Informburo.kz ақынның Жетісу телеарнасына берген сұхбатында айтқан өзекті ойларын ұсынады.
Аманхан Әлімұлы (1952 – 2020) – "Кездесу", "Жанымның жапырағы", "Ай нұры алақанымда" секілді жыр жинақтары мен "Өткірдің жүзі" публицистикалық мақалалар жинағының авторы. Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.
Адамзат қателігі. "Соғыстың бәрі нәпсіні тыймаудан басталады"
Адамзаттың ең үлкен қателігі – Алла түсірген көне өсиет, жаңа өсиетті тыңдамауы. Сондағы "адам өлтірмеңдер, біреуге қиянат жасамаңдар, бір бетіңнен ұрса, екінші бетіңді тос, бір-біріңді құрметтеңдер, мейірімді болыңдар!" деген сөздерін тыңдаған жоқ. Яғни, Алланың өсиетін аяқасты етті. Содан кейін Алла тағала ең соңғы кітап – Құранды түсірді. Онда да адам өлтіру қиянат екені айтылады. "Мен сендерді ұлт етіп жараттым" деді Құранда. Адамзат сонда да құлақ аспады. Адамдар ойлап тапқан атом бомбасын, Калашников автоматын, алғашқы шоқпарды, Нобельдің динамитін жамандыққа, адам өліміне пайдалануы тарам-тарам бұтақ болып кете береді.
Мысалы, алғаш шоқпарды ойлап тапқан адам "аңдардан сақтаныңдар" деді. Ал соғысқұмар, ниеті бұзық адамдар бұл құралды адам өлтіруге пайдаланды. Бәрі осыдан басталды.
Нобель динамитті адамдарды өлтіру үшін емес, таулы жердегі кенді қопарып, соларды алу үшін ойлап тапқан еді. Бірақ, халық оны соғысқа пайдаланды. Мысалы, Гитлер, Наполеон, Шыңғыс хандарды "злой гений" дейді. Бұлардың барлығы – ұлы адамдар. Бірақ, олар – отарлық саясатты насихаттаушы, жаулап алушылар. Міне, адамзат тарихындағы осындай жеке-жеке тұлғалардың қателігі – о бастағы көне өсиет, жаңа өсиет, Құранды тыңдамауынан келіп өрбитін нәрселер.
Оқи отырыңыз: "Батыс келіп жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады". Зейнеп Ахметованың өзекті ойлары
Ең бастысы, адам өзінің нәпсісін тыя алмай жүр. Нәпсіні тыя алмау дегеніміз – байлыққа ұмтылу, мұнай көздерін игеру, теңіз бен жердің астындағы құндылықтарды, халықтың байлығын жекешелендіріп алу. Соғыстың барлығы осы нәпсіні тыймаудан басталады. Мысалы, қазақ атам айтып кеткен "алаған қолым – береген", "ынсап сайын береке", "қанағат қарын тойдырар" деген ұғымдар жоқ қазір. Адамзат "қанағат қарын тойдырар" деген ұғымды аттап өтті. Міне, осыдан кейін жамандық кең етек алды.
"Ұлттың ең үлкен қателігі – тілін, дінін, қадір-қасиетін бойында сақтап тұра алмауы"
Ұлттың қателігі не? Ұлтқа тіл берілді, мінез берілді, әртүрлі ұлттар өмірге келді. Қателікті қай жерден іздеуіміз керек? Ұлттың ең үлкен қателігі – өзіне тән тілін, дінін, қадір-қасиетін бойында сақтап тұра алмауы. Алла ұлтқа тіл берді, ой берді, сана-сезім берді. Бірақ, ұлт соны ұстап тұра алмады, өзінің тілін, дінін, адами қарым-қатынастағы салт-дәстүрін құртты. Яғни, жаһандану ұғымының жетегінде кетті.
Тургеневтің "Отцы и дети" романында Базаров деген нигилист кейіпкер бар. Сол кейіпкер "бір заманда адамдардың барлығы ақ қайың сияқты бірдей болады" дейді. Міне, ұлттың қателігі – осындай нигилизмге беріліп, әлемдік стандартқа, қалыпқа түсуге тырысуы, біреулердің қолдан жасаған идеологиясына мойынсұнуы.
Мысалы, қазақ қазір ұлт ретінде тіл, дін, салт-дәстүр жағынан бірнеше позициясын беріп жатыр. Бұлар әрқайсысы жеке-жеке болуы мүмкін. Бірақ, ұлт тіл, дін, дәстүр және аумақтан тұрады. Міне, осыларды сақтай алмаған ұлт үлкен қателікке ұрынады. Алла бізге екі мүмкіндік берді:
- патшалық Ресейдің 300 жылғы езгісінен құтқарды;
- КСРО-ның тарауы.
