Тікелей эфир

14 қаңтарда Сенат депутаттарының сайлауы қалай өтеді? 6 сұраққа жауап

Сенат сайлауында жанама сайлау құқығы негізінде мәслихат депутаттары жасырын дауыс береді.

2023 жылғы 14 қаңтарда Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өтеді. Осыған орай, Информбюро порталы Сенат сайлауы қалай өтетіні жөнінде арнайы түсіндірме материал әзірледі.

№1. Сенат депутаттығына кандидатты кім ұсынады?

Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсынудың екі жолы бар:

  • облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандық мәслихаттардың сессияларында саяси партиялар және өзге де қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардың өкілдері арқылы;
  • кандидат өзін-өзі ұсынады.

Ескерту: Кандидаттарды ұсыну 29 қарашада басталып, 14 желтоқсанда аяқталды. Ал оларды тіркеу 29 қарашадан 24 желтоқсан сағат 18.00-ге дейін жалғасты. Ұсынылған 130 кандидаттың 66-сы тіркелді. 

№2. Кандидатқа қандай талаптар қойылады?

Сенат депутаттағына кандидат:

  • ҚР азаматы;
  • соңғы 10 жылда Қазақстан аумағында және тиісті өңірдің аумағында 3 жыл тұрақты тұруы;
  • 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі және жоғары білімі;
  • жасы 30-дан кем болмауы.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарды сайлауға және сайлануға құқығы жоқ.

Сенат депутаттығына заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық жасады деп танылған адам кандидат бола алмайды.

№3. Сенатқа қанша адам сайланады?

Сенат Қазақстан Республикасының әрбір облысынан, республикалық маңызы бар қаласынан және астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Бұл сайлауда 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкенттен 20 депутат сайланады.

Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Сайланған сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады.


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Парламент сайлауы заңға сәйкес әділ және ашық өтуге тиіс


№4. Сенат депутаттарының сайлауы қалай өтеді?

Сайлау сенат депутаттары өкілеттігінің конституциялық мерзімі аяқталғанға дейін кемінде төрт ай бұрын тағайындалады және олардың өкілеттіктерінің конституциялық мерзімі аяқталғанға дейін кемінде екі ай бұрын өткізіледі. 

Кандидаттарды ұсыну 29 қарашада басталып, 14 желтоқсанда аяқталды. Ал оларды тіркеу 29 қарашадан 24 желтоқсан сағат 18.00-ге дейін жалғасты. Ұсынылған 130 кандидаттың 66-сы тіркелді. Сайлау науқаны 24 желтоқсанда басталып, 13 қаңтар сағат 00.00-де аяқталады.

13 қаңтар – тыныштық күні.

14 қаңтар – дауыс беру күні. 

Сайлау қорытындысы 20 қаңтарға дейін жарияланады.

№5. Кандидаттарды тіркеу үшін қандай құжат қажет?

Кандидатты мәслихат ұсынса:

  • кандидатты ұсыну туралы мәслихат шешімі;
  • кандидат ретінде қатысуға келісімі туралы өтініш.

Азамат өзін-өзі ұсынса:

  • депутаттыққа кандидат ретінде қатысу ниеті туралы өтініші;
  • өмірбаяны;
  • сайлаушылардың кандидатты қолдаған қолдарын тексеру қорытындылары туралы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары;
  • кандидаттың және оның жұбайының немесе жұбайының табысы мен мүлкі туралы декларацияны ұсынғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамалары;
  • кандидаттың сайлау жарнасын төлегенін куәландыратын құжаттар. Сайлау жарнасы ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшеріне тең, 2022 жылы оның сомасы 900 мың теңге болды. Бүгінде – 1 миллион 50 мың теңге.

Ескерту: Кандидаттарды тіркеу 2022 жылғы 24 желтоқсанда аяқталды. 

№6. Сенат депуттарының сайлауында азаматтар дауыс бере ала ма?

Азаматтар Сенат сайлауына тікелей қатыспайды. Сенат депутаттары сайлауында жанама сайлау құқығы негізінде мәслихат депутаттары жасырын дауыс береді. Сайлаушылар тізіміне облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент мәслихаттарының барлық депутаты енгізіледі.

Сайлаушылардың 50 пайызы дауыс беруге қатысса, "сайлау өтті" деп есептеледі. Сайлауға келген сайлаушылардың 50 пайыздан астамының дауысын алған кандидат "сайланған" болып есептеледі. 

Серіктестер жаңалықтары