
14 наурызда "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталады. Биыл несиелендіру мөлшері 18 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Алматы әкімдігі Отбасы банкпен бірлесе кемінде 2 550 адамның баспаналы болуына жәрдемдеседі.
Осы орайда Информбюро порталы бағдарлама шарттарын, кімдер қатыса алатынын және қандай құжаттар қажет екенін түсіндіреді.
№1. Ипотека шарттары қандай?
Бағдарлама аясындағы несиелендіру шарттары:
- ең жоғарғы несие сомасы – 20 миллион теңгеге дейін;
- пайыздық мөлшерлеме – 5%;
- бастапқы жарна – 10%;
- бастапқы және қайталама тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі.
№2. Қай саланың мамандары қатыса алады?
Мына сала мамандары өтініш бере алады:
- денсаулық сақтау;
- білім беру;
- мәдениет;
- спорт;
- ЖОО және ғылыми-зерттеу институты;
- журналистика;
- әлеуметтік сала;
- құқық қорғау органдары;
- Алматы қаласының коммуналдық қызметтері ("Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушыларын қоспағанда).
Жеке кәсібі бар мүсіншілер, суретшілер, дизайнерлер, жазушылар, композиторлар да қатыса алады.
№3. Квота қалай бөлінеді?
Бағдарлама бойынша кемінде 2 550 адамды қамту көзделген. Берілетін несиелердің жалпы санынан келесі салалар бойынша квоталар қарастырылады:
- білім беру – 350 займнан кем емес;
- денсаулық сақтау – 350 займнан кем емес;
- "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушылары – 1050 займнан кем емес;
- құқық қорғау органдары қызметкерлері – 5% аспайтын;
- республикалық ұйымдар қызметкерлері – 5% аспайтын.
№4. Қатысушыларға қандай талаптар қойылады?
Үміткерлер:
- Қазақстан азаматы болуы қажет;
- қатысушы мен жұбайы Алматы қаласында тұрақты тіркелуі керек ("Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушыларын қоспағанда);
- қатысушының жасы 35-ке толмауы керек ("Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушыларын қоспағанда);
- Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде жұбайының біреуі ғана қатыса алады;
- қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауы керек және кейінгі 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлату фактілері болмауы керек;
- кейінгі алты айда Алматы қаласында ресми түрде жұмыс істеген болуы керек және міндетті зейнетақы жарналары төленуі қажет;
- "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушылары үшін жалдамалы тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтер үшін қарызының болмауы.
№5. Қалай өтініш береді?
Бағдарламаға қатысу үшін 14 наурыз бен 26 наурыз аралығында almaty-zhastary2025.kz ресми сайтына ЭЦҚ арқылы кіріп, өтінішті толтырып, құжаттарды жүктеу қажет. Өтініш қабылдау мерзімі аяқталғанша үміткерлер тапсырған өтінішті өңдеп, құжаттарды толықтыра алады.
№6. Қандай құжаттар жүктеу қажет?
Өтініш берер сәтте PDF форматта сканерленген келесі құжаттарды жүктеу қажет:
- қатысушы мен жұбайының Алматы қаласында тұрақты тіркеуін (прописка) растау. Ол үшін eGov порталындағы жеке кабинеттен өтініш иесінің, жұбайының аты-жөні мен мекенжайы көрсетілген бетті скриншот жасау қажет.
- некені тіркеу/бұзу туралы куәлік, соттың шешімі және ХҚКО алынған некеде жоқ екені туралы анықтама;
- балалардың туу туралы, тегі, аты, әкесінің аты өзгергені туралы куәліктер;
- қатысушы мен жұбайына, балаларына жылжымайтын мүліктің болуы туралы анықтама;
- өтініш пен құжаттарды берген сәтте 10 күннен ерте емес берілген, анықтама берілген күні, тіркеу нөмірі, жұмысқа орналасу күні мен лауазымы көрсетілген, ұйымның/мекеменің мөрімен жұмыс орнынан анықтама;
- еңбек өтілін растайтын құжаттар;
- кейінгі 6 ай ішіндегі зейнетақы аударымдары туралы eGov-тан алынған үзінді.
