Тікелей эфир

250.00-форма: Жеке кәсіпкерлер қалай декларация тапсыратынын түсіндіреміз

Иллюстрация: depositphotos.com
Иллюстрация: depositphotos.com
Декларацияны 15 қыркүйектен кешіктірмей ұсыну қажет.

2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі өтіп жатыр. Бұл жолы кімдер декларация тапсырады? Кіру декларациясында нені көрсету қажет? Декларацияны кешіктірсе не тапсырмаса айыппұл салына ма? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.

№1. Биыл декларацияны кімдер тапсыруға тиіс?

2024 жылы 3,9 млн адам алғаш рет декларация тапсырады. Олар:

  • жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайы;
  • заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайы.

№2. Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қандай декларацияны тапсырады?

Ең алдымен "Активтер мен міндеттемелер туралы декларация – 250.00 форманы" тапсырады. Мұны "кіру" декларациясы деп те атайды. Бір жылдан кейін, яғни 2025 жылы оның орнына "Кірістер мен мүлік туралы декларацияны – 270.00-форманы" тапсыруы керек.

№3. Қандай активтер мен міндеттемелер декларациялауға жатады?

  • бағалы қағаздар;
  • цифрлық активтер;
  • үлестік қатысу шарттары;
  • инвестициялық алтын;
  • зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
  • 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша;
  • нотариалды куәландырылған қарыз шарттары;
  • құны 3,4 млн теңгеден асатын мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар) жалпыға бірдей декларациялауға жатады.

№4. 250.00 формада қандай мәліметтерді көрсету керек?

Қазақстанда аумағындағы үй, қазақстандық банктердегі шоттар туралы мәлімет енгізудің қажеті жоқ. Мұндай ақпарат мәліметтер базасында болғандыөтан автоматты түрде есептеледі. Ал шетелде үйі, шетелдік банкте қаржысы болса, онда оларды міндетті түрде енгізу қажет. 250.00 формада келесі мәліметтерді көрсету керек:

  • шетелдегі жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көлік;
  • сомасы 1000 АЕК-ден асатын шетелдік банкте жатқан ақша;
  • шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;
  • бағалы қағаздар, цифрлық активтер (мысалы, биткоиндер);
  • үлестік қатысу шарттары (тұрғын ғимараттағы үлесі);
  • инвестициялық алтын (құйма алтын);
  • зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
  • 10 мың АЕК шегінде (34,5 млн теңге) қолма-қол ақша;
  • басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары. Мұндай берешекті декларация тапсырғанға дейін, яғни 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей нотариалды куәландыруға болады;
  • құны 3,5 миллион теңгеден асатын басқа да мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар).

Оларды бағалау 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша декларацияны тапсыру мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей жасау қажет. Алайда оларды декларацияда көрсету-көрсетпеу әр адамның өз еркінде.

№5. Декларация тапсырмас бұрын мәліметтерді қалай тексеруге болады?

Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет. Кейіннен активтер құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескеріледі. Сондықтан декларацияны толтыру алдында:

  • тиісті растайтын құжаттарды дайындаңыз;
  • борыштар мен талаптарды нотариалды куәландырыңыз;
  • бірлігінің құны 3,5 млн теңгеден асатын мүлікті бағалаңыз.

Қазақстанда активтер мен міндеттемелердің бар-жоғын тексеріңіз:

  • бағалы қағаздар бойынша – Орталық депозитарий сайты;
  • тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттары бойынша – Тұрғын үй порталы және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы үзінді беру парақшасы;
  • зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бойынша – өнеркәсіптік меншік объектілерінің мемлекеттік тізілімі сайты;
    сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша – eGov порталы;
  • дебиторлық/кредиторлық берешектің (қарыз шартының) бар-жоғына қатысты Doculite жүйесі арқылы Республикалық нотариаттық палатаға сұрау салу  қажет.

Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет. Кейіннен активтер құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескеріледі.

№6. Декларацияны қалай және қай уақытқа дейін тапсыру қажет?

Екі жолмен тапсыруға болады:

  • Қағаз жүзінде декларацияны 2024 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей ХҚКО арқылы не жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберу;
  • Электрон түрде 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей салық төлеушінің кабинеті, eGov порталы, esalyq azamat және eGov mobile, Kaspi.kz, Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы жолдау.

№7. Мәліметтердің анықтығымен келіспегенде кімге жүгіну қажет?

Мәліметтердің анықтығымен келіспесеңіз, тікелей уәкілетті органға жүгінуіңіз керек: 

  • бағалы қағаздар бойынша – "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" АҚ (тел. 8 777 780 66 43, ccmail@kacd.kz );
  • үлестік қатысу бойынша – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті (тел. 8 7172 57 64 71, 57 61 50, 57 64 79,
  • "E-Otinish" азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы);
  • зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқық бойынша – Әділет министрлігінің "Ұлттық зияткерлік меншік институты" РМК (тел. 8 7172 62 15 11, 62 15 14 kazpatent@kazpatent.kz);
  • сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша – "Азаматтарға арналған үкімет" МК КЕАҚ ( kence_nao@gov4c.kz, 1414);
  • қарыз шарттары бойынша – Республикалық нотариаттық палата (тел. 8 7172 50 88 26 , 8 7172 50 88 34). 

№8. Декларацияны түзетуге бола ма?

Азаматтар кез келген қате немесе анық емес көрсетілген мәліметтерді Салық кодексінде көзделген талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация беру арқылы дербес жоюға құқылы.

№9. Жеке кәсіпкер не заңды тұлға екенін қалай тексереді?

Декларацияны дербес ұсынбас бұрын жеке кәсіпкер екеніңізді немесе қызметін тоқтатқан заңды тұлғаның басшысы екеніңізді немесе сенімсіз салық төлеушілер тізімінде екеніңізді мына сілтемелер арқылы тексеріңіз:

Кәсіпкерлік қызметті жалғастырғыңыз келмесе, онда заңды тұлғаның  немесе жеке кәсіпкердің орналасқан жері бойынша мемелекеттік кірістер органына қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш беруді ұсынамыз.

№10. Жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлік үшін де декларация тапсыру қажет пе?

Иә, жеке кәсіпкерлік уақытша тоқтатылса да, жұмыс істеп тұрмаса да декларация ұсыну қажет. Бұл ЖШС-ға да қатысты, яғни осы талаптар жұмыс істемейтін және уақытша тоқтатылған кәсіпорындарға да қолданылады. 

№11. Декларация ұсынбаса не болады?

Декларацияны бірінші рет рет ұсынбағаны үшін ескерту беріледі. Бұл бір жыл ішінде қайталанса, онда 55 380 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады.

Декларация бірінші рет тапсырғанда толық емес немесе анық емес мәліметтер ұсынса, ескерту жасалады. Бұл бір жыл ішінде қайталанса 11 076 теңге (3 АЕК) айыппұл салынады.

Ал жыл ішінде салық салу объектілерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде айыппұл, бұл іс-әрекет қайталанса төленбеген салық сомасының 300 пайызы мөлшерінде айыппұл салынады.

№12. Жыл сайын айыппұл төлеп, декларация тапсырмай-ақ қоюға бола ма? 

2025 жылдан бастап жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері, кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы мұндай жеке тұлғаның:

  • жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын кірістері;
  • мүлікті сатып алу, иеліктен шығару, өтеусіз алу фактісі болмауына дәлел болып есептеледі.

Мұндай адам мүлікті сатып алған жағдайда оның құны кіріс деп танылады және табыс салығы салынады.

Сонымен қатар, салық салу объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салықтар сомасынан – 200% айыппұл, қайта бұзғаны үшін 300% айыппұл қарастырылған.

№13. Декларацияны кім және қалай тексереді?

Мемлекеттік кірістер органдары декларациялардағы көрсетілген деректердің дұрыстығын 2026 жылы ғана тексере алады. Бастапқыда автоматты камералдық бақылау – жеке тұлғалардың шығыстарына мониторинг келесідей жүргізіледі:

  • декларацияның болуы/болмауы тексеріледі;
  • декларацияда кірістер мен мүлікті көрсетпеу және кірістерді төмендету фактісі анықталады;
  • одан кейін камералдық бақылау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.

Одан кейін камералдық бақылау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.

№14. Жануарлар мен құстарды қалай декларациялайды?

250.00-формада азаматтар құны бірлігіне 3,5 млн теңгеден (1000 АЕК) асатын асыл тұқымды жануарлар мен құстарды өз қалауы бойынша декларациялай алады. Мысалы, асыл тұқымды жылқы, экзотикалық жануар немесе құс.

Өз қажеті үшін өсіретін немесе пайдаланатын жануарлар мен құстарды декларациялаудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы және үй жануарлары бойынша мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдардан алады.

№15. Салық органдары шетелдік көздерден түсетін кірістер туралы қалай біледі?

Қаржы министрлігі 2021 жылдан бастап шетелдік банктердегі шоттарға түскен қазақстандық азаматтардың кірістері туралы мәліметтер алады. Бұл мәліметтер Салық істері жөніндегі өзара әкімшілік көмек туралы конвенция шеңберінде (Страсбург, 1988 жылғы 25 қаңтар) қаржы шоттары туралы ақпаратты автоматты түрде алмасу туралы құзыретті органдардың көпжақты келісіміне (бұдан әрі – CRS) сәйкес келіп түседі.

Жыл сайын 80 елден ақпарат келіп түседі, негізгі елдер – БАӘ, Ұлыбритания, Түркия, Франция және басқалар.

Келіп түскен мәліметтер жеке табыс салығы бойынша салық міндеттемелерін айқындау мақсатында ғана салықтық әкімшілендіру үшін пайдаланылады.

250.00-нысанды толтыру бойынша нұсқаулық:

Серіктестер жаңалықтары