Тікелей эфир

Тоқаев қазақстандықтардан елдің басты проблемаларын атауды сұрады. Жаңалықтарға шолу

Білім министрі 15 мамырда ата-аналарды жұмыстан ерте босатуды сұрады. Алдағы тәуліктерде минус 5 градусқа дейін суытады.

Қыркүйектен бастап елордада оқушылар әмбебап картаны пайдалана алады

Қала әкімінің орынбасары М.Бектұрованың айтуынша, аталған картаның көмегімен оқушылар қоғамдық көлікпен жүреді, мектептегі турникеттен өтіп, асханада түскі ас іше алады. Ата-аналар балаларының сатып алған тағамдарын қадағалап, тексере алады.

Ал, мұғалімдердің карта арқылы оқушының қашан мектепке кіріп, қашан ғимараттан шыққанын қадағалауға мүмкіндігі болады. Әкімнің орынбасары пилоттық жобада әлі де ұсыныстар мен кемшіліктер ескеріліп, түзетіледі деп отыр.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) ЕҚЫҰ-ның 22 байқаушысын аккредиттеді

Комиссия мүшесі З.Баймолдинаның таратқан мәліметіне сүйенсек, 6 мамырда ОСК 4 халықаралық ұйымнан 45 байқаушыны аккредиттеген. Осылайша бүгінге дейін 67 халықаралық бақылаушы тіркеуден өткен.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу жұмыстары 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырылады.

Алматы – Бішкек тас жолының бойында 9 адамды ажал құшты

Жан түршігерлік жол апаты Алматы – Бішкек тас жолының 109 шақырымында болған. Lada жәнк Toyota Camry көліктерінің соқтығысуы салдарынан көз жұмғандардың үшеуі – әйел адам. Марқұмдардың кім екені анықталды. Олар Алматы, Шымкент, Алматы және Түркістан облысының азаматтары.

Алдын ала жарияланған мәліметтер бойынша, Lada көлігінің жүргізушісі рөлге ие болмай, жолдың қарсы бағытында келе жатқан көлікке соқтығысқан. Қазір аталған факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, сараптамалар тағайындалған.

Президенттікке үміткер Тоқаев қазақстандықтардан елдің басты проблемаларын атауды сұрады

ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаев "Бірге" науқаны басталғанын мәлімдеді. 13 мамырдан 7 маусымға дейін қазақстандықтар елдегі маңызды проблемалар туралы айта алады. Қ.Тоқаев азаматтарды науқанға қатысып, ел дамуына өз үнін қосуға шақырды. Сайлауда жеңіске жетсе, ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынына сендірді.

Мемлекеттік органдар жыл басынан бері бірде бір шетелдік көлік сатып алмаған

Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында сатып алынған қызметтік техникалардың бәрін отандық көліктерді құраған. "Қазавтоөнеркәсіп" автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мемлекеттік сатып алулар тарихында мұндай жағдай алғаш рет болып отыр деп мәлімдеді.

Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы мерзім ішінде 9,6 млрд теңгеге 1537 автокөлік сатып алған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 46,5%-ға артық. Мемлекеттік мекемелер сатып алған көліктердің ішінде Lada маркалы автокөліктер көш бастап тұр.

"Арақтың орнына қымыз ішу керек"

"Ұлы дала қырандары" қозғалысынан ұсынылған ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Елорданың түнгі клубтарын аралаудан бастады. Үміткер жастарға ақылын айтып, арақ-шараптың адам денсаулығына зиянын тілге тиек етті. Рухани-өнегелік құндылықтар тақырыбында әңгіме өрбітіп, кеңестерін де берді.

Екібастұзда полиция қызметкері үйінді астында қалған баланы құтқарды

Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойындағы тұрғын үйдің ауласында ойнап жүрген 7 және 8 жастағы екі бала қазылған шұңқырға түсіп кеткен. Достарының бірі жақын маңдағы жанармай бекетіне жүгіріп, көмек сұраған. Жанармай бекеті есепшісінің күйеуі бір баланы сыртқа шығарып үлгерген. Ал екінші бала үйіндінің астында көрінбей қалған.

Осы уақытта шақыртумен оқиға орнына жеткен полицей Тахир Қасымов топырақ астындағы 8 жасар баланы сыртқа шығарып алады. Күрекпен жарақат алу қатері болғандықтан топырақты қолмен қазған. Ессіз жатқан баланың аузындағы топырақты тазалап, жасанды дем береді, жүрегін уқалайды. Осыдан кейін бала дем ала бастаған. Екі бала да ауруханаға жеткізілді.

Білім министрі 15 мамырда ата-аналарды жұмыстан ерте босатуды сұрады

15 мамырда елiмiзде жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтедi. Білім және ғылым министрлігі ата-аналарды жиналыстан қалмай қатысуға шақырды. Министр К.Шәмшидинова жұмыс берушілерден жиынға үлгеру үшін бұл күні ата-аналарды жұмыстан ерте босатуды сұрады. Жиын өтетін күні мектепке барып, директормен, сынып жетекшісімен, мұғалімдермен кездесіп, баласының үлгерімін біліп, оқуға қатысты мәселелерді талқылау үшін ата- аналарға мүмкіндік беріледі.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда алдағы тәуліктерде минус 5 градусқа дейін суытады. Синоптиктердің болжауынша, алдағы үш тәулікте солтүстік облыстарда күндіз орталықта жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ болуы ықтимал және ауа температурасының күрт төмендеуі күтіледі. 30 градустық ыстықтан кейін күндізгі ауа температурасы 17-22 градусқа дейін төмендейді. Еліміздің шығысында алдағы түнде жаңбырдың соңы қарға ұласып, 0-5 градус күн суытады. Қазақстанның қалған аймақтарында найзағаймен бірге өткінші жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді.

Tengrinews.kz: Жүрек саулығын нығайтатын өнім аталды. Словакия, Португалия және Польша зерттеушілерінің халықаралық тобы қаражидекті жиі қолдану жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болу қаупін төмендететінін анықтады. Экспериментке алты апта бойы қаражидекпен тамақтанған бірнеше ондаған еріктілер қатысқан. Олардың әрқайсысы аптасына үш рет 150 грамм жидек алып отырған. "Диета" нәтижесінде адамдарда зиянды холестерин, сондай-ақ әйелдерде глюкоза, альбумин ақуызы және глутамилтрансфераза деңгейі төмендеген.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары