отбасы банкінің арнайы бөлімінен іздеу қажет.

Оқи отырыңыз: Үлескерлік құрылыс арқылы үй алғанда нені ескеру керек? Алаяқтарға алданбау жолын түсіндіреміз


"Ұмай" немесе әйелдер ипотекасы 

Шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлемесі – 14,4 %, кейірінек 3.5–5 пайызға төмендейді;
  • Бастапқы жарнасы – 15–20 %;
  • Берілетін несие мөлшері – 50 миллионға дейін;
  • Бағдарламаға өтініш берушінің табысы 900 мың теңге болуы тиіс;
  • Ипотека мерзімі – 25 жылға дейін. 

Бағдарламаның ерекшеліктері:

  • Бұл бағдарлама тек табысы ресми түрде расталған әйелдерге арналған;
  • Мұнда "басында баспанасы болмауы керек" деген қатып қалған талап жоқ. Яғни, өтініш білдіруші осы бағдарламамен өзінің екінші, үшінші пәтерін ала алады;
  • "Ұмай" арқылы жаңа үйлерден де, қайталама нарықтағы үйлерден де баспана таңдауға мүмкіндік бар;
  • Өтініш білдіруші бағдарламаға қатысу үшін өзінің зейнетақы қорындағы артық ақшаны пайдалана алады. 

Айта кетерлік бір нәрсе, 2025 жылы "Ұмай" бағдарламасында депозиттегі сыйақы мөлшеріне баса назар аударылмақшы. Яғни, сыйақысы көбірек қатысушының конкурстан өту мүмкіндігі жоғары болмақ. Бағдарламаға қатысқысы келетін әйелдер қазірден депозитін аша берсе болады. 

"Жасыл ипотека" 

Шарттары:

  • Бастапқы жарна 20 пайыздан басталады;
  • Берілетін несие мөлшері – 50 миллион теңгеге дейін;
  • Ипотека мерзімі – 25 жылға дейін.

Бағдарлама ерекшеліктері: 

  • "Өтініш берушінің басында баспанасы болмасын" деген талап жоқ;
  • Жаңадан салынған пәтерлерді ӨМІР/ ГОСТ Р/ BREEAM/ LEED сертификаты бар тұрғын үйлерден ғана алуға болады.

Отбасы банктің бағдарламалары 

Қазақстанның баспана нарығының 60 пайыздан астам бөлігі Отбасы банкіне тиесілі. Отбасы банктің ең басты ерекшелігі – мұнда ең алдымен баспананың ақшасын тұрақты түрде жинау қажет. Бұл ипотека рәсімдегенде баспананы төмен пайыздық мөлшерлемемен алуға мүмкіндік береді. 

Банк үш түрлі займ ұсынады: 

Тұрғын үй – депозитте алатын үй бағасының 50 пайызын кем дегенде 3 жыл көлемінде жинау міндетті. Пайыздық мөлшерлемесі – 3,5 пайыз бен 5 пайыз аралығында.
Аралық займ 50/50 жүйесі бойынша жұмыс істейді. Пайыздық мөлшерлемесі – 6 пайыз бен 8,5 пайыз аралығында. Үш жылдан соң, пайыз көрсеткіші тұрғын үй займы деңгейіне дейін төмендейді. Аралық займның ерекшелігі – депозитке қаражат салғаннан кейін ипотеканы рәсімдегенше аз дегенде 6 ай уақыт өтуі тиіс.
Алдын ала займмен депозитте баспана бағасының 10-20 пайызы болған кезде үй алуға болады.

Займ шарттары:

  • Берілетін несие мөлшері – 100 миллион теңгеге дейін;
  • Несие беру мерзімі – 25 жылға дейін;
  • Жаңа үйлерден, салынып жатқан үйлерден, сондай-ақ, қайталама нарықтан да баспана алуға болады. Одан бөлек, жер телімін алып, жер үй салуға, жөндеуге несие алуға болады.

Оқи отырыңыз: Жылжымайтын мүлікті қандай табиғи апаттардан сақтандыруға болады? Түсіндірме


Коммерциялық банктердегі ипотекалар 

Коммерциялық банктерде ипотеканың екі түрі рәсімделіп жүр: 1) жеке баспана – жаңа үйлерден не қайталама нарықтан үй алу; 2) құрылыс салушымен серіктестік (тек жаңа үйлер). 

Шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлемесі й 0,1 пайыздан 21 пайызға дейін;
  • Ипотека мерзімі – 6 айдан бастап, 20 жылға дейін;
  • Бастапқы жарна 20 пайыздан басталады. Бірақ, бастапқы жарнаны талап етпейтін де бағдарламалар бар, олар қосымша кепіл талап етеді.

Жаңадан салынған тұрғын үйлердегі пәтерді төмендегі 7 банкте рәсімдеуге болады: 

  • Еуразия банкі;
  • Altyn;
  • Halyk;
  • ЦентрКредит;
  • Фридом Банк Қазақстан;
  • ForteBank;
  • Отбасы банк.

Ал қайталама нарықтағы пәтерлерді төмендегі банктер арқылы алуға болады:

  • Altyn;
  • Halyk;
  • Банк ЦентрКредит,
  • Фридом Банк Қазақстан;
  • ForteBank;
  • Нұрбанк;
  • Отбасы банк. 

Көптеген банктерде кем дегенде 20 пайыз көлемінде бастапқы жарна талап етіледі. Форте банкте бастапқы жарна мөлшері – 15 %, Нұрбанкте – 30 %. Ал Банк ЦентрКредитте пәтерді бастапқы жарнасыз рәсімдеуге болады, алайда, ол үшін қосымша тағы бір жылжымайтын мүлікті кепілге қою міндетті. Ипотека мерзімі – 20 жылға дейін.  

Ең төменгі пайыздық мөлшерлеме Отбасы банкте, ол – 3,5 пайыз бен 10 пайыз аралығында. Ал, қалған банктерде пайыздық мөлшерлеме көлемі – 17,2 пайыздан 19,5 пайызға дейін.

    Серіктестер жаңалықтары