Тікелей эфир

Токсикоз кезінде неге жүрек айниды және оны қалай емдейміз? Дәрігер кеңесі

Маман алдымен өт пен ішек жолдарын да қалыпқа келтіру маңызды екенін айтады.

Бірінші санаттағы жоғары білімді отбасы дәрігері, нутрициолог және диетолог Аида Арыстанова жүкті әйелдерде токсикоздың пайда болу себебі және жүрек айнымас үшін не істеуге болатынын айтып берді. 

"Токсикоз – жүктіліктің бірінші жартысында болатын, әртүрлі белгілері бар патологиялық күй. Әдетте бұл әйелдің денсаулығында кінәрат бар дегенді білдіреді. Ол сілекейдің көп бөлінуі, асқазанның қыжылдауы, жүрек айну, бас айналу және құсу арқылы көрініс табады. Мұнымен қатар, токсикоздың болуына әйел ағзасында серотонин – "бақыт" гормонының көп болуы әсер етеді. Адам шектен тыс көп ұйықтап, ашуланшақ болып кетеді", – деді Аида Арыстанова. 

Дәрігердің айтуынша, жүректің айнуына жүктілік басында вистибулярлық аппараттың шамадан тыс белсенділігі де әсер етеді. Бұл өз кезегінде гипоталамус пен асқазан шырышты қабатының қан тамырларын кеңейтетін тұз қышқылының бөліну белсенділігін арттырып, жүкті әйелдің асқазаны қыжылдай бастайды. 

"Көбінесе токсикозы бар әйелдер аузына темірдің дәмі келіп тұрғанына шағымданады. Бұл мырыш, магний және мыстың жетіспеушілігі. Осы себептен әйел үнемі тұздалған қияр жегісі келеді. Осылайша бірінші триместрде жүкті әйелдің натрий тұтыну көлемі артады. Прогестерон қан қысымын төмендетіп жіберетіндіктен, тұзды тағамдарды тұтынуға болады", – деді дәрігер. 


Оқи отырыңыз: Аяғы ауыр әйелдер неліктен фолий қышқылын тұтынуы керек?


Ары қарай маман токсикозды қалай жеңілдетуге болатынын айтты:

  • Мультидәрумені бар қоспалар мен ақуызға бай тағамдар таңертеңгі ауырсынуды жеңілдетеді, жүрек айну сезімін басады. Ал ағзадағы ақуыздар жақсырақ алмасуы үшін В6 дәрумені қажет. Ол құсуды тоқтатып қана қоймай, гипокликимияны азайтады. 
  • А, В және селен – күшті антиоксидантты нутриенттер. Ағзада селен жетіспесе, плазмадағы глюканат деңгейі төмендейді. Ал глюканат жетіспесе, адамның жүрегі айниды. 
  • Шығыс мидицинасындағы апукунктура білезіктері вестибулярлық аппаратты қалыпқа келтіреді. 
  • Зімбірді жұқалап кесіп, күні бойы сорып жүру. Егер дәмі тым ащы болса, ұнтақ түрін суға қосып тұтынуға болады. 
  • Лимонды кесіп сорып жүру немесе лимон мен зімбір қосылған шай ішу. 
  • Күнделікті екі стақан минералды су ішу. Әсіресе "Магний донат" суының пайдасы мол. 

Оқи отырыңыз: Босанған әйелді сәбиімен бірге емделуге шипажайға жатқызатын "Ана мен бала" орталығы құрылады


Аида Арыстанованың айтуынша, өт пен ішек жолдарын да қалыпқа келтіру маңызды. 

"Өтте тастың болуы, лакто бифидо бактериялардың азайып, керісінше патогенді микроағзалардың көбеюі жүктілік кезінде токсикоздың болуына әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда токсикоз – әйел ағзасының "қоқысқа" толып кетуі. Жүктілік үзілмеуі үшін оны алдын ала жоспарлаған дұрыс. Сондай-ақ, магнийден бөлек лецитин мен таурин жақсырақ көмектеседі. Өтті сұйылтуға себеп болатын какос және зәйтүн майлары да пайдалы", – деді маман. 

Десе де дәрігер жоғарыдағы дәрумендер мен дәрілерді тұтынбас бұрын міндетті түрде анализ тапсырып, токсикоздың себебін анықтап алу маңызды екенін айтады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары