Тікелей эфир

Тоғжанов Қырғызстанға QazVac екпесін беру туралы: "Ең алдымен өз азаматтарымызды қамтуымыз керек"

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты елде алдын алу шаралары қызу жүргізіліп жатыр, 

Кеше ғана елімізде үндістандық штамның анықталғаны туралы хабарланған болатын

"Бүгінгі күні республика аумағында локдаун енгізуге байланысты ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпыз. Күн тәртібінде де жоқ. Кеше өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында Нұр-Сұлтан қаласында шектеу шараларын қабылдадық. Оның бәрі алдын алу шаралары деп айтуға болады. Нақты нысандарға, әсіресе, адамдар көп жиналатын орындар, қызмет көрсету салалары, сауда орталықтарына байланысты шаралар жүргізіледі", – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында ел азаматтарының вакцина салдыруда белсенділік танытулары қажеттігін атап өтті.


Оқи отырыңыз: Алматы СЭБК: Қалада "үнділік штамм" белгілері бар мутацияның болуы ықтимал


Ол отандық QazVac вакцинасын көрші елдерге жеткізу туралы сұрақтарға жауап берді.

"Қазіргі уақытта ай сайын QazVac вакцинасының 100 мың дозасы шығарылады. Шілде айына да 100 мың вакцина жоспарланған. Ал 30 тамыз бен 1 қыркүйекте вакцинаның айлық көлемі 600 мыңға дейін ұлғаяды. Сондықтан, қазіргі уақытта өндіріс мәселелері толық бақылауымызда", – деді Тоғжанов.

Сонымен бірге, спикер Қазақстанда QazVac бойынша дефицит жоқ екенін, шамамен 30 мың вакцина қалып отырғанын жеткізді. Жекелеген өңірлерде вакцина жетіспеушілігі байқалса, толықтырылады.


Оқи отырыңыз: Тұмау және бастың ауруы. Коронавирустың "үнділік штамының" белгілері қандай?


"Көрші елдерге жеткізуге келсек, иә, бізден вакцина жеткізуді сұрайтын елдер бар. Бірақ, ең алдымен, өз азаматтарымызды қамтуымыз керек. Әзірге маусым мен шілде, тіпті тамыз айларында басқа елдерге вакцина жеткізу жоспарланып отырған жоқ. Қырғызстаннан ресми сұрау бар, оны кеше қарастырдық. Вакцина шығару көлемі 600 мыңға жеткен соң, қыркүйекте шамамен миллион QazVac болады, сол кезде осы мәселені көтере аламыз", – деп түсіндірді Ералы Тоғжанов.

Серіктестер жаңалықтары