КСРО бізді бейбіт жолмен тілімізден айырғысы келді, жерімізге көз алартты. Егер біз қазіргі тәуелсіздігімізден айырылып қалсақ, ұлт қателігінің көкесі осы болады. Яғни, бізге үшінші мүмкіндік жоқ. Осыған дейінгі қателіктер қайталанса – фарс. Фарс – "бір кездегі трагедияның қайталануы – күлкілі жағдай" деген сөз. Сондықтан, біз фарсқа жол бермеуіміз керек.
Оқи отырыңыз: Қазақ өз тарихын тануды неге енді ғана қолға ала бастады?
Біздің қателік. "Біз әлі толыққанды қалыптаспаған, жас ұлтпыз"
Біздің ұлтымыздың және қазақ зиялыларының қателігі – өзіндегі бар дүниені игермей, өзгелердің кем-кетігі көп қадір-қасиетін бойына сіңіруі. Мысалы, "мұсылмандықты ұстан" десе, хиджаб киіп, тас бүктеніп, оранып алады. Еуропалықтар жартылай жалаңаш жүрсе, біз бүтіндей жалаңаштанамыз. Яғни, біздің зиялылардың да, ұлтымыздың да қателігі – еліктегіштік. Бұл сананың жастығынан шығады. Біз әлі толыққанды қалыптаспаған, жас ұлтпыз. Біздің көптеген ақын, жазушы, журналистердің кемшілігі – батыстық балалық ауруымен ауыруы. Әдебиетіміз де, философиямыз да, күнделікті тіршілігіміз де сондай болып тұр. Яғни, өзіміздегі барды дамытпай отырмыз. Тіпті, өзімізден әртүрлі "-изм"-дерді іздейміз.
Оқи отырыңыз: "Азаматтық ұлтты құрдық деп айта алмаймыз". Қазақстанға ұлттық бірегейліктің қандай моделі қажет?
Мен бір-ақ мысал келтірейін: жақында бір жас сыншы қыз "бізде модерн, верлибр болмаған" деді. Дұрыс айтады. Біздегі әдебиет теориясында "верлибр" деген термин болмаған. Бірақ, верлибр өлең болған. Шалкиіздің, Ақтамбердінің, Махамбеттің өлеңдерін оқыңдаршы. Бәрі – верлибр, ақ өлең. Батысшылдықтың балалық ауруымен ауырған қыздың сөзі сол. Ол сыртқы формасына қарап, қазақта терминнің болмағанын ғана айтып тұр. Сондай-ақ, жас сыншы "қазақта модерн болмаған" дейді. Абай Әбдірахманға "сен – жаңаның басысың" дейді. Көрдіңдер ме? Ал, модерн деген – "жаңа, қазіргі, бүгінгі" деген сөз.
Бізде модерн болған, тек "модерн" деген термин болмаған. Осыны ақын-жазушыларымыз ажырата алмайды.
Мысал үшін реквиемді алайық. Ол – діннен өрген термин. Католиктер қайтыс болған адамның басында тұрып, әуендетіп жоқтау айтқан. Қазақта "реквием" термині болмаған, бірақ, қазақтар жоқтау айтқан. Еуропадан бізге терминдер ғана келді.
Менің қателігім. "Анама да, әкеме де көп қызық көрсете алмадым"
Шынымды айтсам, анама да, әкеме де көп қызық көрсете алмадым. Мен солардан кешірім сұраймын. Өйткені, жас кезімде елден ерте ұзап кетіп қалдым. Ата-анама келінінің, немерелерінің қызығын жөнді көрсете алмадым. Менің үлкен қателігім – осы. Өйткені, тым максималист болдым. Бәрін "өзім жүрем, өзім өмір сүрем, өзім жасаймын" деп елден ертерек қол үзіп кеттім. Жалғыз-жарым жүрдім. Тіпті ағайындарға да назар аударатын кезім болмады. Маған ағайын керек еместей көрінетін. Міне, менің үлкен кемшілігім, өкінішім – осы. Ата-анама өзімнің қызығымды көрсетіп, айлығымды апарып берудің орнына Алматыда жүріппін. Алпысқа келгенше ағайынға назар аудармаппын. "Басымда жылап тұратын адам болуы керек" дегенді ойламаппын. Менің балаларыма қарайласатын туыстарым екеніне қарамаппын. Иә, достарым да қарайласар. Бірақ, олардың өз проблемалары бар.