Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі "Керуен-сарай" туристік кешені ашылды

Сурет primeminister.kz сайтынан алынды
Сурет primeminister.kz сайтынан алынды

Нысан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы "Әзірет Сұлтан" мәдени қорығының буферлік аймағында орналасқан.

Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі "Керуен-сарай" көпфункционалды туристік кешеніні ашылды. Инвестициялық жобаны "Turkistan Tourism City" компаниясы іске асырды, кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Нысан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы "Әзірет Сұлтан" мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 га аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, "ұшатын театр", ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Бұл ретте, барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы "қайық шеруі" театрландырылған шоуы өткізіледі", – делінген хабарламада.

"Керуен-сарай" туристік кешені өңірге туристерді тартатын орталықтардың біріне айналады/ ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің фотосы

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында туристердің баруына ұсынылатын 10 нысан. Фоторепортаж


Жоспар бойынша, "Керуен-сарай" кешені Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналмақ.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин туристік кешеннің ашылу салтанатында/ ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің фотосы

Кешенінің ашылу салтанатына ҚР премьер-министрі Асқар Мамин қатысып, Түркістандағы Қазақ музыкалық драма театрына барды. Ғимараттың жалпы ауданы – 11 мың шаршы метрден астам. Бұл жаңа жабдықтармен және театр қызметіне қажетті барлық бөлмелермен жабдықталған заманауи кешен. Көрермендер залының сыйымдылығы – 510 адамды құрайды.


Оқи отырыңыз: Түркістаннан алғашқы халықаралық рейс ашылды


Бұдан бөлек, Үкімет басшысы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханамен танысты. Бұл ақпарат пен шығармашылыққа арналған бірегей хаб. Ғимараттың үш қабаты оқу залдары, коворкинг-орталықтары, фото-, бейне- және аудиожазба, каллиграфия, қыш өнері студиялары, шеберханалары, оның ішінде 3D-модельдерді жасауға арналған шеберханалары, сондай-ақ киноконцерт залы, кофеханалары, кітап кәдесыйлары мен қолдан жасалған бұйымдар дүкендері қамтылған зоналарға бөлінген. 

Кітапхананың ғылыми-зерттеу орталығында кітап сақтау қоймасы, сирек кездесетін кітаптар мен көне заманғы қолжазбаларды сақтауға арналған бөлім, құжаттарды, кітаптарды цифрландыру және консервациялау цехтары, оның ішінде Орталық Азиядағы тотығуға қарсы жабдықпен жабдықталған бірден-бір цех бар.

Серіктестер жаңалықтары