Қосымша құжаттар:
- құқық қорғау органдарының қызметкерлері – өтініш пен құжаттарды берген сәтте 10 күннен ерте емес берілген, ұйымның мөрі басылған қызметтік тізім;
- БАҚ қызметкерлері – БАҚ-ты есепке қою туралы куәлік;
- жеке кәсіпкерлігі бар мәдениет саласының мамандары өтініш пен құжаттарды берген сәтте 10 күннен ерте емес берілген, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының мөрі басылған анықтама ;
- "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушылары – қатысушы мен уәкілетті орган арасындағы тұрғын үйді жалдау шарты, жалдау ақысы мен соңғы айдың коммуналдық қызметтер үшін қарызының болмауы туралы түбіртектер;
- Әскери билет – қатысушының немесе жұбайының ҚР қарулы күштері қатарында кемінде бір жыл әскерде болғаны үшін (дәлелдеген жағдайда ұпай есептеледі).
№7. Ұпай қалай есептеледі?
- тіркелген некедегі әрбір жыл үшін – 1 ұпай;
- әр балаға – 1 ұпай;
- өз саласындағы жұмыс өтілінің әрбір жылы үшін – 2 ұпай ("Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушыларын қоспағанда);
- халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататыны үшін (дәлелдеген жағдайда) – 5 ұпай;
- өтінім беру кезінде "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушыларының жинақ шотында (депозитте) ең жоғары займ сомасынан 10% бастапқы жарна болса – 5 ұпай;
- "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушылары: 2019 жылы конкурсқа қатысқандарға – 10 ұпай, 2020 жылы конкурсқа қатысқандарға – 5 ұпай;
- өтініш беруші немесе жұбайы ҚР қарулы күштері қатарында 1 жылдан кем емес әскери борышын өтегені үшін (дәлелдеген жағдайда) – 5 ұпай.
№8. Бағдарлама нәтижесі қашан белгілі болады?
Өтінім беру мерзімі аяқталған соң уәкілетті орган құжаттардың толықтығын тексеріп 30 жұмыс күні ішінде тексереді. Уәкілетті орган үміткерлердің ұпайларын есептеп, сайтта іріктеуден өткендердің тізімін жариялайды. Үміктерлердің жеке кабинетіне іріктеуден өтіп, Отбасы банкте төлем қабілеттілігін бағалауға жолдама жіберіледі. Ал іріктеуден өтпегендерге себебін хабарлайды.
Жолдама алған өтініш берушілер 15 жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін Отбасы банкке жүгінуі қажет. Осы уақыт ішінде үміктер келмесе онда жолдама тізімдегі келесі қатысушыға беріледі.
Қатысушы біліктіліктен өтпеген жағдайда, әкімдік тізімдегі келесі қатысушыға жолдама береді. Ал біліктіліктен өткендер хабарлама алған сәттен бастап 45 күн ішінде тұрғын үй таңдап, Отбасы банкке құжаттарды ұсынуға тиіс. Осы мерзімде үй таба алмаса онда жолдама тізімдегі келесі қатысушыға беріледі.
№9. Төлем қабілеттілігін бағалау үшін қандай құжаттар қажет?
Қажет құжаттар:
- Отбасы банкте біліктіліктен өтуге жолдама;
- өзінің және жұбайының жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа);
- некені тіркеу/ажырасу туралы куәлік/өлім туралы куәлік (түпнұсқа);
- балалардың туу туралы куәліктері (түпнұсқа);
- зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
- жеке кәсіпкерлер банктен 12 айдағы шот үзіндісін тапсырады.
Қосымша құжаттар (бар болса):
- зейнетақы кітапшасы немесе зейнетақы куәлігі (түпнұсқа);
- зейнетақы мөлшері туралы үзінді көшірме немесе зейнетақы мөлшері туралы анықтама;
- стипендия мөлшерін растайтын құжат;
- біліктілікті арттыруға жіберу туралы бұйрық және лауазымның сақталғаны туралы анықтама;
- шоттан үзінді көшірмесімен тұрғын үй төлемдерін алу туралы анықтама (6 айға және одан көп).
Банк қосымша құжаттарды талап етуге құқылы.
Сұрақтарыңыз болса Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының +7 727 225 14 57 телефон нөміріне, Отбасы банктің 300 call-орталығына хабарласыңыз.