Жуырда қазақстандық журналист Гүлбану Әбенова Түркиядағы Ниде қаласының жанындағы қазақ ауылына барып келді. Әріптесіміз жат жұрттағы қандастарымыздың дәл қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, олардың ұстанып отырған мәдениетін, өмір сүру салтын, тілі мен дінін репортажға арқау еткен болатын. Қызық сапардан оралған Гүлбану Маратқызымен кездесіп, Алтай ауылындағы қазақтардың тұрмыс-тіршіліктері туралы білдік.
"Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!"
Гүлбану Маратқызының айтуынша, алғаш рет Түркия жеріне 1951 жылы бұл қазақтардың табаны тиген екен. Түрік үкіметі Анкара, Ыстамбұл, Измир қалаларының жанынан қоныс ұсынғанда, "мал бағамыз" деген қазақтар шалғайдағы Ниде қаласының жанынан жері құнарсыз, өркениеттен ада осы ауылды таңдапты.
"1951 жылы бұл жерге 165 қазақ отбасы ауып келіпті. Қазір олардан қалғаны жиырма түтін. Тағы 10 отбасы Ыстамбұлды қыстап, жазда ауылына келіп жатады екен. Үйлері тұр. Жалпы, құлайын деп тұрған ескі баспана өте көп көрінді. Неге күреп тастамайды десем, иелерінің рұқсатынсыз құлатуға болмайды екен. Ал иелері әлдеқашан Ыстамбұл, Анкара, одан қалса Еуропаға көшіп кеткен", – дейді әңгімесін бастаған Гүлбану Әбенова.
Қытай, Тибет, Пәкістан, Ауғанстан арқылы көшкен қазақтар жаңа қоныстарына өздері келген жақтың, ата қоныс Алтайдың атын беріпті.
Құжатта түрік болған қаны қазақ ағайын
Бұл ауылдың адамдары қазір көбіне түрік халқы мен Еуропа елдерінің мәдениетіне жақын. Әсіресе, жастары. Амалсыз солай болады дейді. Ауылдағы қарт әжелердің өзі қазақ тілін ұмыта бастаған, ал балаларының аттары түгел түрікше.
"Өздерін қазақпыз дейді, бірақ жеке төлқұжаттарында түрік деп жазылып тұр. Балаларына да қазақша атты сирек қоятын болыпты. Сол ауылдан Қуаныш деген бір баланы кездестірдім. Қазақтың есімін берген екен деп, Қуанышқа кәдімгідей қуандым. Бірақ, ол бірнеше жыл бұрын отбасымен Қытайдан көшіп келіпті. Ал, тұрғылықты халықтың қойғаны көбіне түріктің аттары", деп қынжылады әріптесіміз.
Алыстан келген алты жасар балаға сәлем беру салты ұмытылып бара жатыр
Бұл сапарға 70 жастағы анамды ертіп бардым. Анталия қаласынан қоярда қоймай жолға тартып, "қазақ ауылына барып көрейік, амандасайық, тіршіліктерімен танысайық" деген анам. Бірақ, ауылға келген соң, қатты таң қалды. Еуропаның менталитеті әбден бойларына сіңген бе, ауылға келген үлкен кісіге амандасып келмейді екен.
Үш-төрт күн жатқанда, бір үй ғана қонаққа шақырды. Өкпелеуден аулақпын, әрине, бірақ, бір қызығы біз сияқты ет асып, дастархан жаймайды екен. Тек тәтті шәйлерін ішіп шықтық. Бұрын, сол елу-алпысыншы жылдары есіктеріне құлып салмайтын ауыл адамдары қазір бір-біріне қонаққа бару үшін алдын ала телефон шалады екен", – дейді әңгімесін жалғастырған әріптесім.
Алтай қазақтары Қазақстанның латын әрпіне ауысқанын асыға күтіп жүр
Алтай ауылына бес жыл әкім болған Мұстафа Көк есімді азамат – бұл мекеннің нағыз жанашыры. Ата-анасы 1951 жылы ауып келген, өзі осы ауылда туған. Бес-ақ класс білімі бар. Бірақ, өте сауатты, мәдениеті жоғары, жүрегі қазақ деп соққан азамат екен.
"Бізді ауылда күтіп алып, неше күн үйіне қонақ қылған – Мұстафа Көк деген азамат. Нағыз патриот. Шынымды айтсам, Қазақстандағы 18 млн адамның арасынан ұлтына жанашыр мұндай адам көрген емеспін. Түрік, еуропа тілдерін біледі. Қазақстанның тыныс-тіршілігімен таныс болайын деп, кириллицаны да өз күшімен оқып алыпты. Бұл ауылға, жалпы, Түркиядағы қазақтардың қазақ болып, салт-дәстүрінен айырылмауы үшін көп тер төккен екен. Мұстафа Көктің айтуынша, егер Қазақстан латын әрпіне ауысса, мұндағы халыққа оқитын дүние де табылар еді", – дейді Гүлбану Әбенова.
Мұстафа Көк әкім болған бес жылда Қазақстаннан киіз үй алдырып, экспонат ретінде Алтай ауылының ортасына тіктірген. Жанына кірпіштен киіз үй тәріздес ғимарат салдырған. Қазір бүкіл мәдени шара, ауылдың жиналысы, тіпті, той-томалақ та, жаназа мен ас та осы ғимаратта өтеді екен. Ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Абай сынды ақын-жазушылардың портреттері ілініп тұр.
Нидедегі қазақ туы тоз-тоз
Қазақтардың Алтай ауылының орнағанына 50 жыл толған кезде, Ниде қаласында Қазақстан мен Түркияның ресми делегациялары Абылай ханның ескерткішін ашқан болатын. Бір-екі жылдан кейін ескерткішті алып тастапты. Сол кезде Мұстафа Көк ескерткішті қайта орнаттырып, өз қалтасынан қаражат шығарып, айналасын жөндеткен көрінеді.
"Ескерткіштің бір жағында Түркияның туы, бір жағында Қазақстанның туы ілініп тұр. Ниде қаласының әкімдігі кірлегенде, Түркияның байрағын ғана ауыстырады екен. Мұстафа Көктің жаны ашып, консулдыққа бірнеше мәрте өтініш түсірген. Олар жаңадан 20 ту жібереміз деп уәде бергенмен, жаңа ту әлі жібермеген. Мұстафа Көк әзірге өз ақшасына ту алып, ауыстырып жүр. Міне, патриоттық деген осындай болу керек. Туды барып көрдік, біраздан бері жаңаланбаған, қап-қара кір, оның үстіне бір жағы жыртылыпты. Біздің көзімізше тағы да ауыстырып, жаңалап қойды".
Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы Алтай ауылының азаматтарын ұмытқан
Гүлбану Әбенова ауылдың қазіргі әкімімен кездесіп, ресми мәлімет алуға тырысқан. Бірақ, әкім уақыты жоғын айтып, жолықпапты. Алтай қазақтары өз әкімдерін "шала қазақ" дейтін көрінеді. Тілі де, санасы да. Дегенмен, әріптесімнің айтуынша, ауыл азаматтары туған тілдерін әбден ұмытқан. Қарт кісілердің өзі "Түркияға ауғанда небары 12-13 жастағы бала болғамыз, мектепте сабақ түрікше өтті, қазақша кітап жоқ, телеарна жоқ, ұмыттық" дейді. Мұстафа Көк ауыл балаларына ана тілдерін үйрететін курс ұйымдастыруға талай талпынған. Ауыл жастары мен балаларына ана тілін ұмыттырмаудың амалы сол депті. Алайда Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы бұл өтінішті жауапсыз қалдырған, тіпті, биылғы V құрылтайға шақыру да жібермеген.
"Алтай ауылына барып, олардың тыныс-тіршілігімен танысқан соң, таң қалдырған, тіпті, іштей өкпелеткен тұстарды да жаздым. Материал шыққаннан кейін қазақстандықтар "материал қызыл өтірік, олар қазақша біледі" деп маған қарсы көп пікір қалдырды. Сондай дау болғаннан кейін Мұстафа Көктің өзі парақшама кіріп, "ағайындар, біз үшін ұрсысып, ренжіспеңіздер. Журналист шындықты жазды. Шынымен де біздің ауылдың халқы қазақ тілін ұмытып барады. Өйткені, алпыс жыл бойы қазақ көрмедік, мектепте сабақты түрікше оқыдық. Қазақ тілінде теледидар көре алмаймыз. Сондықтан, қазақ тілімізді жоғалттық. Бізге тек көмектеріңіз керек. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы біздің жағдайымызды біліп, осы мәселелерді шешсе дейміз. Біз қазақ екенімізді мақтан тұтамыз" деп жазды".
