Тікелей эфир

Теңіздегі текетірес: Араб компаниясының басшысы Атырауға арнайы келді. Жаңалықтарға шолу

Д.Құдайбергеннің концертінен түскен қаржының бәрі Арысқа аударылады. Алдағы үш күн елімізде нөсер жауын жауады.

Астанаға Арыстан 200 бала келді

Оларды Бас қаланың басшысы А.Көлгіновтың өзі қарсы алды. Апатты аймақтан келген қонақтар Елордада екі апта болады. Қаланың көрнекі жерлерін аралап, танымал тұлғалармен кездеседі. Әкімнің айтуынша, Астанаға барлығы 1 мыңға жуық бала келіп, демалады. Бұл – олардың бірінші легі.

Қарағанды – Теміртау тасжолындағы жантүршігерлік апаттан көз жұмғандар саны 7-ге жетті

29-шы маусым күні Қарағандыға қарай бет алған Daewoo маркалы көліктің иесі рөлге ие бола алмай қалып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Оның көлігі Audi-мен соқтығысқан. 6 адам оқиға орнында көз жұмған, үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бүгін бас сүйегі жарақаттанған 38 жасар келіншектің ауруханада қайтыс болғаны туралы хабар таратты. Деректерге сүйенсек, осы апаттан зардап шеккен тағы екі адам әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Екеуі нің де жағдайлары ауыр делінген таратылған ақпаратта.

Алматының су жаңа әкімі әлеуметтік желіге тіркелді

Instagram парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде Бақытжан Сағынтаев қала халқымен диалог орнатуға дайын екенін жеткізді. "Мен үшін сіздердің сауалдарыңыз бен ұсыныстарыңызға уақтылы жауап беру өте маңызды. Өздеріңізбен қаланың проблемаларын және оның даму стратегиясын ашық талқылағым келеді. Миллиондаған қала тұрғындарының тағдырына қатысты ұсыныстарды қабылдауда және дұрыс шешім шығаруда сіздердің қолдауларыңыз маңызды" деді мегаполис басшысы.

Шүкеев Арыстағы үйлерді қалпына келтіруге жауапты шенділердің жұмысын сынға алды

Түркістан облысының әкімі жарылыстан құлаған үйлерді жөндеуге жауаптылардың жұмыстарын жүгенсіз жүргізіп отыр деп мәлімдеді. Аймақ басшысының айтуынша, бірнеше күннен бері штабтың жұмысын дұрыс ұйымдастыру мүмкін болмай отыр. "Егер қай аудан немесе қала жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмаса, жауапты адамды жұмыстан босатамын. Ал, жауапты облыстар салғырттық танытса, Үкімет басшысына мәлімдеймін" деп ескертті Ө.Шөкеев.

Апаттан соңғы Арыстағы үйлерді жөндеуге аймақтармен бірге республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері атсалысады. 17 секторға бөлінген қаладағы қалпына келтірілетін құрылыс нысандарын облыс, қала, сондай-ақ Түркістан облысы аудандарының әкімдері қадағалауы тиіс.

"Теңізшевройлдағы" текетірес: Арабтық компания басшысы қазақстандықтардан кешірім сұрады.

ССEP компаниясының бас директоры Кауаш Хишам Теңіз кен орнындағы жұмысшылардың арасындағы дау-дамайды реттеу үшін арнайы Атырауға келді. Компания басшысы Қазақстандықтарға бейнеүндеу жолдап, онда қызметкерінің қылығы үшін жұртшылықтан кешірім сұрады. "Компания басшылығы мен қызметкерлерінің атынан мұндай келеңсіз жағдайдың біздің ұстанған саясатымызға, құндылығымыз бен принциптерімізге сәйкес келмейтінін айтқым келеді. Оқиғаға байланысты тексеріс жүргізіп, мән-жайды анықтаймыз. Жүрегіме қолымды қойып тұрып, біздің компанияның бауырлас қазақ еліне сый-құрметпен қарайтынын мәлімдеймін. Болған жағдай үшін кешірім сұраймын" деді Кауаш Хишам. Бұл ретте келеңсіз жағдайдан кейін дау-дамайға себепкер болған Эли Дауданың жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Айтуынша, қазір кен орнында жағдай тұрақты. Өлім-жітім оқиғасы, ауыз толтырып айтарлықтай жарақат алу да болмаған.