Гүлбану Әбенованың пікірінше, Қазақстанда шеттегі қазақтар ана тілін ұмытпаған деген миф қалыптасқан. "Әрине, олар тырысады. Елу жылдың ішінде салт-дәстүрді, тілдің жұрнағын болсын сақтап қалған. Бірақ, тұрған жерінің тілін, менталитетін, мәдениетін, жақсы болсын, жаман болсын алады", – дейді журналист.
Қазақ ауылы Түркия үкіметіне өте сыйлы
Ауылдың орнағанына алпыс жыл. Сол алпыс жылдың ішінде бұл жерге бір де бір рет полиция келіп көрмеген. Өйткені, ұсақ та, ірі де қылмыс жоқ. Сол үшін де Түркия Үкіметі қазақтарды ерекше сыйлап, оларды өте мәдениетті, бауырмал, еңбекқор халық деп қабылдаған. Егер жігіттер арасында кикілжің туа қалса, ақсақалдар жиналып, алқа өткізеді екен.
Және де Алтай қазақтары астамшылықты білмейді
"Біз барған күннің ертеңінде ауылдағы бір азамат әкесінің жылдығын берді. Біз "ас беру" десек, олар "Қатым Құран" дейді екен. Мұстафа Көктің тіккізген киіз үйінде өтті. Құран бағыштаған соң, еті аздау палау әкелді. Біздегі сияқты жылқы, сиыр не қой сойып, ысырапшылдықпен ас беру деген жоқ екен. Палаудан кейін тәттімен шәй берді.
Ауыл халқының айтуынша, байсың ба, кедейсің бе, бәрі бірдей, садақа астың дастарханы баршаға ортақ, бірдей жайылады. Мысалы, Ыстамбұлда бірнеше фабрикасы бар адамның да, сол ауылдағы қарапайым егіншінің де дастарханынан айрымашылық көрмейсің.
Көк мәрмәр, қызыл мәрмәр деп жарысып, зират басына үйдей-үйдей күмбез де көтермейді екен. Қамыр басына бір тас орнатып, жан-жағын қоршап қояды. Байы да, кедейі де.
Және де біздің елдегі сияқты имам қызметі үшін адам қайтыс болып жатқан үйден ақша алмайды екен. Мемлекет беретін жалақысы бар. Ал, тұрғындардан мүлде ақша алуға болмайды".
Табақ-табақ ет тартатын той да жоқ
Алтай қазақтарының тойы да шығынсыз, қарапайым өтеді. "Тойларында да палау салып, тәттімен шәй береді. Және де жастар аттастырылғаннан кейін бір жыл дайындалып барып, отбасын құрайды екен. Мұстафаның кенже қызы Гүлайманға да құда түсіп қойыпты. Гүлайман қолымен кесте тігіп, төсегінің бас жағына іліп қоюы керек екен. Жастар енді бір жылдан кейін той жасайды. Ас берсе де, той жасаса да астамшылыққа салынбай, ысырап жасамайтындары қатты ұнады".
Әріптесіміз Қазақстаннан аттанарда Алтай ауылына барам ба, жоқ па деген екі ойда болған соң, қандастарымызға сыйлық алып үлгермеген. Бірақ, олар қазақтың оюлы заттарына, домбырасына, ұлттық киімдеріне, әшекейлеріне қатты қызығады екен. Атамекенге деген сағыныш шығар депті. Қазақстандағы ағайын сәлемдеме жіберсе, төбеміз көкке жетер еді деп қалыпты.
Тіпті, Мұстафа Көк бір жерден сынық домбыраны көріп, қиналғаны, қимағаны соншалық, желімдеп, төріне іліп қойыпты...
Журналист Гүлбану Әбенованың "Түркиядағы Алтай қазақтары" атты репортажын мына сілтемеден оқи аласыздар.