Бұған дейін "Теңізшевройл" ССEP компаниясымен келісім-шарттың үзілетіні туралы ақпаратты жоққа шығарған еді. Кәсіпорын Теңіз кен орнының өндірістік қуатын кеңейту жобасына сай жұмысын жалғастыра береді.

Астана күніне өтетін ақылы концерттердің билеттерінен түсетін қаржы Арысқа аударылады

Елорда әкімдігі таратқан мәліметке сүйенсек, биыл қала күніне 108 шара ұйымдастырылады. Оның 80-нен көбі тегін. Қалған ақылы концерттің, театрландырылған қойылымдардың билеттерінен түскен ақша түгелдей қайырылымдылыққа жұмсалады. Оның ішінде Димаш Құдайбергеннің 29 маусымда өткен "Арнау" концерті, Тұрсынбек Қабатовтың КТА жобасы бар. Әкімдік сондай-ақ қала күніне арналған мерекелік от-шашулардың да болмайтынын жеткізді. Одан үнемделген қаржы да апат аймағына жіберіледі.

Әлеуметтік аз қамтылғандардың несиелерін Үкімет 1-ші қыркүйекке дейін төлеп береді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұқтаж жандардың борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пайдалану қағидасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатта осы мақсатта жұмсалатын мемлекет қаржысының пайдалану тәртібі жазылған.

"Проблемалық кредиттер қоры" 9-шы тамызға дейін әрбір екінші деңгейлі банкпен, сонымен қатар микроқаржы орталығымен кепілсіз қарыздарды өтеу туралы келісімге отырады. Ал, Министрлік 15-ші тамызға дейін кредиттік бюро ұсынған тізімге сәйкес, проблемалық кредиттер қорына ақшаны аударады. Қор әрі қарай қаражатты 1-ші қыркүйекке дейін банктер мен қаржы ұйымдарына жіберуі тиіс. Егер проблемалық несие қоры ақша аударғанша (1-ші маусымдағы жағдай бойынша ) қарыз толықтай немесе ішінара төленіп қойса, банктер борышкерге өз ақшасын қайтарып беруі тиіс.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы үш күн елімізде нөсер жауын жауады. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде 40 градустық ыстық басылып, найзағай жарқылдайды және өткінші жаңбыр жауады. Бұл – Оңтүстік Орал мен республиканың батыс аймақтарынан ығысатын атмосфералық фронттардың әсері. Ал солтүстік облыстарға фронттармен бірге жоғарыдағы циклон ығысып, Қазақстанның көптеген облыстарында жаңбыр жауады. Солтүстік және орталық облыстарда кей жерлерде нөсер жауын жауып, жел күшейеді. Бұршақ жауады. Ауа температурасы төмендейді.

Qamshy.kz: Ғалымдар болжамы: 2019 жылы аптап ыстықтан мыңдаған адам қаза болады. 2019 жылғы аптап ыстыққа Гренландия мен Еуропаның солтүстік, орталық бөлігіндегі екі облыстың ауа қысымының артуы себеп болған. Олар оңтүстіктен келетін салқын ауаны тоқтатып, африкалық және испаниялық дала жазықтарындағы ыстық ауа ағынына себепші циклонды алып келеді. Нәтижесінде әлемде температуралық рекорд орнай бастайды. Францияның оңтүстік-шығысындағы төрт департаментте қауіптің қызыл деңгейі жарияланған. Испанияның да 19 провинциясында 40 градустан жоғары ауа-райы болжанған. Қауіптің қызыл деңгейі екі облыста жарияланған. Ыстық Еуропаның Испания, Италия, Германия, Бельгия және Швейцария сынды елдерінде күтіліп отыр.

Серіктестер жаңалықтары